Тоқтар Есіркепов: БҰҰ бекерден бекер алаңдамайды

237 рет оқылды
0

Бізде ойын бүкпесіз айтатын мамандар көп емес. Әсіресе, елдің экономикалық ахуалы мен бет-алысы жайында көптің көкейіндегіні дөп басатын экономист-ғалым Тоқтар Есіркеповтің дәлелді пікірі қашанда құнды. Біз экономиканың тармақтарын жетік білетін маманды әңгімеге тартуды жөн көрдік.  

– Тоқтар мырза, бір пікіріңізде әлеуметтік жікшілдік туралы зерттеу жұмысын жазуға кірістім деп едіңіз. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қоғамда бай мен кедей түсінігі қайта қанат жая бастағандай. Сіздіңше, қалай?

– Әлеуметтік жікшілдік мәселесі әу бастан бар. Әсіресе, экономикасы даму жолына түскен елімізде теңсіздік мәселесі ешкімді бейжай қалдырмайды. «Forbes» басылымының болжамынша, әлемдегі миллиардерлер тізіміне жыл сайын жаңа есім қосылып отырады. Бір ғана 2014 жылдың өзінде  210 адам қосылған. Сол кезде байлығы 1 миллиард доллардан асатындар саны 1 мың 426 адамға жетті. Әлемдік капиталдың жартысына жуығы (46 пайыз), яғни шамамен 1 триллион 700 млрд доллар осы тізімдегі 85 адамға тиесілі екендігі де айтылды. Әлемдегі байлар мен кедейлер тұрмысы арасындағы алшақтық тереңдей түскені басқа халықаралық ұйымдардың зерттеулерінен де байқалады. Арнайы зерттеулер де халықтың бай және кедей бөліктері арасындағы алшақтық артқанын көрсетеді. Міне, осыдан келіп әлеуметтік жікшілдік мәселесі туындайды. Әзірге халықаралық зерттеушілердің еңбектерін астын сызып оқып, мәлімет жинап жатырмын. Халықаралық ұйымдар жыл сайын тың деректер ұсынады. Өкініштісі сол, мұнда Қазақстан туралы мәлімет жоқтың қасы.

– Статистикалық деректерде еліміздегі бай-бақуаттылар дәулетінің төмендегені айтылып жүр. Бұл рас па?

– Есіңізде болар, 2008-2009 жылдары әлемдік дағдарыстың салқыны бізге де тиді. Сол кезде бай азаматтардың дәулеті кемігені рас. Біз қазір байлардың тізімі мен олардың көрсеткішін «Forbes» журналы арқылы бағамдайтын болдық қой. Сол тізімдегі Қазақстан олигархтарының көбі шикізат секторында отырды. Ал дағдарыс кезінде кім зардап шекті? Бір жарым жылдың ішінде шикізат секторының бағасы екі жарым есеге түсіп кетті. Одан бұрын бюджетке шамамен 40 млрд АҚШ доллары түсіп тұратын еді. Бұл төрт есе азайып, жылына 10 млрд доллар ғана құйылды. Алайда бұл түйіткіл бай-бағландарға әсер етті ме? Шындығында, Қазақстан шикізатты экономикаға бағытталған ел. Әрине, бұл бойынша елімізде «Индустрияландыру 1», «Индустрияландыру 2», тіпті бірінші бесжылдық, екінші бесжылдық деп  өңдеуші салаларға қомақты қаржы жұмсалуда. Яғни, кеш болса да, бюджеттегі ақшаны жаңа өндіріс салуға бағыттап жатырмыз. Себебі дағдарыс осындай шараларды қабылдауға мәжбүр етті.

– Байлық пен кедейліктің арасы жер мен көктей. Бірақ кейбір зерттеушілер бұлардың ортасында белгілі бір байланыс бар деседі…

– Бай кедейге қарап байып жатыр. Ең бастысы, әлеуметтік жікшілдік ұлғайып барады. Осыдан үш жыл бұрын зерттеуші Тома Пикетти ауқымды жұмыс атқарды. Соның қорытындысына қарасақ, қандай жағдай орын алса да, бай байи береді, кедей кедейлене береді. Ал ғылыми түрде айтсақ, жылдар өтсе де, байлық аз ғана топтың иелігіне жиналады екен. Яғни, үлкен топтардың байлығы азайып, белгілі бір адамдарға өтеді. Мысалы, 2016 жылдан бері бүкіл әлемде байлықтың 50 пайыздан астамы белгілі 1 пайыз адамның қолында ғана деген мәлімет тараған.

АҚШ-тың Вашингтон қаласында Петерсен әлемдік экономика институты іргелі зерттеулер жүргізіпті. Оған 1996-2015 жылдар аралығындағы Forbes тізіміндегі байлар туралы мәліметтер пайдаланылыпты.  Яғни, 2015 жылғы тізімді қарағанда 1826 миллиардердің мәліметі бар. Бұл үлкен зерттеу. Ең басты қорытындысы не? Мұнда байлықтың қай тұстан молынан ағылуына байланысты елдерді дамыған және дамушы елдер деп екіге бөлген. Зерттеу нәтижесі бойынша байлық көзі жаңа өнім шығару және жаңа бизнес-жоба жасау арқылы пайда болған. Сондай-ақ, оған кешегі КСРО-ның құрамында  болған елдердің миллиардерлері кіреді. Олардың басты баюы екі түрлі факторға тәуелді. Бірінші, саяси байланыстары арқылы, екіншісі, шикізаттық ресурстарға жақындығы. Осы тұрғыдан қарасақ, Ресей байларының 64 пайызы осындай жолмен байлыққа жеткендер.

– Тіпті, Қазақстанда «Forbes» тізіміндегі байлардың 100 пайызы осы екі фактор арқылы көбейіп келеді деген пікір бар емес пе? 

– Оған келісуге де, келіспеуге де болатын шығар. Бірақ Кеңес Одағы тарауға шақ қалғанда Мәскеудің экономика институты «Одақтас мемлекеттер тәуелсіздік алғанда шынайы мемлекет болып кете ме?» деген сарында зерттеу жүргізді.  Сол кездің өзінде Ресей өзін-өзі 66-67 пайыз қамтамасыз ете алатыны туралы мақтанышпен айтылған. Ал Қазақстан 26 пайыз ғана. Ол кезде де Қазақстанда шикізатты экономика болды. Мұнда саяси мән бар. Мысалы Ресейді Ельцин басқарған тұста да олигархтар көп болды. Ал Путин келген соң, сол байларды әртүрлі жолмен ығыстырып, өзінің олигархтарын жарыққа шығарды. Шындығында, олардың дені  саяси байланыстары және шикізаттық ресурстар арқылы байып отыр.

Жыл сайын әлемдегі кедейлікпен күрес мәселесін талқылайтын алқалы  жиындарда арнайы мәлімдеме, ұсыныстар тілге тиек етіледі. Осыдан екі жыл бұрын Дүниежүзілік банк 20 жылға жетпейтін мерзім ішінде әлемдегі кедейлікті толық жою және адамзаттың өркендеуін қамтамасыз ету мақсаты туралы айтқан еді. Ал қыркүйек айының басында БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерреш әлемге төніп тұрған жеті қауіп туралы пікірін білдірді. Ол қандай қауіп екенін тарқатып айтып берсеңіз…

–  Иә, Дүниежүзілік банктің қаржы қызметінің басшысы Бертран Барде сол кездегі сөзінде: «2030 жылға қарай күндік табысы 1 доллар 25 центке (1,25 доллар) жетпейтін адамдардың санын азайтқымыз келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың үш пайызынан аспауы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Егер 2030 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 8-9 миллиард адам болады деп болжасақ, мұндай адамдар саны 250 миллионнан аспауы керек» деді. Халық­­­­аралық стандартқа сәйкес, күндік табысы 1,25 доллардан аспаса, ол адам кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүреді деген сөз. Тұрмыс деңгейін әр ел өз «стандарты» бойынша бағалайтындықтан, Норвегия тұрғыны мен Чад азаматының кедейлік шегін салыстыруға болмайды. Сол сияқты біздің елдің кедейлік шегін де басқа мемлекеттің азаматтарымен салыстыруға әсте келмес.

Ал қыркүйек айында өткен БҰҰ-ның бас ассамблеясының жиынында БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерреш әлемде адамзатқа төніп тұрған жеті түрлі қауіп бар деді. Біріншісі, ядролық қаруды пайдалану қатері, екінші – халықаралық терроризм, үшінші – қарулық кикілжіңдердің көбеюі, төртіншісі – климаттың өзгеруі, бесіншісі – қоғамды жікшілдікке бөлетін  тепе-теңсіздіктің белең алуы. Бұл тұрғыда, БҰҰ-ның бас хатшысы мәселені 2030 жылға дейін  тұрақты даму арқылы жоюға болады депті. Алтыншы – инновацияның көлеңкелі тұстары. Антониу Гутерреш мырза ғылыми прогрестің дамуы кезінде хакерлердің шамадан тыс көбеюіне, интернетте реттелмеген сегменттердің артуына көңіл бөлу керектігін айтады. Сондай-ақ,  жасанды интеллектуалдың дамуы еңбек нарығына, қоғамның құрылымына әсер етуі мүмкін. Бұл дамудың өзін қадағалауға алмасақ, кейбір кертартпа әрекеттерге тап қылады дегенді меңзеп отыр.

Жетінші – дағдарыстың салдарынан босқындар саны артып, оларды қабылдауға қарсы елдердің көбеюі. Еуропа елдеріне жол тартқан босқындарды жақтырып отырған ешкім жоқ. Алайда кейбір мемлекет жанашырлық танытып жатса, енді бірі елден аластатуға кіріскені белгілі. Міне, бұл да – ғаламдық мәселеге айналды.

Сол жеті қатердің қауіптісі – әлеуметтік теңсіздік. Бұл бүгін ғана пайда болған жоқ. Мысалы, кешегі заманда оңтүстік пен солтүстіктің мәселесі дегенді жиі естідік. Солтүстік дегеніміз – дамыған елдер. Оған АҚШ, Канада, Жапония, Ресей, т.б. алпауыт елдер кірді.  Ал дамушы елдер оңтүстікте орналасқан. Былай қарағанда, оңтүстікте күн жылы, адамға «жұмақ» мекеніндей көрінгенмен, шын мәнінде, оңтүстік елдері даму бойынша артта қалды. Бұл неден білінеді? Әрине, техника, жаңа технология, инновация бәрі адамның өмірін, әл-ауқатын жақсарту үшін жасалды. Десек те халықтар арасындағы өмір сүру деңгейі алшақтап барады.

Әртүрлі халықаралық ұйымдар әлемдік мәселелерге алаңдайды. Оның шешу жолдарын қарастырады. БҰҰ-ның 2015 жылға дейінгі қабылдаған кедейлікті жою туралы бағдарламасы бар. Көптеген елдерде кедейдің саны азайып, орта таптардың саны көбейіп, прогрессивтік ағымдар жүрді, жүріп те жатыр. Бірақ  жіктелу деңгейі жылдан жылға артып барады. Бұл жерде екі түрлі себепті алып қарауға болады. Біріншісі – халықаралық себептер, екіншісі – ішкі себептер. Халықаралық себептерге келсек, жаһанданудың жақсылығын да, жамандығын да көріп жатырмыз. Қазір кез келген дүкенде тамақтың небір түрі толып тұр. Ал оның сапасына, денсаулыққа зиян екеніне мән бермейміз. Мысалы генетикалық модификацияланған өнімдер туралы әртүрлі көзқарас бар. Еуропа көп жылға дейін бұл өнімді нарығына енгізбеді. Ресей мүлдем кіргізбей қойды. Ал бізде «генетикалық модификацияланған өнімдерді көп өндіріп, неге әлемдік нарықты жауламаймыз?» деп айды аспанға шығарған басшылар болды. Бұл өнім бізсіз де әлемдік нарықты баяғыда жаулап қойған. Ешкімнің алдына шыға алмаймыз. Бұл жерде бәсекеге қабілеттілік бойынша артықшылықтарымызды пайдалансақ деймін. Бізге органикалық, химиялық қоспасы аз, таза экологиялық өнімдерді шығару керек. Қазір Аргентинадан, Қытайдан ет әкеліп жатыр. Америкадан тауық тасымалдайды. Бәрі де жайылымда өспеген малдың еті. Олар әртүрлі дәрі егіп, салмағын арттырады. Бағасы арзан болса да, мұны бізге жеуге болмайды. Біз өмір бойы жайылымдағы малдың етін жедік. Табиғи өнім болған соң, оның еті қымбат.

– Енді еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайына келсек. Соңғы кезде теңге құлдырап, жанармай, азық-түлік бағасы қымбаттап, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда. Жыл сайын айтып келе жатқан жағдай сияқты алаңсызбыз…

– Қазан айының ортасында авиакеросиннің тапшылығы туралы ақпарат тарады. Ресей жанармай беруді тоқтатпақ ниетте екенін білдірді. Салдарынан отандық және шетелдік әуекомпаниялардың рейстері ұшпауы мүмкін делінді. Оған себеп, ішкі нарықтағы сұраныстың көптігіне байланысты Ресей келесі айдан бастап Қазақстанға авиакеросинді экспорттамайтын болыпты. Оны өндіруге Шымкенттегі бір ғана мұнай өңдеу зауытының қауқары жетпейді. Бұл зауыт жыл сайын әуе кемелеріне қажетті 800 мың тонна жанармайдың 240 мың тоннасын ғана өндіреді екен. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 70 пайыз жанармайды Ресейден алып келдік. Осы жерде Ресейдің бұлай қыспаққа алуы таза бопсалау. Бір одақта отырып, осындай жағдайға жеткізгеніне не деуге болады? Мұның астарында не жатыр? Бұл Қазақстанды тізе бүктіру емес пе? Біріншіден, олар Қазақстанда авиакеросин бағасының көтерілуіне мүдделі. Екіншіден, Еуразиялық одаққа кіргелі бері Қазақстанның әуе кеңістігінде Ресейдің ұшақтары еркін ұша ма? Үшінші, әуе кеңістігінде Қазақстанның ұшағы тоқтап қалса, әрине Ресейдің ұшағы ұшады. Сөйтіп,  отандық компанияларды ығыстырып, орын алуға жасаған қадамы болуы мүмкін. Меніңше, мұны осы күйінде қалдырмау керек. Бұл тікелей Еуразиялық одақ комиссиясында қаралатын мәселе. Ұлтық қауіпсіздік кеңесі қадағалау керек. Сол деңгейде шешім қабылдау керек.

Қазір мұнайдың бағасы көтеріле бастады. Былтыр мұнайдың бағасы барреліне – 30 АҚШ доллары болса, биыл 50 долларға көтерілді. Қазақстан экономикасы ауыр кезеңнен өтті. Алда не күтіп тұр? БҰҰ, басқа халықаралық ұйымдар тұрақты даму жоспарын түзеді. Бұл жоспар бізде де жасалды. Тұрақты даму деп аты айтып тұрса да, барлық дүние шикізатқа және оның бағасына тәуелді болса, біз қалай тұрақты дамимыз? Сондықтан байлардың табысы бір жылы азаяды, келесі жылы молаяды. Оған таңқалудың керегі жоқ.

–  Астанада үш ай бойы өткен халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесінің өзі әр мемлекеттің экономикалық әлеуетінен хабар берді. «Жасыл экономикаға» әлдеқашан көшіп кеткен елдердің тәжірибесінен үйренетін тұсымыз қайсы?

– Әлемдік тәжірибені үйреніп, алмасу үшін ЭКСПО-ның пайдасы әжептәуір болды. Соның арқасында әлемде не істеліп жатқанын көрдік. Мысалы, 1970 жылдың өзінде-ақ Токионың Осака,  2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен халықаралық көрмеге қаншама миллион адам барды. Олар сол Жапония мен Қытайдың жетістіктерін тамашалады. Қытай Шанхай көрмесін әлемдегі ықпалының артып келе жатқанын көрсету үшін барынша пайдаланды. Оған қоса экономикалық қуатын танытуға тырысты. Бізде балама энергия көзі 1,5-2 пайыздан асқан жоқ. Көптеген елдерде 50 пайыздан асып кеткен. Ал қазір 100 пайыз энергияны сол балама қуат көздерінен аламыз деп жоспарлап отырған елдер бар. Есесіне, біздің әлі күнге тұтынып отырған энергия –  көмірсутегі. Оның негізі мұнай мен газ. Ал бюджетке қомақты қаржы салып отырған – шикізат. Біріншіден, біз біртіндеп шикізаттық экономиканы азайтып жатсақ та, оған қаншама жыл керек. Екіншіден, қолымыздағы бар шикізатты неге ұтымды пайдаланбасқа?

– Қазір елімізде шағын және орта кәсіпкерлік біршама жолға қойылды. Сіздіңше, бизнесті жүргізуге не қажет?

– Екі нәрсе керек. Ол – капитал және еңбек. Француз экономисі Том Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» атты еңбегінде теңсіздік көп тіркелген қоғамда қара жұмыс істегеннен гөрі, капиталдың иесі болған әлдеқайда тиімді екенін айтады. Себебі капиталдың табыстылығы еңбектің табыстылығынан тұрақты түрде жоғары болады. Демек капиталды қолына ұстаған адам ұтылмайды. Орта капиталға келетін табыстың еңбектен келетін табыстан бәсі биік. Ал елімізде әлеуметтік топтар жікшілдігінің артуы экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани тұрғыдан қауіпті. Сондықтан мемлекет жікшілдік арақатынасты реттеу амалдарын қарастыруы керек. Яғни, әлеуметтік жікшілдік пен теңсіздіктің белең алуы – әлеуметтік тұрақтылықтың іргетасын шалқайтып, едәуір нұқсан келтіреді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы   

 

 

 

comments powered by HyperComments