Расул Жұмалы Руханияттың өзегі – ұлттық тарих

90 рет оқылды
0

 

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірледі. Бүгінде Елбасының Жарлығымен бекітілген тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайын. Дүркін-дүркін талқылаудан  өтіп, Үкіметке жолданған заң жобасында көтерілген мәселелер жөнінде саясаттанушы Расул Жұмалының пікірін сұрағанды жөн көрдік.

– Ұлт пен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне немесе артта қалып қоюына қоғамның діни құндылықтарға деген көзқарасы әсер ететіні сөзсіз. Осыған қатысты сіз не дейсіз?

– Кез келген дін, оның ішінде ислам діні – оған сенім келтіріп, сол дінді ұстанып жүрген халықтардың, ұлттардың әрқашан да руханиятының ажырамас бір бөлігі болған. 1991 жылы тәуелсіздіктен кейін қайта жаңғырған ислам діні қазіргі күні қазақ халқының рухани жетілуіне септігін тигізуде. Елімізде ислам дінінің дамуының артында, жастардың ислам дініне деген құлшынысында кертартпалық тұр дегенге келісе алмас ем. Әрине, дін мен руханияттың ар жақ, бер жағында арандату әрекеттері бар. Бірақ кез келген дін азаматтарды әу бастан имандылыққа, тазалыққа шақыратындықтан, ол мемлекеттің артта қалуына ықпал етпейді. Керісінше өркениетті мемлекеттерге Азия елдеріне қарайықшы, тіпті анау АҚШ пен Ұлыбританияны алайық, араб елдерінен БАӘ, Сауд Арабиясы, Малайзия бар, олардың барлығының руханиятында дін ерекше орын алғанына куә боламыз. Яғни, дін керітартпалықтың нышаны емес екеніне көз жеткіземіз. Мәселе, сол дінді насихаттай алатын топтардың жақсылыққа шақыра білуінде, діннің пәктігін пайдалана білуінде жатыр. Ал дінді билікке қол жеткізудің құралы ретінде қарап, саясиландырса, әрине ол келеңсіз жайттарға әкеліп соқтырады. Бірақ оған діннің қатысы жоқ.

Елімізде діни мінәжатқа баса мән берушілер, діни білімін арттыруға ұмтылушылар, жылдан жылға мешіт санының өсуі әлбетте қуантарлық жағдай. Өкінішке қарай, келеңсіз жайттар да орын алып отырғанын жасыра алмаймыз. Бәлкім, бұл сырттан келген діни ағымдардың жетегінде кетуден, тым асыра сілтеушіліктен, діни сауаттылықтың төмендігінен, жастардың әлеуметтік қиындықтарға тап болуынан орын алып жатқан шығар.

– Еліміз тәуелсіздік алған кезде-ақ елдегі діни ахуалды реттеу үшін 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдады. Алайда Францияның классикалық зайырлылығына (лайцизм) негізделген сол үлгі Қазақстандағы діни ахуалды лайықты арнаға тоғыстыра алмаған сияқты. Заң 19 жыл қолданыста болды. Қалай ойлайсыз, бұл сыртқы күштердің әсерімен қабылданды ма, жоқ әлде діни мәселелерді реттеудегі тәжірибенің жоқтығынан ба?

– Меніңше, екеуі де әсер етті. Алғашқыда тәуелсіздікке масаттанудан, қуанышқа берілуден бәзбір қателіктерге жол берілді. Еліміздің діни мәселелерді реттеудегі тәжірибесінің жоқтығы, бұл саланы жетік меңгерген білікті кадрлардың жетіспеушілігі, теологтардың, молдалардың, ишандардың бәсекеге қабілетті болмауы бірқатар мәселелерді туындатты. Заңды қабылдар тұста діни еркіндіктің қандай салдары болатындығы дұрыс болжанған жоқ. Сол кезде тәуелсіз ел болып, халық­аралық қауымдастыққа мүше болуымыз үшін сыртқы күштердің де талабын орындауымызға, әсіресе, демократиялық жолды таңдағандықтан, діни шектеулерді алып тастауымызға тура келді. Сол тұста осындай заңдарды қабылдағанда ғана бізге сырттан қаржылық көмек берілетін болды. Осы шарттардың негізінде діни еркіндікті жария еттік. Сөйте тұра елімізге шетелден түрлі діни ағымдардың еніп кетуіне жол аштық. Қазақстандағы мұсылмандар мен проваславтардың технологиялық жағынан, әдебиетпен қамтамасыз етудегі және ақпарат таратудағы бәсекеге қабілетсіздігі қоғамның рухани жіктелуіне әкеліп соқты. Нәтижесінде дін атын жамылған керітартпа діни топтардың соңынан ерушілер көбейді, протестанттық және католиктік діни бағыттардың өкілдері аяғын алшаң басып, жұмыс істей бастады.

Миссионерлер тарапынан туындаған бұл қауіп 2000 жылдардың басында ғана барып күн тәртібіне енді. Әлі де болса, бұл қауіптің беті қайтты деп айта алмаймыз. Әлі де болса, сырттан келген миссионерлерге толық тосқауыл қойылған жоқ. Әлі де болса, мемлекет шектеулер мен тыйым салу арқылы ғана күресуде. Бірақ балама рухани дүниелерді ұсыну, тәрбие мәселесі, діни білім беру ісі, әлеуметтік қиын жағдайы төмен жастардың мәселесін шешуді қолға ала алмай келеміз. Сөз жоқ, бұл мемлекеттің, белгілі бір дәрежеде зиялы қауымның, қоғамның да әлсіздігі.

– Еліміз 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңды қабылдады. Осы заңның негізінде діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, ҚМДБ мен РЦП ғана республикалық діни бірлестік мәртебесіне ие болды. Көптеген діни бірлестіктердің заңға қайшы болып келген әрекеттеріне шектеу қойылды. Енді дін туралы заңнамаларға қайтадан өзгертулер мен толықтырулар енгізгелі отырмыз. Қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырған жоқпыз ба?

– Дін туралы заңның қайта қаралуына, осы салаға жауапты агенттіктің, кейін министрліктің құрылуына 2010-2011 жылдары лаңкестікпен байланыстырылған оқиғалар түрткі болды. Өкінішке қарай, осы мәселелерге жауапты құзырлы мекемелер қолын мезгілінен кеш сермеді. Себебі дәл осындай қанды оқиғалардың орын алуы мүмкін екенін 90-жылдардың өзінде кейбір зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар ескерткен болатын. Діни шиеленіскен мәселелер реттелмейтін болса, дәстүрлі сенімімізге қайшы шетелдік оқу орындарына жастарымыз барып білім алатын болса, өз діни оқу орындарымыз құрылмайтын болса, өзіміздің діни мекемелерімізді жасақтамасақ, түбі осылай болатыны айтылған еді. Бұл мәселені шешу үшін арнайы агенттікті құрдық, жаңа Дін туралы заң қабылдадық. Бірақ, меніңше жаңа заңды қабылдай салудан, жаңа бір мекемені құра салудан мәселе шешілмейді. Себебі заңды қабылдау бар да, оны іске асыру кезінде талай нәрсе ақсап жатады. Бұл тек дін саласына емес, мемлекеттің басқа салаларына да тән. Жақсы заңдар бар. Бірақ орындалуында олқылық көп. Мысалы, экономиканы дамыту, жемқорлыққа қарсы күрес және өзге де қылмыстарға қарсы заңдар өз деңгейінде жүзеге аса бермейді. Дегенмен, бір қуанатын жағдай дін саласындағы жаңа өзгерістерге қатысты заңдарды осы салаға жауапты министрлік және министр Н.Б. Ермекбаев жабық есік жағдайында емес, кең ауқымда талқылап жатыр. Өз басым осыған қатысты бірнеше дөңгелек үстелге қатысып, өз ойымды ортаға салдым. Бұл жақсы бастама. Осы талқылауларда ұтымды ұсыныстар айтылды. Жалпы, дін саласындағы мәселелерді тек шектеу немесе қысым жасау арқылы шешуге болмайды. Оған тек дін істері министрлігін жауапты ету үлкен ағаттық. Білім, әлеуметтік және жастар ісі, идеология комитеттері, бұқаралық ақпарат құралдарын түгелдей жұмылдыру керек. Бәлкім, жаңа заң сапалы түрде әзірленіп, өз уақытында қабылданар. Алайда осы салаға жауапты Дін істері мен Ішкі істер министрлігі және ҰҚК және т.б органдардың заңды тиісінше орындауға білімі, тәжірибесі жеткілікті мамандарды тартуы қажет деп ойлаймын. Осы мәселелерге баса назар аударуымыз керек.

– Сіз дипломатиялық қызмет атқарған араб елдерінің (КСА) кейбірінде мемлекет пен діннің арақатынасын реттеудің клерикалды жүйесі сақталған. Бір дінге басымдық берілетін мұндай мемлекет жүйесі бір қарағанда демократиялық қағидаларға қайшы секілді көрінеді. Біздің еліміздегі кейбір деструктивті діни ағымдар да осындай клерикалды, қала берсе, теократиялық мемлекетке өтуді аңсайтын сияқты…

– Таяу Шығыс мемлекеттерінің бірқатары, әсіресе Араб түбегіндегі кейбір мемлекеттер теократиялық сипатқа ие. Діннің тікелей мемлекеттің саяси және қоғамдық өміріне қатысы бар. Ұстанымды айқындап тұратын, соған ықпал ететін, қажет болса, шектейтін, батыстың демократиялық және зайырлы үлгісі емес, шариғатқа негізделген мемлекеттер. Әрине, дәл осылай даму – сол мемлекеттердің ішкі ісі. Бірақ осындай қуатты мемлекеттер соңғы 20-30 жыл шамасында жастарға діни білімді дарыту арқылы басқа мемлекеттерде осы тектес қоғам құруға ұмтылып жатқанын байқаймыз. Мұндай қолдан жасалған істер жақсы нәтижелерге әкелген жоқ. Ауғанстан, Шешенстан, Дағыстан, Ливия, Сирия және т.б. мемлекеттерде орын алған оқиғаларға қарап осылай деп айта аламыз. Бұл жағдай Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанда орын алмайды десек, үлкен ағаттық болады. Аталмыш мәселелермен діни мекемелер, білім беру орындары, мәдени ұйымдар, қауіпсіздік орындары кешенді түрде күресуі керек.

Жалпы, қазақ халқының ділі мен тарихын назарға алатын болсақ, зайырлылықтың орнына діни мемлекеттің құрылуына еш негіз жоқ. Қазақ хандығының ХVI-ХVIII ғасырлардағы тарихына қарасақ, дәстүрлі ханафи мәзһабының рухани рөлі жоғары болғанын білеміз. Бірақ саясатты айқындауда дін ықпалды болған жоқ. Біздегі ірі саяси науқандар немесе көтерілістерде дін ұранға айналған емес. Ұлт-азаттық, жерді азат ету, сырттан келген жауға төтеп беру – ғазауат немесе жихадқа негізделмеді. Діннің мәдени, имандылық, рухани тұрғыда ықпалы басым болса да, саясатқа негіз болған емес. Сондықтан осы тарихи сабақтастық жалғасын тапқаны дұрыс шығар. Себебі діни-теократиялық қалыпқа ену біздің табиғатымызға келмейді. Зайырлы мемлекетте дінге шектеулер қойылмайды. Айталық, Түркия Республикасы конституциясында зайырлы мемлекет бола тұра ислам дінінің дамуына барынша мүмкіндіктер қарастырылған. Сол себепті теократиялық жолмен ғана исламды дамытамыз деген қате түсінік. Зайырлы мемлекетте де қал-қадірінше исламдық сұраныстарды өтеуге болады.

– Жалпы алғанда, ұлтымыздың өсіп-өнуі, жарқын болашағы үшін діни ахуал қай бағытта дамуы тиіс?

– Кез келген ұлттың, кез келген мемлекеттің болмысын анықтайтын алғышарттар – оның тарихы, әдебиеті, ділі, тілі, діні, мәдениеті және т.б. құндылықтар. Сондықтан болашағын ойлайтын қайсыбір мемлекет өзінің руханиятын қаперде ұстағаны абзал. Қазір қоғамда «рухани жаңғыру» мәселесі көтерілуде. Бір мемлекеттің дамуына оның географиясы мен қазба байлығы емес, сол мемлекет халқының рухани құндылықтарының біртұтастығы әсер етеді, яғни, азаматтардың ақылы, толеранттылығы, сауаты және діні ықпал етеді. Оған шүбә жоқ. Рухани даму – тарихи негіз тұрғысынан қолға алынуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

comments powered by HyperComments