«Ontustik Invest-2016» форумының ашық алаңы     

862 рет оқылды
0

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумының ашық алаңына айналды. Себебі  Оңтүстiк өңiрдің табиғаты қандай жұмсақ болса, халқы да сондай мейiрiмдi, қонақжай. Бұл инвесторлардың да осы аймақта жұмыс iстеу қолайлы жағдай тудыратын сияқты.

Оңтүстiк тауар өндiрушiлерi өнiмдерiнiң көрмесi ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ордабасы құс», «Казмедприбор», «Бал Текстиль», «Назар текстиль», «Алтын дән», «Балмұздақ», «Azala Textile», «Химфарм» секiлдi Оңтүстiкке белгiлi алпысқа жуық кәсiпорындар өз өнiмдерiн жұрт назарына ұсынды. Сондай-ақ, индустрияландыру бағдарламасы аясында iске қосылған жаңа өндiрiс орындарының өнімдері де жұрт назарын аударды. Форумға қатысуға 700-дей адам ниет бiлдiрсе, соның 250-ге жуығы – әлемнiң 20-дан астам мемлекетiнен келген шетелдiк инвесторлар. Ал форум аясында жалпы құны 2 миллиардтан астам долларды құрайтын 40 шақты меморандумға қол қойылғаны белгілі.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Бейбіт Атамқұлов: «Бүгiнде облыста туристiк кластер жақсы дамып келедi. Туристiк сервистiк орталық ашылды. Жекелеген аймақтарда туристiк инфрақұрылым қалыптасуда. Сонымен бiрге, әрбiр ауданда индустриалды аймақтар құрылуда. Қазiргi таңда олардың саны облыста 11-ге жеттi. Индустриалды аймақтардың артуымен жаңа жұмыс орындары көбейе түсуде. Инвесторлар кәсiпорындарды аралау барысында инвестиция құюға тұратын өңiр екендiгiне көз жеткiзетiн болады», – дедi. Мәселен, форумға арнайы келген Түркия Республикасы экономика министрiнiң орынбасары Фатих Метин екі ел арасындағы сауда-саттық, экономикалық байланыстарды жаңа инвестициялық мүмкiндiктер арқылы одан әрi күшейте түсетіндігіне сенімді. «Әлбетте, Қазақстан Орта Азия елдерiнiң көш басында тұрған мемлекет саналады. Соның iшiнде өнеркәсiп, туризм саласы, ауыл шаруашылығы iлгерi дамыған Оңтүстiк Қазақстан облысының бiз үшiн маңызы ерекше», – дедi ол.

«Жаңа жiбек жолының жаңа мүмкiндiктерi» тақырыбында облыс әкiмi Бейбіт Атамқұлов өңiр­дiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы жайында сөз қозғап, Оңтүстiктiң инвесторлармен жұмыс жүргiзуге дайын екендiгiн жеткiздi. «2016 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалды реформасын iске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға кiрiстiк. Осы реформаның аясында Қазақстан Республикасында 59 заң қабылданды. Оның бiраз бөлiгi инвестициялық ахуалды жақсартуға негiзделген. Оңтүстiк өңiрiнiң орналасқан жерi көршiлес мемлекеттермен сауда жүргiзуге өте ыңғайлы. Сол үшiн салынған инвестиция өзiн-өзi шүбәсiз ақтайды. Облыс шикiзат табысына тәуелдi емес. Экономиканы әртараптандырудың арқасында соңғы жылдары қайта өңдеу өнеркәсiбiнен түскен пайда өңiрдiң жалпы табысының 60 пайызына жеттi. Шағын және орта кәсiпорындар саны жағынан Оңтүстiк республикада бiрiншi орында келедi. Бүгiнде агроөнеркәсiп кешенi мен тамақ өнеркәсiбiнiң дамуына көп көңiл бөлiнуде. Өйткенi тұтынушылардың талғамы жылдан-жылға өсiп келеді. Халық экологиялық таза әрi сапалы өнiм тұтынуды қалайды. Сондықтан аталған салаларға инвестициялық қолдау қажет. Десек те, Оңтүстiкте аграрлы сектор өркендеп келедi. Мәселен, бiздiң диқандар жыл сайын бақша дақылдарынан 1 миллион тоннадан астам өнiм жинайды. Сонымен бiрге, облыс шаруалары республиканың iрi қалаларын ет өнiмдерiмен қамтамасыз етуде», – дедi ол.

Расында, экономиканың агросаласын дамытуға толық мүмкіндік бар. Оңтүстік аймақтың ауыл шаруашылығы тауары өндiрiсiнiң көлемiн кемiнде 1 трлн теңгеге жеткiзуге әлеуеті жетеді. Ең бастысы, өндiрiлген өнiмдi өткiзетiн рынок бар. Мәселен, Қытай биыл 80 мың тонна ет, 200 мың тонна өсiмдiк майын, Иран 1 млн тонна жүгерi сатып алуға ниеттi. Ресей нарығы да ашық.

Осыдан 5 жыл бұрын күркетауық етiн өндiретiн «Ордабасы құс» фабрикасын iске қосылғаны белгілі. Биыл өнiм көлемiн 10 мың, ал, қосымша зауыт құрылысын 2-3 жылда аяқтап болған соң 30 мың тоннаға дейiн жеткiзу жоспарланған. Сондай-ақ, кооперация құрамына енген фермерлер күркетауық өсiруге келісім беріптi. Ал фермерлер күркетауық балапандарын және құрама жемдi негізгі орталықтан алады. Оларға қосымша ветеринарлық дәрiгерлер де қызмет көрсетедi. Осылайша, өндiрiстiк аз шығынмен өнiм көлемiн ұлғайтуды көздеген өңірде 5-6 жылда күркетауық етi өндiрiсiн жылына 100 тоннаға жеткiзу жоспарланып отыр. Айта кету керек, бүгінде Оңтүстiк өңiр 300 мың тонна құс етiн импорттайды.

Осы форум барысында облыс әкiмi Сингапур және Малайзия елдерiнiң инвесторларымен кездесіп, тараптар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтiн зауыт салу жобасын талқылап, арнайы меморандумға қол қойған-ды. Қоғамда экологияны жақсарту, «жасыл экономиканы» дамыту мәселесi күрделі мәселеге айналған уақытта қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жаратудың маңыздылығы өте жоғары. Осы ретте, Оңтүстiкте жүзеге асырылатын жаңа жоба инвесторлар көмегiмен қаржыландырылмақ. Мәлiметтерге сүйенсек, облыста тәулiгiне 1600 тонна қоқыс жиналады. Оның 20 пайызы органикалық болса, қалғаны тұрмыстық қатты қалдықтар.

«Елбасының тапсырмасында өңірлерге инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өткен болатын. Яғни біз облысқа ішкі және сыртқы инвесторларды көптеп тартуымыз қажет. Бұл өз кезінде аймақтың экономикасының дамуына оң әсерін беріп, халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов. Бүгінгі таңда облыстағы индустриалды аймақтарда жалпы 160 жоба жүзеге асырылуда. Оның қазіргі таңда 52-сі іске қосылған. Ал қалған 108 жоба алдағы екі жыл ішінде іске аспақ. Осылайша, екі жыл ішінде, ашылған 108 жоба шеңберінде облыста 8079 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 151,8 млрд теңгенің инвестициясы экономика айналымына тартылмақшы.

 

comments powered by HyperComments