Теміржол – ел экономикасының тұғыры

29 рет оқылды
0

Қазақстанның заманауи экономикасының қалыптасуында теміржол көлігінің маңызы зор. Республиканың орасан зор аумағын, көптеген өндіріс салаларындағы жүк көлемінің ауқымын ескерсек, көліктің бұл түрін мемлекеттігіміздің негізгі тұғыры, еліміздің өндірістік күшін біріктіруші тетік деуге толық негіз бар. 

Отарбаның елдің қайнаған тіршілігіндегі елеулі рөлін  2004 жылдың 6 наурызында Қазақстан темір жолдарының 100-жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыста Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап көрсеткен еді. «Ғасырлық тарихы және ертеден келе жатқан сара жолы бар Қазақстанның теміржол көлігі – бұл ел экономикасының берік және сенімді іргесі», ‒ деген болатын Елбасы.

Жоғары жылдамдықты жолдардың болмауы Қазақстандағы теміржол көлігінің жаңа сатыға дамуын ұзақ жылдар бойы тежеп келді. Қарқынды дамыған өндіріс елімізде заманауи тармақталған теміржол желісінің, сонымен қатар жоғары сапалы отандық рельстердің болуын талап етті. Қазақстанда құрылыс индустриясының қарыштап дамуы сала қызметіне аса қажетті материалдар – пішінді илек, атап айтқанда, қоставрлар, бұрыштықтар және швеллерлер өндіретін кәсіпорын құру қажеттігін тудырды. Осыған байланысты, еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолы – теміржол рельстерін және орта пішінді металл илегін кепілді түрде жабдықтау мақсатында 2013 жылы Ақтөбе қаласында Ақтөбе рельс-арқалық зауыты құрылысының іргетасы қаланды. Көп күткен кәсіпорын 2016 жылдың маусымында іске қосылды.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған зауытқа қазан айында Ақтөбе облысына барған сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ат басын бұрып, өндіріс ошағының жұмысымен танысты. Аз уақыт ішінде ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етіп үлгерген зауыт сыртқы нарыққа да жол сала бастаған.  2016 жылдың наурыз айынан бастап Ақтөбе рельс-арқалық зауытының 70 мың тоннадан астам өнімі қазақстандық темір жолдардың құрылысы мен жөндеуіне пайдаланылған. Атап айтқанда, кәсіпорыннан шыққан шамамен 500 шақырымдық жаңа рельс еліміздің магистральдық желілеріне төселді. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімдері Алматы-1 – Шу бағытындағы жол құрылысындағы рельс-шпалды торларды байланыстыруға, Қазақстан (Қорғас) – Қытай Халық Республикасы шекарасындағы теміржол өткеліндегі құрғақ порт құрылысына, Құрық портының паромдық кешенінің құрылысына енетін жолдарды салуға, Астанадағы «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешенінің құрылысына пайдаланылуда.

Зауыт өнімдерінің Қазақстандағы ең ірі тұтынушысы – «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ. «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС мен «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ арасындағы рельсті сатып алу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшарт шеңберінде магистральды теміржол желілерін жаңғырту жұмыстарына 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам өнім жеткізуді жоспарлап отыр.

Компания тиісті сапа сертификаттарын алу үшін түрлі сатылардан өтті: механикалық қасиеттерге, микро және макро құрылымдарға зертханалық зерттеулер жүргізді, пайдалануға берілетін рельстердің беріктігін тексерді. Осындай кезеңдерден сүрінбей өтуі Ақтөбе рельс-арқалық зауытында шығарылатын өнімдердің сапалы әрі қауіпсіз екендігін дәлелдейді. ДТ350СС рельсіне алынған сертификат кәсіпорынның өнімдерді экспортқа шығару мүмкіндігін арттырмақ. Дифференциалды ыстыққа бейімделген рельстер жоғары жылдамдықты магистральдарда қолданылатын кең жолақты жолдарды салуға лайықталған. Аталған өнім қозғалыс кезінде пойыздардағы жұмсақтық пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай рельстерді Қазақстанның магистральды желілерінде ғана емес, ТМД аумағында да қолдануға болады. Яғни, Ақтөбе рельс-арқалық зауытында шығарылатын бұл рельстің әлеуеті зор.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты – Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Р-65 стандартына сәйкес, дифференциалды ыстыққа бейімделген 120 метрлік рельстер шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыттың бұл өнімі техникалық сипаттамалар жағынан және пайдалану тұрғысынан ерекшеленеді. Мұндай рельстер негізгі жолдың дәнекерленген бөліктерінің ұзақтығын арттырады. Ал өз кезегінде бұл пойыздың жылдамдығына, жолға жұмсалатын уақыт пен шығынның төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді. Зауыт 2018 жылы жобалық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отыр. Яғни, келер жылдан бастап жылына 430 мың тонна өнім өндірмек. Оның ішінде кәсіпорын 200 мың тонна ыстыққа бейімделген 120 метрлік рельстер шығаруды көздеп отыр. Биылғы жылдың  9 айында кәсіпорында 31,2 млрд теңгеге 116,4 мың тонна рельс өнімі шығарылды.

Сыртқы нарықта танылып үлгерген «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС жыл соңына дейін 60 мың тоннадан астам рельсті Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Ресей Федерациясы, Эстония және Иранға экспорттамақ. Мәселен, теміржол желілерін жаңғыртуды бастаған «Ресей темір жолы» компаниясы «Ақтөбе рельс-арқалық зауытының» өнімдеріне тапсырыс беріп қойды. Жуырда Ақтөбеде өткен Қазақстан-Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ХIX отырысында қос тарап арнайы меморандумға қол қойды. Отырысқа Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов қатысты.

Үкіметаралық комиссия отырысында екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту жолдары да сараланды. Ол үшін қолайлы жағдай мен мол мүмкіндік бар. Мысалы, тек Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 25 жыл ішінде 12 есеге ұлғайып, 862 млн долларға жеткен.

– Биыл біздің елмен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптес елдер арасындағы сауда айналымы 30 пайызға өсті. Ал одақ құрамындағы елдерге өнім экспорттау көлемі 40 пайызға артып отыр. Яғни интеграциялық ұйым белгілі бір жетістікке жетті деуге болады, ‒ деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин.

Өз кезегінде, РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов екі елдің ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдірді.

– Екі ел көшбасшысы кооперация мен интеграцияны дамыту қажеттігін әркез айтып жүреді. Рельс-арқалық зауыты – осы идеяның орындалғанының бір көрінісі. Дайын өнім Ақтөбеде шығады. Зауыттың заманауи бұйымдарын әлемнің көптеген елі пайдаланады деген үміттемін. Оның ішінде біз, Ресей мұндай сапалы тауарды сатып алуға дайынбыз, ‒ деді ол.

 

 

comments powered by HyperComments