«Ақ самаурын» ақтарған сыр  

32 рет оқылды
0

Журналистиканы кәсіп және шығармашылық өнер ретінде санайтындар бар. Біз білетін қаламы жүйрік журналист, бір жылдары «Түркістан» газетінде жемісті еңбек еткен Оралхан Дәуіт осының екіншісіне жататындай. Себебі ол жазған мақала, сараптаманың қоғамға ой салмаған кезі кемде-кем. Ал бүгінде ол шағын әңгіме жанрының шеберіне айналды.

Оның бірнеше жылдар бойы республикалық басылымдарда, түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған сан алуан тақырыптағы хикаяттары мен естеліктері оқырман қауымның ілтипатына бөленіп келеді. Ал жақында журналистің шағын әңгімелері «Ақ самаурын» деген атпен жарық көріп, оқырманға жол тартты.

«Ақ самаурын» – Оралхан Дәуіттің алғашқы кітабы. Өмірде өзі куә болған немесе куәгерлердің өз аузынан естіген қызықты мезеттерді қарапайым ғана тілмен баяндап, әр оқиғадан мағыналы ой түюге тырысады. «Кейде біреулер мені «Тым қарапайым жазасың» деп жазғырып жатады. Бәлкім, шынында солай шығар. Әйтеуір ақ қағазға жазған жолдарымды қайта-қайта оқырманның көзімен оқып, «осы бір жерлерін түсінбей қалады-ау» деп, қайта-қайта түзеп, оқырманға ешқандай қиындық түсіргім келмейтіні бар. Жазған дүниеме көзі түскен жан бірден түсініп, астарлап айтайын деп тұрғанымды ә дегеннен байқаса екен деп ойлаймын. Сондықтан осыған дейін газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде жарияланған бір топ дүниелерімді топтастырып, кітап етіп шығаруды жөн көрдім», – дейді автор.

Қаламгердің шағын әңгімелеріндегі басты кейіпкерлердің көпшілігі ауылдан шыққан азаматтар. Олардың қалалықтарға біртүрлі көрінетін кейбір іс-әрекеттері мен мінез-қылықтары автор шығармасында ерекше көрініс тапқан. Бұл жинақтағы шығармаларды оқып отырып, күн сайын қарсы алдымыздан ұшырасатын адамдардың кейпін анық көресіз. Автор оларды өзінің шұрайлы, жинақы, көркем де суреткерлік тілімен өмірдің өзіндей боямасыз жеткізеді. Сендіреді, сенесіз. Шындыққа құралған шығарма қашанда оқырманын табатыны анық.

comments powered by HyperComments