Танымал тұлғалар және олардың ұрпақтары

56 рет оқылды
0

Кейде болуы мүмкін емес деп ойлайтын жайлар туралы естігенімізде немесе ерсілігі жаға ұстататын оқиғалар туралы білгенімізде «өмірде не болмайды» деп жатамыз. Рас, өмір барда бәрі болады: өсу бар, өшу де бар. Алайда адамзат қоғамында біздің түсінігімізге сыймайтын немесе біздің ойымызға кіріп-шықпайтын нәрселер кездесіп жатса, ол – әр адамның тағдырының әртүрлі қалыптасатынының көрінісі ғана. Себебі әр адам туғанда ата-анасының тағдырын өзіне сіңіріп алмайды, заманына, өскен ортасы мен білген, қызыққан дүниесіне қарай өз тағдырын қалыптастырады. Сондықтан әлемге танымал тұлғалардың ұрпақтары да даңқты бабаларының жолын жалғастырмағаны үшін жазықты болмаса керек. Кейбір ұлы адамдардың, белгілі тұлғалардың ұрпақтарының тағдыры бізге осыны дәлелдейтіндей.

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың (1828-1910) кім екенін таныстырып жату артық болар, артында қалың-қалың тоқсан томдық мұра қалған оның шығармашылығымен әлемде таныс емес ел аз.  Бірақ оның бүгінгі ұрпағының бірі, Л.Толстойдың Израильда тұратын шөпшегі Илария Штилер-Тимордың әдебиетке түк қатысы жоқ, орыс тілін де білмейді. Ол ұлы жазушының үлкен қызының шөбересі. Толстойдың шөбересі театр саласында өз карьерасын бастамақшы болып жүргенде бай итальян жігіті Леонардо Альбертиниге ұзатылып, арманы орындалмады. Итальян күйеуінен үш балалы болады. Соның бірі Марта – Иларияның шешесі. Толстойдың шөбересі де, оныің шешесі де орыс тілін білген, бірақ тек оны былайғы жұрт түсінбеуі үшін өзара әңгімелескенде ғана пайдаланған көрінеді. Дегенмен Илария Штилер-Тимор Л.Н. Толстойдың нағашы бабасы екенін бала кезінен біліп өскен екен.

Бір кезде патша болған адамның ұрпағы өнер жолын қууы – тарихта аз да болса кездесетін жайт. Сондай тағдыр иесінің бірі – Николетта Консоло Романова. Ол шеше жағынан Ресей императоры І Николайдың (1796-1855) бесінші ұрпағы. 1979 жылы Италияның астанасы Рим қаласында дүниеге келген. Әкесі – итальяндық саясаткер Джузеппе Консоло, шешесі – Наталья Николаевна Романова. Орыс тілін біледі. Актерлік жолында нағашыларының тегін алып, Романова тегін алған Николеттаға алғашқы табыс  2003 жылы «Мені есіңе сақта» фильмі арқылы келді. Актерліктен басқа зергерлік бұйымдар жинаумен айналысады. 2016 жылы италиялық Damiani компаниясымен бірге «Романов» атты қымбат бұйымдар коллекциясын жасаған.

Германия перзенті, физик-теоретик, заманауи физиканың екі негізгі тірегінің бірі болып есептелетін салыстырмалылық теориясының негізін қалаушы Альберт Эйнштейннің (1879-1955) шөберелері Томас және Пол Эйнштейн даңқты бабасының жолымен жүрмесе де, өмірден өз жолын тапқан жандар. Томас Эйнштейн медицина мектебін бітірген, қазір Лос-Анджелесте амбулаториялық ота клиникасын басқарады. Төрт тіл біледі. Ал Пол Эйнштейн болса, өнер жолын таңдаған. Скрипкашы. Қазір Францияның оңтүстігінде тұрады.

Аты әлемге танымал америкалық жазушы Эрнест Хемингуэйдің (1899-1954) шөбересі Дри Хемингуэй де ата жолын жалғамаған ұрпақтың бірі. Ол 1987 жылы дүниеге келген, америкалық модел және актриса. Дри Хемингуэй көптеген сән агенттіктерімен, оның ішінде Gucci, Жаном-Полем Готье, Valentino және H&M секілді танымал брендтермен жұмыс істеген. 2016 жылдың наурызында «Плэйбой» (Playboy) журналының айдың «Ең сұлу қызы» атағына ие болған.

Британдық-америкалық киноактер, киноматографияның бесаспап шебері (сценарист, композитор, кинорежиссёр, продюсер) Чарли Чаплиннің (1889-1977) немере қызы, испания азаматы Уна Чаплин – нағашы атасының жолын таңдаған ұрпақтың бірі. Шешесі акриса Джеральдина Чаплин, әкесі белгілі кинематографист Патрисио Кастильи. Корольдік академияны драма өнері бойынша оқып бітірген. Оның өнер жолы 2007 жылы «Елестер» (Spooks) атты британдық сериалда эпизодтық рөлді ойнаудан басталған. Ал  2014 жылы фантастика жанрында түсірілген америкалық «Тақтардың ойыны» (Game of Thrones) атты драмалық сериалындағы рөлі үшін «АҚШ киноактерлар гильдиясы» сыйлығына ие болған.

КСРО атты алып мемлекетті отыз жылдан аса уақыт ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қатал билеуші Иосиф Виссарионович Сталин (1878-1953) туралы әлемде білмейтін адам аз шығар, сірә. Оның мемлекет билігінде отырған кезінде әлемнің алтыдан бірін алып жатқан алып мемлекет саяси-экономикалық жағынан дамыды. Фашизммен күресте жеңімпаз болып, зор табысқа жетті. Алайда мемлекет халқына қатал репрессия шаралары жүргізіліп, миллиондаған адамдар жазықсыз жапа шекті.

Сталин тарих, философия ғылымдарын жетік білді, өнерді құрметтеді. Саяси жағынан өзі басқарған мемлекеттің басты қарсыласы ретінде АҚШ-ты танығаны анық. Бірақ тағдырдың тәлкегіне қарай оның ұлы жағынан бір немересі Виссарион Евгеньевич Джугашвили (1965 жылы Тбилиси қаласында дүниеге келген грузиялық деректі фильмдер режиссері) мен қызы жағынан (Светлана Алилуева) немересі Кирс Эванс (Ольга Питерс, 1973 жылы туған) АҚШ-та тұрады. Оған туғанда Ольга деген есім берілген, бірақ өз есімін сүймейтін ол кейін атын Крис деп өзгерткен. Ол 2011 жылы ағылшындық Daily Mail газетінде берген сұхбатында былай депті: «Менің анам өмірін әкесіне байланыстырмай сүргісі келді, өйткені ол оған жиіркенішті көрінетін». Шамасы ол шешесінің Сталиннің ұрпағы болғаны үшін қиналғанын түсінген болса керек.

Испан-француз суретшісі Пабло Пикассо (туған кезде алған есімі – Пабло Диего Хосе Франсиско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Сиприано де ла Сантисима Тринидад Мартир Патрисио Руис и Пикассо, 1881-1973) тағдыры өзгеше өнер иесі. Ол бейнелеу өнерінде кубизм ағымының негізін салған суретші. Өзінің 91 жылдық ғұмырында Фернанда Оливье, Ольга Хохлова, Мари-Тереза, Дора Маар, Франсуаза Жило, Жаклин Рок секілді әйелдермен тағдыр қосқан Пабло Пикассо жеке өмірінде бақытты тұрмыс кешірмеген деседі. Алайда оның өнерде жолы болды. Оның картиналарының түпнұсқасы бүгінде өте қымбатқа сатылады.

П.Пикассоның Жаклин Рокпен некесінен Клод (1947) атты ұлы, Палома (1949) есімді қызы туылғаны белгілі. Клод актерлік мектептен тәлім алған, 1992 жылы америкалық скульптор Ричард Серра туралы деректі фильм түсірген. Тоқыма өнімдеріне дизайн жасаумен айналысқан. Көп жылдар бойы  Франция суретшілер құқығын қорғау қауымдастығымен байланыста болды, біраз уақыт соның президенті де болған. Екі ұлы бар, Женева қаласында тұрады. Ал Палома болса зергерлікпен айналысқан, дизайнерлікке қызыққан, парфюмерия саласында өзін сынап көрген, тіпті эротикалық кинода басты рөлде ойнаған.

Десек те Пабло Пикассоның Мари-Терез Валтерден туған (некесіз) Маяның қызы Диана Видмайер өнер әлемінде әжептәуір танымал екенін айтуға болады. О баста заң бойынша білім алған ұлы суретшінің жиені Диана Видмайер Пикассо – негізінен көркем­өнер зерттеушісі. Ол даңқты нағашы атасы туралы мәліметтер жинаумен айналысады. «Пикассо: өнер тек эротикалық қана болуы мүмкін» деген кітап жазған.

Жалпы адам баласы қанша танымал болған сайын оның өмірі сонша күрделі. Кейде сол танымалдылық адамның болашақ ұрпақтарының тағдырына да әсер етіп жатады. Қазақта бұндай жағдайда айтылған «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық», «Жақсының соңы бақсы болады» деген сөздердің мәні терең. Өз тегін мақтан тұтатын ұрпақ ата даңқына сай болуы үшін тер төгіп, дұрыс жолды таңдаса, кейбіреулері бабалары жүріп өткен жолдан бас тартып, басқа нәрсемен айналысып кетеді. Тіпті, тарихқа үңілсек, қатыгездікпен аты шыққан адамның ұрпақтарынан жақсы адамдардың шыққанын немесе жақсы адамдардың ұрпақтары мүлде басқа ұлтпен көңіл қосып не басқа ұлтқа сіңіп кетіп жатқанын көрер едік. Содан да болар, халқымызда «Әкеге тартып ұл тумас, шешеге тартып қыз тумас» деген де ащылау мақал бар. Десек те «Сұлтан сүйегін қорлатпайды» дейтін рухы биік даналық тұжырымға келген қазақтың өнегесін биік ұстау – өз атасын әулие тұтатын ұрпақтың парызы дегіміз келеді.

 

comments powered by HyperComments