Массимо КАВАЛЕТТИ: Өмір — жалқы, өтеді де кетеді

201 рет оқылды
0

Сонымен, аты аңызға айналған Ла Скала театрының өнеріне көзайым болудың сәті түсті. Обалы нешік, ЭКСПО қазақ топырағына келіп, түрлі мәдени бағдарламаларға себепкер болмаса, мұндай сыбаға-тартудың біздің пешенемізге жазылуы екіталай ма еді, кім білсін? Әсіресе, қазақ жерінде, қазақ театрында отырып, итальяндық композитор жазған операны итальяндық әншілердің орындауында өз құлағыңмен тыңдау қандай ғанибет! Құлақ құрышын қандырып қана қоймай, «Астана Операдағы» өз әншілеріміздің дауыс әуезімен және шырқау диапазонымен іштей салыстырып отырғанымызды несіне жасырайық. Ашығын айтқанда, Вердидің күрделі музыкасын орындап тұрған әншілердің шеберлігі қазақ әншілерінің өнерінен асады екен дей алмаспыз. Бірақ операның Отаны – Италия екені рас, Вердидің дәл осы «Фальстаф» операсы – әлемге мойындалған атақты шығарма екені әрі композитордың жиырма алтыншы, соңғы туындысы екені де рас. Әйтпесе, қазақ әншілерінің шеберлігі олардан бір мысқал да кем емес.

Ла Скала театры Астанада төрт күн, яғни 1, 4, 6, 8  қыркүйекте Вердидің «Фальстаф» операсын қойды. Бұл операны қою үшін Италиядан 260 адамнан тұратын делегация келіпті, оның ішінде опера труппасы, хор, симфониялық оркестр, техникалық қызметкерлер, тағысын тағылар бар. Операда қолданған декорациялар мен костюмдерді он төрт фура көлікпен жеткізген. Айтпақшы, Джузеппе Верди бұл операны әбден егде тартқан шағында, 76 жасында жазған екен. Соған орай, қоюшы режиссер опера мазмұнын сәл-пәл өзгертіп, шығарманың басты кейіпкері Фальстаф деген музыканттың қарттар үйінде ұйықтап, түс көріп жатқан кезін бейнелейді. Ал операны сүйемелдеп тұрған оркестрді 80-нен асқан дирижер басқарады екен. Зубин Мета – жасы келгеніне қарамастан бойын тіп-тік ұстайтын, алдында жатқан нотаға қарамайтын дирижер. Шамасы, операның музыкасын бастан-аяқ жаттап алған. Итальян тілінде шырқалған опера сөздерінің қазақша және орысша мағынасын сахнаның жоғарғы жағындағы кішкене экраннан оқуға болады. Біресе жоғарыдағы экранға, біресе сахнадағы кейіпкерлерге қарап отырып операның мазмұнын ғана ұғу мүмкін, бірақ музыкадан ләззат алу қиынға түседі. Мұндайда ең дұрысы – операның либреттосымен алдын-ала танысып алып, итальяндық әншілердің не айтып жатқанын көңілмен ғана болжап, опера музыкасын тыңдап, оркестр мен солистердің орындау шеберлігінен рухани әсер алу. Сондықтан егер итальяндық көрермен операны қазақ көрермендеріне қарағанда жақсырақ түсінетін болса, оның себебі опера тілінің итальянша екендігінде шығар деп топшыладық. Миландық театрдың өнерін тамашалауға асық көрермендер опера билетінің қымбаттығына қарамады, кіру құны 30 000 теңгеге дейін болса да, залда бос орын жоқ.

Астанада он шақты күн гастрольдік сапарда болған Ла Скала операсының әншілерінен сұхбат алудың да сәті түсті. Дәл осы жолы Ла Скаланың атынан келіп отырғанымен, операның солист әншілерінің дені дәл осы театрдың басыбайлы қызметкерлері саналмайды. Себебі қазіргі таңда халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жайт – таланты мойындалған атақты опера әншілері кез келген театрмен келісім-шартқа отырып, әлемнің кез келген елінде жұмыс істей береді. Қазақстанға Ла Скаланың атынан «Фальстаф» операсын шырқауға келген әншілердің бірқатары осындай келісімшартпен келгендер екен. Солардың бірі – «Фальстаф» операсында Форд ролін ойнаған Массимо Кавалетти. Ол бұған дейін Цюрих опера театрының солисі болған, сонымен қатар Метрополитен-опера, Ла Скала, Ковент-Гарден, Вена операсы, Голландияның Ұлттық операсы, Берлиндегі неміс операсы, Барселонадағы «Лисео» театры, Мускаттың Корольдік опера театры, Флоренциялық опера театрларында өнер көрсеткен. Айтпақшы, Қазақстанда болған кезінде, яғни 4 қыркүйекте «Фальстаф» операсында ән шырқаған кезде Кавалетти сахнада 500-ші рет өнер көрсеткен екен. Осылайша, итальяндық әнші қазақ жерінде өз өнерінің кішігірім мерейтойын атап өтті. Баритон дауысты әншімен болған сұхбат та осы «Фальстаф» операсындағы рөлі жайлы сұрақтан басталды.

 

– «Фальстаф» операсындағы басты кейіпкерлердің бірі – Фордтың ролін орындайсыз. Кейіпкеріңіздің жан-дүниесін қаншалықты сезіндім-білдім дей аласыз? Жалпы, кейіпкеріңіздің қандай адам екенін  көрермендерге сөзбен талдап, түсіндіріп бере аласыз ба?

– Форд – жаңа заманның адамы. Ол нарықтың заңдылықтарын білетін, сауда-саттық жасап байыған адам. Енді ол лорд болғысы келеді. Оның ойынша, бас кейіпкер Фальстаф – ескі дәуірдің, ескі таптың адамы. Бұған қоса, Фордтың өз кәсібіне қатты берілгені соншама, ол ерлі-зайыптының арасында сүйіспеншіліктің қандай болатынын ұмытқан жан. Сондықтан оның әйелі Алиса жалғыздықтан зардап шегеді. Опера оқиғасының өрбу барысында Фордтың өз әйеліне деген сезімі қайта оянып, ол өмір сүрудің мәнін еске түсіреді. Ал оның қызы Нанетта әкесі таңдаған адамға тұрмысқа шығудан бас тартып, өзі жақсы көрген адамды таңдайды. Мұның бәрі Фордтың бойында адамгершілік сезімдердің оянуына ықпал етеді. Шығарма желісі бойынша Форд пен Фальстаф арасында көзге көрінбес шайқас жүретін сықылды, бірақ қойылым соңына қарай олар адал достарға айналады. Форд лордқа қанша ұқсағысы келгенімен, лорд бола алмайды. Ол бар болғаны өз от басы, ошақ қасы жылуын қайта тапқан қарапайым адам. Ол әркез өз отбасын, бала-шағасын қорғауға ұмтылады, бірақ өз өміріне өзі қожа емес. Фальстаф, Алиса оның өміріне оның өзінен артық басымдыққа ие сияқты.

– Сонда, сіздің ойыңызша, Форд жағымды кейіпкер санала ма?

– Ол жағымсыз кейіпкер емес. Ол – бар болғаны өмірдің не екенін, адамдармен қарым-қатынастың қандай болатынын ұмытып қалған адам. Былайша айтқанда, қу дүниенің соңына түскен кісі. Сондықтан бақыттың дәмін ұмытқан. Бірақ қойылым соңына қарай ол отбасы жылуын, жақын адамдарының қадірін түсініп, тәубесіне келеді. Меніңше, операдағы ең басты, аса маңызды сәт – осы. Адамдардың арасындағы бауырластық, Фордтың отбасындағы достық пен махаббат, басқа да кейіпкерлердің арасында бір-біріне деген жанаршырлық сезімінің оянуын көрсету арқылы опера авторы Верди өмірдің өте қысқа екеніне, сондықтан қолымыздан келгенше әрбір күнді, әрбір сәтті дұрыс пайдаланып, уақыттың, айналамыздағы адамдардың қадірін білуге ұмтылғанымыз жөн екеніне меңзейді. Бұған қоса, Вердише айтқанда, өмірдің өзі – қалжың, әр нәрседен күлкі іздеуге болады. Материалдық дүниеге тым қатты байланған адам түптің түбінде бәрін жоғалтады, дымсыз қалады.

– Ал сіз Вердидің «Өмірдің өзі – қалжың» деген түсінігімен келісесіз бе?

– Әлбетте, келісемін. Меніңше, қазір өмірдің ағысы қатты жылдамдады. Күндер зымырап, айлар зулап өтіп жатыр. Әркім жаңа бір нәрсе іздеп жүргендей көрінеді. Егер біз материалдық құндылықтарға тым қатты мән берсек, онда өмірден ләззат алуды ұмытып кетеміз. Балалардың, болашақ ұрпақтардың өмірін жақсартуды естен шығарамыз. Верди айтып-жазып кеткеніндей, өмір өте жылдам, өтеді де кетеді, егер сіз аңдап байқасаңыз, айналаңызда күн сайын бірдеңе болып, күнде жаңа өзгеріс болып жататынын көресіз. Ал егер жеңіл көлікке не пойызға отырсаңыз, онда сіз айналаңыздан ештеңе көре алмайсыз. Өмірде де солай сияқты. Біз бүгінде түрлі заттарға, мәселен, смартфонымызға тәуелді болып қалдық, бар өміріміз соған байланысты сияқты. Шындығында, өмір – біздің айналамызда.  Біз қаншама қызықты, әдемі құбылыстарды, олардың арасындағы байланысты байқамаймыз. Бізге өмірдің не екенін, өзіміздің кім екенімізді еске түсіретін дүниелер керек, себебі өмір – жалқы және сол өмірдің өзі өтіп барады. Верди осыны  есімізге салады. Ол өте ақылды, сұңғыла адам болған, осы операны жазғанда оның жасы сексенге таяп қалған екен. Шамасы, адам қартайған шағында өмірдің мәнін ұғынатын секілді, егде тартқан шағында жазған шығармасында Верди бізге осындай көп нәрсені айтып, түсіндіріп кеткен.

– Осы күндері сіз сахнада 500-рет ән шырқап, өнер көрсетіпсіз. Жалпы, әр қойылымдағы рөлге қанша күн дайындаласыз?

– Жаңа операны жаттау үшін, оған барынша дайындалу үшін маған әдетте бір жыл керек. Себебі әрбір рөл біртіндеп санаға сіңіп, көкірекке құйылып, көкейде жатталу үшін оны әбден қайталап, ұзақ уақыт жаттығып, дауысты шыңдау, көп жаттығу қажет. Мысалы, осы күндері қойылған «Фальстаф» операсын бар өнерімді салып, жеріне жеткізіп орындай алсам, бұл осыған дейін осы рөлді кемі жетпіс рет орындағанымның арқасы. Қазақстанға алып келген «Фальстаф» операсындағы партитураны мен бұған дейін талай рет шырқағанмын, ең бірінші рет 2013 жылы Страсбургте орындадым. Сондықтан бұл жолы маған көп дайындалудың онша қажеті болмады, тек еске түсіру үшін бір репетиция жеткілікті болды. Қазір мен келесі жылы қойылатын операға дайындалып жүрмін. Бұл рөлді жақсы алып шығу үшін, өз даусыма сенімді болу үшін маған кемі бір жыл керек.

– Атағы жер жарған Ла Скала сияқты театрда қызмет ету қиын ба? Ла Скала көрермендерінің талғамы биік, талабы қатал деседі…

– Иә, Италия тыңдармандары өте қиын, олардың әншілерге қоятын талабы күшті. Олар музыкадан хабары бар, көзі ашық көрермендер әрі олар операның әрбір сөзін жатқа біледі. Операны жүздеген жылдар бойы тыңдап келе жатқан халық қой, өткен ғасырдың ұлы орындаушыларын тыңдаған, олардың көкейінде әрбір сөздің қалай айтылатыны, әрбір нотаның қалай орындалатыны жатталып қалғандай көрінеді. Сондықтан олар операның орындалуындағы қателіктерді қалт жібермейді әрі кешірмейді. Кейде опера әншілері мен көрермендер арасында келеңсіздіктер болып тұрады. Мысалы, әншінің партитурасын орындатпай, ысқырып, оны сахнадан түсіріп жіберу деген сияқты. Бірақ мұндай жағдай операның нашар орындалуынан болады дей алмаймын. Бар болғаны, итальяндықтар қаны қызу халық, бұл елде кез келген нәрседен от шығару оңай. Әйткенмен, бүгінде опера айту қай сахнада да оңай іс дей алмас ем, Италияда ғана емес, тіпті Германияның театрларында солай. Меніңше, көрермен операдан рухтанып, серпілуге көбірек көңіл аударғаны жөн секілді. Сол сәттің қайталанбас мезетінен ләззат алуға ұмтылғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Яғни, опера әншісі қай жерден жаңылады екен деп аңдудың орнына немесе операның орындалу деңгейі қандай болды деп баға беруге ұмтылғаннан гөрі операны сүйіп тыңдайтын көрермен ретінде рахаттануға тырыссын да. Мейлі, сол опера қате орындалса да! Жақсы тыңдарманы болмаса, жақсы опера шырқалмайды. Кейде көрермендер шапалақ ұрып, қошемет көрсетіп, күлімсіреп, сахнадағы әртістерге жақсы көңіл-күйін көрсетуі тиіс. Олай етпесе, сол күнгі операның мәнісі кетіп қалады, себебі опера әншілері залдағы халықтың көңіл-күйіне өте сезімтал, олардан қолдау күтеді, егер залдан қызу қошемет болмаса, іштей жетімсіреп, жүдеп қалады, музыканы орындауда бар қуатын жұмсай алмай қалады.

– Қазір халықаралық деңгейдегі опера әншілері бір театрға байланып жұмыс істемейді. Әлемнің кез келген елінің театрымен келісімшарт жасасып, жер жүзін аралап, өнер көрсетеді. Бұл келісімшарттарды жасауға көмектесетін менеджеріңіз бар шығар?

– Рас, мен көптеген театрлармен келісімшарт жасастым. Келісімшарт жасау өзім айналысатын іс емес, бұл – менің менеджерімнің жұмысы. Опера әншісі ретінде осыған дейін үш агентпен жұмыс істедім, қазіргі агентім – итальяндық менеджер Алессандро Ариози, екеуміз бір жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Алессандро итальяндық опера дәстүрі мен репертуарын өте жақсы біледі, бұл жағынан жолым болды деп айта аламын. Қазір өз репертуарымды Верди шығармаларымен одан әрі кеңейтсем деп жоспарлап жүрмін, Алессандро маған бұл бағытта дұрыс бағдар сілтей алады. Бұдан басқа ақпарат құралдарымен байланыста болатын және әлеуметтік желілерде жұмыс істейтін тағы бір менеджерім бар. Бұрын қоғаммен байланыс жасау соншалықты маңызды болмаған шығар, бірақ қазіргі таңда аудиториямен жан-жақты байланыста болуға тиіспіз, бұл әнші үшін өмірлік қажеттілік. Шындығын айтқанда, опера әншісіне арнайы менеджерлер ауадай қажет, ол сенімді серіктерімен бірге команда құрып, тандем негізінде жұмыс істеуі тиіс. Мұнсыз сәттілік пен табысқа қол жеткізу қиын.

– «Фальстаф» операсы өте күрделі шығармалардың бірі саналады. Осындай күрделі операларды орындау үшін әншіге дауыс диапазоны да, орындау шеберлігі де керек, бұған қоса есте сақтау қабілеті де мықты болуы керек қой.

– Операда мәтін жаттау қиын дей алмаймын, себебі музыканың өзі бізге сөздерді жаттауға көмектеседі. Оның үстіне, сахналық қойылым кезіндегі қимыл-қозғалыс та қай сөзді қай жерде орындайтыныңды еске салып тұрады. Пианиномен қосылып шырқауды үйренгенде, біз әнді қалай орындауды меңгереміз, ең әуелі сөз жаттаудан бастаймыз. Пианист басқа әншінің соңғы сөзін, яғни әнінің соңғы сазын ойнайды, сонда өзің айтатын әннің сөзі бірден еске түседі. Қазір театрларда бұрынғыдай суфлер қызметі жоқ. Бұрын суфлердің қызметі әншілерге мәтінді айтып тұру ғана болмаған, кейде ол әншілер үшін дирижер рөлін де атқаратын. Себебі оркестр дирижері сахнадан алыс тұрады, ал суфлер әншінің алдында тұрғандықтан және ол қай партияның қай кезде орындалатынын жақсы білгендіктен, әр әншіге қай кезде бастау керектігін білдіріп, белгі беріп тұратын болған. Қазір опера театрларының тоқсан пайызы суфлер қызметін алып тастаған. Әрине, біз оларсыз да операларды орындап, сахнаға шығып жүрміз, бірақ суфлер қызметін қайта қатарға қосса, абзал болар еді деп ойлаймын.

– Естуімізше, инженер оқуын оқығансыз. Әйткенмен, тағдыр жолыңызда сізге талай адам опера әншісі болуға кеңес берген екен.  Жалпы, сахнаға келуіңіз өзіңіз үшін кездейсоқтық па, әлде тағдыр жазуы ма?

– Он тоғыз жасыма дейін ешкім маған «Сен опера әншісі бол» деген емес. Шынымды айтсам, оған дейін ешқашан опера тыңдап та көрген емеспін. Жиырма жасқа келгенше мен электроника және телекоммуникация инженері боламын деп ойлағанмын. Әйткенмен, он алты жасымнан бастап, тіпті одан ертеректе шіркеулерде ән айтатынмын. Бірақ опера әншісі боламын-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Күндердің күнінде Лукка қаласындағы шіркеудің қызметкері маған: «Сенің даусың операда ән айтуға жарамды екен» деді. Содан кейін мен пианиноға қосылып, ариялар айтуды үйрене бастадым. Бірте-бірте шынымен даусымның операға бейім екенін түсіндім. Бірақ даусымның бар қарымын байқап, өзіме деген сенімділікке жету үшін бірнеше жыл еңбектенуге тура келді. 1999 жылдан бастап бүгінге дейін мен Құдайдың құтты күні опера әншісі атына лайық болу үшін талмай еңбек етемін, күнде жаттығамын.

– Опера әншісі үшін дауысты күтіп-баптаудың жөні бөлек екенін білеміз. Даусыңыздың бабын жоғалтпас үшін арнайы ас мәзірін қолданатын боларсыз? Оның үстіне, сіз ел-елді, жер-жерді көп шарлайсыз ғой, Қазақстанға келгенде жергілікті тағам түрлерін татып көрдіңіз бе?

– Италияда жүргенде немесе Еуропаны, Американы аралағанда, тіпті Жапонияға саяхаттағанда мен ас-су жағынан онша қиналмаймын. Бұл елдерде өзім үнемі тамақтанатын мейрамханалар бар. Қазақстанға келгенде де ас мәзірі өзіме таныс мейрамханаларды көріп, қуанып қалдым. Опера әншісі өзі ішіп-жейтін тағам түрлеріне қатты мән береді, өйткені ішкен ас-су асқазанға ауырлық түсірсе, ол дауыстың сапасына әсер етеді. Сондықтан біз биологиялық тағамдарды, яғни лактозасы, глютені жоқ тамақтарды тұтынуға тырысамыз. Астанада мен жергілікті мейрамханаларға бардым, бір итальяндық, бірнеше жапон мейрамханасында болдым. Жергілікті тағамдар маған сәл-пәл ащылау болып көрінді, сондықтан әзірге тәуекелге бармадым. Бірақ осы жақтағы гастрольдік сапардың жоспары бойынша соңғы қойылым өткен соң, бір-екі күн осында болып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татып көрмекпіз.

– Бұл сапар Қазақстанға бірінші рет келуіңіз бе? Қазақстан сізге қай жағынан танылды?

– Иә, бұл – осы елге тұңғыш сапарым. Қазақстанға алғаш табан тірегенде, күн кешкіріп, қараңғы түскен сәт еді. Бірден байқағаным – мұнда жарық аз екен. Мен бұған қатты таң қалдым. Әдетте, басқа елдерге барғанда, ұшақ жерге қонуға жақындағанда, шамамен бір шақырым биіктіктен шамдары самсап, жер беті жарқырап тұрады. Ал Қазақстанның аспанынан қарағанда дала тас қараңғы еді, ұшақ әуежайға келіп қонғанша қаланың өзі мүлде көрінбеді десем де болады. Қазақстанды аралап ұшқанда да жарыққа бөленген жерлерді көп көрмедім. Ал Астананың өзін аралағанда, таңғалдырған екінші нәрсе – көшедегі ғимараттардың арасы өте алшақ екен, кеңістік көп. Бұған қоса, қаланың архитектурасы өте тартымды, өзгеше. Бәлкім, жиырма жыл бұрын бұл жерде ештеңе болмаған шығар, ал қазір бұл – үлкен жаңа қала. Мен «Астана Опера» театрының айналасында жаяу сейіл құрдым. Жаңа ғимараттар, қала тұрғындары маған қатты ұнады. Бірақ жергілікті тұрғындар ағылшынша үйренсе деген тілегім бар, себебі олармен көп сөйлесе алмадым. Әсіресе, ЭКСПО сияқты ауқымды шара өтіп жатқанда, Қазақстан үшін, оның халқы үшін өсу, жақсыға ұмтылу өте маңызды деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қазақстаннан кейін мен Амстердамға барамын. Қараша айында Голландия Ұлттық театрында «Джанни Скикки» қойылымында басты партияны орындаймын. Келесі жылы Париж операсында «Севильдік шаштаразда» өнер көрсетемін. Одан кейін Нью-Йорктегі Метрополитен-операда «Лючия ди Ламмермурдағы» Энрико партиясын шырқаймын. Алдағы уақытта Римде, Флоренцияда және Неапольда жұмыс істейтін жоспарларым бар. Ал Ла Скала театрына 2019 жылы қайтып келуім мүмкін, бірақ мұны дәл қазір нақты жоспар деп айту қиын. Жалпы, Ла Скала театрымен әлі талай жұмыс істейтінім анық. Себебі мен бұл театрмен ұзақ уақыттан бері әріптеспін, оның сахнасында 100-ден аса қойылымға қатыстым. Мен Ла Скала театрының академиясында оқып, өнерімді шыңдағанмын, сондықтан өзімді осы театрдың баласы сияқты сезінемін. Әлбетте, Қазақстанға да қайтып келуім кәдік. Себебі мұнда опера мәдениеті дамиды деп ойлаймын, «Астана Опера» театрының ғимаратының биіктігіне, заңғарлығына қарап сүйсінемін, жергілікті көрермен осы театрдың ішінде Ла Скала театрының операсын тыңдауға әлі талай жиналады деп ойлаймын. Бәлкім, басқа бір театрдың ұжымымен келуім де мүмкін. Сондықтан Қазақстанға әлі қайтып келемін деген үмітім мол.

 

Әнші туралы қысқаша дерек:

Массимо Каваллетти 1978 жылы Италияның Лукка қаласында туған. Грациано Полидори және Миландағы Ла Скала академиясында Лучано Серраның жетекшілігімен вокалдан сабақ алған. Алғашқы дебюті – 2004 жылы Бергамодағы Доницетти театрында «Паризина» операсында өнер көрсетуі.

Оның репертуарында Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» (Паоло), «Дон Карлос» (Родриго), «Фальстаф» (Форд), «Бал-маскарад» (Ренато); Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» (Малатеста), «Махаббат шырыны» (Белькоре) және «Лючия ди Ламмермур» (Энрико); Дж.Пуччинидің «Богема» (Марсель) және «Манон Леско» (Леско) операларындағы жетекші партиялар, сонымен қатар Эскамильо (Ж.Бизе, «Кармен»), Фигаро (Дж.Россини, «Севильдік шаштараз») партиялары бар. Кавалетти қатысқан Метрополитен-операдағы «Манон Лесконың» жаңа қойылымы әлем кинотеатрларында көрсетілді.

 

 

 

comments powered by HyperComments