Егде кісі ешқашан «тұсау» кеспес…

78 рет оқылды
0

Жаны жомарт қазақ ұрпағының жолынан ешнәрсесін аямаған. Бала шыр етіп дүниеге келген сәтінен ұлы ер жетіп, қызы бой жеткенше, ерекше мейірімін төгеді. Қазақ халқында баланың қалыптасу жолында жасалатын рәсімдер де жетерлік. Дүние есігін ашқан сәбиді қырқынан шығарып, шілдехана тойын жасайды. Одан кейін бала қадам басқанда, тұсауын кеседі.

Қазақ қайшымен тұсау кеспеген

Ерте кезде дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсаукесер тойын жасайды. Кез келген ата-ана баласының алғашқы қадамын майлап, тұсауын кестіруді өз борышы санаған. Көптің ризалығын, ақсақалдардың батасын алып, айтып сойған ақ сарбасының тоқ ішегімен тұсау кестіру осылайша салтқа айналған. Майлы ішек орап кесу – балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді. Сондай-ақ, игі ниетті ырымдарға сай баланың тұсауын жасыл шөппен, ала жіппен де кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық қатар жүреді. Ала жіппен кесудің мәні осында. Кей ата-ана «баламыз көк шөптей көгеріп өссін, ұрпақты, үрім-бұтақты болсын!» деген тілекпен көк шөппен кескен. Қазіргі қызылды-жасылды қоғамда баланың тұсауын да түрлі-түсті жіппен кесу кең таралған. Бірақ қарама-қайшылықтың белгісі ақ пен қара түс болғандықтан, тұсаукесер рәсімінде ақ пен қарадан есілген ала жіпті қолданған дұрыс.

Тұсауын кесуге дайындаған баланы әкесі ортаға тұрғызып (тұра алмайтын баланы қолтығынан демеп ұстап), дуалы ауыз ақсақалдардан бата сұрайды. Сонан соң тұсау кесетін адам қолына дайындалған кездікпен, яки пышақпен әкесі алдына әкеліп тұрғызған ұлдың тұсауын кеседі.

Бұл салт қазір де сақталғанымен, бүгінгі тұсаукесер рәсімі өзгеше өтеді. Қазір ата-аналар баласының тұсауын кесу үшін арнайы той жасап, ағайын-туыс, дос-жаранның басын қосады. Әрине, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын қазақ ұрпағының қуанышын дүбірлетіп өткізгені жөн-ақ. Бірақ алғашқы қадамын басып, қаз тұрған баланың қуанышын даңғазаға айналдырудың қажеті қаншалықты?

Сонымен қатар, бүгінгі күні баланың тұсауын қайшымен кескен талай тойға куә болып жүрміз. Бірақ қазақ халқы ешқашан енді ғана қадам басқан баланың тұсауын қайшымен кеспеген. Қазақ үшін қайшылану деген жақсылық емес. Егер баланың тұсауы қайшымен кесілсе, оның өмірі де қайшыланып қалады, қиындыққа, кедергіге толы болады деген сенім бар. «Баланың өмірі қайшыланбасын» деген ниетпен қазақ бүлдіршіннің тұсауын пышақпен кескен. Және пышақтың жүзін жоғары қаратып кесу қажет. Егер пышақтың жүзін төмен қаратып кессе, бала жерден басын алмайтын ынжық болып өседі деп ырымдаған. Сондықтан өршіл, ер мінезді ұрпақ болсын деген ақ тілекпен пышақ жүзін жоғары қаратып кеседі.

Әжелердің тұсау кескені дұрыс па?

Баланың аяғына ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген.

Бірақ қазақ ешқашан жасы келген кісілерге тұсау кестірмеген. Ал бұл күндері тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүргенін байқаймыз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді?!

Бүгінде тұсаукесер рәсімін әртістерсіз өткізбейтіндер көбейді. Мұнда әртістер жай ғана тойда ән салып қана қоймай, баланың тұсауын да кеседі. Тіпті, әлеуметтік желілер арқылы өнер адамдарына осындай ұсыныстар өте жиі түседі екен. Баласының өнерге жақын болғанын, ел алдында абыройы асып жүргенін кім қаламасын?! Бірақ соңғы кездері баланың тұсауын әртістерге кескізу салт емес, сәнге айналып барады. Тіпті, жаз мезгілінде белгілі әнші Қарақат Әбілдина бірнеше күнін осы рәсімді өткізуге арнайтындығын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Яғни, баласының тұсауын кестіруге ниетті жандарды өзінің Астана қаласындағы өнер мектебіне шақырып, бір күнде талай баланың тұсауын кесіп берді. Мұндай хабарды естіген ата-аналар мүмкіндікті қалт жіберсін бе? Көпшілігі балаларын көтеріп, Қарақаттың мектебіне ағылды. Қазақтың аяулы қызы, асыл ана Қарақат Әбілдинаның бұл әрекетін айыптаудан аулақпыз. Бірақ жұртшылық осындай даңғазаға неге әуестеніп кетті?

Қазақтың ертеден келе жатқан салтының жойылып кетпей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткені көңіл қуантады. Алайда салтымыздың мәнін өзгерткеніміз дұрыс па? Бұл күні қазақ жұрты баласының тұсауын кескенде оның алдағы қадамы оң болсын, ешқашан сүрінбесін деген ниеттен бұрын ел-жұрттың аузында ұзақ жүретін той өткізуді ойлайтын тәрізді. Қалай десек те, атадан балаға жалғасқан қазақ салтының қадірін кетірмесек екен…

Гүлшат МАХАЖАНОВА, мұғалім:

– Тұсаукесер – ежелден келе жатқан әдемі дәстүріміз. Баланың жолы ашық, қадамы нық болсын, өмір жолында сүрінбесін деген ниеттен туындаған рәсім деп білемін. Ал мұндай салт-дәстүрден біз ешқашан бас тартпаймыз. Тіпті, бұл дәстүрді тек қазақ халқы ғана емес, барша қазақстандықтар салтқа айналдырса деген тілегім бар. Өйткені баланың тұсауын кесу дінге де, тілге де қатыссыз, әдемі дәстүр. Баланың аяғына жіп байлап, болашағы жарқын болсын деген игі тілекпен тұсауын кескенде тұрған не бар?! Тек сол тұсаукесер салтының жөн-жоралғысынан жаңылмасақ болғаны.

 

 

comments powered by HyperComments