Әншінің орны әжетхана болғаны ма?..

293 рет оқылды
0

Қазақ «Шаршасақ – тойдан шаршайық», «Жиғаның тойға шашылсын», «Той дегенде қу бас домалайды» дегенді қанымызға сіңген сауыққұмарлыққа ғана байланысты айтпаған.  Қыз бойжетіп, ұл ержеткені кез келген ата-ананың арманы болса, олардың өз теңдерін тауып, басының екеу болғаны шынайы тілеуі емес пе?! 

Той өткізу, қыз ұзатып, келін түсіру, нәрестенің өмірге келуі, оның тәй-тәй басқаны, яғни тұсаукесері, сүндет тойы, тілашары, мектеп бітіргені, жоғары оқуға түсуі… одан әрі шаңырақ көтеруі,  міне, осының бәрі халқымыз үшін «Тойдың тойға ұласуы». Әркім өз мүмкіндігін саралап, жағдайына қарап той жасаса ұлағат. Ал соңғы жылдары қарызға белшесінен батып, басындағы баспанасын кепілге қойып, ақыр соңы ішіп-жеуге түйір нан таппай отыратындар да бар арамызда. Бәрін айт та, бірін айт,   «көрпеңе қарай көсіл» деген қағида «әдірем» қалғаны өкінішті?!  Иә, солай, бірақ жоғарыдағы тізімдегі тойларды өткізу  қалада болсын, ауылда болсын қызу бәсекеге айналғалы қашан?!.  Бүгінде жаһанданудың жаңаша үрдісі – технологияның заманы екенін еске салатын әлеуметтік желілерде ай сайын емес, апталап, тіпті күн сайын дүрілдеген тойлардың видеокөріністері елді еліктіріп, онсыз да қызуқанды халқымызды одан сайын желпінтіп, желбуаздандырып әлек. Иә, той өткізу мәдениеті талай мәрте қазақтілді басылымдардың беттерінде айтылып та, жазылып та келеді.

Биылғы қасиетті Ораза айынан кейін апта сайын, күн сайын осындай тойлар тізімінен көз шатасатын жағдайға жеттік. Тіпті қалалықтар мейрамхананың жағдайына байланысты аптаның қай күні болса да қарамайтын болды. Әрине, өз қызықшылығыңа ортақтасқан, өзіңмен бірге жүрек жара қуанған жамағаттың тойынан қалыс қалуға әсте болмайды. Бару керек! Барасың. Ретіне қарай той иесіне, жастарға жүрекжарды тілегіңді, ықылас-ниетіңді білдіріп, жағымды тілек айтасың. Той шашуын ұсынасың.

Әңгіме тойдың қалай өтуі,  кейбір асабалардың дөрекі әзіл-оспақтары, немесе кеңірдектен келгенше ішіп-жеп, ауызға келгенін айтып, тайраңдап жастарға орын бермей ортаға шығып алып билеуі, не болмаса бата сұраған қарттарымыздың сөзінің соңын «сол үшін…» деп бітіретін дарақылығы да емес. Таяуда Талғар қаласында жақсы бір ағаның тойында болғанымыз бар. Той өте мәдениетті өтіп жатты. Ұйымдастырушылар да бөтен қимыл, артық ауыз сөзі жоқ, аса өнерлі, сауатты жігіттер екен. Бәлкім, тойға жиналғандардың басым көпшілігі елімізге еңбектері сіңген, қадір-қасиеттері басым, салауатты да салиқалы азаматтар болған соң ба, асаба да шектен аттамады. Көбіне қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, күйлері орындалып, мың бұралған бишілердің өнері одан сайын той көрігін қыздырып, әдемі бір көңіл-күйде отырдық.  Кеш бойы ішіп-жеп отыра бермесің тағы да белгілі жағдай. Қалт еткенде жеке-жеке әңгімелесе жүріп, қолтықтасып сыртқа беттеген бірер кісінің соңын ала бере біз де төменгі қабатта орналасқан «қажетті жерімізге» келдік. Тап-таза, жап-жарық. Мәссаған!.. Әжетхананың есігіндегі өзімізге таныс,  тыңдармандарға белгілі болып қалған белгілі әншінің үлкейтілген жарнамалық плакаты тесіле қарап, жымиып тұр.  Сұмдық-ай, – дедім есімді жиып, – біздің эстрада әншілерінің ендігі орны әжетхана болғаны ма?! Аспанда жүрміз дейтіндердің  дәрежесі осыншалық қалай төмендеп кеткен?!»   Не ойларымды білмей екінші қабаттағы той-думанның ортасына қойып кеттім. Қасымдағы келіншекке төменде өзім көрген жағдайды таңдана айтып берсем, ол: «Ой,  мен талай әншілердің суретін  көргем, дәретхана есігінің ішкі жағына ілініп тұрған. Сіз оны айтасыз, еркектер жағында қыз-келіншектердің де суреттері іліне береді. Қазір ештеңеге таң қалуға болмайды ғой» демесі бар ма?! Үнсіз отырып қалдым. Ішімнен  «қызық екен, еркектер жағында кімнің суреті тұр екен, көрер ме еді» деген ұры ой  жылт ете қалды.

«Өнер – халықтікі, өнер – тазалықтан тұрғанда ғана өміршең» деп жатамыз. Қазақ өнерінің, қасиетті өнерінің, ән өнерінің,  адам жанының тамыршысы – музыка өнерінің насихатшылары, кейде осылай «бояушы-бояушы дегенге сақал-мұртын бояп»  жүрген сияқты. Әрине, жарнаманың жөні бөлек,  дегенмен дәл осылай шектен шығуға жол болсын.  Суреттегі әншінің кім екенін жазуға журналистік этикадан аттамауды ғана ойлап, атай алмадық.  Дегенмен қазақ әншілерінің орны әжетхана емес екенін бәріміз білуге тиіспіз.

 

 

comments powered by HyperComments