Шулы өнерді емес, сырлы өнерді бағалайтын дуэт

123 рет оқылды
0

Олар – қазақ өнерінің талай саңлақтарын түлетіп ұшырған атақты «Гүлдер» ансамблінің шекпенінен шыққан әншілер. 2007 жылы өнер ұжымының 40 жылдық концертіне қол ұстасып шыққан Дәулет Болатбаев пен Гүлхан Сіргебаеваның содан бері сахнада жұптары жазылмай келеді. Қаншама жылғы қажырлы еңбектің арқасында өз тыңдарманын тапқан дуэт жуырда алғашқы ән жинағын шығарды. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін әншілер халыққа ұсынар өзге де жаңалықтары, жоспарлары жайлы редакциямыздағы сұхбат барысында айтып берді.

‒ Көрерменді көптен бері сағындырып жүр едіңіздер. Бірден қос жаңалықпен қуантқалы отыр екенсіздер…

Дәулет: Иә, жуырда Гүлхан екеуміз репертуарымыздағы әдемі әннің біріне бейнебаян түсірдік. Түсірілім жұмыстары толық аяқталды, қазір монтаждау, бояу секілді техникалық жұмыстар жүргізілуде. Сол жұмыстар жоспарға сай аяқталса, осы аптаның соңында бейнебаянды көрермен қауымның назарына ұсынып қалармыз. Тұсаукесерден соң халық өз бағасын берер.

Гүлхан: Екінші жаңалығымыз – дуэтіміздің ең алғашқы ән жинағы жарық көрді. Дәулет екеуміз 2007 жылы «Гүлдер» ансамблінің 40 жылдық концертінде алғаш рет дуэт ретінде сахнаға шықтық. 40 жыл ішінде ансамбль құрамында өнер көрсеткен өнерпаздардың бәрі сол кеште өнер көрсетуі тиіс болатын. Әншілер саны тым көп болғандықтан, концерт 6 сағатқа созылып кететін болды. Бағдарламаны ықшамдау үшін әншілердің көбісі сахнаға жұпталып шықты. Дәулет екеумізге «Гүлдердің» сол кездегі директоры, белгілі сазгер Жеңіс Сейдоллаұлының «Бақыт жолы» деген әні бұйырды. Сол кештен бастап «Екеуің неге дуэт ретінде өнер көрсетпейсіңдер, дауыстарың жақсы үйлеседі екен» деген ұсыныстарды жиі еститін болдық. Көптің кеңесіне құлақ түріп, 2010 жылдан бері екеуміз жұптасып ән салып келеміз. Арада 7 жыл өткен соң, репертуарымыз әдбен толыққаннан кейін, ән жинағымызды шығаруды жөн көрдік. Альбомға 14 ән топтастырылды. Оның ішінде халық әндері, халық композиторларының әндері, заманауи жанрларда ән жазатын жас композиторлардың шығармалары да бар. Репертуарымыздағы тыңдармандар сүйіп тыңдайтын ең таңдаулы әндерді саралап алып, ән жинаққа кіргіздік.

‒ Білуімізше, альбом бұрын да, қазір де әншілер үшін табыс көзі болған емес. Бүгінгі күні ғаламтордың мүмкіндігін ескерсек, ән жинақтарын ән тарату құралы деуге де келмес. Сонда әншілердің альбом шығарудағы мақсаты не?

Гүлхан: Біз үшін ән жинағы – жылдар бойғы жұмыстың есебі. Не бітірдік, қандай ән жаздық, қай әніміз есте қалды – соның бәрін қорытындылап, енді қандай ән жазуымыз керек, репертуарымызда қандай бағыттағы шығармалар жетіспейді деген сауалдарға жауап алу мүмкіндігі деп білеміз.

‒ Бұрын Республика сарайының төрінде жеке концерт беру сахнаға қаншама жыл еңбегі сіңген әншілердің өзі жылдап күтетін, жүрексіне дайындалатын жауапты іс еді. Қазір өнер табалдырығын кеше аттаған жастардың көбі киелі сахнада ән кешін өткізіп үлгерген. Еліміздің ең үлкен сахнасында Гүлхан мен Дәулеттің концертіне қашан куә боламыз?

Дәулет: Шүкір, репертуарымызда бір концерттік бағдарламаға толық жететін ән бар. Бірақ біздің түсінігімізде, Республика сарайы – екінің бірі шыға бермейтін, тек үлкен ізденіс пен қажырлы еңбектен кейін ғана аяқ тигізуге болатын киелі, биік сахна. Онда жеке концерт беру – әрбір әншінің арманы. Біздің арманымыз да бір күні орындалатынына сенеміз. Алматы мен Астананың үлкен сахналарында ән кешімізді өткізбесек те, Қызылорда қаласында, Алматы облысының ірі аудандарында жеке концертіміз табыспен өтті. Өз тыңдармандарымыз бар екеніне, еткен еңбегіміз еш емес екеніне көзіміз жетті. Тәжірибеміз әбден толысып, әндерімізді халық іліп әкетіп, бірге орындайтын дәрежеге жеткенде, Республика сарайының сахнасына сеніммен шығуға болады.

‒ Жұп болып өнер көрсетуге бе­кін­­геннен кейін, дуэтке бейтарап атау беру ойда болмады ма?

Гүлхан: Екеуміз бірге ән айтамыз деп шешкеннен кейін әрине, дуэтті қалай атаған дұрыс деп бас қатырдық. Қарап отырсақ, тыңдармандар эстрадамызда жүрген топтардың мүшелерін үнемі шатастырады. «Ана топтағы ортада тұратын жігіттің аты кім еді?», «Мына топтағы бойы ұзын қызды дүкеннен көрдім» деп әншінің атын білмей, сырт белгілеріне, топтағы орнына қарап сипаттап жатады. Көрермен бізді өз атымызбен танысын деген оймен дуэтке ат іздемей-ақ, сахнаға Дәулет пен Гүлхан болып шыққанды құп көрдік. Оның үстіне, қазір өнердегі отбасылық жұптардың бәрі өз аттарымен өнер көрсетіп жүр. Отбасылық дуэт болмасақ та, Қыдырәлі мен Қарақат, Жанболат пен Жазира, Қанат пен Света аға-әпкелеріміз сияқты өнердің биігінен көріну арманымыз.

‒ Өнер жолы ауыр жол деп жатады. Бұл жолдың қиындығын білгеннен болар, перзентінің таланты, талабы бар екенін біле тұра, көп ата-ана баласын өнерден алыстатуға тырысады. Басқа салаға бағыттап жіберетіндер көп. Таңдау өнерге түскенде, сіздердің ата-аналарыңыз қалай қабылдады?

Дәулет: Әкем марқұм суретші болатын. Өзі де өмірін өнерге арнаған жан болғандықтан, менің бұл жолға түсуіме қарсылық білдірген жоқ. Тек қана қолдау көрсетті.

Гүлхан: Дәулет екеуміз 14 жылдан бері доспыз. Осы уақыт ішінде байқағаным, екеуміздің отбасымызда ұқсастық көп. Бізде еркіндік бар. Ол тек қана мамандық таңдау мәселесіне байланысты емес. Әрине, ата-ана баласының болашағына алаңдайды. Дұрыс жолға салғысы келеді, адаспаса екен деп ойлайды. Өкінішке қарай, қазір жастардың көбі еркіндіктің мәнін басқаша түсінеді. Менің ойымша, еркіндікті есті еркіндік және ессіз еркіндік деп екіге бөлуге болады. Есті еркіндік – тәрбиеге бағынып, саналы түрде әрекет ететін, ешкімге кесір-кесапатың тимейтін еркіндік. Ал ессіз еркіндік – ауыз өзімдікі деп ойға келгенді айтқызатын, тағдыр менікі деп ақылға қонбайтын істерге итермелейтін еркіндік. Ұстаздар отбасында тәрбиеленгендіктен болар, әке-шешем маған есті еркіндік бере білді.

‒ Екеуіңіз де «Гүлдердің» шекпенінен шыққан өнерпазсыздар. Көп әншінің қолы жете бермейтін үлкен мектептен сіздер не алдыңыздар?

Гүлхан: «Гүлдер» маған ешбір оқу ордасы бере алмайтын білім мен үлкен тәжірибе берді. Ансамбльге келгенде өнер академиясын енді ғана тәмамдаған өрімдей қызбын. Мен үшін ең қиын болғаны – ансамбльмен бірге алғашқы гастрольге шыққан кездері ешкімнің елемегені. Концерттен соң ансамбльдегі атақты әншілермен суретке түскісі, я болмаса қолтаңба алғысы келген көрермен сені елеусіз айналып өтеді. Сүйікті әншісіне қарай асыққандар кеудесімен қағып өткенде, өзімді өнерде адасып жүргендей сезінгенім де өтірік емес. Бірақ бұл сәттің өткінші екеніне сендіріп, бойымдағы сенімсіздікті жеңуге Жеңіс Сейдоллаұлы ағамыз көмектесті. Бір күні ол кісімен әңгімелесіп отырғанда концерттен кейінгі әлгіндегідей жағдайлар үшін өзімді жайсыз сезінетінімді айтқанмын. Сол кезде Жеңіс аға өз басынан өткен оқиғаны айтып берді. Ең алғаш үлкен сахнаға шығып жүрген жылдары танымал әншілер қатысатын концертте өнер көрсететін болыпты. Басқа емес, дәл Роза Рымбаевадан кейін сахнаға шығатынын естіген ағамыз қатты жүрексінген. Мұны Роза апайдың өзіне барып, жасырмай айтыпты: «Басқа әнші болса, бұлай қысылмас едім. Сізден кейін ән айту үшін батылдық керек екен» дейді. Сөйтсе Роза Рымбаева: «Егер залда отырған 2 мың көрерменнің арасында 1 адам сені тыңдауға келсе, соның өзі сенің алға жылжуыңа дем беруі керек» деген екен. Бұрын «Гүлдерде» жүргенде бір көрермен, кейін он көрермен іздесе, қазір концертімізде зал лық толады. Соған шүкіршілік етеміз.

Дәулет: Мен «Гүлдерге» Гүлханнан кейін келдім. Бұл ұжымға келу ойымда болмаған. Өнер академиясын бітірген соң сол кездегі танымал «Super Star KZ» телевизиялық байқауына қатысып, ақтық кезеңге дейін жеттім. Байқау аяқталған соң, бір күні Гүлханмен жолығайын деп «Гүлдерге» келдім. Есіктің алдында Гүлханды күтіп тұрсам, ансамбльдің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы танып қалды. «Сен «Super Star KZ»-ке қатысқан Дәулет емессің бе? Бізге жұмысқа келсеңші» деп өз ұжымына шақырды. Ағаның ұсынысын қабылдауға бел буған кезде «Super Star KZ» бағдарламасының продюсерлері үш жігіттің басын біріктіретін «Super Star» деген топ құратын боп, сол топтың мүшесі болуды ұсынды. Көп ойландым, шешім қабылдау оңай болмады. Продюсер, бейнебаян дегеннің бәрі танымалдылыққа тез жеткізетін мүмкіндік болғандықтан, әуелі топтың мүшесі болған дұрыс шығар деп ойладым. Бірақ «Гүлдер» талай өнер майталмандарының томағасын сыпырған үлкен тәжірибе мектебі екенін салмақтап, оның үстіне бірінші ұсыныс осы ұжымнан түскенін ескеріп, ансамбльде жұмыс істеуді құп көрдім. Қазір бұл шешіміме еш өкінбеймін. Сол ұжымның арқасында әдемі дуэт пайда болды. «Гүлдердің» маған бергені өте көп. Сахнаға қалай шығуды, қалай жүріп-тұруды үйрендік, ұжымдағы тәжірибелі әртістерге, сахна саңлақтарына қарап бой түзедік.

Гүлхан: Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Елбасы тапсырмасы бойынша «Менің Қазақстаным» деген пойыз өңірлерді аралауға сапарға аттанды. Пойыздың әр вагонындағы әр сала қызметкерлері республиканың шалғай аудандарында тұратын халыққа қызмет көрсетті. «Гүлдермен» бірге сапарға шығып, пойыз аялдаған әр аудан орталығында өнер көрсеттік. 24 тәулік бойы отарбаның ішінде өмір сүрдік. Сонда мен Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев ағаларымның өз кәсібіне адалдығын, өнердің тазалығы жолындағы жанкештілігін көрдім. Жаздың аптап ыстығында пойыздың ішінде қаншама күн қона жатып, қанша шаршап, қажыса да, ел алдына шыққанда дымын білдірмей, жайнап сала береді. Шыдамдылықтарына, сарқылмас сабырларына қарап қайран қалдым. Сол сапарда ағалардан алғаным көп.

– Бүгінде әншілердің танымалдығы әлеуметтік желідегі оқырмандарының санымен өлшенетін болды. Бұл тенденцияның өнердің дамуына тигізер пайдасы бар ма, зияны ше?

Гүлхан: Өмірде не нәрсенің болса да жақсы және жаман жағы болады. Әлеуметтік желілердің пайдалы тұсы – ол жерден біз күн сайын, сағат сайын емес, минут, тіпті секунд сайын жаңа ақпарат алып отырамыз. Алайда ондағы ақпараттың шын яки жалған екенін айыру қиын. Кейде ақиқат деп сенгеніміз жалған болып шығып, келеңсіз жағдайларға тап болып жататынымыз жасырын емес. Әлеуметтік желілердің өнерге бергені не десеңіз, жаңа туындыларды тарату жылдамдығы көбейгенін, әншілердің танымалдығы арта түскенін айтуға болады. Алайда өнерпаздар желіде өнерін емес, өмірін жиі жарнамалайтын болып кеткендей. Қазір көрерменді әншінің қандай әні, қандай бейнебаяны шықты дегеннен гөрі қайда барғаны, кіммен қыдырғаны, не ішіп, не жегені көбірек қызықтырады. Әсіресе, «Инстаграммда» отыратын жұрттың аңдығаны – танымал адамдардың отбасы, ошақ қасындағы әңгімелер. Бір кездері қол жетпестей көрінетін, бір көруді армандайтын өнерпаздар қазір тым жайдақ. Өйткені әлеуметтік желідегі жұрттың назарына барын да, нарын да жайып салуға бар. Бұл өнерді өрге сүйрейтін құбылыс емес. Десе де, әзірге әлеуметтік желінің ықпалынан құтыла алмайтын секілдіміз. Оны табыс көзі ретінде пайдаланып отырғандар да жетерлік. Оқырмандарының саны көп адамдар жарнама жасау арқылы қыруар қаржы табуда. Мұндай мүмкіндіктері барда жұрт әлеуметтік желіден бас тарта қоймасы анық. Аудитория қайда болса – біз сонда. Сондықтан ерте ме, кеш пе, бізге де әлеуметтік желімен жұмыс істеуге тура келетінін түсініп, жақында «Инстаграммда» парақшамызды аштық. Оқырмандарымыз әзірге аса көп емес, қолданушылардың қай тобына қандай ақпарат қызық екенін зерттеп, сол бағыт бойынша жұмыс істеудеміз.

– Соңғы кезде өнердегі асқынған дерттің бірі – ән ұрлығы. Елімізде жақсы композитор да, сапалы ән де аз емес. Бірақ біздің әншілер өзгенікін таңсық көріп, шетелдік әндерді қазақшаға аударып, өз әніндей әуелетіп жүр. Бұл қазақтың әндерін менсінбеушілік пе, әлде басы артық шығын шығармаудың жолы ма?

Дәулет: Жаңа әннің тағдырын болжау қиын. Ол тыңдарман көңілінен шыға ма, бүгінгінің тілімен айтқанда «хит» бола ма, әлде тар шеңберден шыға алмай қала ма – бірден бағалау қиын. Сондықтан әншілер өзге елде әлдеқашан танылып, зор қошеметке ие болған әндерді өз тілімізде шырқай салуды оңай көреді. Өйткені ол әннің біздің аудиторияға да ұнайтынына көзі анық жетеді. Елімізде қырғыздан, армяннан, гректерден ұрланған әндердің көбейіп кеткені сондықтан. Бірі шетелдік композитордың рұқсатымен айтса, бірі өз әнім деп айдарлап алады. Бірақ көп ұзамай өтіріктің беті ашылады. Өйткені қазір ғаламторда шекара жоқ. Қазақтың тойын «Youtube» арқылы мұхиттың арғы жағындылар көріп отыруы мүмкін. Сол секілді Америкада бүгін бір ән шықса, ертең ол біздің күйтабақта ойнап тұрады.

– Танымал әншілердің көбінің ту сыртында табысты команда тұра­ды. Олардан сұхбат алу үшін әуе­лі продюсерінен рұқсат аласың, одан кейін кездесетін уақыт, орынды белгілеу үшін әкімшісімен тілдесесің. Сұхбат жазылғаннан кейін мә­тін­ді пиар-менеджері тексеріп шығады. Фототүсірілім жасайтын болсаң, әншінің образы жеке стилистімен келісілуі керек дегендей. Қысқа­сы, бір өнерпаздың айналасында талай маман нәсібін тауып жүр. Сіздер де арнайы мамандардың көме­гіне жүгінесіздер ме?

Дәулет: Жоқ, әзірге сіз атаған барлық мамандардың жұмысын Гүлхан екеуміз атқарып жүрміз.

— Продюсермен жұмыс істемейсіздер ме?

Дәулет: Жоқ, о баста дуэт болып сахнаға шыққаннан бері өз білім-білігімізбен алға жылжып келеміз. Продюсер іздеген емеспіз.

Гүлхан: Екеуміз де өнер академиясының түлегіміз. Бұл салаға орта жолдан қосылған жандар емеспіз. Біраз уақыт «Гүлдер» ансамблінде жұмыс істеп, тәжірибе жинадық. Сондықтан өз өнерімізді алып жүруге қарым-қабілетіміз толық жетеді деп ойладық. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, бастапқыда әр маманға жалақы төлеуге мүмкіндігіміз де болған жоқ. Үнемдеуге тура келді. Сөйтіп жүріп бәрін үйрендік. Жан-жағымызға қарап, кім қалай жұмыс істейді, жарнама қалай жасалады, ән қалай таратылады, БАҚ-пен қалай жұмыс істеу керек – бәрін зерттедік. Әзірге продюсердің де, администратор мен пиар-менеждердің де қызметін өзіміз атқаруға қауқарлымыз.

– Өнердегі сіздер ұмтылатын биіктік қандай?

Дәулет: Сахнаға алғаш шыға бастағанда ең бірінші танымал болуды армандадым. Менің атым аталғанда зал толы жұрт тамағы жыртылғанша айғайлап, алақанынан жан кеткенше шапалақ ұрып, қошемет көрсетсе, тыңдармандарым әуежайдан сыйлықпен қарсы алып, Майкл Джексонды көтеріп алғандай мені де көкке көтерсе деп ойлайтынмын. Қазіргі ұмтылыс басқа. Жұрттың бәріне сүйкімді болсам, Гүлхан мен Дәулет келе жатыр дегенде көрермен орнынан тік тұрса деген арман жоқ. Құндылықтардың өзгеруі заңдылық шығар. Бірақ осы нәрсе мені қорқытады. Әншінің бойында танымал болуға деген ұмтылыс жоғалмауы керек деп ойлаймын. Өйткені қазір танымал болсаң ғана сұраныс бар.

Гүлхан: Әнші ретіндегі арманым – бізді көрермен түр-тұлғамыз, болмаса шулы өміріміз емес, өнерімізбен, әнімізбен таныса екен деймін. Қазір өнерде ғана емес, барлық салада атқарылып жатқан кейбір істердің ғұмыры қысқа. Бір күндік игілік үшін жасалатын дүниелер көп. Сан ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз бізден әлдеқайда таланттырақ, ақылдырақ болғаны шүбәсіз. Өйткені олардың қолынан шыққан дүниелер, олардың артында қалған шығармалар әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ. Бізден кейінгі буын да олардан қалған мұраны кәдесіне жарататыны анық. Сол секілді біз де халыққа өміршең дүние сыйлағымыз келеді. Орындап жүрген әндеріміздің ішінде тым болмаса бір ән көптің көкейінде жатталып, «кезінде Дәулет пен Гүлхан шырқаған ән» деп құлақтан құлаққа жетсе, біздің бағындырған биігіміз сол болмақ.

– Сұхбаттарыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА

 

comments powered by HyperComments