Алматы ауруханаларында 500-ге жуық адам карантинде жатыр

Алматы ауруханаларында 500-ге жуық адам карантинде жатыр

Алматы ауруханаларында 500-ге жуық адам карантинде жатыр
ашық дереккөзі
Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін бүгінгі таңда Алматы қаласының түрлі медициналық нысандарында 490 адам карантинде жатқызылған. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы хабарлады.  «Карантинде жатқан тұлғалардың ешқайсысында катаралды өзгерістер және дене қызуының көтерілуі байқалмады. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1а санатындағы ҚХР, Италия, Оңтүстік Корея, Иран елдерінен келген тұлғалар 14 күндік карантинге оқшауланады. 14 күндік карантин аяқталған соң дәрігерлер 10 күн бойы телефон арқылы хабарласып жағдайын біліп тұрады» - деді басқармадан. 1б санатындағы Франция, Германия, Испания елдерінен келген тұлғалар үй жағдайындағы карантинге оқшауланады. «Оларға 14 күн бойы қонаққа баруға, туыстармен араласуға шектеу қойылады. Барлық тұлғалар карантин талаптарына қатаң бағынуы тиіс. Олай болмаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Егер карантиндегі адам қонаққа барған болса жергілікті емхана қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментіне шағым түсіреді. Бұл мекеме ары қарай құқық қорғау органдарына арызданады», делінген хабарламада. Алматыда қазір 2-санаттағы Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланды елдерінен келген тұлғалар күнделікті медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Басқарманың хабарлауынша, барлық медициналық мекемелер дәрілік заттармен, медициналық құралдармен қамтылған. Медициналық персоналды жұқпадан қорғау мақсатында 3 мың жеке бас қорғаныс құралы жасақталған. Барлық медициналық ұйымдар зарарсыздандыру құралдарымен, антисептиктермен қамтылған. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус инфекциясының Қазақстанға кіру ықтималдығына қатысты ғалымдар болжамымен бөліскен. Оның айтуынша,  наурыз айының 11-16 аралығында Қазақстанда коронавирус тіркелуі мүмкін.