Жазушылар жаңа жыл жайлы

175 рет оқылды
0

 

Бұйырса, 2017 жылдың соңғы парақтарын жауып, бірер күнде жаңа ит жылының есігін ашқалы тұрмыз. Әр жылдың өз қызығы бар. «Өткен күннен белгі бар» деп қазақ халқы айтқандай, 2017 жыл да еліміз, халқымыз үшін жаман жыл болған жоқ. Көптеген саяси, мәдени оқиғалар жылы болды. Осыған орай, газетіміздің жылжабар санында бірнеше қаламгерге хабарласып, оларға бірнеше сұрақ қойып, пікірін сұраған едік.

1.Жаңа жыл мерекесі жайында соңғы кезде түрлі пікірлер айтылып жүр. Жаңа жылды қалай күтіп аласыз?

2.Әр жылдың өз қызығы бар. Осы орайда өтіп бара жатқан тауық жылы сіздің өміріңізде қандай із қалдырды?

  1. Биылғы әдеби өмір туралы пікіріңіз қандай?

Молдахмет ҚАНАЗ,

Жазушы, халықаралық «Алаш»

сыйлығының лауреаты:

– Жалпы, мен жыл таңдамаймын. «Көппен көрген ұлы той», не болса да елмен бірге көріп келе жатырмыз. Сондықтан жылға т.б. байланысты халқымыздың әдетінде жоқ ырым-тыйымдарға мән бермеймін. Мәселен, орыс халқы сенетін «қара мысық жолыңды кессе жаман болады», «13 санының кесірі тиеді» дегендерді өзім сынап көргем, оны пайдасы да, зияны тиген емес. Бірақ қазақтың көптеген ырымдарының мәні бар екенін байқадым. «Жолға шығып бара жатқанда алдыңнан қоян шықса – жолың ауыр болады, жолыңды ит кесіп өтсе – жолың болады» деген ырымның келетініне елде жүргенде өз басымнан өткізгесін сенетін болдым.

Ал енді жаңа жыл мерекесін тойлау керек пе, керек емес пе деп талқылау – бізге жат. Жаңа жыл қаңтардың бірінен басталуы біздің халық үшін ғана емес, табиғаттың өзіне де жат нәрсе ғой. Оның Иса пайғамбарға байланысты екенін жұрттың бәрі біледі. Табиғи жағынан болсын, басқа жағынан болсын, желтоқсанның отыз бірі мен қаңтардың бірінің бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ. Ештеңе жаңармайды, табиғат өлі. Кеше де жер қардың астында жатыр, бүгін де солай. Өзгеріс жоқ. Бұл моральдық тұрғыдан адамға ештеңе бермейді деп ойлаймын.

Жаңа жыл мейрамы деп арақ-шарап ішіледі, қазаққа жат түрлі әрекеттер жасалады, бұның бәрі бізге сырттан келген жағымсыз әдеттер ғой. Сол үшін қаңтардың бірінде келетін жаңа жылды өз басым мейрам ретінде тойламаймын. Бірақ балалар столдың басына шақырғасын келіп отырып, тілек айтып, «ал енді өздерің тойлай беріңдер» деймін де, әдеттегідей – сағат онда ұйықтап қаламын.

Әрине, біз де бала болдық, көппен бірге жаңа жылды тойладық, бірақ 1975 жылдан бері өз басым тойламаймын. Ал енді жер жаңарып, көк шығып, табиғат түрленетін Наурыз мерекесі – халқымыздың табиғатына келетін нағыз мейрам. Бірақ, қаңтарда келетін жаңа жылды тойлаудан әл-әзір құтыла қоямыз деп ойламаймын, бұл үрдіс әлі көпке дейін созыла береді. Дегенмен халқымыз бірте-бірте ұлттың табиғатына сай мейрамдарды тойлауға үйрене келе, бұндай мейрамдар тоқтайтын шығар деп үміттенем.

Ал әдеби өмірге келсек, сылбырлық байқалады. Мен енді, негізінен прозаны ойлаймын ғой. Бірен-саран жекелеген шығармалар болмаса, қоғамдық үрдісті талқылаған, көркемдік сынадан өткен шығармалар аз-ау деп ойлаймын. Бірен-саран ұмтылыстар болмаса, қоғамның жаңа формацияға өту кезіндегі адамның жан күйзелісі, қалыптасуы, капитализмді қабылдауы прозалық шығармаларда көркемдік шындық деңгейінде көрінбей жатыр. Оған капиталистік қоғамның аяқ астынан өмірімізге еніп кеткені де себеп болып отырған шығар. Бірақ оны кейінгі жастар игеріп, толыққанды көркем шығармалар тудырады деп сенемін.

Біз әдебиетте, көп жағдайда орыс әдебиетінен үйренгеніміз көп қой, кейбір үрдістер солардан келгені рас. Оларда қаламгерлердің «елге кету, халықтың ортасында өмір сүру» деген үрдістері бар. Сондай жағдайдың біздегі бір көрінісі Алматыдан елге кетіп, сол жақта жүріп үш том роман жазған Сайлаубай Жұбатырұлы деген қаламгер. Оның «Абыржы» романы елдің ішінде, қар кешіп, мұз кешіп жүріп жазылған, шындыққа өте жақын. Автор өз түйсігімен барлық проблеманы зерттеп, табиғат қана емес адам санасында болып жатқан өзгерістерді суреттеп, сомдауға көп тер төккен. Қазір сол романның бір кітабы жарық көрді, қалғаны басылып жатыр. Толық басылып шығып, халыққа тараса – сол роман әдеби ортада, оқырмандар арасында резонанс тудырады деп ойлаймын.

 Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,

ақын, Қазақстан Жастар одағы

сыйлығының лауреаты:

– Біз – көршілерімізден жұққан түрлі мәдениеттің әсерімен күніміз де, айымыз да, жыл санауымыз да ауысып кеткен халықпыз. Қазір біз бірінші күнді («жексенбі» – парсы тілінен аударғанда «бірінші күн» деген мағына береді) жетінші күн деп есептейміз. Қыстың басын қарашадан емес, желтоқсаннан бастаймыз («Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай – қыстың басы, бірі – ерте, біреуі – жай»). Жаңа жылды наурызда емес, қаңтарда тойлаймыз. Григориан күнтізбесіне көшкеннен бері 13 күніміз әлі орнын таппай жүр. Соның кесірінен Абайдың туған күнін біріміз тамыздың 22-сі десек, біріміз 10-ы деп, қайтыс болған күнін біріміз шілденің 5-і десек, біріміз маусымның 23-і деп екі реттен атап өтеміз. Бірімізге біріміз жеңістік бермейміз… Бұл – Абайға қатыстысы ғана. Басқаға не жорық?!. Ал енді жұлдызнамаға сеніп көріңіз!

Тауық жылы, тарихқа тереңдеп көрсек, қашанда қиыншылық кезеңдердi бастан өткерiп келген. Өткен ХХ ғасырдағы кейбiр күрделi оқиғаларды ой елегiнен өткiзсек те, бұған көзіміз жетеді. Қазан төңкерiсiнен кейiнгi ел басына төнген ауыртпалықтар 1921 жылға жалғасып жатса, 1933, 1945, 1957, 1969 жылдардың ешқайсысы да жеңіл болған емес. Осы жылдардың бірінде Жер шарында алғашқы ядролық қару қолданылған соғыс болса, 1981 жыл Кеңес Одағындағы «тоқырау жылдары» деп аталған кезеңнiң шырқау шыңы еді. Бірақ адамдар әр күнінен, әр жылынан үміт күтеді ғой. Қазақ көрген түсін де жақсылыққа жориды. Мен де сондай үмітпен өмір сүріп келе жатқан адаммын.

1969 жылы Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетінде менің өлеңім тұңғыш рет тасқа басылды. Бірақ ол менің тұңғыш өлеңім емес еді, әрине. 1981 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Жастық шақ жырлары» сериясымен «Жұлдызым жоғары» атты кітабым басылып шыққан-ды. Бұл рет саны бойынша менің үшінші кітабым болатын. 1993 жылы «Жазушы» баспасынан «Жүректiң көзi ашылса…» атты кезекті жыр жинағым жарияланды. 2005 жылы менің таңдамалы өлеңдерімнен тұратын негізгі кітаптарымның бірі «Тәңірі таразысы» деген атпен дүниеге келді. Ал өтіп бара жатқан 2017 жылы Алматыдағы «Асыл кітап» баспасынан менің авторлығыммен «Әліппе» атты мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді дұрыс оқуға үйрету құралы жарық көрді.

Бәрі де жетістік қой. Бір қарағанда Тауық жылы мен үшін өте сәтті болатын сияқты ма, қалай?!. Бірақ дәл осы тәрізді жақсылықтарды мүшелдің басқа жылдарынан да келтіруге болады. Дегенмен өмір кілең сәттіліктен тұра бермейді. Оны баяндап беруге көп уақыт керек.

Кәрілік қой, қай кинодан көргенімді есіме түсіре алмай отырмын қазір. «Санта Барбара» телехикаясы ғой деймін. Әйтеуір АҚШ-та түсірілген фильм болуы керек. Кейіпкерлерінің бірі: «Біз Жаңа жылды екі рет тойлайтын қытай емеспіз ғой»,– деп қыжыртып қояды. Шындығында қытай ғана емес, Жаңа жылды екі рет тойлайтын халықтар Жер шарының екі жартысында да жетіп жатыр. Қазақтар да Жаңа жыл мерекесін бір жылда екі рет мерекелейтін халық екенін бәріміз білеміз. Оның атауы ғана өзгеше: бірі – Жаңа жыл мерекесі, бірі – Наурыз мейрамы.

Біз отбасымызда осы екі мерекені де атап өтеміз. Екі мерекенің де біз үшін діни реңкі жоқ. Ертегіге сенетін кішкентайлардың Аяз ата мен Қаршақызды күткені қызық емес пе?!. Жаңа жылдан Жаңа жылға дейін, Наурыздан Наурызға дейін жете берейік, Жаңа жыл құт болып кірсін деп, бірімізге біріміз жақсы тілектер айтамыз. Балаларым, немерелерім іздеп келеді. Олар бір-біріне сыйлық ұсынып жатады. Біз де оларды тәтті-пәттімен алдаймыз.

Шындығында, Жаңа жыл да кәдімгі 365 күннің бірі ғой. Ол – былтыр мен биылды, биыл мен келесі жылды жалғастырып жатқан үздіксіз уақыттың арасындағы бір сәт. Әрқайсымыздың өткен өмірімізде жетістік те болады, сәті түспеген шаруалар да бар. Соған аздап есеп беріп, ертеңнен үміт күткеннің артықтығы бар ма деп ойлаймын мен.

«Әдеби өмір» дейсіздер, ә! Ондай өмір бар екенін мен еске түсіре алмай отырмын. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығармағаныма 7 жыл болды. Алматыдағы әлденеше баспаның қоржынында ондаған кітабымның қолжазбасы жатыр. Солар жарық көріп кеткен жоқ па екен деп, бір-екі жылда бір рет телефон соқсам, ақша жоқ деп зар илейді. Қазақстан Жазушылар одағында жиындар, кештер өтіп жатады деп естимін. Кейбіреуін ғаламтордан көзім шалып қалады. Бес-алты жылдан бері солардың бірде-біріне шақырылған емеспін. Одақ, тіпті, өмірден озған қаламгерлердің жаназасы болатын күнді айтып та хабар бермейді қазір.

Ал кітап дүкендеріне ара-тұра кіріп тұратыным бар. Жарық көрген кітаптардың дені қайта басылым. Олардың бір басылымы өзімнің жеке кітапханамда тұрғандықтан тағы сатып алмаймын.

Қаламақыға қарық болдым деген бір ақын-жазушыны естіген емеспін. Қызметі бар бірлі-жарымы болмаса, жазушылардың бәрі де қоңторғай күй кешіп жатыр. Жасы жүзге жүз бұрған Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап, жетпісті алқымдаған Серік Ақсұңқарұлына дейін әдебиеттің жаңа буыны – жастардың нәпақасы болуға тиіс ШӘКІРТАҚЫМЕН жан сақтап келе жатқан соң, қандай «әдеби өмір» жайында айтуға болады?! Ал жастардың дені рухани азығын көркем әдебиеттен емес, күнделікті ақпараттан алып, қарадүрсін тартып барады.

Шағын жанрда жазылған туындыларды оқимын. Бірқатарының жеткен жетістігі эксперимент деңгейінде болса да, жас ақын-жазушылардың жырлары мен әңгімелеріне тұшынамын. Биыл қазақтың көрнекті жазушысы Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясын оқыдым. Формациялар ауысып жатқан күрделі кезеңдегі адамдардың жан дүниесі, өтпелі кезең шындықтары баяндалатын сүйекті шығарма бұл. Қазақ әдебиетінде соңғы ширек ғасырда мұндай сүбелі туынды жазылған емес. Соны көңілге медет тұтамын.

Көп адамның көзіне түспейтін «әдеби өмір» дегеніміз осы шығар…

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,

ақын, М.Мақатаев атындағы

сыйлықтың лауреаты:

– Жаңа жыл мерекесі туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Соған қарамай, балаларымыздың қызығы, уақыт талабына қалай қарсы боламыз деймін. Жақсы қарсы аламын. Өзіміздің төл мерекеміз наурызға да орын жетеді. Жалпы, жақсылықты жатсынбаған жөн ғой!

Қай ғасырда да, қай заманда да әр жылдың адам өмірінде ерекше із қалдыратыны анық. Ал, менің биылғы жылдан есімде қалғаны – көп жылдардан бері жыр жинақтарым жарық көрмей келе жатқанда, ешбір ойламаған жерден, аяқастынан маған «Хантәңірі» баспасынан талантты журналист, белгілі баспагер Қонысбек Ботбаев інімнің «Әбеке, жыр жинағыңыз жоспарда тұр. Таңдамалы. Тездетіп дайындап беріңіз» дегені болды. Бұл мен үшін ерекше жаңалық, сосын, қуаныш еді. Сөйтіп, «Жариямайдай» атты таңдамалы жыр жинағым жарық көрді.

Сосынғы, есте қалғаны 2015 жылы жыл қорытындысында жасаған поэзия туралы баяндамамның жаңғырығы әлі күнге дейін көңілімнен де, құлағымнан да кетпеуі. Содан ұққаным, қазіргі әдеби процессте ой айтып, пікір білдіру қалып бара жатқаны. Тек, «сен классиксің, тамаша ақынсың, ұлысың ғой» дегенде ғана сын бар да, онсыз сын жоқ екеніне көз жеткіздім. Кейбір ақын-жазушыларымыз, әсіресе, кейбір өзін ақын санайтындарымыз сылап, сипағанды ұнататын мысық мінезге көшіппіз. «Шыбық тисе шың етерлік» басым.

Соған қарамай биыл, яғни, өтіп бара жатқан жылы талантты үш ақын әріптесіммен таныстым, олардың өлеңдері «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Олар – Айдын Байыс, Абай Ораз, Қайрат Сейітхазин. Бұл үшеуінің де шығармашылық денсаулықтары таза, талантты жастар. Өлеңнің басын жарып, көзін шығармай, жаңалық қумай, жақсы поэзия тудыруға ұмтылулары маған ерекше ұнайды.

comments powered by HyperComments