Латын әліпбиінің артықшылығы көп

40 рет оқылды
0

 

Әлемде 4 млрд 200 млн-нан астам адам латын әліпбиін қолданады екен. Бұл жер шарын мекендеген мемлекеттердің 60 пайызы қызмет барысында латын әліпбиін қолданысқа енгізгенін білдіреді. Яғни, халқымыздың латын қарпін қолдануы – өркениет көшіне ілесудің негізі, уақыт талабы.

Түптеп келгенде, бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бәрімізге белгілі, Елбасы Н.Ә. Назарбаев егемендікке қол жеткізген алғашқы жылы-ақ латын әліпбиін қолданысқа енгізу керектігін айтқан болатын. Бірақ, бұл мәселе өте өзекті болғандықтан асығыстық танытуға болмайтыны тағы белгілі еді. Сол себепті, Тәуелсіздік жылдарында ғалымдар мен тіл мамандары зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ортақ шешімге келді. Соған сәйкес, биыл Елбасының Жарлығымен латын әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылданып, кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу бағытында жұмыстар басталып кетті.

Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшудің бірқатар артықшылықтары бар екенін қалың жұртшылық мойындай бастады. Атап айтқанда, артық әріптерден арылу, түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиетінен хабардар болу, ғаламтор жүйесін еркін меңгеру, өзге елде тұратын қандастарымыздан тұрақты ақпарат алу секілді мүмкіндіктерге жол ашылмақ. Сонымен бірге, үштілділік саясатын жүргізуге де септігін тигізеді. Сол себепті, қоғамның қозғаушы күші – жастар мен экономикалық белсенді халық бұл бастаманы толық қолдап отыр.

Жалпы, латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі жетіле түседі. Бір сөзбен айтқанда, артықшылығы мол аталған реформа рухани жаңғырудың берік іргетасы.

 

Айнұр Сейілова,

№59 орта мектептің  мұғалімі.

Қарақұм ауылы,

Қызылорда облысы.

comments powered by HyperComments