Кәсібі мен нәсібін еңбектен тапқан

47 рет оқылды
0

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы халқының қолынан іс келетін тұрғындары кәсіп көзін ашуға бейім. Оған мысал ретінде соңғы жылдары өңірде тоқтаусыз ашылып жатқан шағын және орта кәсіпкерлік орталықтарын айтуға болады. Әрине, кез келген іске мемлекет тарапынан қолдаудың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Бұл ретте кәсіп иелеріне «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы көмекке келіп, қол ұшын созуда.

Екі кезеңге арналған бағдарламаның алғашқы сатысы 2010-2014 жылдар аралығында жүзеге асып, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты маңызды бағыттар бойынша жұмыстар атқарылды. Ал екінші кезең – 2015-2020 жылдар аралығында кәсібін өрге жүздірген бизнес-бастамалардың серпінді түрде дамуына күш салуға басымдық беріледі.

Газобетон блогын шығаратын зауыт

Қазығұрт ауданында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен «Отырабат-Құрылыс» серіктестігінің газобетон блогын шығаратын өндіріс орнының іске қосылу рәсімі өтті. Бұл жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аудандағы индустриялды аймақта жүзеге асып отыр. Кәсіпорын жылына 12 мың шаршы метр газобетон блогын шығаратын болады.

Кәсіпорынның жұмысымен танысқан аймақ басшысы, оның маңыздылығы арта түсетіндігін ерекше атап өтті. «Өндіріс саласындағы жақсы оқиға, ол осы ауданның және көрші аудандардың қажеттілігі үшін газобетон блогын шығаратын зауыттың іске қосылуы. Құны 120 млн теңге болатын жобаның іске қосылуы құрылыс үшін маңызды. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймын. Аталған аудандағы индустриялды аймақта қазір жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Кәсіп­орындар ашылса, салық түсіп, ел бюджеті молаяды, тұрғындар жұмыспен қамтылатын болады», – деді әкім.

Сондай-ақ, өңір басшысы Қазығұрт – Шымкент қаласымен іргелес жатқан көрші аудан екенін және Жібек жолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» үлкен жолдың бойында орналасқан аудан болғандықтан мұнда өндірісті өркендету қажеттігін айтып, тиімді бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Өндірісте  алдыңғы қатарлы инновациялық  технологиялардың қолданылуы мен жоғары сапалы шикізаттың пайдаланылуының арқасында, зауыттың өнімі халықаралық стандарттардың ең жоғары талаптарына жауап беретін болады. Мұнда жылына 12 мың шаршы метр, яғни 336 мың дана газобетон блогы шығарылады. Құрылыста тиімді болып келетін бұл өнімнің ені 30 см, биіктігі 40, ал ұзындығы 60 см. Аталған кәсіпорынның өнімдері өңірде салынатын көпқабатты тұрғын үйлерде қолданылатын болады.

Қазығұрт ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі жылына 25-30 тонна тәтті өнімдер шығаруға қауқарлы жеке кәсіпкер Гүлзия Бейсебаеваның кондитерлік цехының жұмысымен танысып, жергілікті 10 адамды жұмыспен қамтып отырған іскер азаматшаның жұмысын оң бағалады.

Бұл жобаның құны – 80 млн теңге. Оны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «ONтүстік өнімдері» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Банк несиелерін кепілдендіру» шарты бойынша қаржылай қолдауға ие болған. Түркиядан кондитерлік өнім өндіретін құрал-жабдық әкелген Гүлзия Бейсебаева елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалғанын айтты.

Бұдан бөлек, әкім Қазығұрт ауданында жылына 63,2 млн кВт электр энергиясын өндіретін шағын гидро электр станциясын аралап көрді. Бүгінгі таңда кәсіпорын сынақ мерзімінен өтіп, электр қуатын шығаруды бастап кетті. Электр станциясы өндірілген өнімді Қызылсеңгір елді мекенінің электр желісіне қосу үшін «Оңтүстік жарық» мекемесіне 1кВт 16,71 теңгеден электр қуатын өткізуде.

Берері көп ONTUSTIK TOURISM. INVEST – 2017 форумы

Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында екі күндік Ontustik Tourism. Invest – 2017 туристік, инвестициялық форум өтті.

Өңірдің туризм саласын дамытуға және тәжірибе алмасуға, өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған форумға Қытай Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзян, Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрайымы М.Мурзамадиева, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Kazakh tourism ұлттық компаниясының төрағасы Р.Күзембаев, «Атамекен» ҰКП өкілдері, халықаралық және қазақстандық туроператорлар, инвестициялық компаниялар, туристік қауымдастықтар мен шетелдік және қазақстандық БАҚ өкілдері, жалпы саны 500-ге жуық адам қатысты.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев барша қонақтарды бүгінгі форуммен құттықтап, Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінгі таңда мықты экономикалық әлеуеті бар, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін айтты.

«Облысымыздың туристік тартымдылығы артып, туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Сондай-ақ, өңіріміздің жағымды инвестициялық имиджі қалыптастырылып, ұлғаюда. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны облыста 31 пайызға өсіп, 195-ті құрады. Оларда көрсетілген қызметтер көлемі 43 пайызға көбейіп, 1,7 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде, биыл Оңтүстік Қазақстан облысына 128 мың турист келсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқанын көрсетеді», – деді Ж.Түймебаев.

Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Сала мамандарының басы қосылған жиында сонымен бірге Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және инвесторларды тарту жайы қаралды. Сондай-ақ, қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасты. Қонақтар сонымен бірге Қазақстанның Жібек жолына арналған фотокөрме, Silk Road Fair туристік жәрмеңкесін тамашалады.

Форум аясында Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризм саласы өкілдері мен Қытай, Өзбекстан және Қазақстанның басқа қалалары арасында 4 меморандумға қол қойылды. Меморандумдар тараптарға өз аймақтарының туризм өнімдерін бірге дамытып, инфрақұрылымын салуға, инвестиция жұмылдыруға мүмкіндік береді. Оңтүстікке келуші туристерге 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленіп, маршрутқа 84 тарихи-мәдени нысандар мен табиғи орындар енгізілді. Олардың қатарында «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша 8 ескерткіш – Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар да бар.

Ontustik Tourism. Invest – 2017 туристік және инвестициялық форум аясында қытайлық делегация Түркістан қаласына барды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ әуелі ұлттық өнерді тамашалап, шетелдік қонақтар халықтық кәсіп пен қол­өнер бұйымдарын көріп, қазақ ұлттық әндеріне тамсанды. Көне шаһар тарихымен танысты. Өңір басшысы Түркістан қаласының биылғы 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанғанын мақтанышпен айтты.

Делегация тобы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып, ондағы көне жәдігерлер мен қазақ халқының тарихи тұлғаларымен танысты. Арнайы топты бастап келген Қытай Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзян Оңтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту үшін әріптестік орнатылатынын жеткізді.

«RIC ON EXPORT»  бағдарламасы іске қосылды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Новосібір қаласындағы «Фудсиб» сауда кешені арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады. Мұндай келісімге Ресейдің Новосібір қаласында өткен «Фудсиб» жемістер мен көкөністер көтерме және бөлшек сауда кешенінің ашылу рәсімі барысында қол жеткізіліп отыр. Аталған жиынға облыс әкімінің тапсырмасымен ОҚО мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, «Ырыс» микро қаржылық ұйымының директоры Данияр Арынғазин, Көлік және логистика аймағының бас директоры Е.Бектаев, «Ордабасы құс» ЖШС басшысы Б. Жұмаханов қатысып қайтқан болатын.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында ұйымдастырылған сапар жемісті болып, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы «RIC ON EXPORT» бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде қазіргі таңда Оңтүстікте өндірілген тауарлардың Новосібір қаласына бірінші жеткізілімін жөнелту жоспарланып отыр. Осы орайда компанияда Ресей Федерациясына өнімдерді экспорттауды ұйымдастыруда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету және кешенді қызмет көрсету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Айта кету керек, «Оңтүстік» АИО «RIC ON EXPORT» ауылшаруашылық өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының шеңберінде орталықпен қаржыландырылған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен «RIC ON KORME» атты тұрақты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылуда.

Өңірлік өнім көлемі артып келеді

Оңтүстік Қазақтан облысында 2017 жылдың I жартыжылдығында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 340 491 млн теңгені құраған. Осылайша республика көлемінде облыс 5-орынды иемденіп отыр. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді.

Биылғы қазан айындағы көрсеткіш бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 374 907 млн теңгеге жеткен. Инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, көлік және қоймалау, сондай-ақ, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 57,3 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған.

«Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалардың 8,4 пайызы біздің облысқа тиесілі. Астана және Алматы қалаларынан кейінгі орынды алып отырмыз. Облыста заңды тұлғалардың жиі тіркелетін қызмет түрі – сауда саласы. Мәселен, бөлшек сауданың көлемі биыл 340 761 млн теңгені құрады. Ал көтерме сауданың көрсеткіші 502 599 млн теңгеге жеткен», – деді Айдар Ахметбекұлы.

Бұдан бөлек жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны биыл 177 мың 14-ке жетіп, былтырмен салыстырғанда 4,9 пайызға артқан. Жалпы республика бойынша жұмыс істейтін субьектілердің 15,3 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Сонымен қатар, биыл өңірде шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтылғандардың саны 357 412 адамға жетіп отыр. Бір айта кетерлігі, 2017 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткіш бойынша шағын және орта кәсіпкерлер шығарған өнім көлемі 381 632 млн теңгені құраған. Ал жалпы, Оңтүстікте он айда өнеркәсіп кәсіпорындары 684 млрд теңгеге жуық өнім өндірді.

«Он айда өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары 683, 8 млрд теңгенің өнімін өндірілді. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 146 млрд 56 млн теңге, өңдеу өнеркәсібінде – 467, 7 млрд теңге, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 57 454 млн теңге, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау бойынша 12 524 млн теңгенің өнімі өндірілді», – деді А.Әбілдабеков.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 471,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артқан және мал шаруашылығы 3,4 пайызға өсіп, 188 192 млн теңгеге жетті. Осы бағытта облыс республика көлеміндегі үлесі бойынша 2-орында келеді.

Елбасы Н.Назарбаев 2010 жылғы Жолдауында: «Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Оны «Бизнестің жол картасы – 2020» деп атауды ұсынамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады», – деген болатын.

 

 

comments powered by HyperComments