Ақынның азаматтығы

68 рет оқылды
0

Қасымхан Бегманов – республиканың жыр сүйер қауымына белгілі ақын. Оның поэзиясы туралы ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та келеді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Халқымызда «Ақын болу міндет емес, азамат болу парыз» деген ұлағатты сөз бар. Оның бойында қолына қалам ұстап, жыр жазатындардың кейбірінде бола бермейтін, басқаларға ұқсамайтын ерекше қасиет бар. Ол қасиет азаматтығы мен қайраткерлігі дер едік.

Қасымхан сонау бозбала кезінде Алаштың арда ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай жайында жарық көрген кітаптар мен мақалаларды көптеп оқыған. Жалпы оның бертіндегі мақсаты Алаш арыстары туралы үлкен бағдарлама жасап, халыққа ұсыну еді. Есесіне Мұстафа Шоқай туралы айтылып жүрген әр алуан пікірлер ойына түрткі болып, тағы бір үлкен жобаны өз қаражатымен жүзеге асыруды қолға алды. Бұл жоба бойынша Алаштың ардақтысы болған жанның туған жері Наршоқыдан  бастап, бірқатар шет елдердегі тағдыры мен күрескерлігі туралы жаңа деректер жинау болатын. Жобаны «Мұстафа Шоқай жолымен» деп атады.

Кәсіпқой тарихшы болмаса да, тарихи тұлғаны зерттеп білуде Қасымхан Бегмановтың өз бетімен белсенділік көрсетуіне не себеп болды? Әлдекімдер айтқандай атын шығару үшін бе? Жоқ! Оны бұл игі іске жетелеген бала күнгі арманы, ақындық сезімі мен азаматтық борышы.

«…Өйткені сол сәттерде менің мойнымда ел мен әруақ, рух алдындағы азаматтық парыз бен қарыз, үлкен аманат, жауапкершілік бар болатын. Мен бұл үлкен жауапкершілікті бүкіл жан-тәніммен сезінген болатынмын», − дейді Бегманов.

Тәуелсіздікке дейін Мұстафа Шоқай туралы әрқалай әңгімелер айтылып келді. Оны Отанын сатқан «халық жауы» етіп көрсеткендер де көп болған. Туған-туыстарын қудалап, алдыңғыларына ату жазасына үкім шығарды. Сондықтан да оның аты көп жылдар бойына ауызға алынбай келді. Базбіреулер кеңестік саясаттың ықпалымен оны қарақан басы үшін елден жан сауғалап, шет елге қашып кеткен деп жүрді. Оны 1921 жылы Түркістан ұлттық ұйымының арнайы тапсырмасымен кетті деген жасырын ақпарат жеткізгендері де бар. Кейбір деректерден «Түркістан легионын» Мұстафа Шоқай құрды дегенді көріп қаламыз. Ал Қасымхан: «1941 жылы 22 желтоқсанда Гитлер «Түркістан легионын» құру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Ал Мұстафа Шоқай ол кезде ес-түссіз, Берлиннің «Виктория» ауруханасында екі дүниенің ортасында жатқан болатын. Бес күннен кейін, яғни 27 желтоқсан күні М.Шоқай сол ауруханада қайтыс болды. Ал ел шулап жүрген «Түркістан легионы» Шығыс легионының негізінде 1942 жылдың сәуір айында құрылды. Өмір мен өлім арасында жатып, көп ұзамай қайтыс болып кеткен адам қалай легион құрады?», − дейді. Иә, тарих дәлдікке ғана сүйенетін ғылым.  Нақты дерек жоқ жердегі әңгіменің бәрі аңыз, өсек, жала ғана екені анық.

Қасымхан Бегманов тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев секілді ғалымдармен кеңесе отырып, экспедицияны шоқайтанушылар Дархан Қыдырәлі, Әбдіуақап Қара, Мақсат Тәжімұрат секілді айтулы  тұлғалардан топ жасақтады. Сапар барысында уақытты тиімді пайдалану жағын қатты қадағалаған. Әр елге баратын кезекті сапарға топ мүшелерін де жаңадан жасақтап отырды. Ол осы топты бастап Мұстафа Шоқай болған елдерді аралап, тарихи құжаттармен танысуға екі жыл уақытын жұмсады. Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан, Санкт-Петербор, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Париж, Ножан-сюр-Марн, Фонтенбло, Берлин, сондай-ақ, Мария Шоқай жерленген Францияның Шелль қаласына табан тіреген. Сол елдердің мұрағаттарынан Мұстафа Шоқайға  қатысты, бұрын белгісіз болып келген, тарих үшін аса құнды  тың дереккөздер тауып, ғылыми айналымға үлкен үлес қосты.

Сапар барысындағы шетелдіктермен кездесіп, пікір алысудың бәрі де таспаға жазылған. Экспедиция толық аяқталған соң профессор Мәмбет Қойгелдиевтің кеңесімен «Мұстафа Шоқай жолымен» атты толық метражды деректі-танымдық фильм түсіріліп, көрермендерге жол тартты.

Мұстафа Шоқай бүкіл саналы өмірін түркілердің басын біріктіруге арнады. Сол үшін де жанын пида етті. Қасымхан Бегманов оның осы мақсатын алға ұстана отырып, «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің алғашқы тұсаукесер рәсімін Өскеменде өткізген. Сол-ақ екен ол күтпеген мылтықсыз майдан басталды да кетті. Тәуелсіз «Флеш» газетінің бас редакторы Денис Данилевский мен тілшісі Сергей Михеев басылымға: «Мұстафа Шоқай Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған  әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, фашистермен сыбайлас болған» деп қарадай қаралап шыға келген. Мұны олар неге сүйеніп айтып отыр. 1985 жылы жарық  көрген  «Қазақ ССР» энциклопедиясы мен бұрын отыз жыл МҚК-нің қызметкері болған Серік Шәкібаевтың 1972 жылы жарық көрген «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабына сілтеме жасаған. Артынша ғаламторда Мұстафа Шоқай туралы айтыс-тартыс басталып та кетті. Фильмді түсіруші Қасымхан Бегманов «ит үреді, керуен көшеді» деп үндемей қалса да болар еді. Сыңаржақ немелер біздің айтқанымызбен келісті деп керіліп, кердең баспай ма?.. Иә, онда түйенің жүгі «Флешке» қарай ауып кетті дей беріңіз.

Бегманов намысқа шауып: «Бүгін Мұстафаға тіл тигізгендер ертең Әлихан Бөкейхановқа, арғы күні Ахмет Байтұрсыновқа, одан кейін Тұрар Рысқұловқа ауыз салмасына кім кепіл?! Өскеменде Мұстафаны осылай қорлап жатқандар ертең: «Уст-Каменогорск – менің қалам», «Қостанай – менің жерім» демей ме?!», − деп ашынып, үндемей қалуды жөн көрмеді.  Тәуелсіздік жылдарынан бері Мұстафа Шоқай жөнінде  ақпарат құралдарында жарияланған М.Қойгелдиев, К.Есмағамбетов, Б.Қойшыбаев, Д.Қамзабекұлы, А.Кәкен, Б.Садықова секілді белгілі ғалымдардың мақалаларын жинап, «Флеш» газетінің үстінен қалалық сотқа шағым түсіреді. Өкінішке қарай, сот шешімі «Флештің» пайдасына шешіліп, Бегманов жеңіліске ұшырайды. Сот төрағасы: «Мақаладағы пікір фильмнің авторына, яғни сізге емес, кейіпкеріне қатысты айтылған», − дей отырып, сот шығынын өтеуді Бегмановтың мойнына артқан. Бегманов: «Менің кейіпкерімді фашист, сатқын деп жатса, сонда фильмді түсірген мен кім болғанмын? Фашисті насихаттап, елімізге кереғар дүние жасаған адам болып шықпаймын ба?», − дейді. Ұлт зиялысы Мұстафа Шоқайды «Флештің» қорлауына қалдырмай, сот шешіміне наразылығын білдіре отырып, тарихи шындық үшін күресетінін ескерткен. Шымкенттегі облыстық МҚК-нен  Мұстафа Шоқайдың туған інісі Нұртаза Шоқайдың қызы Нәмина апай мен Шоқаймен бірге туған Қалымбеттің Мырзеке деген баласынан тарайтын Болат Қалымбетов  ақсақал Мұстафаның туыстары екендігі жөнінде анықтама алып, солардың атынан қорғаушы жалдап, әлгі кісілердің және өз атынан Өскемен қалалық сотына талап арыз жазған. Мәмбет Қойгелдиев бастаған тарихшылар соттың іс қарауына қажетті материал-құжаттарды дайындады. Ғаббас Қабышұлы талайдан бері жинап жүрген материалдарын берді. Ал депутаттар тарапынан Мұрат Мұхамедиевтен басқалары ауыз ашпады. Экс-депутат Әбдіжәлел Бәкіров телефон арқылы хабарласып, материалдық жағынан қол ұшын беруге дайын екендігін айтқан. Жанына белгілі кинорежиссер Сатыбалды  Нарымбетов пен қорғаушысы Галина Хванды ерткен Қасымхан Бегманов Өскеменге – «Флеш» газетімен шешуші айқасқа аттанды. Іс қарау барысында Бегманов Мұстафа Шоқайдың кім болғанын, Түркістанның тұтастығы үшін большевиктермен қалай күрескенін, кеңестік өкіметтің саны аз ұлттарға көрсетіп отырған қорлықтарын Мұстафа Шоқайдың баспасөздердегі жарияланған материалдары арқылы дәлелдеп берді. Бұл жолы Данилевский мен Михеевтің нақты дәлелдерге қарсы қояр дәйегі болмай, тас-талқаны шығып жеңілді. Бегманов ұлт тұлғасын қорлағаны үшін  «Флеш» газетінен 5 миллион теңге айыппұл төлеуін талап ететінін жеткізді. Сонда кейбіреулер: «Қасымхан Бегмановтың түпкі мақсаты Мұстафа Шоқайдың атын жамылып, атағын шығару», − деп ғаламторға жазып жатса, ақын жанын түсінгендер: «Жоқ, ол азаматтығын ісімен көрсетуде», − деп оң бағасын берумен болды.  Ал Қасымхан Бегманов: «Өз басыма жетерлік атақ-абырой бар. 5 миллион теңге қайырымдылыққа жұмсалатын болады», − деген. Ар ұятын алға ұстайтын ақын сөзіне күмән  келтіруге болмайды.

Қасымхан Бегмановтың соңғы жылдары жазған «Шерлі Түркістан» дастаны Мұстафа мен Мария арасындағы махаббат жайында ғана емес, Үлкен Түркістанның тарихи тағдырын жырлауымен ұлттың рухын көтеріп, намысын қайрайтын күрделі туынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», − дейді. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың жуырда ғана «Баспа» баспасынан жарық көрген «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітабы Алматыдағы Ұлттық кітапханада ғылыми-көпшілік жобасы аясында талқыланып, этнографтар, ғалымдар, жазушылар, журналистер тарапынан  жоғары  баға  алды. Автордың салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуда Жағда Бабалықұлы секілді білікті ғалыммен пікірлесе отырып, ұлттық құндылықтарымызды саралауы көпшіліктің ықыласына бөленді..

 

comments powered by HyperComments