Қазақстан және жаһандық 100 тренд

64 рет оқылды
0

Таяуда Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары жария етілгенде, республикалық маңызы бар автожолдарға қазынадан қаржы бөлу тоқтатылатыны мәлім болған еді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, «Нұрлы жолды» жүзеге асыруға осы жылы барлық көздер есебінен жарты триллиондай қаржы, дәлірек айтқанда, 484,2 млрд теңге бөлінген. Осыдан бір ай бұрынғы есеп бойынша оның тек 313,7 млрд теңгесі немесе жылдық жоспардың 65 пайызы ғана игерілген. «Бірінші бағыт – көліктік-логистикалық және индустриалдық инфрақұрылымды дамыту бағытында 22 негізгі республикалық маңызы бар автожол жобаларын іске асыруға ағымдағы жылы 259,8 млрд теңге көзделген. Ал жалпы биыл жыл соңына дейін 602 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда», – деді министр. Осылайша, қорытынды нәтижеге көз жүгіртсек, 2017 жылға жоспарланған 700 шақырымдық жүйенің 452 шақырымы салынды.

«Нұрлы жол» бағдарламасының үшінші бағыты – «білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту». 2017 жылы ұлттық қор қаражаттары есебінен 109 мектепті, оның ішінде 53 үшауысымды білім ордасын ауыстыратын және 56 жаңа мектепті салу үшін 71,7 млрд теңге көзделді. Оның ішінде 76 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттерге 56,5 млрд теңге аударылды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар 53,7 млрд теңгесін игерді. 53 мектеп және 2 балабақша пайдалануға берілді. Қаражат Маңғыстау облысында (41 пайыз), Ақмола облысында (67 пайыз), Оңтүстік Қазақстан облысы (70 пайыз) және Жамбыл (86 пайыз) облысында уақытында игерілмеген. Қыркүйек-қазан айларында пайдалануға 1 ғана мектеп берілген. Ал жыл соңына дейін 21 мектептің құрылысын аяқтау жоспарда тұр.

«Нұрлы жолдың» тағы маңызды төртінші бағыты – «Бизнестің жол картасы – 2020» шеңберінде кәсіпкерлік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылымды тартуды қарастырады. «Кәсіпкерлік субъектілерінің объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды тарту үшін ұлттық қор қаражатынан 2017 жылы 10 млрд теңге көзделген. 9 ай қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес 4,4 млрд теңге аударылды, 3,5 млрд теңге игерілді. Осы бағыт шеңберінде министрлік өңірлермен бірлесіп, қаржыландыру жоспарын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізді. Осыған байланысты қаржыландыру жоспары бойынша қалған 5,6 млрд теңге жыл аяғына дейін толықтай игерілуі тиіс.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда биыл қандай жолдар ақылы болатынын еске сала кетті. Былтыр еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы болашақта 7 мыңнан асады делінген. Алайда министр Жеңіс Қасымбек «Астана-Теміртау» және «Алматы-Қапшағай» жолдарымен жүретін көліктерден биылғы желтоқсан айында ақы жинала бастайтынын жеткізді. «Басымдықты міндеттің бірі – республикалық маңыздағы автожолдарда ақылы жүйені ендіру. 2020 жылға қарай жалпы алғанда, 6,5 мың шақырым автожол ақылы болады. Биыл 470 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдарда ақылы жүйені ендіру жұмыстары аяқталады. Атап айтсақ, бұлар 132 шақырымдық «Астана-Теміртау» және 142 шақырымдық «Алматы-Қапшағай». Бұл екі жол телімдерінде желтоқсанда құрылыс-орнату жұмыстары толық аяқталады. Содан кейін желтоқсан айында-ақ ақы жинау тестілік режимде басталады», – деді Жеңіс Қасымбек. Ал келер жылдың бірінші тоқсаны соңына қарай 295 шақырымдық «Алматы-Қорғас» жолы ақылы болады. Қалған 5,5 мың шақырымда ақылы жүйені енгізу мақсатында биылғы желтоқсанда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып, 2018 жылдан ақы жинау үшін қажетті қондырғыларды орнату жұмыстары бастау алады. Алдын ала болжамға сенсек, 2020 жылға қарай осы жолдардан жыл сайын 30 миллиард теңге ақы жинап отыру жоспарлануда. Тіпті, 2022 жылдың аяғы мен 2023 жылдың басына қарай бұл сома 45 миллиард теңгеге дейін артпақшы. «Бұл Қазақстандағы жалпы ұзындығы 23,5 мың шақырымдық республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл желісін қалыпта ұстап тұруды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған тіпті бюджеттен қаржы бөлудің де қажеті болмайды», – деп қорытты сөзін Жеңіс Қасымбек.

Стратегиялық даму жоспары бекітілді

 Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына ерекше тоқталған еді. «Біздің елдегі ең басты құжат – «Стратегия – 2050». Аталған құжаттың негізінде әр 10 жылға арналған стратегиялық жоспарлар түзіледі. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу барысында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Қазақстанның сарапшылар қауымдастығының өкілдері енді. Бұл құжат Астана экономикалық форумында да кеңінен талқыланды. Осы орайда аталған форумға Нобель сыйлығының лауреаттары бастаған белді сарапшылар, жаһандық қаржы инситуттарының өкілдері жиналатынын ескерген абзал. Олар стратегиялық жоспарды талқылап, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, біз бұл құжатты Қазақстанда өкілдіктері бар халықаралық қаржы институттарына жолдадық. Тағы бір ерекшелігі стратегиялық даму жоспарын талқылау барысында фокус-топтармен тікелей ашық диолог құрдық. Яғни, өңірлерді аралап, кездесулер ұйымдастырдық», – деді Тимур Сүлейменов. Ал «Стратегия – 2050»-ден ауытқуға болмайтынын еске салған ол: «Десе де, уақыт бір орында тоқтап тұрмайды. Геосаяси, макроэкономикалық жағдайлар өзгереді. Сондықтан негізгі басым бағыттарды анықтап отыру үшін стратегиялық даму жоспары түзіледі. Бұл – уақыттың талабы», – деп сөзін толықтырған Ұлттық экономика министрі 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың орындалу барысына тоқталды. «2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар антикризистік сипатта құрылған еді. Аталған құжат 2000 жылдың соңында жазылды. Ал бұл дағдарыспен тұспа-тұс келген кезең болатын. Біз 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қамтылған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің бәрін ойдағыдай еңсердік. Енді жаңа жоспар түзу керек», – деді ол. Мәліметтерге сүйенсек, 2009-2016 жылдар аралығында экономиканың өсімі 36,5 пайызды құраған. Ал 2017 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 26 мың долларға тең болды. 2010 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы шағын және орта бизнестің өсімі 26,8 пайызға артқан. Осы уақыт аралығында 81 мың жұмыс орны құрылған.

«Қазақстан – ашық экономика саясатын ұстанған ел, әлемдік қауымдастықтармен саяси, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық тұрғыдан тығыз байланыс орнатқан мемлекет. Сондықтан стратегиялық жоспарды құру барысында әлемдік трендтерді ескермеу мүмкін емес еді. Сол себепті біз 100 жаһандық трендке назар аудардық. Осы трендтердің негізінде бірнеше сценарий құрылды. Сценарийлер позитивті, негативті және базалық сипатқа ие. Сондай-ақ, мемлекеттің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына толыққанды кешендік диагностика жүргіздік. Осылайша, экономикалық өсімнің жаңа моделін жүзеге асыру үшін 7 жүйелік реформа мен 7 әлеуетті саясатты таңдадық», – деді Тимур Сүлейменов. Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар ойдағыдай жүзеге асса, еліміздегі инфляция деңгейі 4 пайыздан төмен болмақ.

Шағын және орта бизнестің үлесі артады

Қазақстан цифрландыру индексі бойынша 2025 жылы 25-орынды (2016 жылы 52-орын) бағындыруды межелеп отыр. 2025 жылға дейінгі түзілген стратегиялық жоспар жеті реформадан тұрады. Олар – жаңа адами капитал; технологиялық жаңару және цифрландыру; бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес; құқықтық мемлекет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қуатты өңірлер және урбанизация; қоғамдық сананы жаңғырту; өзгерістердің жетекшісі ретіндегі мемлекеттік сектор. Алғашқы реформа «Жаңа адами капитал» деп аталады. Министрдің айтуынша, бұл реформа ойдағыдай жүзеге асса, білім саласының сапасы артпақ, жүйенің тиімділігі өспек. Яғни бұл реформа ел экономикасының өсіміне қарқын қосатын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін біржақты етеді деп болжануда. Екінші реформа – «Технологиялық жаңару және цифрландыру». Бұл экономиканың өнімділігін арттыруға бағытталмақ. Реформа күткендегідей жүзеге асса, шығындар азаймақ, тауарлар мен қызметтер өндірісі өспек, салалар әртараптандырылмақ және жоғары өнімді жұмыс орындарының саны артпақ. Аталған реформа нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің өсімін 4,5-5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте, оның 1,7-2,2 пайызына цифрландырудың арқасында қол жеткізілмек. «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес» деп аталатын үшінші реформа бәсекеге қабілетті орта мен экспорттық әлеуетті дамыту есебінен жеке сектордың белсенділігін арттыруды көздейді. Бизнесті «аяқтан шалып келген» кедергілер жойылады, орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашылады. Бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінбек. Төртінші реформа – «Құқықтық мемлекет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл». Бұл реформа елдегі сот жүйесінің халықаралық стандарттарға сай болуын, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды негізгі меже етпек. Адами факторды азайтып, процестерді цифрландыру мен оңтайландырудың арқасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу міндеті де осы реформада қарастырылған. «Қуатты өңірлер және урбанизация» реформасы арқылы аймақтарды дамыту жоспарлануда. Яғни реформа өмір сүру сапасын арттыру тұрғысынан өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды азайтуға тиіс. Сонымен қатар, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, бизнесті қолдау, білім берудің заманауи тәжірибелерін енгізу де осы реформаға топтастырылған. «Қоғамдық сананы жаңғырту» – алтыншы реформа. Бұл реформа ел тұрғындарының жекелей және Қазақстанның болашағына деген жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, адамдардың бәсекеге қабілеттілігі мен прагматизмді күшейтуге бағытталған. Жетінші реформа – «Өзгерістердің жетекшісі ретіндегі мемлекеттік сектор». Бұл бағыт орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыруды қарастырады. Тимур Сүлейменов атап өткендей, 2025 жылға дейінгі даму жоспары сарапшылар қауымдастығының тікелей қатысуымен дайындалған алғашқы құжат. Бүгінде құжатты әзірлеу процесі аяқталуға жақын. Оны үкімет отырысында таныстыру жоспарлануда. Содан кейін ғана Елбасының қарауына жіберілмек.

comments powered by HyperComments