Асхат Маемиров жаңа қызметке тағайындалды

Асхат Маемиров жаңа қызметке тағайындалды

Асхат Маемиров жаңа қызметке тағайындалды
ашық дереккөзі
Асхат Маемиров елордада ашылған Мемлекеттік музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрына директор болып тағайындалды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Асхат Максимұлы Маемиров - елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD докторы, профессор, «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі.
А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр режиссері мамандығы бойынша үздік аяқтаған. 2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Сорбонна университетінде және Париж ұлттық өнер консерваториясында білімін жетілдірді. 2010 жылы Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасын тәмамдады. 2016 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми кеңесінде «Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, өнертану бойынша философия докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қоюшы-режиссер болып бастады. Әр жылдары «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті болып қызмет етті. Елімізде тұңғыш рет ашылған «Astana Musical» мемлекеттік театрына көркемдік жетекшілік жасады. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының бас директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметтерін атқарды. А.Маемиров 2018-2019 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды. Осы уақытқа дейін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры болып еңбек етті. Асхат Маемиров мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы сексеннен астам мәдени іс-шараның режиссері болды. Қазақстанның театр сахналарында жиырмадан астам қойылымды сахналап, республикалық және халықаралық өнер фестивалдерінің бірнеше мәрте лауреаты атанды. Соның ішінде М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында – А.Чеховтың «Ваня ағай», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді», М.Омарованың «Ақтастағы Ахико», Б.Беделханның «Ұлым, саған айтам» қойылымдарын, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында - Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әфсана-драмасын, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында – М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын, Е.Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Қызжібек» операсын, «Astana Musical» мемлекеттік театрында - Ж.Пресгурвиктің «Ромео мен Джульетта», А.Оренбургскийдің «Астана – менің махаббатым», «Шәмші» және «Қызжібек» этно-фольклорлық мюзиклдерін сахналады. Сахналаған қойылымдары арқылы Жапония, Франция, Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Израиль, Ресей, Түркия, Грузия, Армения т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдер мен форумдарда қазақтың театр өнерін шетелдік көрермендерге паш етті.