Туризм – мемлекет танымалдылығының кепілі

151 рет оқылды
0

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тәуелсіздік алған соң мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалды.

Үстіміздегі жылдың басында «New York Times» газеті 52 мемлекеттің тізімін жасап, 2017 жылы туристерге баруға кеңес беретін елдерді жариялапты. АҚШ басылымы әзірлеген тізімде Қазақстан Республикасы 26-шы болып тұр. Ал еліміздің бұл тізімге енуіне Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық көрмесі себеп. Жалпы, елімізде туризм саласын дамыту мақсатында түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да еліміздің туристік ахуалына ерекше назар аударған. Ұлт жоспарының 57-қадамы труистік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуды міндеттейді. Ал туристік кластер құрудың негізгі мақсаты – туристік нарықта еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни, туристік кластер құру еліміздің әлемдік аренадағы оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары ел үкіметі туризм саласын дамытуға негізделген мақсаттарды айқындап, әсіресе, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу страгетиясы бойынша нақты міндеттемелер жүктеп отыр. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейдегі жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы аталмыш стратегияның орындалуына өз септігін тигізе алады. Сондай-ақ,  мемлекет жүктеген тағы бір міндеттердің бірі – Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналу. Бұл бағдарламаны дамыту үшін мемлекеттің бюджет қорынан 59 млрд теңге бөлінген.

Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында елімізде «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды. Аталмыш компанияның алғашқы міндеті – еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау болса, екіншісі – осы салаға инвестиция тарту. «Қазіргі кезде көптеген шетелдік инвесторлар Қазақстанның туристік саласына инвестиция салуға мүдделі. Себебі Қазақстанның табиғи ландшафты ерекше және ең бастысы – бізде қауіпсіз және халықаралық тәжірибе бар. Барлық белді мемлекеттерде туристік компаниялар бар», – деді жаңа компания туралы ақпарат берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. «Қазақ туризм» компаниясы алдағы уақытта еліміздегі өңірлердің ерекшелігін ескеріп, аймақтық имидж қалыптастыру және маркетинг жұмыстарын жүргізу ісін қолға алады. Сондай-ақ, қай облыста қандай демалыс түрлері ұйымдастырылатынын және қандай туристік бағыт болатынын белгілеумен айналыспақ.

Туризм саласы – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Халық­аралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек,  қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын қалыптастыруға, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналып үлгерді. Туризм саласының жылдан-жылға маңызы артып, халық­аралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде көп мемлекеттер аталмыш салаға баса назар аударуда. Міне, сондықтан, Қазақстан туризм саласын дамытуға ерекше назар аударып, еліміздің туристік әлеуетін қуаттандыру үшін нақты шараларды жүзеге асыруға тырысуда. Маусым айында басталған халықаралық ЭКСПО көрмесі осы міндеттерді жүзеге асыруға үлкен үлесін тигізетіні сөзсіз. Халықаралық көрмені бір айдың ішінде ел азаматтарымен бірге шетелдік турист, еріктілерді қосқанда 5 миллионнан астам адам тамашалап үлгерген.

Алматы – туристік орталық

Туристерге арналған The Rough Guide басылымының 2014 жылғы рейтингі бойынша, тамашалауға лайықты әлем қалаларының ішінде Алматы жетінші орынға жайғасқан. Беделді басылымның айтуынша, туристерді Алматы қаласының орналасқан орны мен әдемі таулары қызықтырады. Ал 2015 жылы Алматы қаласы ТМД елдері бойынша туристер үшін ең тартымды қалалардың бестігіне кірді. Соңғы жылдары туризм саласындағы бастамалар оң нәтиже беріп келеді. Мегаполиске келетін шетелдік туристер саны 2014 жылдың екінші жартысында екі есеге немесе 137 пайызға артқан. Отандық туризмнің дамуына 10 елдің азаматтарын визасыз қабылдау тәртібінің енгізілгені үлкен сеп болғанын айта кеткен жөн. Соның арқасында Батыс Еуропа, Америка және Азия елдерінен келетін саяхатшылар саны артып келеді. Табиғатты тамашалау мен тынығудан бөлек, бизнесін дөңгелетуге келетіндердің қатары да ұлғайған. Халық­аралық ірі басқосулар мен спорттық шараларға келген қонақтар Алматының сұлулығына, халқының қонақжай һәм мейірбандығына таңданыстарын жасырмайды.

Алматыны туризм орталығына айналдыру жоспарының бір мысалы – «Туризмді дамыту жол картасы» бағдарламасы. Бағдарлама негізгі екі бағытты айқындап берген. Оның біреуі – халықаралық туризм орталығы ретінде Алматы қаласының тартымдылық имиджін қалыптастыру болса, екіншісі – қала тұрғындары мен қонақтарының демалуға, еркін қозғалуға және саяхатқа байланысты түрлі мәдени, рухани, танымдық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету. Туристерге ыңғайлы сервис қалаға кірер қақпадан, әуежай мен вокзалдардан басталмақ. Туристі күтіп алудан бастап, елге келетін қонақтың құжатын рәсімдеуді жеңілдету мәселесі, орналасуда, экскурсияларда қолайлы жағдай жасау мәселелері ескерілген. Алматыда туризм саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, 2013-2016 жылдары алып шаһарға ағылған шетелдік туристердің қатары 37 пайызға артып, 302 мың адамды құрады. Онымен қоса, ішкі туризмнің де анағұрлым артқаны байқалады. Бүгінде саяхатты жаны сүйетіндердің қатары 14 пайызға ұлғайып, 421 мың адам болған. Оған қаладағы инфрақұрылымның дамығаны басты себеп болып отыр. 2012 жылдан бері Алматыдағы қонақүйлердің саны 135-ке жетті. Оларға бір мезетте 13 мың адамды сыйғызуға болады. Сондай-ақ, туристік сала мамандары Татарстан мен Екатеринбургке Алматы бағытын кеңінен насихаттап жүр. Оған қоса, елімізде визасыз жүйеге көшу мәселесі оң шешілді. Өйткені оның арқасында туристердің келу қарқыны көбейеді. Қазіргі уақытта шетелдік қонақтар үшін арнайы турпакеттер әзірленуде. Қонақтарға ыңғайлы болу үшін оған спорттық жарыстарға билеттер, қала қонақүйлеріне жайғастыру, мәдени бағдарлама енгізілмек.

Көпшіліктің қызығушылығына ие бола алатын алмалы шаһардың туристік имиджін қалыптастыру үшін бүгінде фокустық нарықтарды қарқынды ілгерілету, қаланың танымалдылығын және қала туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары қолға алынуда. Алматының әлем елдері алдында, туристер алдында жағымды имиджін қалыптастыру үшін атқарылған жұмыстар да аз емес. Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының хабарлауынша, алдағы уақытта шаһардың туристік инфрақұрылымын арттыруға баса назар аударылмақ.

Сонымен қатар, соңғы уақытта Алматы қаласының туризм саласын дамыту үшін шетелдік әріптестермен байланыс орнату мықтап назарға алына бастады. Мәселен, 2016 жылдың 1-тоқсанында Алматы делегациясы Нью-Дели қаласындағы «SATTE 2016», Тегеран қаласындағы «TITE-2016», Берлин қаласындағы «ITВ-2016», Мәскеу қаласындағы «Интурмаркет-2016» халықаралық көрмелеріне қатысты. Иран, Қытай, Ресей, Үндістан сынды мемлекеттермен арадағы байланыс арта түсуде. Иранның «Mahan Air» компаниясының Қазақстандағы бас агенті – «Tour Invest» ЖШС-мен келісімге қол қойылса, ресейлік «Profi Travel» компаниясымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басында Алматыда Profi.Travel Connect Kazakhstan-Russia атты екіжақты туристік форум өтті, оған Қазақстан және Ресейдің 1200-ге жуық туристік бизнес өкілдері жиналды. Форумның басты міндеті – туристік ағынды өзара ұлғайту үшін екі елдің туристік бизнес өкілдерін бір-бірімен таныстыру болды. Ресей мен Қазақстанның турбизнес басшылары жаңа бизнес-байланыстар жасау, турағынды қалай ұлғайтуға болатындығын талқылау үшін бір алаңда жиналды. Форум туристік қауымдастықтың зор қызығушылығын тудырды.

Оңтүстіктегі әулиелі орындар

Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризмнің еліміздің өзге аймақтарынан ерекшелігі бар. Бұл облыста тарихи-мәдени орындар, көне қалашықтар мен әулиелі жерлер көп. Сондықтан, мұндағы туристердің дені – зиярат етушілер. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы саналатын Шымкент қаласы да ертеден-ақ ғалымдар мен саяхатшылардың назарында. Өйткені барлық туристік маршруттар осы жерден  басталады. Қазірдің өзінде туристік қызмет көрсетумен  қалада 20-дан астам арнайы орындар мен фирмалар айналысуда. Тарихи және киелі орындарға саяхат ету үшін Түркістан қаласында бағзы заман мәдениетінің көріністері ретінде танылған әлемге әйгілі тас ескерткіштерді, көне Сайрамның ескерткіштерін, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттық пен қолөнершілердің ордасы Отырар қаласын, Қожа Ахмет Яссауи кесені мен Арыстанбаб кесенесін тамашалауға болады.

Оңтүстік Қазақстан мен Тянь-Шань таулары арасында орналасқан Қызылқұм бір күн ішінде ыстық құмнан мұз қапталған тауға жетуге мүмкіншілік береді. Осыдан келіп бір облыстағы түрлі табиғи-климаттық  ерекшеліктерді байқауға болады. Сондай-ақ, бұл өлке жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне толы.

Оңтүстікте орын тепкен киелі Түркістан қаласы да туризм орталығына айналуға әбден лайықты. Негізінен, жыл сайын Түркістанға 800 мыңға жуық турист табан тірейді екен. Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне келіп тәу ететіндердің қатары да тым көп. Түркістан туристерді көптеген тарихи орындарымен тартады. Бұл жердің аса қызықты археологиялық ескерткіштері ежелгі қала Отырардың гүлденген кезеңіне жатады, бұл ескерткіштер Отырар оазисі тарихи-мәдени қорығының құрамына енгізілген. Сонымен қатар, моңғол шапқыншылығы кезінде Отырар қаласының ерлікпен қорғанғанын түрлі экспонаттармен көрсетіп сипаттайтын тарихи мұражай бар. XII-XX ғасырлар ескерткіші, Қожа Ахмет Йассауидің ұстазы Арыстан-баб кесенесі де барып көруге тұрарлық көрнекті орындардың бірі. Туризмді дамытып, саяхаттап келушілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында жергілікті билік бірнеше жобаларды қолға алған. Түркістандағы ірі әлеуметтік жобаның басым көпшілігі туристік саланы дамытумен байланысты. Бұл қалада таяу болашақта 30 миллион теңгеге жуық инвестиция есебінен салынған қонақүй пайдалануға берілмек. Қажылыққа аттанар азаматтар үшін ішінде шығыс моншасы бар ірі орталық та салынуда.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орталық Aзиядағы аса маңызды мәдени, рухани-ғылыми және сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады», – деп атап айтқан болатын. Осыны ескерген облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Түркістан қаласында да  туризм саласын дамытудың іс-жоспарын қайта қарап, жаңа шаралар әзірлеумен айналысып жатқандығын айта кеткеніміз жөн болар.  Түркістанда ұлт өркениетінің салт-дәстүрі мен қолөнері сақталған, оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін арнайы тарихи-мәдени, этнографиялық орталық та ашылған. Онда жүздеген көне жәдігерлер қойылған. Алдағы уақытта  «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайын абаттандыру, қала тарихынан сыр шертетін түрлі кітаптарды шығару да жоспарланған. Қазір шаһарда ашылып жатқан шағын және орта бизнес нысандарының сәулетіне де ерекше мән беріліп отыр. Түркістаннан басқа өркениеттің алтын діңгегі болған Отырарға, көне қала Сауранға жаңғырту жүргізіліп, дамыту шаралары қолға алынса, тарихи шаһарларға бас сұғатын шетел туристерінің қатары артатыны анық.

 

comments powered by HyperComments