Тәуке хан

Тәуке хан

Тәуке хан
ашық дереккөзі
Тәуке хан – қазақ халқының тарихи санасында өзінің кемеңгерлігімен, даналығымен, ақылдылығымен, әділдігімен, бітімгерлігімен сақталған хандарымыздың бірі. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Тәуке ханның осындай қасиеттерін ашып көрсететін тарихи аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Осыдан 200 жылдай бұрын Тәуке хан туралы ел аузынан естіген материалдарын жинақтай келе, қазақ тарихы туралы тұңғыш көлемді еңбек жазған А.Левшин оның тарихи тұлғасына мынадай сипаттама берген болатын: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды, ол өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді, ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті, ол жалпыға ортақ заң шығарып, сол заңмен өмір сүргізді, қазіргі күнде ол заң қазақтардың есінде сақталған». Қазақстан тарихының кейінгі ортағасырлық кезеңі хандық дәуір деп аталынып, ол XV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың алғашқы 30 жылы аралығын қамтитыны белгілі. Бір орталықтан басқарылған осы кезеңдегі қазақ мемлекетінде он жеті хан билік құрған екен. Ол хандардың бірі – хандықтың негізін қалаушы ретінде, ал екінші бір тобы – хандықты күшейтуші, нығайтушы ретінде, ал келесі бір тобы – хандықты әлсіретіп алушы ретінде тарихта қалғаны баршаға мәлім. Ал Тәуке ханның рөлі қандай болған деген сауалға келсек, біз оны қазақ тарихының хандық дәуірдегі ең соңғы ханы және қазақ мемлекеттілігінің, халқының тұтастығы мен бірлігін сақтау үшін күрес жүргізіп, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын енгізген кемеңгер, әрі әділетті билеуші ретінде тарихта  қалған деп санаймыз. Егерде хандық дәуірдегі хандардың бәрін жүргізген саясаты мен жеке басындағы ерекше қасиеттеріне қарай топтастырсақ, онда Тәуке ханның есімі Керей мен Жәнібек хандардың, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір хандардың есімдерімен бірге, бір қатардан ешбір талассыз орын алған болар еді. Тәуке хан – XV –XVIII ғасырлардағы қазақ хандары әулетінің өкілі, оның арғы шыққан тегі Шыңғыс ханнан, Жошы ханнан бастау алады. Тәуке ханның шығу тегін ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне сүйене отыра былайша көрсетуге болады: Шыңғыс хан → Жошы хан → Ордаежен → Сартақтай → Қоныша → Баян → Сасыбұқа → Ерзен → Шымтай → Орыс хан → Қойыршақ → Барақ хан → Жәнібек хан → Жәдік →Шығай хан → Есім хан → Жәңгір хан → Тәуке хан.  Шыңғыс хан мен Жошы ханның есімдері әлемге әйгілі, олар туралы деректер де, зерттеулер де жеткілікті. Бірінші тұлға Моңғол империясының негізін қаласа, екіншісі – Жошы ұлысы деп аталған XIII ғасыр басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының билеушісі. Ал Орда Еженнен бастап Барақ ханға дейінгі тұлғалар – XIII - XV ғасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген Орда Ежен ұлысы, оның тікелей жалғасы боп келетін Ақ Орда атты мемлекеттердің билеушілері болған. Ал Жәнібек ханның туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының іргетасын қалағанын қалың жұртшылық жақсы біледі. Тәуке ханның төртінші атасы  Жәдік – бүкіл қазақтың ханы болмаса да,  жазба дерек мәліметінде оның есімі жанына «хан» лауазымы қосылып жазылады. Тәуке ханның толық есімі – Тәуекел-Мұхаммед батыр хан. Ш.Құдайбердіұлы Тәуке ханды Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы деп жазады. Тәукенің қайтыс болған жылы мен сол тұстағы жасын мөлшерлей келе, оны шамамен 1635 жылдан кейін дүниеге келген деуге болады. Осы жылы оның әкесі Жәңгірдің жоңғар тұтқынында болғанын, одан аман-сау оралғанын және Батыр қонтайшының Жоңғариядағы басты қарсыласы Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп айтуына қарап, осындай ой түюге болады. Тәукемен қатар Жәңгірдің бірнеше ұлы болған. Шах Махмұд Чорастың дерегінде Жәңгір ханның Тәуке және Абақ деген екі ұлы болғандығы, Абақ сұлтанның үлкен ұл екендігі айтылады. Т.Сұлтанов Абақ сұлтанның есімін нақтылап, Аппақ сұлтан деп түсіндіреді. Ал Шәкәрімнің еңбегінде Жәңгір ханның екі ұлы болғаны айтылған. Біріншісі – Тәуке, ал екіншісі – Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған Уәлибақи. Жәңгірдің орнына Тәуке хан болғанда хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді» деп жазады Ш. Құдайбердіұлы. ХҮІІІ ғасырда осы Уәлибақидың тұқымынан атақты Абылай хан шығады. Ал Абақ (Аппақ сұлтан) сұлтанның ұрпақтары жөнінде әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Тәуке ханның есімі жазба деректерде алғаш рет 1650 жылдардың  басында кездесе бастайды. Осы жылдары Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресу үшін Шығыс Түркістандағы шағатайлық билеушілерге бірнеше рет елшілік жібереді. Сондай елшіліктің құрамында жас Тәуке сұлтан да Шығыс Түркістанға барып қайтады. Бұл кезде Тәукенің жасы әлі 20-ға да толмаған болатын. Жәңгір ханның жап-жас Тәукені елшілік құрамына қосуын ұлын мемлекеттік маңызды істерге жас шағынан баулуы деп қабылдаған жөн. Жәңгір ханның 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қаза тапқандығы белгілі. Ал Тәуке ханның билікке келген кезін тарихшылардың бәрі дерлік және академиялық басылымдар – 1680 жыл деп көрсетеді.  Бұл мәселе бойынша Т.Сұлтанов өте байқампаздық көрсетіп, оның әлі көмескі тұстары бар екенін аңғартады. Ол бұған қатысты пікірін былайша тұжырымдайды: «Тәуке хан әкесінен кейін бірден билікке келді ме, жоқ па, белгісіз». Ал кеңестік кезеңдегі және қазіргі кезеңдегі академиялық басылымдар бұл мәселеден айналып өтеді. Олардың материалдарында 1652 жылы Жәңгірдің қаза тапқаны және 1680 жылдан бастап оның ұлы Тәукенің хан болғандығы жайлы айтылады да, екі ортадағы 28 жылдағы тарих жабулы күйінде қалдырылады. Бұл әселе Тәуке ханға қатысты болғандықтан, біз төменде осыған қатысты өзіндік ой-пікірлерімізді оқырмандар назарына ұсыналық. Алдыменен Жәңгір хан қаза тапқан жыл тұсындағы қазақ қоғымының ішкі саяси өміріне назар аударайық. Бұған дейін айтып өткеніміздей, 1652 жылы Жәңгір ханның ұлдары 20-ға толмаған болатын. Ал Шығай әулетінен тараған хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты ұлдардың тарағаны белгілі. Осылардың әрқайсысында 4-5 ұл болды дегеннің өзінде Жәңгір хан секілді таққа үміткерлер саны 40-50-ден асар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен бала болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқы барлардың саны 100-150-ге жететін. Тәуке солардың бірі және жас жағынан алғанда кішісі болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының билікті иеленуге толық құқы болды. Өкінішке қарай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба дерек мәліметтері болмағандықтан, біз тек осындай ой-болжамдар ғана айта аламыз. Ал Шәкәрімнің еңбегіндегі осыған қатысты материалдардан, біз Жәңгір ханнан кейін тақ үшін талас-тартыстардың болғандығына көз жеткіземіз. Онда «Жәңгірдің орнына  әз-Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді» деп айтылады. «Өкпелеп кетті» деген мәліметтің астарына үңілсек, көп жағдайды аңғаруға болады. Күрестер, таластар тақ үшін болғандықтан, «өкпелеп кетті» деген сөздің орнына «жеңіліс тауып, қашып кетті» деген сөздерді қосуға болады. А.Левшиннің бұған дейін Тәуке хан туралы келтірген мәліметін осы жерде тағы келтіруге тура келеді. «... Ол (Тәукені айтып отыр. – Б.К.) өзара қырқыстардан кейін халықты тыныштандырды, ол тайпалар арасында бірнеше жылдарға созылған қантөгістерді тоқтатты, жұрттың бәрін ақылымен және әділдігімен өзіне бағындыра білді...». Шәкәрімнің де, А.Левшиннің де материалдарына тереңірек талдау жасау арқылы Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.Левшин осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің ойымызша ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген  1680 жылға дейін созылған. Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыстар мен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Сөйтіп, ел ішінде тыныш өмір қалыптасады.  Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы қантөгіс қырқыстарға қарағанда Тәуке хан тұсында қалыптасқан  бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» боп саналады. Ал енді осы 28 жыл бойғы өзара қырқысу кезеңі қазақ елімен көршілес елдердің тарихында, оның ішінде олардың қазақтармен қарым-қатынасында қалай көрініс береді, неге олардың тарихында осы кезеңдегі қазақ хандарының есімдері аталмайды деген сұрақтарға жауап іздестіріп көрелік. Осы кезең ішіндегі қазақ – жоңғар қарым-қатынасына назар аударсақ, деректерде екі жақтан да бір-біріне қарсы бағытталған әскери жорықтар, ұрыстар мен шайқастар жөнінде ешқандай мәліметтер айтылмайды. 1653 жылы  Батыр хонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін талас-тартыстар басталып кетеді де, ол күрес бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен батырларды  екіге бөліп жібереді. Көп ұзамай билікке кіші ұлдар тобын басқарған Сенге хонтайшы келеді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмайды. Ақыры 1670 жылдың соңына таман Батыр хонтайшының үлкен ұлдары – Цецен тайшы мен Цзотба батыр інілері Сенгені өлтіреді. Сенгенің орнына таққа отырған оның кіші інісі – Галданның алғашқы саясаты – ағасы үшін үлкен ағаларынан кек алуға бағытталды. Сондай-ақ ол Жоңғариядағы кейбір тайшылардың дербестігін жоюға, ішкі алауыздықтарды реттеуге, жалпы алғанда, билікті орталықтандыруға күш салады. XVII ғасырдың 70-ші жылдарының соңына таман ғана Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алады. Осылайша, ішкі саяси жағдайды ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды. Оның басқа көрші елдерге жасаған жорықтары секілді, қазақтарға жорығы XVII ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады. Бұл кезде қазақ ханы   Тәуке хан болатын. Ал жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, 16523-1680 жылдары Жоңғарияның өз ішіндегі саяси жағдайдың күрделі және саяси дағдарыстың шиеленісті болуы  оның сыртқы саясатта белсенділік танытып, тонаушылық пен басқыншылық сипаттағы соғыстар жүргізуіне мүмкіндік бермейді. Сол себепті де осы жылдары қазақ-жоңғар қарым-қатынасында тыныштық немесе үнсіздік кезең болып, ірі оқиғалар орын алмайды. Жазба деректер де соған байланысты  осы кезең туралы үн қатпайды. Осы кезеңдегі қазақ-орыс қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбиді және қазақ жері арқылы Орта Азияға орыс көпестері керуендерінің жиі өтуімен ерекшеленеді. Осы қатынастарды көрсететін деректерде қазақ ханы туралы ешқандай мәліметтер ұшыраспайды. Ал аштарханилар әулетімен қарым -қатынасқа келсек, бұл жылдары Бұхарада билікте Нәдірмұхаммед ханның (1642-1645) ұлы Абдалазиз хан (1645-1680) отырған  болатын. Бұл кезеңде де Қазақ хандығының аштарханилар әулетімен қарым-қатынасында аса ірі оқиғалар болмаған секілді. Егерде ондай оқиғалар болса, онда ол жөнінде жазба деректерде мәліметтер кездескен болар еді. Тек екі жақты қатынастар Тәуке ханның билік еткен кезінен бастап қана кездесе бастайды. Тарихи әдебиеттердегі материалдардың бәрі Тәуке ханды 1680 жылдан бастап хан болған деп жазады. Оның билікке қандай жолмен келгені белгісіз, ол туралы ешқандай деректе айтылмайды. Соған қарамастан ол жөнінде мынадай болжамдар айтуға болады. Егерде 1650 жылдардың басында Тәуке хан билік ету үшін өте жас болса, ал 1680 жылға таман оның жасы 40 пен 50-дің орта тұсында болатын. Бұл  жас –  ер адамның нағыз кемеліне келіп, ақыл-ойы толысқан, өмірлік тәжірибесі жетерліктей жас екені белгілі. Тәукенің ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы сияқты ерекше қасиеттері оны билеуші әулет өкілдері арасында  айрықша көзге түсіртеді. Сондай-ақ  бұған дейін айтып өткеніміздей, оның ата-бабаларының хан тағын үзбей иеленуі, Жәңгір ханның тікелей ұрпағы болуы, жастайынан мемлекеттік істерге араласуы – оның тақты иелену мүмкіндігін арттырады. Біздің ойымызша, 1652-1680 жылдары өзара таластар мен қырқыстардан әбден титықтап шаршаған қазақ қоғамы, қоғамның алдыңғы қатарлы тобы мен өкілдері: кейбір сұлтандар, билер мен батырлар, дін басылары және тағы басқа әлуметтік топтың өкілдері Тәуке жағында болып, оны қолдаған дейміз. Сөйтіп олар Тәукені 1680 жылы хан тағына отырғызады. Тәуке ханның 30 жылдан астам билігі тұсындағы ішкі, сыртқы саясатының басты мақсаты – қазақ елінің бірлігі мен қазақ жерінің тұтастығын сақтау болды. Осы бағытта оның жүзеге асырған ең ірі шарасына «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, өмірге енгізуі жатады. «Жеті жарғыны» қабылдаудың қандай алғышарттары болды деген сауалға – XVII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси жағдайының деңгейін жатқызамыз. Бұған дейін айтып өткеніміздей, орталық биліктің болмауы немесе әлсіздігі заңдар мен тәртіптердің орындалмауына және бұзылуына, саяси өмір мен қоғамдық өмірде әлімжеттік принциптің белең алуына, ұрлық-қарлықтың, зорлық пен зомбылықтың көбеюіне және тағы осындай келеңсіздіктердің кең етек жаюына алып келеді. Тәуке хан билікке келген бойда-ақ ең алдымен ішкі қоғамдық қатынастарды,  саяси жағдайларды реттеуге күш салады. «Жеті жарғының» өмірге келуінің алғышарттары мен себептері осындай болған дейміз. Зерттеушілер тек XIX ғасырдың басында Г.Спасскийдің және А.Левшиннің ел аузынан жазып алған жекелеген бабтарға қарап қана тұжырымдар айтады. Аңыз бойынша Тәуке ханның бастамасымен қазақ қоғамындағы барлық қатынастарды белгілі бір құқықтық принциптер негізінде реттеу үшін, бұрынғы заңдарды жаңа заман талаптарына сай бейімдеу үшін үш жүздің атақты билері –  үйсін Төле би, арғын Қазыбек би және алшын Әйтеке би, сондай-ақ тағы басқа белгілі билер Күлтөбе деген жерде бас қосып, «Жеті жарғының» әрбір бабын жеке-жеке талдап, қызу айтыс-тартыстарға түсіп күн сайын жиын өткізген екен. Содан бері ел аузында «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз қалған. Заңның жобасы дайындалып болғаннан кейін Тәуке ханның жарлығымен «Жеті жарғы» заңдық күшіне енеді де, халық оны «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп атап кетеді. «Жеті жарғының» қазақ қоғамындағы алар орны мен атқарған рөліне жергілікті халықтың қандай көзқараста болғандығы туралы А.Левшин сол замандағы елдің игі жақсыларынан жазып алған мәліметтерін былайша баян етеді: «Біздің халық тыныштықта өмір сүрген заман болған, бізде тәртіп те, заң да және әділеттілік те орнаған кез болған». Ал автордың өзі қазақ қоғамының Тәуке хан тұсындағы кезеңін «алтын ғасырға» теңейді. Тәуке ханның заңынан басқа оның ішкі өмірдегі жүргізген саясаты, әсіресе бірлікті, ру-тайпалық жанжалдарды тоқтатуға бағытталған іс-шаралары ел арасында кең таралып, ауыздан-ауызға жетеді. Тәуке ханның ақылдылығы мен әділеттілігі туралы тарихи аңыз-әңгімелер ел арасында жетіп артылады. Солардың бір-екеуін осы жерде келтіре кетелік. «Бірде Тәуке хан өзінің айналасындағы қолбасшыларына тапсырма беріп отырып, әлгілердің тапқырлығын сынамақ болады да, әңгіме барысында былай дейді: – Мен мынаны білсем деймін. Жоңғар шапқыншылығын тоқтатып, олардың ордасын күл-талқан ету үшін қазақ халқына не қажет? Біршама ойланған серіктері әртүрлі пікір айтқан көрінеді. Сонда Тәуке хан: – Бәрі дұрыс-ақ, тоқетерін айтатын болсақ, қазақ халқына Құдайдың құтты күні және болашақта да ауызбірлік қажет. Ол еліміздің мәңгілік қаруы, күш-қуаты және жеңістеріміздің күре тамыры, – деген екен. Екінші  бір тарихи әңгіме мынадай. «Қаптап келе жатқан жоңғар әскерлерін көрген қазақ сарбаздары біршама абыржып, тіпті кейбіреулері қашуға ыңғай бере бастайды. Қалың қолдың бұл халін дер кезінде байқаған Тәуке хан жанында тұрған серіктесінің біріне: – Тез арада жылан тауып кел, – деп бұйырады. Алып келген жыланды ұстап тұрып, бүкіл әскер алдында: –Бісміллә, Алла біздің жағымызда, тыныш жатқан ел едік, еліміздің даласын қанға бояған жоңғарлардың басын былай жұламыз, – деп, ұстап тұрған жыланның басын жұлып алып: –Алла жар болсын! Алаштың әруағы қолдасын! Алаш, Алаш! – деп жауға қарсы шаба жөнелгенде сарбаздардың рухы көтеріліп, артынан қоса жөңкіле жөнелген екен. Жыланның басын жұлу себебі – жоңғарлардың туында айдаһардың суреті болған. Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығының көрші елдермен, оның ішінде басты қарсылас – Жоңғариямен қарым-қатынасы мәселесіне тоқталайық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1653 жылы Жоңғар билеушісі Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары арасында билікке талас жүріп, ақыры кіші ұлдардың бірі – Сенге билікке келеді. Бірақ ол жоңғар қоғамындағы алауыздықтарды тоқтата алмай, 1670 жылдың соңына таман өзара тартыстардың құрбаны болады. Бұл жылдар екі жақ арасындағы қарым-қатынастарда тыныштық кезеңмен сипатталады. Сенгенің інісі Галдан тақты иеленіп, бірден орталық билікті нығайту ісіне кіріседі. 1678-79 жылға таман Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, кейбіреулерін қашуға мәжбүрлеп, жеке дара билеушіге айналады. Содан кейін ғана оның көрші елдерге және Қазақ хандығына қарсы тонаушылық, басқыншылық жорықтары басталады. Жастайынан діндар болған Галдан Тибеттегі дін басыларының қолдауына сүйене отыра, көрші елдерге көз аларта бастайды. 1680 жылға таман Далай-лама оған Бошақту-хан – «ізгі ниетті хан» атағын береді. 1678 жылы ол Шығыс Түркістандағы саяси дағдарысты өте тиімді пайдаланып, аумақты бағындырып алған болатын. Ал 1680 жылдан бастап Галдан Бошақту хан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен аймақтарына жорықтар ұйымдастыра бастайды. Ол  туралы 1722-1724 жылдары Цеван Рабданның ордасына барып қайтқан орыс елшісі Иван Унковский былай деп баяндайды: «Осы тауық жылы (1681) ол (Галдан Бошақту хан) қол ертіп жорыққа аттанып, Сайрамды қоршап алды. Ит жылы (1682) жорықтан қайта оралып, ол Іле өзенінің жағасында қыстап шықты. Доңыз жылы (1683) тағы да Сайрамға аттанды. Жазда Галданның (әскербасы) Рабтан Сайрамды қиратты». 1652 жылдан кейінгі жоңғарлардың қазақтарға қарсы жасаған бұл ірі жорығы мұсылман авторларының шығармаларында көрініс береді. Мулла Мұса Сайрами жоңғарлардың Сайрамды алуы туралы былай деп баяндайды: «...Біздің аталарымыздан естігеніміз бен жасы келген кәрі адамдардың айтуына қарағанда, осыдан 200 жылдай бұрын қазіргі Моғолстан жеріндегі хан орнына Іледе Құнтаджи (Хонтайшы) деген қалмақ келеді, оның билігі шығыста Комул мен Баркөлге дейін, батыста – Ташкент пен Сайрамға дейін, оңтүстікте – Карангу-Тагқа дейін созылады. Ол кенеттен жорыққа шығып, Ташкент Сайрамын басып алып бағындырады да, билікті бір қалмаққа тапсырады. Оның қасына бірнеше қалмақты көмекші етіп қалдырады да, өзі Ілеге қайтып оралады. Сайрамдықтар қалдырылған қалмақтарды өлтіріп, бағынудан бас тартады. Сайрамнан қашып құтылған бірнеше адам Кұнтажыға келіп болған оқиғаның бәрін айтып береді. Құнтаджи Ілеге соқпай, Сайрамға қайтып оралып, қаланы екінші рет басып алады да, тұрғындардың бір бөлігін өлтіріп, қаланы талан-таражға түсіреді. Қалмақ басшысы Сайрамның игі жақсы үш тобының әрқайсысынан 20 отбасыдан барлығы 60 отбасын бала-шағасымен, қызметшілерімен Ілеге алып кетеді. Оларды Іледе бір жылдай ұстап, сосын көне Тұрпанға жібереді...». Баяндаудан көріп отырғанымыздай, шығарма авторының арғы тегі сайрамдық, оның ата-бабалары – деректегі 60 отбасының бірі. Дерек мәліметінде айтылғандай, жоңғарларға Сайрамды 2 рет бағындыруға тура келген. Бұл жылдары Тәуке хан билікке жаңадан келіп жатқандықтан, оның жоңғарларға қарсы қояр күші болмаған секілді. Тарихи аңыз-әңгімелер бойынша, осы Сайрам соғысында Кіші жүздің батыры Тілеу батыр Айтұлы кіші ұлы Жолдаяқ батырмен бірге көзге түскен және шайқастардың бірінде әкелі-балалы батырлар қаза тапқан. Олардың денелері қазақтың бас қаласы – Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерленген. Жалпы, ХҮІІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастарындағы ірі соғыстар мен шайқастарға көңіл аударсақ, олардың онша көп болмағанын байқаймыз. Екі жақтан да жекелеген кішігірім ұрыстардың болып тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Ал жазба деректерде сақталған ірі шайқастардың осы кезеңде, яғни ХҮІІ ғасырдың екінші жартысында алғашқысы 1652 жылы өтсе, келесісі 1681-1684 жылдары болады. Жоңғарлар Сайрам қаласын алып, оны қиратқанымен, шабуыл бағытын одан әрі тереңдете алмайды. Оның басты себебі, қазақтар тарапынан қатты қарсылық көрсетілуі болса керек. Әрине, мұның бәрі Тәуке ханның ұйымдастыруымен болғаны белгілі. Галдан Бошакту-хан  бұдан кейін өзінің әскери қимылдарын шығысқа қарай бұрып, Шығыс Моңғолияның жерін өзіне қарату үшін соғыс жүргізеді. Ақыры ол 1697 жылы наурызда 52 жасында қытай әскерлерінен жеңіліп, өзін-өзі өлтіреді. 1697 жылы Сенгенің ұлы Цеван Рабтан билікке келеді де, қазақ-жоңғар қатынасындағы жағдай күрт өзгереді. Егерде Тәуке ханның билігі тұсындағы екі ел арасындағы қарым-қатынасты кезеңдерге бөлсек, онда алғашқы кезеңге  1680-1697 жылдар аралығын жатқызуға болады. Бұл кезеңде екі жақты қарым-қатынастан бізге белгілісі – 1681-84 жж. Сайрам соғысы ғана. Ал екінші кезеңге 1698 жылдан  Тәуке хан қайтыс болған жылға дейінгі аралық жатады. Осы аралықта тек жоңғарлар тарапынан қазақтарға қарсы 1698, 1711-12, 1714, 1715 жылдары ірі жорықтар жасалады. Оның себебіне Галдан Бошакту ханның жеңілісі мен өлімінен кейін Жоңғарияның шығысындағы Халқа жерінің Цинь әулетінің қарамағына өтуіне байланысты жоңғарларға жаңа жерлерге деген аса мұқтаждық жатты. Сол себепті де Цеван Рабданның қазақтарға қарсы жүргізген саясатының сипаты өзгеріп, бұрынғы тонаушылық жорықтар, енді басқыншылық соғыстарға айнала бастайды. Оның қазақтарға қарсы алғашқы соғысы 1698 жылдың өзінде-ақ басталып кетеді. Жоңғар қонтайшысы өзінің іс-әрекеттерін ақтау үшін Қытай императоры мен Ресей патшасына елшіліктер жіберіп, соғыстың басталуына Тәуке ханды кінәлайды. И.Златкиннің көрсетуі бойынша Цеван-Рабданның қайрымдылығы мен әділеттігіне сенуге болмайды. «Соғыс керек болса, сылтау табылады» дегендей, Цеван-Рабдан Галдан-Бошақту ханнан кейін Жоңғар мемлекетіндегі ішкі жағдайды тез арада ретке келтіріп, жаңа жерлерді бағындыруға даярлаған болатын. 1698 жылғы Цеван-Рабданның қазақтарға жорығы барысында ол қазақ жерінің Шу-Талас өзендері өңіріндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратып, он мыңдай адамды тұтқынға алып кетеді. Жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылықтары бұдан кейін де жалғасады. Екі жақтан болып отырған ұсақ жорықтарды есептемегенде, жазба деректерде жоңғарлар тарапынан 1711-12, 1714 жылдары жаңа соғыстардың болғандығы айтылады. Өкінішке қарай, жазба дерек мәліметтерінің болмауы, бізге ΧVIII ғасырдың алғашқы жылдарында Тәуке ханның жоңғарларға қарсы  жүргізген саясаты жөнінде нақты ой-пікір немесе тұжырым айтуға мүмкіндіктер бермейді. Жоңғарлардың жекеленген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі. Талай-талай қазақ батырлары осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға жеңісті жорықтар ұйымдастырады. Тәуке ханның билігі тұсында қазақ хандығының аштарханилар әулетімен жүргізген саясаты да толық анық емес. Академиялық басылымдарда Тәуке ханның Бұқара ханы Сұбханқұли ханмен 1687-88 жылдары Ташкент мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізгендігі жөнінде ғана айтылады. Ал енді орыс мемлекетімен Тәуке ханның жүргізген саясаты мәселесіне келсек, екі жақты байланыстар сауда және шекаралық істер төңірегінде дамиды. XVII ғасырдың соңында Ресейдің билігіне I Петрдің, Қазақ хандығына  Тәуке ханның келуіне байланысты екі ел арасындағы байланыстар жандана бастайды. Ресейдің Шығыс елдерімен жүргізген сауда жолдарының бір тармағы Қазақстан арқылы өткендіктен керуендердің қауіпсіздігіне кепілдік, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшері және Ресей мен Қазақстан шекарасының маңында тұратын тұрғындар арасындағы әртүрлі дау-дамайлар мен ірілі-ұсақты жанжалдар да елшіліктер арқылы шешіліп отырады. 1683-1693 жылдар аралығында Тәуке хан жоғарыда аталған мәселелер бойынша Ресейге бес елшілік жібереді. Тәуке ханның елшілері Сары мен Келдей, Тұманшы батыр мен Қабай, Құлтыбай Аталықовтар осы кезеңде Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды жүргізуде белсенділік танытады. ΧVII ғасыр соңындағы Тәуке ханның Ресеймен жүргізген қарым-қатынасы тең дәрежелес деңгейде жүргізілгенін байқау қиын емес. Егерде бір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына бөгет жасалса, Қазақстан аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай әрекеттер жасалған. Мысалы, 1693 жылы Тәуке ханның елшілері Сары мен Көлдей орыс еліне аттанып, оларға сауда жасасу туралы шартқа қол қою міндеті тапсырылады. Бірақ та шекаралық кикілжіңдерге байланысты Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынады. Тәуке хан өзінің орыс патшасына жазған хатында «Адам атадан осы уақытқа дейін ұрылар үшін елші қамауға алу дегенді құлақ естіп, көз көрмеген еді» деп өз ренішін білдіреді. Тәуке ханның табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, екі жақты мәселе бейбіт шешіледі. Жалпы алғанда, Тәуке хан көршілес елдермен жүргізген қарым-қатынасында, әсіресе аштарханилық әулетпен және Ресей мемлекетімен арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен байланыстарын дамытуға күш салады. Тәуке ханның қайтыс болған жылын алғаш рет В.Вельяминов-Зернов шамамен 1718 жыл көрсеткен болатын. Содан бері тарихи әдебиеттер мен арнайы зерттеулердің бәрінде Тәуке ханның өлген жылы деп осы жыл көрсетіліп келеді. Тек соңғы жылдары жарық көрген еңбектерде ғана  бұл дата нақтыланып, 1715 жыл деп көрсетілуде. Егерде В.Вельяминов-Зерновтың көрсетуінде 1718 жыл шамамен айтылса, В.Моисеевтің зерттеуіндегі мәліметте 1716 жылы қыркүйек айында Тобыл қаласына қазақ ханы Қайыптың елшісі келгендігі жөнінде айтылады. Автордың бұл мәліметі нақтырақ болғандықтан, біз Тәуке ханның қайтыс болған жылы – 1715 жыл деген пікірді жақтаймыз. Тәуке хан ұзақ жылдар бойы Қазақ хандығының астанасы болып келе жатқан Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленеді. Бұған дейін айтып келгеніміздей, бұл кесене маңында оның әкесі Жәңгір хан, атасы Есім хан, сондай-ақ Шығай хан әулетінен тарайтын белгілі тұлғалар: Ондан сұлтан, Жәнібек хан (1628-1643) және тағы басқа белгілі адамдар жерленген болатын. Тәуке ханның артында қалған ұрпақтары туралы мәліметтер толық және жүйелі емес. А.Левшиннің дерегінде Тәуке ханнан Болат атты ұлы, одан Әбілмәмбет, ал Әбілмәмбеттен Болат хан, Әбілпайыздың тарайтындығын атап өтеді. С.Жолдасбайұлы құрастырған «Қазақ хандарының ата-тегінің кестесінде»  Тәуке ханнан Тұрсын, Мұрат, Болат хан, Сәмеке хан атты ұлдардың таралатындығы көрсетілген. Одан әрі Болат ханнан Әбілмәмбет, ал одан Болат, Әбілпайыз және Байтек атты сұлтандар өсіп-өнеді. Қазақ елінің XVIII ғасырдағы  тарихында Тәуке ханнан тараған Болат, Сәмекелер, ал олардан кейін Әбілпайыз сұлтан өзіндік із қалдарған. Олар жөнінде әңгіме басқа. Тәуке ханнан соң Қазақ хандығының  тарихында бытыраңқылық кезең басталып,  оның ақыры XIX ғасырдың 20-жылдарында тарихтың көшінде қалуымен аяқталады. Бытыраңқылық кезең ол Қазақ хандығы тарихындағы арнайы жеке қарастырар жеке дәуір болып саналады. Осылайша, Тәуке ханға қатысты  жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, төменде мынадай жалпы тұжырымдар жасаймыз. Бірінші, Тәуке ханның арғы-бергі ата-бабаларының бәрі дерлік XIII-XVII ғасыр  аралығында Қазақстан аумағындағы саяси биліктің жоғары сатысында болып, осы ғасырлардағы саяси тарихта терең із қалдырған, қазақ елінің қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосқан тарихи тұлғалар болған. Өз кезегінде Тәуке хан да өзі билік құрған жылдары ата-баба жолы мен дәстүріне сай Қазақ мемлекеттілігінің  дамуына еңбек сіңіріп, есімі ел есінде сақталып қалған тұлғалардың қатарына жатады. Екіншіден, Тәуке хан билікке келгеннен кейін қазақ қоғамында ұзаққа созылған дағдарыстарды құқықтық негізде реттеу үшін «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, оны қоғамдық өмірде кең қолданысқа енуіне бар күшін салады. Ішкі бірліктің біршама сақталуы оның билік құрған жылдарын салыстырмалы түрде  «алтын ғасыр» деген теңеуге алып келеді, халық оны әз-Тәуке деп атап кетеді. Үшіншіден, оның билік құрған жылдары жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп берумен тұста-тұс келеді. Тәуке ханның тұсында ішкі бірлік пен мемлекеттік биліктің сақталуы жоңғар билеушілерінің жорықтарына төтеп беруге мүмкіндік береді. Басқа көрші елдермен бейбіт қатынас орнатуға күш салады. Жалпы алғанда, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білген. Ол қайтыс болғаннан кейін қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталады.    

Б.КӘРІБАЕВ,

 ҰҒА корреспондент мүшесі,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры