Прагматизм – рухани жаңғыруды жүзеге асырар жол

56 рет оқылды
0

 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік салаларын сауықтыру мақсатында рухани салаға көңіл аудару қажеттілігін пайымдап, өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласын жариялады. Бұл мақалада рухани саланы қайта жаңғырту мен түлету, одан әрі өркендету мәселелері тиянақты, әрі жүйелі түрде ұсынылды.

Осы мақаланың «Прагматизм» деп аталатын үшінші бөлімі арнайы оны ойталқыға салынып, түсіндірмелі талдаулар жасауды талап етеді. Өйткені «прагматизм» ұғымы көпшілік қоғамдық сана үшін арнайы түсіндіруді қажет ететін кәсіби философиялық термин санатына енеді.

Прагматизм (pragma – грек тілінен алынған сөз. Рragmatos – іс, қызмет, әрекет деген мағыналарды береді) – адамның мәдени-әлеуметтік өмірдегі қызметі, практикалық іс-әрекеті тұрғысынан талданған, ХХ ғасырдың соңында АҚШ-та өріс алған философиялық бағыттың бірі. Бұл бағыт адамның өмірмәнділік қасиеттерін айқындайтын, оның орталық негізі болып табылатын әрекетті, мақсат қойылған қызметті қарастырып, оларды басымдылыққа шығаруды көздейді. Негізгі өкілдері – «прагматизм» терминін жандандырушы: Ч.Пирс, У.Джемс, Дж. Дьюи т.б.

Джемс Уильям прагматизмді тәжірибеге сүйенудің ең радикалды формасы, өткенге қатынасы тұрғысынан идеяларды, қоғамдық өмір белестерін барынша аз сынаушы ілім, прагматистер тым жалпылықтан, абстракциядан, тек сөз жүзіндегі, тәжірибеде тексерілмейтін негіздемелерден, алдамшы қағидалардан, тұйық жүйелерден, жалған абсолюттерден қашатын нақтылық деп түсіндіріп өтеді.

Бұл бағыт айғақтардың, әрекеттердің, өмірлік қуаттардың нақтылығы мен сәйкестігіне қарай бет бұрады. Прагматизм қандай да бір ерекше нәтижені күтпейді, бұл тек қана тәсіл деген пікірін тиянақтаған Дж. Уильям, тәжірибе мен шындықтың бір нәрсе екендігін ұсынып, ақиқат – қоғамға шынайы әсер ету күші аясында алынған білімнің тексерілуі деген қорытындыға келеді. Оның пікірінше, ойлау мидың жай ғана қызметі немесе ғылым үшін қажетті құбылыс емес, оның құндылығы – өмірлік сауалдарды шешу үшін, жетістікке жету үшін қажетті құрал болуында және ол – сәттілікке жету үшін организмнің қоршаған ортаға, қоғамдық өмірге бейімделуінің құралы. Білімнің мазмұны практикалық салдар арқылы анықталады. Демек, білім беруді түрлендіру белгілі бір деңгейде нақты және нәтижелі болуы тиіс.

Адамдар практикада ешқандай теориялық негіздемесі болмайтын, яғни, қоғамдық өмірде еш пайдасы жоқ шешімдер қабылдауға жиі мәжбүр болады. Егер таңдау болмаса, әрекет ету керек, бұл да шешім. Яғни, дағдарыстарда ештеңе істемеу емес, бір нәрселер жасау қажеттігі, бұл да нақты шешім. Ал ақиқат дегеніміз, өзімізге тиімді, әмбебап үйлесімді болып келетін, өмірлік тәжірибе қорымызға қосуға болатын нәрсе. Мұндағы практика объективті ақиқаттың тәжірибеде тексеріліп қаралуында емес, адамдардың жеке мүдделерінің қанағаттандырылуы, ол – бізді ең жақсы жолмен жетелейтін, өмірдің кез келген сәтіне ең жақсы бейімделген т.б. сапаларды иеленуі тиіс.

Джон Дьюй де таза өмірмәнділік мәселелерді шешуге ұмтылған еді. Оның ойлары былайша өрбиді. Кез келген нәрсені зерттеу, ұмтылыс, мақсат бес сатыны қамтиды: қиналыс сезімі; оны анықтау мен шекарасын түсіндіру; мүмкін болатын шешімді ұсыну; бұл ұсынысты пайымдау арқылы ашып беру; әрі қарай тәжірибеде тексеру және байқау. Адам бұл өмірде оған мағына беру арқылы және өмірді өзгерту арқылы ғана өмір сүруге қабілетті.

Ақиқат – тапқырлықты, қолдаушылықты және негізгі идеяның сенімділігін қамтамасыз етуге бейім болуы тиісті құбылыс. «Интеллектінің қызметі» демек, біздің ойымыздың қуаты «қоршаған әлем объектілерін көшірмелеу емес», «осы объектілерге неғұрлым әсерлі және пайдалы қатынастардың» жолын орнықтыру болып табылады.

Адам тек қана материалдық өмірдегі қиындықтарды жеңу қажеттілігінің шеңберінде ғана ойлайды. Идеяның құндылығы практикалық пайдалы болу дәрежесіне қарай анықталады деген ойлар айтты. Прагматизмнің кейінірек туындаған бір саласы инструментализмде: ақыл мен интеллект (логикалық, этикалық ж.т.б формалар) өзгеріп тұратын жағдайға бейімделудің құралы деп түсініледі. Идея, пікір, ой – шындықты анықтаудың, қайшылықтарды шешудің де құралы болуы тиіс. Мұнда нақтылық, тиімділік, пайдалылық, өнімділік және т.б. басты құндылықтарға айнала отырып, ол – білім беру мен мәдениетке кең таралуы қажет екендігі ұсынылады. Мәселен, мектеп адамның өмірге дайындығы емес, білім алушы жасөспірімді сол өмірге енгізудің және практикалық пайдалы нәтижелерді бастан өткізу баспалдағы болып табылатын нақ сол өмірдің өзі.

Демек, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың прагматистік ұстанымы: нақтылық, дәлдік, тиімділік, пайдалылық, нәтиже, кез келген күрделі ахуалдан тез шығудың жолы, сөзден іске көшу т.б. қағидаларды басшылыққа алады. Мәселен, Сіздің ағылшын тілі курсына неше жыл қатынасқандығыңыз ол тілді қаншалықты меңгергендігіңіздің өлшемі емес, ең бастысы – нәтиже. Біреулер 5 жыл үздіксіз қатынасады, ал біреулер тек бес ай ғана оқып, бес жылдық білімнен артық білім алып шығады. Міне – нәтиже. Ең – маңыздысы осы.

Елбасының осы мақаласындағы айтылған прагматистік ұстаным хақындағы идеяларын жүзеге асырудың прагматистік тәсілдерін басшылыққа алған философия қауымы 2005 жылы ЮНЕСКО бекіткен философтар күніне орай, игілікті іс-шара өткізіп келеді. Онда прагматизмді Қазақстанда қолданудың жаңа үлгісін көпшілікке ұсынды. ҚазҰУ философтары «Сөзден іске көшудің» қажеттілігін парасатты түрде түсіне отырып, «прагматизмді ұстанудың тұжырымдамасын» жасау қажеттігі туралы шешімге келді.

 

Лесхан Асқар,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты,

Берік Аташ,

 Қазақ Ұлттық Аграрлық

университетінің профессоры,

философия ғылымдарының докторы

comments powered by HyperComments