Бодандықтың бейнетін тартқан қазақ бостандықтың да игілігін көруі керек

Бодандықтың бейнетін тартқан қазақ бостандықтың да игілігін көруі керек

Бодандықтың бейнетін тартқан қазақ бостандықтың да игілігін көруі керек
ашық дереккөзі
Тәуелсіз Қазақстан − қазақтың туындысы. Бар халықтың мақтаныш етер бір қымбаты − мемлекеттілігі. Себебі мемлекет − халықтың қорғаны, ұлттың бар екенінің, нар екенінің айғағы! Қазақ атанған ұлттың ұлт атанып, өз атын алып бір мемлекетке бергеніне биыл 555 жылдан асып барады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан − 1465 жылы құрыл­ған Қазақ хандығы атты мемлекеттің мирасқоры. Дегенмен осынау бес жарым ғасырдан аса уақыттың арасында қазақ халқы өздерінің тұңғыш ханы Керей мен соңғы ханы Кенесары билігі ара­сындағы 418 жыл бойы еркіндігін жо­ғалтпаған азат ел ретінде өмір сүрсе, одан кейінгі 144 жылда орысқа бодан бол­ды. Бірақ қатал тарих өз дегенін жа­сады: байырғы орыс патшалығын құла­тып қолына өз билігін алса да, бұрынғы патшалықтың иелігін уысынан шығар­май, КСРО атты орыс үстемдігін сақтаған империяға айналған мемлекет 74 жылдан аса бере әлем картасынан жоғалды. Міне, содан кейін ғана өзге 14 ұлттық рес­публикамен бірге қазақ елі де тәуел­сіздік алды. Бірақ біздің тәуелсіздігіміз, біреулер айтқандай, «аспаннан түскен тарих­тың сыйлығы емес», бір жарым ға­сыр бойы азаттық жолындағы ар­па­лыс­­тың жемісі еді. Өйткені бір жарым ғасырда қазақ халқы отарлаушыларға қарсы 380 рет көтеріліске шығыпты. Со­ның бәрінде де жеңіліске ұшыраған, бірақ рухы сынбаған. Ендеше осы қысқа тарих – әрбіріміздің есімізден шықпай­тын рухани құндылыққа айналуы тиіс! Бүгінгі дәуір тым жылдам қозға­лыс­тың, шалт қимылдың дәуірі. Ақпарат  тас­қыны адамның көзі түгілі, көңіліне сый­­майды. Сондықтан кеше жарқ етіп кө­­р­інген құбылыс, бүгін көнеріп жатады. Қай сала, қай ғылымды түсіндірер де­­рек керек болса технологиялық же­тіс­тік­­тер арқылы әп-сәтте қол жетіп, миың­­ды мәліметке толтырып тастайды. Ал бұл өзінің тегінің қай жақтан тамыр тартқанының мәніне ой жүгірткісі келмейтін, бүгінгі күннің ғана қызығымен өмір сүруге дағдыланып кеткендер үшін тым қауіпті... Адам − саналы жаратылыс, сон­дық­тан ол өзге жандылар секілді дамудың био­логиялық эволюциясына тәуелді емес, қоғамның тарихи заңдылықтарына сәйкес өсіп, дамып отырады. Сол үшін әр адамда нәсіл, ұлт, халық, мемлекет, тәуелсіздік деген ұғымдарды қорыта ала­тындай ақыл болуы керек. Ішкі маз­мұн деген сол. Бірақ өкініштісі, бүгінгі адам қабілет пен ақылдың, білім мен ин­теллекттің бір-біріне тәуелсіз өз орын­дары болатынын жадынан шы­ғарып барады. Осынау қатерлі құбы­лыс­тың алдын алу бүгінгі дәуірдің проблема­сына айналғаны жақсы емес. Адамның жеке басы құқығының қор­ғалуы заңмен бекітілген, сондықтан біреудің қалауына екінші біреудің қол сұғуы мүмкін емес, ешкімнің өзінен бас­қа­ларға пікірін күштеп таңуға хақысы жоқ, бірақ ол заңдылық белгілі бір ұлт­тың өкілі, белгілі бір мемлекеттің азаматы ретінде әрбірімізді отан, халық ал­дын­дағы парызымыздан құтқармайды. Қазақстан қол созады биікке ең, Жалғызыңды көтер, елім, иықпен. Болмақ емес Ақыл мәңгүрт, ар мазақ. Қазақстан − Жалғыз ұлы Қазақтың − Сол жалғыздың құрбандығы бар Қазақ! − деп жырлайды қазақтың көрнекті ақы­ны Сабыр Адай. Ғасырлармен тұтасқан қа­зақы рухтың асқақ пафосындай кө­рінетін бұл өлең жалаң үгіт емес, ұлт пен мем­лекетті сақтайтын құдіретті күш − пат­риотизмнің қаншалықты қасиетті парыз екенін ұқтыратын көркем ой. Ра­сында Қазақстан деген ел − қазақи са­на бесігін тербетіп, ізгілік пен парасат нә­рін сіңірген құдірет. Мемлекет − біртұтас сана мен идеологияның жемісі. Істелген нәрсе, жеткен жетістік аз емес: мемлекеттік атрибуттарды жасап, ата заңын қабылдап, шекарасын белгілеп, бекітіп, бар әлемді өзімен санастыра білуге қол жеткізудің бәрі де төккен тер мен жүзеге асқан істердің нәтижесі. Оны бәрі мойындайды. Бірақ мұның бәрі елде проблема қалдырмай шешіп тас­тады деген сөз емес. Баяғыда жоңғардың билеушісі Қал­дан Серен қазақтың ханы Абылайдан «Дүниеде не жаман?» − деп сұрағанда, ол: «Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан бол­ған жаман», − деп жауап берген екен. Сол айтқандай, қызыл империяның та­лай қан-қасабына ұшырап, құрып кетпей әупіріммен аман қалса да, өз жеріне аз­шылыққа айналған; даласы кең болса да халқы аз, экономикасы өзге елге тәуел­ді болып қалған; оның үстіне бір жа­рым ғасырлық бодандықтың тізесі әбден батып, санасына үрей сіңіп қалған ел­дің еңсесін көтеріп, екі алып дер­жава­ның арасында жұтылып кетпейтін тегеу­рінді мемлекетке айналдыру оңай емес еді. Бірақ тәуелділіктің зардабын тартып, азаттықты ұзақ аңсаған қазақи са­н­а біртұтас күшке айналып, өтпелі ке­зеңнен киімі жыртылып өтсе де, киесін сақтап қалды. Елдің іргесі сөгілмей, ке­сапаты мол дәуірдің кедергісінен аттап өте алды. Бұл да тәуелсіздіктің тұғы­рын биіктеткен мінез еді. Шындығында, осының бәріне жеткізген парасатты қазақ ұлтының толеранттылықты ту еткен болмысы!

Қазаққа жағдай жасау − мемлекет дамуының кепілі

Тәуелсіздік жағдайында мемлекет құраушы қазақ халқы қалай өсті, қандай са­палық биікке көтерілді? Ғылым-білі­мінің деңгейін көтере алды ма, экономи­касы қаншалықты қарыштап дамыды? Халықтың өмір сүру деңгейі қандай, сая­си-құқықтық сауаты қаншалық те­рең? Ел парламенті шығарған заңдардың игі­лігін қалай көріп отырмыз? Мем­ле­кет­тің абырой-беделін артқа тартып отыр­ған қандай кертартпа құбылыстар бар? Мұның бәріне тиянақты жауап беру оңай емес, бірақ қоғамда жиі талқыға түсетін мәселелердің ауанына қарап ой түйіп, пікір айтуға болады. Қай мемлекеттің болса да, ең алдымен көзге түсетін жағы − әлеуметтік мәсе­ле­лердің қалай шешілгені. Ал бізде бұл салада әлі күнге дау-дамай толастамай келеді. Неге? Қазақстанның қос палаталы Парламенті елдің әл-ауқатын көтеру мақ­са­тын­да түрлі заңдар қабылдап жатыр, бірақ соны елге анық түсіндіруге, заң­ның орындалуын қадағалауға жауапты органдардың жұмыстары көңіл көн­шітпей жатады. Салғырттықты былай қойғанда, мемлекеттің халыққа кәсіп ашуға, ауыл шаруашылығын қолдауға, бизнесін дамытуға беретін мол қара­жаты игерілмей жатады. Себебі жауапты орындарда жемқорлық қатты бел алып кеткен. Соңғы он-он онбес жылдағы жемқорлықпен айыпталғандар туралы дерек іздесеңіз, олардың арасында ау­дандық басшылардан премьер-министр болған тұлғаларға дейінгі талай адам­ның аты-жөнін оқисыз. Жемқорлық тек біздің елде бар құбылыс емес десек те, би­ліктегілердің пара алу қылмысына ұрын­ғандарын ақтап ала алмаймыз. Соңғы ширек ғасырда Қазақстанда жыл­дам өскен үрдіс – урбанизация. Ол да жетіскеннен пайда болған құбылыс емес. Ауылдағы жұмыссыздықтың кесірі халықты қалаға босуға мәжбүр етті. Ал қа­лалардың іріленуі ең алдымен халық­тың өзіне қиын тиіп жатыр. Себебі ең керегі баспана болса, оның құны аспандап барады. Әрине, мемлекет тарапынан бас­пана тапшылығын шешу үшін қабыл­дап жатқан шаралар баршылық. Мә­се­лен, негізінен қалаларға арналған «5-20-25», «7-20-25», «Баспана хит», «Жас отбасы», «Әйелдер ипотекасы», «Бақытты от­басы», «Әскери баспана», «Арнау» депозиті, «50/50», «Орда» ипотекасы, «Өз үйім» се­кілді он бір бағдарлама арқылы тұр­ғын үйге қол жеткізуге болады. Бірақ бә­рінің де бастапқы жарнасы бар. Ол ала­тын үйіңнің кемі он пайызын құрай­ды. Ал қалаға ауылдан келіп, табылған жұмысты істеп жүрген жұртқа тиімсіз. Еліміздің басты саясатының бірі де­мография десек те, көпбалалы отба­сы­ларға жеткілікті қаржы бөлінбейді. Бұ­рын 4 баласы бар үй «көпбалалы отбасы» деген статусқа ие еді және әр балаға төлейтін жәрдемақысын қосқанда он мыңнан аспайтын. Кейін ол қаражаттың мөлшері кішкене көбейтілді, бірақ енді төрт баласы барлар көпбалалы отбасына жатпайды. Заң жүзінде көпбалалы отбасыларға арналған түрлі жеңілдіктер бар, бірақ соған қалай қол жеткізу керек екенін тиісті мекемелер тарапынан жет­кілікті түсіндіру жұмыстары жүргізіл­ме­гендіктен, көп жұрт біле бермейді. Жасыратыны жоқ, ХХ ғасырдың бас ке­зіне дейін негізінен, көшпелі, жартылай көшпелі тұрмыс салтын ұстанған қа­зақтар үшін ауылдық жерде тұру тиім­ді болды. КСРО кезінде де қазақтардың кө­бі ауылда тұрып, мал шаруашы­лы­ғымен, егіншілікпен айналысты. Бірақ нарықтық экономикаға көшкен кезде ауыл шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлінбей, соның кесірінен қазақ ауыл­дарының біразы жойылып тынды. Жұ­мыс іздеген халық аудан, облыс орталығына көшіп, ауылдар қаңырап қалды. Кейінгі кезде ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қаражат бөлініп, ауылдық жерлерді мамандармен қам­тамасыз ету үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жолға қойылды. Бірақ ауылдық жерлерде заманауи байланыс құралдарын пайдалану мүмкіндігінің сапасыздығы, қарапайым халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеуі, ауызсу проблемасы, жайы­лым­дық жерлердің жекеменшікке сатылып кетуі сияқты проблемалар аталған бағдарламалардың жүзеге асуына үлкен кедергі болып жатыр. Бағдарламаның жасалуы, сол арқы­лы мол қаражаттың бөлінуі жақсы нәр­се, бірақ оны іске асыру тетіктері дұрыс бол­май, қадағалау күшеймей оның ха­лыққа тигізер пайдасы аз болатыны бел­гілі. Салыстырмалы түрде, қазір ауыл қа­зағынан гөрі қала қазағының жағдайы тәуірлеу. Бастысы жұмыс табылады, қи­мылдаған ақша тауып, жан баға алады. Бірақ қалаға сырттан барып жұмыс істеп жүргендердің табысы мардымсыз. Жыл­дарға созылған пәтер жалдап тұратын өмір адамды қажытып, денсаулығына зор нұқсан келтіріп жатыр. Экологиясы на­шар қалада тұратын қазақтардың бі­разы жүрек-қан тамыр ауруларына, қант диабеті, аллергия секілді дертке шал­дыққан...

Бүгінгі қазақ тәуелсіздіктің игілігін көруі тиіс

Қазақ елі тәуелсіздік алғанда саналы қазақ баласы еліміз әлемдік дамудың кө­шіне ілесті, әлемдік даму үрдістері біз­ге сіңісті болады деп қуанғаны анық. Ол заңды еді. Кеңестік дәуірде орталық би­лік ғылым-білім саласынан жергілікті халықтан білікті мамандар даярлауға мүд­делі емес еді. Оның себебі белгілі. Бі­рақ бүгінгі дәуірде қазақ жастарының адымын аштырмай жатқан не нәрсе? Қазір мемлекет алдында түбегейлі жойылуы тиіс үш-төрт кемшілік бар. Ол мем­лекеттік тілдің барлық салада ба­сым­дыққа ие болуы, білім берудің сапасын көтеру, жемқорлықты жою, заңның пәр­менділігі. Бұл мәселелер бойынша ештеңе істелмей жатыр деп ауызды қу шөп­пен сүртуге болмас, бірақ жақсы ниет­пен жасалған бағдарламалар мен жо­балардың тиімділігін арттыру өз дең­гейінде емес, содан келіп түрлі проблемалар туындап жатыр. Қазақ тілінің мәселесі ширек ға­сыр­дан бері дау тудырушы факторға айналып келе жатуы, шынына келгенде, өте ыңғайсыз нәрсе. Басты кілтипан орыс тіліне ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде статус берілгендігінде болып тұр. Өзге елдің мемлекеттік тіліне елімізде мәртебе берілуі заңдық та, моралдық та тұрғыдан ыңғайсыздық тудырып келеді. «Ресми тіл» статусы бар орыс тілін пай­да­­ланушылар мемлекеттік тілге бет бұр­ғысы келер емес. Тіпті, түрлі мекемелерге жұмыс іздеп барған қазақтардан орыс тілін білуін талап ету өте ыңғайсыз нәрсе. Содан кейін үнемі ұлттық, мемле­кеттік мүдде тұрғысынан үн қататын қа­зақтілді басылымдарды шенеунік­тер­дің оқымауы, анығырағы түсінбеуі мем­лекет беделіне нұқсан келтіретін-ақ әре­кет. Тәуелсіздік кезеңінде реформалар тасқынының астында қалып, берекесі кетіңкіреп қалған саланың бірі білім беру саласы болды. Әр министр бір эксперимент жасап, оқулықтар мың түр­леніп, оқушы түгілі мүғалімдердің шақ­шадай басы шарадай болды десек те бо­лады. ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ-ға дайын­далу, балалардың барлық білімін тест арқылы тексеру − жас ұрпақты ой­лана білуден, пікірін ауызша жеткізуден алыстатып жіберді. Бұл балалардың ана тілінде ойын толық бере алмауға, жазуда сауатсыздыққа жеткізді. ЖОО-лар Болон жүйесіне өтіп, бұ­рын­ғы қалыптасқан білім беру жүйесі жойылды. Білім саласында қағаз­бас­тылық күшейді. Тек кейінгі кезде мемлекет осы нәрсені назарында ұстап, мұғалімдерді артық жүктен құтқаруға, олар­дың әлеуметтік жағдайын көтеруге шешім қабылдап, пәрменді жұмыс жүр­гізе бастады. Елімізде ЖОО бітіргендер білімдерін шетелде жетілдіруге мүмкіндік алды. «Болашақ» бағдарламасы соның көрінісі. Бірақ ол бағдарламамен оқитындардың қатарында елімізге ең керекті технология саласында білім алушылар аз. Ол да ойланатын тұсымыз. Осылардың бәрін жүзеге асыруға ке­дергі келтіріп жатқан ең үлкен кесел − жемқорлық болып тұр. Бар салада кез­десіп жатқан ол індеттің жолы кесілмесе, экономика да, білім саласы да, ден­сау­лық сақтау саласы да алға ілгерілеуі қиын. Ұзын сөздің қысқасы, ел тәуелсіздігі жолында ғасырлар бойы қан төгіп, бүгінде тәуелсіз мемлекеттің дамуы үшін тағы да тер төгіп жатқан оптимист қазақ халқы өз тәуелсіздігінің жемісін жеу керек. Жерасты қазба байлығы мол мемлекеттің байлығы қазақ халқының әл-ауқатын көтеруге арналса, ең үлкен әділ­дік сол болар еді. Ат төбеліндей қар­жылы қауым бәрібір халықтан үлкен емес. Халықтың тұрмыс деңгейі көте­рі­ліп, азын-аулақ артық ақшасын банктерді байытуға емес, үлкен компаниялардың акцияларын сатып алуға жұмсап, өз же­рінен өнген байлықтан үлесін алып отыр­са, мемлекет құраушы ұлт үшін әділ­дік болар еді.