Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға ашық хат

/  1 840 рет оқылды
0

Қадірлі БИБІКЕ!

Сізбен аралас-құралас жандар есіміңізді сыпайылап қалай атайтынын білмедім де, өзімше осылай жөн шығар дедім, егер ыңғайсыздау болса, кешіріңіз. Сондай-ақ, өнегелі өнеріңіз үшін алған атақтарыңызды тізіп жазбадым, баршаға белгіліні қайталай беру де қажет емес қой.

Мен кешегі күміскөмей Күләш Байсейі­то­­вадан бастап, бүгінгі бозбала-бойжеткен әншілердің де өнеріне қанық қазақтардың бірімін. Сізге бұл сәлемхатты жолдауым да сондықтан. Мұным – Сізбен хат жазысуды мақсат етуім емес, жалпы қазақ текті қыздардың кескін-келбеті, оның ішінде бүгінгі «сахна жұлдыздарының» сиық-сықпыты және телеарна туралы бірер ой-пікірімді айту.

Сонымен, әуелгі сөз қазақ қыздарының әлпеті туралы. Кешегісі мен бүгінгісі деп ажыратып айту шарт болса, кешегі келбеті ауыз әдебиетімізден бастау алған ән-жырымызда қол жетпес арман сияқтанды: қос бұрымды қолаң шаш. Ақша бет, ашық маңдай, жазық қабақ, қиғаш қас. Қарақат көз; бота көз; таңғы шықтай жәудір көз. Қырмұрын, үлбіреген ерін. Кигені – жағасы мойынын, жеңі шынтағын, етегі тізесін жапқан жарасымды көйлек… Ал бүгінгі кеспірін күнде көріп жүрміз: биежал шашы шашық, омырауы иенашық. Құдай берген қастың орнында қап-қара доға-сызық. Көз шіркіндері де қап-қара шеңберлі. Кірпіктері жалғамалы, қайқы қара. Қайсыбірінің қабақ асты көкке, кейбірінікі жасылға боялған, тіпті күлгін түстісі де кездеседі (айтпақшы, шаштары қызылы да, қоңыраласы да, күлгіні де бар). Еріндері шиқандай қып-қызыл. Он тырнағын екі түске боятқандар да пайда бола бастады. Кейбірінің жеңсіз кеуде лыпасы мықынына жетпей, кіндігі көрініп, алабел болып жүргені. Не тылтиған, не быттиған. Жарғақ шалбарының ышқырын жалпақ қайыс белбеуі әрең ұстап тұрғандай.

Иә, қоғамымыздың өнер қауымындағы осы бір рухани дертті ашынып айттым да, жаздым да, бірақ мұқият тыңдаған, ынтамен оқыған, не «мына пікірің дұрыс», не «мына пікірің қате» деген үлкен-кіші болған емес. Сол селқостық, енжарлық, немкеттілік шыдамымды шабақтаған бір сәтте, 2014 жылдың қараша айының 25-і күні, президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаға хат жазып, бүгінде сахналарымыз бен телеарналарымызды түгел дерлік жаулап алған талғамсыздықтың өзім куә «кереметтерін» баян етіп, сол берекесіздікке назар аударуын қаладым. Ол хатыма желтоқсанның 25-і күні Президент әкімшілігінен жауап келді. Онда: «Сіздің 2014-жылғы 05-желтоқсанда №ЖТ-Қ-12480,1 ҚР Президентінің әкімшілігіне жолдаған арызыңызды қарап, нәтижесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне жолдағанымызды хабарлаймыз» делініпті… Мен арыз жазған жоқ едім, пікір-ұсыныс айтқан едім. Жә, оны қоя тұрып, министрліктен жауап күттім. Арада 4 ай өтті: министрлік ләм-мимсіз: Президент әкімшілігінің «өзіңізге жауап қайтару үшін жолдағанын» ескерусіз қалдырған болды. Содан кейін министр А. Мұхамедиұлы мырзаға «Жас алаш» гәзеті арқылы «Қазақы сахнаның сырқаты» деп ашық хат жолдадым (2015 жылғы наурыз айының 20-сы күнгі санында жарияланды). Одан беріде талай ай өтті, министрлік жым-жырт. Қадірлі Бибіке, Сіздің көкейіңізде: «Бұл кісі біздің министрге хатында не айтты екен?» деген сауал туындаған шығар, соған қысқаша жауап берейін. Оған өнеріміздің ғана «көріністері» туралы былай дедім:

«Заманына қарай сорабы ғой: ресейлік «тәуелсіз сахна-экран саңлақтары» батыс­та­ғы кәсіптестерінің «жаңалықтарына» жерік болса, бізде екеуіне де жеріктік бар. Рас, жаугершілік кино (боевик) дегенге «ұят­тымыз», бірақ оның орнын эстраданы «жаңаша құлпыртумен» толтыра бастадық. Қыз-келіншек, әнші-бишілер кеудесін жалаңаштап, тіпті біз бала кезімізде ауылда көрген балуандарша, лыпа-көйлегінің бір жеңін шешіп тастап, сымпиған шалбармен ойнақтап шыға келгенде отырған орным ойылып бара жатқандай күй кешемін. Ол ол ма, кейбір «жұлдыздардың» жаға-жеңі жоқ, иыққа асқан екі бауы ғана бар түнгі лыпамен, құдды үріккен ешкіше, елбеңдеп жүретінін қайтерсің!.. Әлі есімде: үшінші сыныптағы кезімде бір күні әжем маған: «Мені Дәукеннің үйіне апарып келші», – деді. Көзінің мүкісі болғандықтан жалғыз жүрмейтін. Бардық. Алдыңғы бөлмеге кіре бергенімізде жылаған зарлы дауысты естідім де, төргі бөлмеге енгенімізде төсек алдында Дәукен атаның ұлы Мұхит ағаның келіншегі Сәмештің бұрынғы әдемі, білектей бұрымын тарқатып, шашын бетіне түсіре жайып жіберіп, жылап отырғанын көрдім… Үйге қайтып келе жатқанымызда әжемнен Сәмештің бүгін неге өйткенін сұрап едім, әжем: «Мұхит ағаң түнде қайтыс болыпты. Қазақта күйеуінің үйде өлгенін көрген немесе дүзде өлгенін естіген кезде әйелі шашын жайып жіберіп жылайтын ғұрып бар», – деді. Қыз-келіншек «жұлдыздарымыз» жалбыраған, қобыраған шашы бет-ауызын жаба сахнада «жарқ» еткенде көз алдыма Сәмеш жеңгемнің сол бір аянышты кейпі келеді.

Жалпы батыс бикештерінің жүріс-тұрысында, киім киісінде бір сорақы «мода» қылт етсе-ақ болды, біздің қыз-қырқындар соған өліп-өшіп ұмтылып, солардың қисық қалыбына жанталасып түсе қояды, ол сұрықсыздықты «жаңаша еркін өмір сүру» деп біледі. Ал олар – өздерінің қазақ екендерін, көне ұлтының сан-салалы тірлігінде қымбат салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болғанын және барын, оларды құрметтеу, сақтау, дамыту парызы екенін ұмытқан намыссыздар! Өздерін өзгеге мәдениетті қазақы болмысымен танытуды ойламайтын, өзгенің қаңсығына құныға құмартатын әуейілер!».

Бұл сұрықсыздықтарға сахналарды безендірудегі «жаңашылдықты» қосып көріңіз: сахна төріндегі экрандарда шым-шытырық әлдебір сүлделер, сызық-шимайлар, әлде өзен тасығандай, әлде өрт қаулап, әлдебір қырғын болып жатқандай аласапыран бірдеңелер жедел алмасып, түрлі-түсті электр шамдары сахнаны да, залды да айқыш-ұйқыш сызғылап, соның бәрі көзіңді де, көңіліңді де қажайды. Ондайда желікпелі жеңіл әуендерді, қыздырмалы билерді зорға тыңдау-көру былай тұрсын, мысалы, Шәмшінің әсем әндерін тыңдап та қарық бола алмайсың. Иә, олардың бағдарламасында кейде бұрынғы-соңғы есті әндер болады, бірақ анау «безендеруді» еріксіз көріп, әншінің дауысын естіртпейтін дүңкілдеген аспап дауысынан құлағың тұнып, басың мәңгіруге айналғанда тұра безбеске лажың қалмайды.

Соңғы жылдары сахнамызды арзаннан малтапқыштар жекешелендіріп алған деуге болады. Өлеңінде поэзиядан ешбір нышан жоқ «ақын», әнінде музыкадан ырымға хабар-ошар жоқ «сазгер» көбейіп барады. «Сазгердің» домбыраны немесе гитараны өшін алардай алқын-жұлқын сабалаған, пианиноны төмпештеген сықпытына сәйкес қиралаңдап, секектеп, бір сөзді 10-15 рет қайталаған «әнші» шетінен «эстрада жұлдызы» болып алды. Бұл кері құбылыстың кесапатты екені өнерімізге жанашырлықпен айтылып та, жазылып келе жатқалы талай жыл, бірақ өнерге қамқоршы болуға міндетті ресми басшылар селт етер емес.

Сондай-ақ, «ескі әндерді өңдеу» деген «жаңалық» та өрши бастады. Ол «өнерге» жол беріп қойсақ, ертеңгі ұрпақтарымызға, мысалы, Ақан серінің «Құлагері» «Қара ат» болып жетері сөзсіз, өйткені әннің мәтінін «өңдеуге» сөзін ойша айта беру қосылатын да болды. Бірде телеарналарды «аралап» отырып, әйел әншілер тобының сондай «жаңалығына» тап болдым. Қалай аталатын топ екенін біліп үлгермедім, концерттегі соңғы әннің соңғы қайталауы болып шықты. Әлгі топ маған таныс-бейтаныс бір әуенмен:

«Аяғыма кигенім бұлғары етік,

Аяғымнан (?) барады суық өтіп.

Жақсы болсаң, келе(р)сің судан өтіп,

Жаман болсаң, қала(р)сың суға кетіп», – деп, содан соң ауыздарын жауып, тербеле ыңылдап тұрды да, сағына аһ ұрған кейіп­те ауыздарын ашып: «Маңмаңгері-і-ім!» деп тынды. Ал «ботқа» керек болса!.. Ақындардың өлең сөздерін сөйтіп «түзетіп» айтатындар аз емес.

Телеарна десек, бүгінде біздегі жүзден астам арнаның он шақтысы ғана қазақтікі, ал сол оншақтының көбінде сахналардағыдай арзанқол дүниелер, шетелдік, ресейлік жынойнақ бағдарламаларға еліктеп-солықтау, айнытпай көшіріп алу басым, тіпті шетелдік «күлкілі көріністерді» көшіріп алу да «модаға» айналды. Сол көшірмелердің бәрі, әрине, қыруар сомаға сатып алынады. Сол қаржыны «жілігі татымасты» берген бөгделерге ұстата салмай, бағдарламаларды қазақы тірліктен өзімізде жасау неге ескерілмейді?

Ресей арналарында шет елге еліктеумен пайда болған «Пусть говорят», «Говорим и показываем» сияқты қыздырмалы қыңыр бағдарламалар бар. Оларда жөні түзу әңгіме оннан біреу, ал көбі – атақты-атақсыз марқұм әлдекімдердің артында қалған отбастарындағы үйге, дүние-мүлікке талас, ұрыс-керіс, жала-жанжал, соттасу-қаттасу, сондай-ақ анау мен мынаудың жезөкшелік «құпиялары» дегендей жиіркенішті көріністер. Ондайларда көрерменге, әсіресе жастарға тәрбиелік дән жоқ, қайта қатысушы екідай топтың, оларды жарыла жақтаушылардың өзара араздығын қоздыру ғана бар. Маңайлай бастаған ол пәлекетті қазақстандық телеарнадан аластау, жолатпау керек!

Сахна да, телеарна да халыққа қызмет етуге тиіс қой. Ол қызмет – халық­тың көргісі, тыңдағысы келетін, рухани талап-тілегін қанағаттандырар қымбат мән-мағыналы оқиға, ақиқат арқаулы ашық әңгіме, орынды ой-пікір тоғысы, сымбатты ортақ шешім жасалуы. Осы нақты ескерілмей, жетіспей жатыр. Әлбетте, өз басым нені болсын жалпылап айтудан аулақпын, ал мынау сын сөздерім – күңгейдегіміз кері кетпес, одан бұрын теріскейдегі келеңсіздік атаулыны тағыда қозғайын деу. Осы ретте сахнамыздағы «әттеңдерді» біраз тізбектедім, енді телеарналарымызға қысқаша айтарым: жарандар-ау, елімізде жүздеген мың жұмыссыз бар, шаруасы түзік он ауылдың сыртында кетеуі кеткен жүз ауыл жатыр, жылда мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарының дипломдарын алатын жастардың көбі, әсте өздерінің кінәсінен емес, үкіметтің тоңмойындығы салдарынан үйсіз-күйсіз шұбырып жүр. Білім, денсаулық салаларымызда, яғни жалпы қоғамда бұл сияқты кесапат-қиянат жетіп артылады. Оларды бір уақ ойламай, Қазақстанда талайғы арман – коммунизм орнап қалғандай, қашанғы алақай желпіну, мағнасыз мақтану, күнде жиын, күнде тойшыл күйде боласыңдар? Өздеріңді де, өзгелерді де жеңіл-желпімен алдарқата бермей, ең болмаса екі айда бір рет неге «Айтуға қиын» демейсіңдер? «Күндізгі студияда» халықпен неге кездеспейсіңдер?

Қадірлі Бибіке, бұл сұрақтарға жауап болмайтынын сезіп отырсыз дей аламын. Сонау бір жылы өзіңізде де осындай қынжылыс болған. Иә, сонау 2011 – жылы мен де ашынып, «Мәдениет министрлігіміз отау тіксе екен!» деген мақаламда жабылып қалған министрлікті қайта ашудың аса қажеттігі туралы айтып, оның құзырында әдебиет пен өнеріміздің сахналық шығармаларын сараптап отыратын, оңай малтапқыштықты ғана көздеген жалған, жасанды нәрселерді аластайтын үкіметтік комиссия болуға тиіс дедім.

Енді, міне, дулығасы түңліктей министрлік Президент әкімшілігі арқылы алдына барған хатыма көз жүгіртпей сіресіп қалған соң, өнерімізге орайлас мәселелерді Сізге қысқаша мәлім еттім. Арғысын өзіңіз біліңіз. Сау-сәлеметтігіңізге тілектеспін!

     Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы

comments powered by HyperComments