МӘДЕНИЕТТІҢ ЕЛШІСІ

726 рет оқылды
0

Бүгінгі таңда Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымын басқарып отырған қоғам қайраткері, өнер саласында өзіндік биікті бағындырған, үлкен лауазымды қызметтердің басында болған, шебер ұйымдастырушы, көрнекті тұлға Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов туралы осы кезге дейін бірталай сөз айтылып, мақалаға, сұхбатқа, пікірлерге арқау болған еді.

Ол кісі жөнінде журналистер, зерттеушілер қалам тербеп өмірі, шығармашылығы, атқарған қызметі төңірегінде жазып, қазақ баспа сөзінің бетінде жария етті де… Осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмір керуенінде Дүйсен Қорабайұлының басқан іздері ешқашан көмескі тартпаған екен. Қайда жүрсе де, қандай міндет атқарса да оның бойындағы жауапкершілік, шөгелдік нені болсада тыңғылықты, тиянақты атқарумен танымал. Кезіндегі қоғамдық пікірдің қорытындысына қарасақ, ол «шаршауды білмейтін ректор», «қаймығуды білмейтін қайсар министр», «қалжырауды білмейтін төраға» деген атақтарға ие болған екен. Міне, мұның бәрі жайдан жай айтыла салған сөз емес екені белгілі.

Бүгінгідей биік мәртебе, үлкен атақ-абыройға талантымен, ізденгіш іскерлігімен, сенімді сергек мінезімен жеткені даусыз. Білім, талант әркімде болуы мүмкін, бірақ оны іске қосу, кәдеге жарату екінің бірінің қолынан келмесі ақиқат. Оның бір жазылып қойған формуласы да жоқ. Түйсік, тәжірибе, жігер, сенім, Отанға, мемлекетке адалдық бар жерде саналы жан иесі ретінде икемге келтіретінін бұл кісінің өміріне үңілсек, көре аламыз.

Қазақта «Қасқа айғырдан кемінде төбел құлын туады» дейтін тәмсіл бар. Дүйсен Қасейіновтің бойындағы өнер, қайраткерлік қасиеттер нағашы жұрты мен ата тегінен алыс емес. Анасы өнерлі, ісмер, дәстүріміз бен құндылықтарымыздың бағасын білетін адам еді. Әкесі Қорабай отызыншы жылдарда Ташкенттегі артиллеристер училищесін бітіреді. Соғыс бастала сала әскери маман ретінде шайқастың ең бір отты нүктелерінде, немістер тізе бүккен соңғы сағаттарға дейін майдан даласында жан алып жан беріскен қиянкескі соғыстың ортасында өтеді. Соғыс аяқталғаннан кейін мемлекеттік арнайы тапсырмалармен Кеңестер Одағының аумағында сарбаз Қорабайдың барып қызмет етпеген жері кемде кем. Сол көшпенді тірлік, жортуылды өмірдің тағы  бір баспалдағында, Алтай аймағы тұсына қызметке келгенде 1947 жылы Бийск қаласында Дүйсен өмірге келеді. Онан арыда отбасымен Ресей жерінде болып, 1953 жылы алты жасында Қазақстан топырағына табаны тиеді. Елге келген соң бабаларының мекеніне ат басын бұрған әулет Қарағандыға ірге тебеді.

Он жылдықты отбасында, қарашаңырақ ордасында жүріп бітіріп, 1965 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға оқуға түсіп, скрипка мамандығын алып шығады. Оқу-білім сапары онан ары Мәскеудегі аспирантурада жалғасып, кәсіптік шеберлігін шыңдап, өнерін ұштайды. Әр түрлі халықаралық өнер байқауларына қатынаса жүріп, жүректі жігіт, жүлделі шабандоз болып омырауы медальға, құшағы гүлге толды. Барған жерінен жаңа достар тауып, талантты тағдырлармен серіктес бола алды. Студенттік шақ, білім жолындағы жанкешті жаттығулар Дүйсенді ортасынан оқ бойы озып шыққан түлекке айналдырды.

Дүйсен Қорабайұлы 60 жасқа толғанда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, өнертанушы, қаламгер Әшірбек Сығай сол бір күндерді есіне алып, былай деп еді: «Дүйсен Қасейіновпен сол студенттік жылдарда етене танысқан едік. Елгезек те елпілдеген, дос көңілін қалдырмас, әзіл- қалжың десе жанып кетер жинақы да көркем осынау бір жас жігітсіз кіл таланттар жатақханасының сәні кірмесі нағыз шындықтын. Сүйікті аспабын қолтығына қысып, қашан көрсең де дайындық бөлмелеріне еніп, не болмаса шығып келе жатқан, қашанда езуінен күлкісі кетпей көңілді жүрер сұңғақ бойлы, ақбоз өңді, шымқай қара мұртты бегзат болмысына риясыз жараса түсер Дүйсенді көрер едік. Қарапайымдылық, кішіпейілділік бала кезгі қасиеттері болатын», – деп  жазады. Дәл осы естеліктің астарына үңілсек, жігітке тән бар болмысымен өз ортасының гүлі бола білген өнерлі студенттің суреті көз алдымызға келеді. Одан ары жәй ырду-дырдумен уақыт өткізетін сері емес, қайта білім жолында тынбай ізденетін, ширақ қимылдайтын қағылез шәкіртті алға тартады. Байыбын барласаңыз қарапайым да кішпейілдік оның ішкі мәдениеті екенін аңғарамыз. Міне, жазушы Әшірбек аға аз сөзбен көп нәрсені экрандай елестетеді. Сол бір жас шағынан бастап, фундаментіне тура қаланған қабырға барған сайын көтеріле береді… Өсе келе ұлтқа қорған, елге тірек болып, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы жұмыстарына білек сыбана кіріскен азаматтық айбынға айналады. Өнер жолында, қызмет бабында әлемнің сексеннен астам елінде ізі қалған Дүйсен Қасейіновтің мәртебесі барған сайын өсіп, беделі биіктеді.

Дүйсен Қасейіновтің қызмет жолын сөз етер болсақ, ұзақ хикая… Бір ғажабы барған жерінде жұмыстың өнімін арттырып, өрге сүйреумен ғана аты шығыпты. Оған оның ішкі мүмкіндігі, қабілет-қарымы, өмірлік тәжірибесі толық жетіп отырған екен. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының ТМД елдерімен гуманитарлық байланыс жүргізу ісінің арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі бас хатшысы міндеттерін мүлтіксіз атқарды. Осы жұмыстарды орындап жүрген Дүйсен Қорабайұлынан журналистер «Осыншалық шаруаны ақсатпай ада етудің мәні не?» деп сұрағанда, ол: «Кісінің іскерлігі креслоға ғана байланысты емес. Араласу, қатынасу, бірігу арқылы көп мәселелерді шешуге болады», – депті қашанғы сабырлы қалпымен. Өздеріңіз көріп отырғандай, ол қарым-қатынас, сыйластық, тіл табысуды алға тартады. Яғни, адамдық байланыстар мен диалогқа қатты мән беретінін көруге болады.

Дүйсен Қасейіновтің ортаға, адамдарға, соның ішінде достарына айрықша көңіл аударатынын оның 50 жасқа толған кезіндегі «Қасейінов және оның достары» атты мерейтойлық бағдарламасынан, 60 жасқа толғандағы «Бар байлығым – достарым» жалауымен орындалған шығармашылық кештер нағыз кәсіби саз әлемінің барлық шарттарын бейнелеген өнер фестивальдері болып еді.

Дүйсен Қасейінов тоқсаныншы жылдардың басында Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры болып он жыл бойы өнімді еңбек етті. Сол тұстағы қиын жағдайдың белең алуына қарамастан өнердің мерейін асыру жолында  бар күшін салды. Шәкірттерді жан-жаққа оқуға жіберіп, озық білім алуға қолайлы жағдай жасап берді. Қазақстанның мәдениет министрі болып тұрған кезінде де тынымсыз жоғары мен төменге, жер шарының арғы беті мен бергі бетіне жол салып, ат терлетіп жүріп, ұлттық өнерімізбен әлемдік классиканың байланысын арттыра түсті. Сол кезде берген бір сұхбатта «Біз өркениет әлеміне бір қолымызға домбыра, бір қолымызға скрипка ұстап кіреміз» деген болатын. Демек, дүбірлі дүниенің тынысына назар аударып, батыстың бағзы өнеріне, озық мәдениетіне ден қоюға тиіспіз дегенді алға тартады. Бұл сөзді көп жыл бұрын айтса да, шындық солай екені дәлелденуде.

Дүйсен Қасейіновтің дәл қазіргі атқарып жатқан қызметі 1993 жылы құрылған халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы. Әлемде түркі халықтарының тек Түркия Республикасы ғана болса, 1991 жылдан кейін Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан республикалары тәуелсіздігін алып, алты мемлекеттің туы желбіреді. Міне, осындай орайлы кезеңде түркінің ортақ үнін, түбірлі мақсаттарын іске асыру, бірлік-ынтымақтың, барыс-келістің қадамын тездетіп, елдіктің ұйытқысын күшейту үшін ақылдаса келе ТҮРКСОЙ-ды құру туралы бір байламға келген болатын. Алғашында Әзірбайжан жағы басшылық еткен ұйымға осыдан сегіз жыл бұрын Дүйсен Қасейінов сайланып, жұмысын бастады. Халықаралық ұйымға тәуелсіз алты республикадан өзге Ресей Федерациясының құрамындағы түркі халықтарының елдері – Татарстан, Башқұрт­­стан, Алтай Республикасы, Саха Республикасы, тағы басқа автономиялық республикалар мүше. Жалпы саны 14 мемлекеттен тұрады. Аталған ауқымды ұйым бұл күндері беделі артып «Түркі халықтарының ЮНЕСКОСЫ» деңгейіне көтерілді. Ол ұйым өзара «Ықпалдастық, ынтымақтастық әлемді құтқарады!» деген ұранның астында мәдениетімізді сақтауға, қорғауға, дамытуға күш салып, түсіністік пен ортақ ымыраға үлес қосуда. Түркі халақтары арасында өзімізді-өзіміз тану, тізе қосқан сыйластық жолға қойылса, әлемде батыс пен шығысқа дәнекер, алтын көпірлік міндетті иығына алып отыр.

Дүйсен Қасейінов жауапкершілігі аса жоғары мұндай ұйымға кездейсоқ келген кісі емес. Ол үлкен оқу орнына ректор болып жүргенінде, мәдениет министрі болып қызмет атқарған кездерінде ТҮРКСОЙ-дың жасап жатқан жұмыстарымен тығыз қарым-қатынаста болып отырған еді. Қазақстан жағынан сол кездің өзінде қоян-қолтық араласып, белсенді қимылдарымен көзге түскен басшы болатын. Саяси депломатия, сыртқы істердің өте нәзік жұмыстары өз алдына болса, мәдениет арқылы, өнер арқылы қызмет ету мүлде басқа орбита деуге болады.  Өнер, мәдениет – жүректің тілі. Кітап, ән, музыка, дыбыс, қойылым, салт-дәстүр дегендер адамдарды адамдарға араластырады, мәдениетті мәдениетпен тоғыстырады… Осы жағынан алғанда музыканың маманы, өнердің майталманы, мәдениеттің білгірі, іскер басшы  Дүйсен Қасейінов бап келген тұлға ретінде таңдалды. Сондықтан ол кісінің кандидатурасына ешбір қарсылық болмады, тіпті, халықаралық үйлестіруші ретінде қарсы алынды.

Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚЖО жанындағы Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Ахметжан Ашири былай деді: «Мен сонау ертеден, Дүйсен Қасейіновтің студент кезінен бастап жақсы білемін. Кейін қоғамда әрқайсымыз әр салада жүрсек те бір терінің пұшпағын иледік. Олар музыка өнерінде болса, біз жазушылық жағынан бірлесе келе, бәрібір мәдениетті қаузадық. Ректор кезіндегі шәкірт тәрбиелеуге қаншалықты ден қойғанын, министр кезінде мәдени мұра бағдарламасын жолға қойып, ұлттардың асыл құндылықтарын жинап теріп, топтастырғанын жақсы білемін. Бастысы сенімді мемлекетшіл азамат. Ол Президентіміздің саясатын өте жақсы түсінген кісі. Елбасының ұтымды ойларын іске асыру жолында жанқиярлық танытып, жақсы жағынан көрінген алқаулы тұлға. Өнерді, ән-күйімізді насихаттаудан бөлек Түркиядан шығатын «Кардаш қаламлар» журналы, «Бенгу» баспаларымен бірлесе отырып ондаған қазақстандық қаламгерлердің шығармаларын түрік тілінде жарыққа шығарды. Түркиядағы Қазақстанның елшілігінің қолдауымен мықты жазушыларымыз бен ақындарымыздың еңбектерін түрік тіліне аудартып, түрік жазушыларын қазақ тіліне аудартып бастырды. Ол ең әуелі қазақ, сонсоң түркілік рухты бойына сіңірген жан. Онан ары «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген» гуманист!.. Сондай шараларда туысқан ұйғыр халқын да еш ұмытпай театрымызды, әдебиетімізді қолдап отырады. Айталық Акрам Ахметов деген жазушымыздың «Махмұт Қашқари» пьесасы ТҮРКСОЙ тарапынан Махмұт Қашқари атындағы сыйлығын жеңіп алды. Менің «Идиқұт» пьесам және «Идиқұт» романым екі кітап болып сол елде жарық көрді. Ұйғырдың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Зия Самадидің 100 жылдығын ТҮРКСОЙ аясында Анкара, Ниғде қаларында өткізіп берді. Біздің ұйғыр театрының академиялық статус алуына да бұл кісінің ықпалы зор болғанын айта кетуім керек. Жалпы туысқан түркі халықтарының ине-сабақ жібіне дейін қадағалап қарап отырған қамқор азамат. Кеше ғана ініміз болып жүгіріп жүрген Дүйсен де 70 жасқа келіп қалған екен… Қызметіне табыс, деніне саулық тілеймін! Абзал бауырымыз Ел тәуелсіздігі жолында еселі еңбектерімен түркінің тура жолдағы көшін бастай берсін!»

Иә, бұл сөзде титтей жалғандық жоқ. Осы айтқандарымыз Дүйсен Қасейіновтің теңіз ауқымындай жұмыстарының бір тамшысы ғана. Қазақстанның халықаралық  беделі мен абыройы осындай кемелді кісілердің, көшелі ағалардың риясыз қызметінің нәтижесі деуге болады.

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы,

ақын,

 Түркі дүниесі ақындары

жыр мүшәйраларының жүлдегері

comments powered by HyperComments