Нұрсұлтан Назарбаев: Алдыңғы қатарға ақылмен қосылуымыз керек

60 рет оқылды
0

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Онлайн режимде еліміздің түкпір-түкпірінде  жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.Мемлекет басшысының рұқсатымен жұмысын бастаған кәсіпорындар ел экономикасының дамуына тың серпін бермек.

Телекөпір барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысындағы алтын шығаратын кәсіпорынды іске қосты. «Қазақ­алтын» ТМК» акционерлік қоғамының бас директоры Баламир Маханов Президентке жаңа зауыттың алдағы жұмысы жайында баяндады.

«ТМД елдері арасында алғаш болып құрамында бағалы металдар бар техногендік минералды түзілістерді өңдеу кәсіпорнын ашып отырмыз. Жобаны іске қосу арқасында 7 млн тонна өңдеуге мүмкіндік туады. Алғашқы жылдары Доре қорытпасымен 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіретін боламыз. Ал олардың елордамыздағы аффинаждау зауытында ары қарай өңделуі еліміздің алтын қорын толықтыруға мүмкіндік береді», ‒ деді Баламир Маханов.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы аталған кәсіпорынның ел экономикасында маңызды жобалардың бірі болатынын айтты.

«Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанның әр жерінде 150-ден артық кен орны бар. Соның барлығын өзіміздің компаниялар игеретін болса, еліміздің байлығы одан ары көтерілетін болады. Төрт тонна алтын шығаратын болса, бұл үлкен жоба саналады. Мен өте қуаныштымын! Барлықтарыңызды құттықтаймын!», ‒ деді Елбасы.

Іске қосылған зауыт – техногендік минералды түзілістерді қайта өңдейтін, кейіннен Доре қорытпасы түрінде алтын мен күмісті шығаратын республикадағы әзірге жалғыз кәсіпорын. Дəл осындай зауыттарды жылдың соңына дейін Бестөбе жəне Жолымбет кенттерінде де іске қосу жоспарланған.

Индустрияландыру күнінде Қазақстанда мұнай-газ құрылғыларын шығаратын жаңа зауыттың ашылуы да елеулі оқиға болды. Ақтөбе облысында бой көтерген зауыттың ашылуына рұқсат берген Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысына табыс тілеп, мемлекеттің мұнай-газ өндірісінің артуына серпін береріне сенім білдірді. Зауыт ұжымы Елбасы жүктеген міндеттерді тыңғылықты орындап, ел үдесінен шығуға тырысатындарын жеткізді.

«Біз жас, қарқынды дамып келе жатқан компаниямыз. Біздің жоғары технологиялы өндірісіміз – елдің мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау саласын дамыту үлгілерінің бірі. Зауытты іске қосу арқасында 120 жұмыс орны құрылды. 5,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Алдағы уақытта шығарылған өнімнің 20 пайызын ЕАЭО мен Қытай нарығына экспорттауды жоспарлап отырмыз», ‒ деді «Мұнай құрылғыларының қазақстандық зауыты» ЖШС директоры Анар Кашлаев.

Бүгінде елімізде жеңіл автокөліктің 18 түрі шығарылады. Жыл өткен сайын республика жолдарында автокөліктер саны елеулі түрде артып келе жатқанын аңғаруға болады. Көлік тозған кезде оны өңдейтін өндіріс ошағының болмауы елдегі экологиялық түйткілдерді ушықтыра түскен еді. Бұл мәселенің шешімі табылды. Телекөпір барысында Қарағанды облысындағы ескі көліктерді өңдеумен айналысатын еліміздегі алғашқы зауыт іске қосылды. «Recycling Company» ЖШС қолданатын жоғары технологиялық жабдықтар жылына тозығы жеткен 50 мың автокөлікті өңдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында 20 мың тоннадан астам қара әрі түсті металл өндіруге жол ашылмақ.

Кешеден бастап Атырауда өз жұмысын бастаған металл құрылғыларын шығаратын «ЖігерМұнайСервис» кәсіпорнынан да елдің күтері мол. Роботты жүйені енгізу арқылы өндіріс ошағы шығарылатын металл құрылғыларының жылдық көлемін 6 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Соның арқасында мұнай-газ саласының халықаралық жобаларындағы қазақстандық үлесті арттыруға жол ашылмақ.

Индустрияландыру күніндегі тағы бір елеулі жаңалық – еліміздің үш аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үш өндіріс ошағы іске қосылды. Атап айтқанда, «Маслодел» ЖШС, «Шығыс – Сүт» ЖШС және «Жайық Агро LTD» ЖШС. Экспорттық өндіріске бағытталған үш кәсіп­орынның ашылуына куә болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Аграрлық сала Қазақстанның өркендеу, өсу жолындағы экономикасының негiзіне айналып келедi. Себебi дүниежүзiнде таңертең, түсте, кешке тамақ iшпейтiн адам жоқ. Халық саны көбеюде. Жылдан-жылға сұраныс та артып келе жатыр. Сондықтан бiз өнiмдер шығаратын өндірістерді жолға қоймай, алға жылжи алмаймыз», ‒ деп атап өтті.

Сонымен қатар, Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында елімізде ұшақ жөндейтін Орталық Азиядағы ірі кәсіп­­орын ашылды. Өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы Еуропа авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін болады. Бұл өз кезегінде Астананың әуе хабы ретінде дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Бұған қоса, Елбасы тау-кен саласын автоматтандыруға арналған үш жобаны іске қосты. Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі «ақылды карьерді» ашса, «АК АЛТЫНАЛМАС» АҚ «цифрлық кенішті» іске қосты. Ал «Қазцинк» ЖШС Малеев кенішін автоматты басқару жобасын қолға алды.

«Аталған үш жоба – тау-кен саласын цифрландырудың алғашқы қадамы. Сіздерге қарап, басқалар бой түзейді. Сондықтан осы жұмысты аяғына дейін жеткізулеріңіз керек. Ашығын айтсам, сіздер «ақылды карьер» мен «цифрлық кеніштің» анықтамасын енді түсініп жатқан шығарсыздар. Алайда оның арғы жағында үлкен жұмыс жатыр. Цифрландыруды толығымен іске асыра алсақ, ел экономикасын 30 пайызға өсіруге болады», ‒ деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шенеуніктер мен компаниялар басшыларын цифрландыру үдерісіне ерекше назар аударуға шақырды. «Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриалды саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ, Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс», ‒ деді Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында.

Тәуелсіз Қазақстанды индустрияландыру тарихына көз жүгірткен Нұрсұлтан Назарбаев жылдар бойы қаншама қиындықтардың бастан өткенін, қыруар еңбек атқарылғанын атап өтті. «Индустрия, инновация деген нәрсе әркім «жасаймын» дегеннен кейін жасалмайды. Ол үшін тиісті қаражат, мамандар керек. Ол үшін мемлекет дайын болуы керек. Мінекей, біз 2010 жылы ғана дайын болдық. 2008-2009 жылдардағы дүниежүзілік дағдарыстан, қаржы дағдарысынан, экономикалық дағдарыстан шықтық. Мұнайдың бағасы барреліне 10 долларға түскенін, ол ары-бері ауытқып тұратындығын да көрдік. Шикізат бағасының бір орында тұрмайтындығын, кейде көтерілетіндігін, кейде түсетіндігін көрдік. Ал адамның өмірі ондай емес қой. Бүгін біз халыққа, мысалы 300 мың теңге жалақы төлейтін болсақ, ертеңгі күні «мұнайдың бағасы төмендеді» деп 100 мың теңге бере алмаймыз. Зейнетақы да солай. «Мұнай төмендеп кетті, сендерге зейнетақыны үш есе азайтып береміз» деп айта алмаймыз», ‒ деді Президент.

Мемлекет басшысы ел экономикасын шикізат нарығындағы тұрақсыздықтан қорғаудың жолын айтты. «Бүкіл әлемдегі сияқты екінші экономика жасауымыз керек. Өздеріңіз қарап отырсаңыздар, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде, Оңтүстік Кореяда мұнай мен металл тұрмақ бір түйір көмір де жоқ. Сингапурда қандай көмір, темір, мұнай-газ бар? Швейцарияда, Германияда не бар? Бірақ ақылмен, оймен алдыңғы қатарлы елдердің легінде болды. Сондықтан біз білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығаратын қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша табуымыз керек. Мен көрген Израильде, Тель-Авивте тұрған зауыт осы біз отырған кішентай зал сияқты. Жыл сайын 10 млрд доллар ақша табады… Біз кең даламызда кеннің бәрін қазып, шығарып, қатырып жатырмыз деп ойлаймыз. Сондықтан біз қиын болса да индустриялық бағдарламаны қолға алдық. Бұл біздің болашағымыз. Бұл ‒ еліміздің өркендеген мемлекеттер қатарына қосылу жолы. Бұл ‒ біздің кадрларды дайындаудың мәселесі. Ендеше, жастарды басқаша жұмыс істеуге дайындау керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл ‒ қазақтың болашағы. Сондықтан не болса соны жасамай, керекті, бәсекеге қабілетті дүниелерді шығаруымыз қажет», ‒ деді Нұрсұлтан Назарбаев.

comments powered by HyperComments