Ыстықкөл мен Алакөлдің айырмасы

6 029 рет оқылды
0

Биыл жазғы демалысымда қырғыз бен қазақтың  інжуі саналған – Ыстықкөл мен Алакөлдің жағалауында демалуға мүмкіндік алдым. Екі көл де төскейде малы, төсекте басы қосылған туысқан екі елдің – наны мен тұзын айырар басты нәпақасы болмаса да, жағалауды жайлаған елдің күнкөрісі. Суы да нуы да бір-бірімен тамырлас, тағдырлас һәм ұқсас екі елдің тәңірі сыйлаған қос несібесін жағалай қоныстанған елдің туризмнен тауып отырған табысы қандай? Туристік базасы қалай қалыптасқан? Суы шипа, құмы дауа көлдерді менсінбей бай мен бағлан неге шетелге шығуға құмар? Осы жайында аз-мұз ой толғап көруді жөн санап отырмыз.

Туризм – көптеген мемлекеттердің қазынасының негізгі көзі. Тіпті жекелеген мемлекеттердің ұлттық жалпы өнімі осы туризмге тәуелді. Алайда өкінішке қарай, жалпақ жұртқа жария етер көрікті мекендеріміз бен шипалы демалыс орындарымыздың барлығына қарамастан, бізде туризм кластері  нашар дамыған. Өзгені былай қойғанда, Ыстықкөлді ұлттық мақтанышы, бар байлығы санайтын қырғыздардың өзінен бұл жолы тағы да көш кейін қалып отырмыз. Бұған осы жолы екі елдің туристік келбеті саналатын қос көлге арнайы сапарымыздан кейін көз жеткізе түскендей болдық. Біріншіден, Алакөл де, Ыстықкөл де жалғыз емес. Қырғызстанда да, Қазақстанда да көркімен көз сүріндірген, суы шипа көлдердің санына саусақ жетпес. Айталық, Марқакөл, Балқаш көлі, Көлсай көлдері, т.т. Қырғыздар да Ыстықкөлден өзге шипалы суларының біразын атаған еді осы сапарымызда.

Ыстықкөлге өзгелер секілді автобуспен немесе Шолпан атадағы әуежай арқылы да емес, Бішкек арқылы жол тарттық. Алматы мен Бішкек арасында «Боинг» әуекемесі небәрі 40 минут ұшады екен. Ал Бішкектен  Ыстықкөлдегі Бозтері демалыс орнына дейін бақандай төрт сағат жүресің. Тәжірибесіздік қой, бұдан да Ыстықкөлдегі ең үлкен аудан Шолпан атадағы әуежайға ұшақпен табан тірегенің әлдеқайда артық көрінеді. Керісінше, жол бойындағы курортты зонаға апарар сәнсалтанаттың да куәсі болудың сәті түсті. Біріншіден, Бішкек әуежайынан Бозтеріге дейін 100 АҚШ долларына бір шағынавтобусты жалдауға болады екен. Екіншіден, жолда «Гаваи» атты демалыс орнында түстенудің мүмкіндігі туды. Тағы да бағаның арзандығына көзің жете түскендей.

Бозтерідегі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Спорт-сауықтыру орталығында ІІІ Халықаралық жазғы мектеп және І жазғы PR мектебі өткізілді.  Жазғы медиа мектептің биылғы тақырыбың медиа сауаттылыққа арналды. Шараға ресми түрде ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы мен Қазақстанның инвесторлар альянсы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті демеушілік көрсеткен.  Біздің мақсатымыз осы жазғы мектепке ұстаздық етуге арналған еді.

Ыстықкөлде өткен үш күнде бізді Бозтері арзан қызметімен қызықтырды. Ең әуелі сондағы «Қазақстан» пансионатына атбасын бұрған едік. Бірақ, ішінде екі төсегінен өзге ешқандай жағдайы жоқ жатақхана типтес демалыс орнының бір түні 60 доллар екен. Дәл соның жанындағы қырғыз бизнесмендері тұрғызған «Динара» атты демалыс үйінде демалушыға қажеттінің бәрі бар, душ, әжетхана, тоңазытқыш және теледидар. Алайда бағасы үш есеге жуық арзан. Бір түні – 25 АҚШ доллары. Әдетте курортты зонада бағаның бірнеше есеге қымбат болатындығын ескерсек, Қырғызстанның Ыстықкөліндегі қызмет түрлері де, тамақ та Алматыдағы әдеттегі бағамен бірдей. Ең бастысы, демалуға барлық жағдай жасалған. Әрбір пансионаттан көл жағалауына дейін арнайы асфальт төселген. Ыстықкөлдің жанға жайлы жағалауы мен шипалы суынан өзге мұнда ниет білдіргендер үшін теплоход, өлі теңізге саяхат, су астына түсу (дайвинг) секілді қызмет түрлері ұсынылады.

Ыстықкөлден кейін жаздық демалысымызды өткізу мақсатында, шипалы суымен даңқы көпке жайыла бастаған Алакөлге сапар шектік.  Алакөл — Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі. Ол Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Көл ағынсыз, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 шақырым, ұзындығы 104 шақырым, ең шығыңқы ені 52 шақырым, жағалауларының ұзындығы 384 шақырым, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 шақырым. Су жиналатын алабы 47859 шақырым. Алакөлдің ең ірі шығанағы — Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан. Жан-жақтан 15 өзен құятын ірі көл – тек шипалы суымен ғана емес, қара сазымен, шипалы балшығымен, алабұға, сазан, көксерке сынды балықтарымен әйгілі. Мұнда жұрт жанына дауа, жарасына шипа іздеп барады. Әсіресе, бүгінгі медицина әлсіздік танытып отырған аллергияға емді осы жерден табады. Сол үшін де ондағы әлі жолға қойылмаған сервиске көз жұма қарайды. Алакөл Қазақстанның екі облысының аумағында орналасқан. Біріншісі – Алматы облысы болса, екіншісі –Шығыс Қазақстан облысы. Алакөлге жиі баратын жұрттың айтуынша, оған қатынаушылар жол азабын бек тартатын көрінеді. Біздің таңдағанымыз, Алакөл ауданының Ақши ауылындағы жағалау болды. Көлдің бұл жағалауы тастақ, әдеттегіден тереңдеу екен. Ақшиге дейінгі төселген асфальттің сапасы сын көтермесе де, әйтеуір жолсызбен емес, жолмен қатынағаныңа тәуба дейсің. Бірақ, Ақшидің ішіне кіргеннен кейін, тозақты бек тартасың. Ақ шаңы көкке көтеріліп, көліктің шаңын  қолқа қабады. Тұрғындардың айтуынша, мұнда 70-ке жуық пансионат бар. Бала-шағалары сол пансионаттарда жұмыс істеп күнін көрсе, жағалаудағы ел өз мекен-жайын кәдімгі қонақ қабылдайтын мекенге айналдырады. Сөйтіп жаздың екі айында бүкіл қыстық азығын дайындайды. Пансионаттардың бір түндік құны – 5 жарым мыңнан басталса, тұрғындар 3,5 мың теңгеден қабылдай береді. Бұл соманың ішіне таңғы, түскі және кешкі ас бар. Ең бастысы көл жағалауындағы бей-берекетсіз салынып жатқан пансионаттар да, көл жағалауындағы демалушыларға арналған арнайы жағдайдың (киінуге арналған орын, әжетхана) жоқтығы да мұнда демалушылардың көңіліне қаяу салады екен. Дегенмен, судың шипалылығы мен батпақтың пайдалылығы бәрін ұмыттырады. Сол үшін Алакөлге алыс-жақыннан ағылған жұртта шек жоқ. Оған келушілердің жалпы легі Қырғыздың Ыстықкөлінен кем емес деуге болады. Қазір мұнда әуежай салынуда. Тұрғындар Ақшиден 100-150 шақырым қашықтықта Бескөл, Жалаңашкөл секілді шипалы сулардың барын да айтып жатты. Әсіресе жұрт саудалап жүрген қара батпақтың көзі – Жалаңаш көлде екен. Ақши арқылы күніне бес-алты пойыз өтеді. Сол пойыздар арқылы Жалаңаш көлге де, Бескөлге де тартып отыруға болады. Көл жағалауының халқы мал ұстауға ерінеді. Онда қазақтың дәстүрлі сусындары – қымыз, айранды, ақ тағамы – кілегей мен майды табу қиын. Тапсаң да, бағасы Алматыдағыдан екі есе қымбат. Қорыта айтқанда, мұндағы туризм әлі жабайы қалпынан айнымаған. Жағалаудағы елдің күнкөріс көзіне өзгермеген, алыс-жақыннан келетін туристерге ұсынар қызмет түрлері әлсіз.

Сол себепті де, біздің мемлекет шикізатқа ғана иек артып отырмай, туризм кластерін дамытуды да қолға алып, еліміздің ғажайып табиғаты арқылы да ұлт қазынасын байытуға бет бұрғаны жөн секілді.

Алматы – Ыстықкөл –Алматы – Алакөл – Алматы

comments powered by HyperComments