Тамара Қосыбаева: Аң-құстан бастап, ханшайымға дейін сомдадым

79 рет оқылды
0

Қара күздің ызғарлы күндерінің бірінде елге сапарлап қайттық. Суық жел өңменімізден өтіп кетті. Әуелі жеңіл-желпі кісіні қаңбақша ұшырып әкететіндей. Бүгінде сексеннің бел ортасынан асып, көзі көрмей қалған Тиыштуған қарияға амандаса кірдік. «Е-е, айналайындар, ата-аналарыңа құран оқытуға келіпсіңдер, ниеттерің қабыл болсын. Саудакенттегі ең сұлу келіншек атанған Зағипа аналарыңды да аттандырдық, иманды болсын. Тәңір ақыл мен көрікті теңдей бере салған сымбатты кісі еді. Бәріміздің де барар жеріміз ғой, мына мен де «қай жағымнан қай күні келіп қалар екен» деп алаңдап тосып жатқан жайым бар. Маңдайдағы қос қарашық қалың қараңғылықтың ұйыған жері. Газет оқып, теледидар көруден қалдым. Ол ол ма, табаныңның астын көзіңмен көргенге не жетсін?! Анау жылдары теледидардан көп көрсетуші еді ғой, «Долана» деген фильмді, сондағы кемпір, анау әдемі кемпір көңілімнен кетпейді. Жаратылысы бөлек жан. Мәдениет пен өнердің ошағы ғой Алматы, сол кемпір-актриса тірі ме?», – деп бір қайырды әңгімесін.

Осы бір әңгіме себеп болды ма, «Сол актриса қайда болды екен?» деген сұрақ мазамды алып, Алматыға келгенше, ол кісі өмірбақи еңбек еткен Жастар театрына хабарласқанша асықтым. Бүгінде тоқсанға келіп қалған Тамара апай өзінің екі бөлмелі үйін немересіне беріп, үлкен қызы Жанеттаның қолында тұрып жатыр екен. Есік алдында қызымен бірге күтіп алған актрисаның жүзі әлі де жарқын, екі бетінен нұр тамып, қызылшырайлана әдемі күлкісімен қарсы алды.

– Ой, айналайын, көрермендерімнің қатары жыл сайын азайып келеді ғой. Тіпті, жоқ десе де болады… Шынында да ел мені кинодан білмесе, ауыл адамдары қалаға, театрға келе де бермейді.. Іздеп келгендеріңе, ел ішінен іздеу салып жатқанына қуаныштымын, рахмет, – деп жанарына келіп қалған жасты көрсеткісі келмей, әппақ жүзін әппақ орамалымен сүртіп қойды.

Таяуда ғана өзінен үлкен әпкесі Зейнепті мәңгілік сапарға аттандырған Тамара апай біраз уақыт өзегін өртеген өксігін баса алмай отырып қалды да, әңгімесін бастады.

– Ел басына ауыр күн туған сонау 1928 жылы наурыз айының 15 жұлдызында Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты №4 елді мекенде дүниеге келіппін. Есімді білер-білмес шағымда, ашаршылық жылдары Новосібір қаласына көштік те, сол жерде бес-алты жылдай тұрдық. Сол кезде азан шақырып қойған МәҺәрбану деген есіміме тұрғылықты халықтың тілі сынбай, Тамара атанып кетіппін. Алты жасымда анамнан, одан кейін екі жылдан соң әкемнен айырылдым. Анамның қазасынан кейін елге, Семей қаласына көшіп келдік. Үлкен ағам Нұрдың тәрбиесіне көштік. Отбасында бес ағайынды едік. Үлкеніміз Нұр соғысқа қатысып, аман-есен келді. Қайратты кісі болатын. Бәріміздің тәлім-тәрбиеміз сол кісінің мойнында болды. Екінші ағам Аман соғыстан оралмады. Әпкем Зүбайра он шақты жыл болды, қайтыс болды. Екінші әпкем Зейнеп тоқсанның бел ортасынан асып, жақында қайтыс болды.

Солай! Бізде бақытты балалық деген болмады. Бала болып қуыршақпен ойнау, доп қуу деген біздің қатарластардың маңдайына жазылмаған екен. Әке-шешемнің бет-әлпеті еміс-еміс көңілде қалғаны болмаса, анық есімде жоқ. Кішкентай күнімізден жетімдіктің тауқыметіне ашаршылық, одан бері қанды майдан қасіреттері жамалып, жүректе мәңгі жара болып қалып қойды. Нұр ағаның қолындамыз, ол кісінің жұмыс бабымен Балқаш қаласында жеті жылдай тұрдық. Мен жетіжылдық орыс мектебінде оқыдым. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Сұрапыл соғыстың зардабы ауыл-ауылды аралап кетті. Мектеп жабылды. Оқу-тоқуымыз сонымен бітті. Құйтақандай болсам да тіршілік қамына кірісіп кеттік. Балқаш қаласындағы мыс қорыту зауытына жұмысқа тұрдым.

Өткен күндерден қалған жүректегі жараны қозғап, актрисаның жан-дүниесін сағыныш атты алапат дүлей баурап алғанын көрдік те, әңгімені басқа арнаға бұруға тырыстық.

– Өнерге қалай келдіңіз?

– Менің бағым – бауырым Нұрдың соғыстан аман оралғаны болды. Мектептегі түрлі үйірмелерге қатысқаным болмаса, алдымызға қойған белгілі бір арман-мақсатымыз да жоқ. Өнерге деген құштарлық болғанымен, оны армандау тіпті мүмкін еместей көрінетін. Бірақ барлық оқушылар секілді біз де мектеп қабырғасында түрлі үйірмелерге қатысып, көркем­өнерпаздар үйірмесін құрып, оның белсенді мүшесі болдым. Бас көтерер азаматтарын соғысқа шығарып салып, оның аман-есен оралатынына күмәнмен қарайтын, көз ұшындағы бұлдыр сенім-сағыммен тірлік кешіп жатқан ауыл-ауылдағы қамкөңіл еңбек адамдарына концерт қойып, көңілдерін сәл-пәл болса да көтеруге тырысып бақтық. Айтулы өнерпаз емеспіз, бірақ ән айтамыз, өлең оқимыз. Қазақ ақындарының шығармаларын жаттап, әсіресе елдің еңсесін көтеретін патриоттық жырларды оқимыз. Сөйтіп жүріп, жүректе өнерге деген құштарлық пайда болды. Ақыры 1944 жылы Алматыға келіп, студияның киноактерлік бөліміне оқуға түстім. Нұрмұхан Жантөрин, Зәмзәгүл Шәріпова, Бәйкен Омаров сынды, бүгінде қазақ өнерінің көшбасында тұрған серкелермен бір курста оқыдым. Курсты бітірген соң мәдениет басқармасының жетекшісі Ахметовтің ұсынысымен үш адам Ташкент қаласындағы Өнер институтының актерлік бөліміне жіберілдік.

Ташкенттегі Щелковичная көшесіндегі 75-үйде Ташкент театр өнер институты орналасқан. Елуінші жылдардағы Қазақстан мен Орта Азия республикаларынан шыққан мықтылардың бәрі осы институт қабырғасынан дәріс алғандар. Солардың қатарында болған, театртану факультетін тәмамдаған Қалтай Мұхамеджанов төртінші курстан Мәскеуге ауысыпты. Ал біз Бәйтен Омаров, Тұрар Дүйсебаев, Мұрат Қосыбаев, Айдархан Ибрагимов сынды жастар театр актері және режиссура мамандығы бойынша білім алдық. Осы жігіттердің ішінде Мұрат Қосыбаев режисссерлік дарынымен, тағылым-танымымен ерекше көзге түсті. Ол режиссурамен қатар актерлік шеберліктен де тыңғылықты білім алды. Бұл сабақты атақты Е.Б. Вахтанговтың шәкірті М.А. Рубинштейннің беруі – үлкен бақыт еді. Басқа жігіттерден бөле-жара айтып отырғанымды ішің сезіп отырған болар, ол менің өмірлік жарым, сырлас-серіктес әріптесім де бола білді. Екеуміз бас қостық. Екі қыз, бір ұлды өмірге әкелдік. Тәрбиеледік. Тұңғышымыз Маржан әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің биология факультетін бітірген. Биология ғылымдарының докторы еді. Өкініштісі, өмірден ерте кетті. Құдайға шүкір, Арман, Жәнібек, Азамат пен қызы Айнұры – немерелерім бар. Екінші қызымыз – Жанетта. Жоғары білімді, бүгінде өзі де әже болып отыр. Қазақтың дарынды жазушысы Сейітжан Омаровтың үлкен ұлы Керей екеуі Данияр, Санжар атты ұлдарын тәрбиелеп өсірді. Кенжеміз – Есет еліміздің мәдениетін басқарды, білімді, зиялы азамат болып өсті. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Келінім Алма екеуі Диар деген немере сыйлады. Бүгінде сегіз немере, бес шөберем бар бақытты әжемін.

– Тамара апай, осыдан бірнеше жыл бұрын бір газетке берген сұхбатыңызда «Театр жиі түсіме кіреді» депсіз. Сол сөздеріңізден өз ісіңізге шын берілгеніңіз аңғарылады…

– 1952 жылы Ташкенттен Алматыға қайттық. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызметіміз басталды. Ал 1960 жылы Мұраттың қызмет бабымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театрына барып, ол жерде бес жыл қызмет атқарып келдік. Мұрат аса талантты режиссер еді. Тұңғышы Ш. Хұсайыновтың «Есірткен ерке» пьесасынан бастап, жауапкершілікпен, талғампаздықпен қойылған дүниелерінің бәрі өте сәтті шыққанын сол тұстағы қазақтілді басылымдар шулап жазып жатты. Әсіресе, Назым Хикметтің «Әпендесі» Жастар театрының көрермендер көзайымына, қуанышына айналғанын бүгінде көзі тірі әріптестері үнемі айтып жүреді. Амал жоқ, өмірден ерте кетті.

1965 жылы Қарағанды қаласынан келген күннен бастап, 1986 жылға, яғни зейнеткерлікке шыққанша Жастар театрында жұмыс істедім. Театрда ғана емес, Қазақ радиосында балаларға арналған бағдарламаларды жүргізіп, дубляж жасауға қатыстым. Мені дубляжға әкелген марқұм Шәкен аға, Айманов болатын. Алғаш «Ералаштан» бастадым ғой. А.Толстойдың «Алтын кілт» қойылымында алғаш рет Буратиноның рөлін ойнадым. Одан кейін «Аягөз аруда» – Аягөздің, «Ақбөпеде» – Ақбөпенің, «Алтын сақада» – Күнбаланың, «Ботагөзде» – Айбаланың, «Күшік күйеуде» – Биғайшаның, «Бүлікте» – Зәуренің рөлдері жаныма жақын. Несін айтасың, аң-құстардан бастап ханшайымға дейінгі рөлдерді сомдадым. Бізде балаларға арнап жазылған бірер аңыз-ертегілер болмаса, шығармалар жоқтың қасы. Көбіне аударма дүниелер. «Біздің Ғани», «Қызыл сұңқарлар», «Алтын сақа», «Күн мен көлеңке», «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Бажалар мен балдыздар», «Беу-қыздар-ай», «Қобыланды», «Құдағи келіпті», «Тергеу аяқталды», «Жәмила» сынды спектакльдерде әже-ана рөлдерін сахналадым. Театр сахнасында елуге жуық рөлді алып шығыппын. Әсіресе драматург Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару» спектаклі шығармашылығымның биік шоқтығы секілді. Пьеса заманның драмалық тартыстарға, шынайы өмірде болған құбылыстарға жақын аңыз оқиғадан құралған. Осындай аңыз-ертегіге ұқсас элементтері болмаса, сахнадағы барлық көрініс, қимыл-әрекет реалистік тұрғыдан өрбіп, психологиялық-философиялық ойды құрайды. Жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлымдық, әділдік пен әділетсіздік – «Аягөз арудың» негізгі өзегі. Онсыз да көркем әдеби тілмен жазылған шығарма режиссер С.Шәріповтің талғампаздығына сай мазмұны одан сайын ашыла түседі. Жан-тәніммен беріле ойнаған болуым керек, әріптестерім, әсіресе Асанәлі Әшімов хабарласқан сайын, кездескен сайын «Аягөз ару» деп атайды. Өз атымды атамайды. Солардың жылы үндері театр сахнасына деген сағынышымның отын үрлеп, жанымды жағымды сәттерге жетелейді. Өзім сан мәрте түсіп-шыққан сахна баспалдақтары түгіл, театр ауласындағы әдемі гүлзар бақтарға дейін сағыныш!..

Шіркін, ол заман ғажайып еді ғой. Біздің тұстастарымыз өнерге енді ғана қадам басқан шақ. Алдымыздағы толқынның өнерін қызыға, қызғана, тамсана іздеп жүріп көреміз, тамашалайтынбыз. Бір көшенің бойында екі театр. Коммунист проспектісі мен Калинин көшесінің бойы спектакль күндері аяқ алып жүре алмастай. Қарсы беттегі опера театрынан Күләш, Шара бастаған керім актрисаларды көру үшін-ақ ел жиналады. Сылаң қағып, әдемі күлкісі мен сән-салтанаты жарасып қатар шыға келгенде, өзіміз де есіміз ауып, қызыға қарайтынбыз. Ол заман өнердің шоқтығы биіктеп, жұлдыздары жарқырап, айы оңынан туып тұрған кез еді…

Әрине, театрды, театр сахнасын сағынбайтын актер түгілі, көрермен де жоқ шығар. Өнер – халықтікі. Ал сол өнерді халық арасында насихаттайтын, артық-ауыс жерін тегістеп халыққа ұсынатын режиссер десек, ол, әрине, артистердің еңбегімен, қажыр-қайратымен тұтас дүние болып шықпай ма?! Әркім өзінше таланттымын десе де, өнердің тағдырын шешетін де, кесетін де – режиссер. Талай жылдар сахнада жүріп, бірде-бір бас кейіпкерді сомдау бақыты бұйырмағандар да баршылық. Бұл өнер адамы үшін үлкен қасірет дер едім. Ал кейде басты рөлдерді ғана ойнап жүріп, бір күнде оның бәрінен айырылып қалуға да болады. Ондай артист халық есінде де ұзақ қала алмайды. Бірте-бірте ұмытылады. Сондықтан да жасыратын түгі жоқ, мың жерден дарынды болсаң да тағдырың тек режиссерге байланысты. Кез келген актер-актриса үшін басты кейіпкерді сахналау арман. Кейде режиссердің артистерге көзқарасы әртүрлі болады. Ондай қысымды мен де бастан кешірдім. Сезіндім. Жаным ауырды. Қараңғы қапаста қалғандай болдым, шарасыздықтың соңы театрдан кетумен аяқталды. Қазақ мәдениеті, әсіресе театр өнерінде Сацтың еңбегі зор еді, оны да сыйдырмадық. Режиссерлігін былай қойғанда керемет актриса еді.

Сондықтан өнерде анау айтқандай керемет сілкініс жасамасам да, өмірімді қазақ өнеріне арнағаным ақиқат. Өнерден қол үздім деп айта алмаймын. Үнемі қадағалап, құлағымды түріп отырамын. Елжіреп, еміреніп отырамын. Сөз басында Тиыштуған замандасым айтқандай, киноға көбірек түскендіктен болар, сондықтан да мені театрдан гөрі кино арқылы жақсы біледі.

– Кино демекші, «Қазақфильмнің», әсіресе Ресейдің біраз киносына түстіңіз ғой. Театр – бөлек, кино – бөлек. Қиындық туындаған жоқ па?

– Алғаш түскен фильмім – 1969 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхаты». Фильмде Әспет деген ананың рөлін ойнадым. Осы рөл кинодағы жолымды ашты десем де болады, содан бастап киноға түсуге шақырулар көбейді. Әсіресе, әңгіме басында айтылған, ауыл көрермені сағынып жүрген «Долана» фильмі тіпті ерекше. 1977 жылы режиссер М.Омаровтың түсірген бұл фильмінде Райхан образы жүрекке жақын, жылы кейіпкер. Сондай-ақ, «Құрақ көрпеде» – әже (режиссері Р.Әбдірашев), С.Тәуекелдің «Исатай-Махамбет» туындысында Исатайдың анасын, еліміздің тәуелсіздігімен келген жаңалық – көпсериялы телефильмдердің бірі – «Арман қалада» әже рөлін сомдадым. «Жаным», «Астана – махаббатым менің», «Шоқ пен Шер», «Күсен-Күсеке», «Нан мен тұз», «Жамбылдың жастық шағы», «Өрнек», «Өгей әке», «Шаңырақ» секілді бас-аяғы отыздан астам фильмге түсіппін.

Кинематографистер одағының мүшесімін, сирек те болса бас қосып тұрамыз. Түрлі ұйымдастырылып жатқан шараларына шақырып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Өзімнен кейінгілер, ізімнен ерген, өкше басып қалған актер-актрисалармен де хабар үзген жоқпын. Нүкетай, Зәмзәгүл жиі телефон шалып жатады. Асанәлі, Сәбит жиі болмаса да жағдай сұрасып тұрады. Олардың «Аягөз ару, қалайсыз» дегендері әжептәуір көңіл-күй сыйлап, жанымды жадыратады. Көз көргендер аман болсын деген тілекпен таңды атырып, күнді батырып жүріп жатқан жағдай бар, қарағым. Жастар театрынан хабар үзілген емес. Амандыққа ештеңе жетпейді, деннің саулығын берсін. Газет ұжымына берер батам да осы.

Аягөз–Тамара осылай деп, әдемі жымиып бізге мейірлене қарады. «Сыры кетсе де сыны кетпеген» актрисамен қоштасып тұрып, белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлының пікірі ойымызға оралды: «…Аягөзді» Тамара Қосыбаева өзінің шынайы махаббатын, адамгершілік ар-намысты өте бағалай білетін, байдың дәулетіне қызықпайтын, ханның зорлық-зомбылығына жастық жігермен, қайсарлығымен қарсы тұра білетін, қандай қиын жағдайдан да шыға алатын сұлу да ақылды қыз етіп шебер бейнелейді. Спектакльдегі Аягөз-Тамара жалпы қазақ қыздарына тән сұлулық, тәкаппарлық, қайсарлығы мен ақылы теңескен, жинақталған образ десек те болады…»

Алматы түні тағы да жылап тұрды… Өткенді сағынған қария-актриса терезеден қол бұлғап, ақбас Алатауға жүзін бұрып әкетті. Бәлкім, өзегін өртеген сағынышқа қозғау салған болармыз, бәлкім жанарын тұмшалаған ыстық жасты көрсеткісі келмеген болар…

comments powered by HyperComments