Голландиялық Натан Виссер: Амстердамда жүріп, қазақ ауылының тіршілігін сағынамын

Голландиялық Натан Виссер: Амстердамда жүріп, қазақ ауылының тіршілігін сағынамын

Голландиялық Натан Виссер:  Амстердамда жүріп, қазақ ауылының тіршілігін сағынамын
ашық дереккөзі
Шетелдіктер өзге елдің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін танып-білу мақсатында дүниенің әр бұрышына барып тұруды құп көретіні бел­гілі. Ортаға сіңісіп, тілді үйреніп алғаннан кейін, сол елмен қимай қоштасып, қайта оралғысы келіп тұратындар да баршылық. Қазақстанда он жылдай уақыт тұрған Натан Виссер есімді голландиялық азаматтың қазақ тілінде еркін сөйлеп, балаларына қазақша есім бергені  туралы біреу білсе, біреу білмес. Қазақстандағы өмір салтын, әсі­ресе, Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Көктал ауылындағы өмірін, арбаға таңылған балаларды емдеумен айналысқанын сағынып жүрген Натанмен хабарласқан едік. – Натан, Қазақстанға алғаш рет табаныңыз тиген 2005 жылға оралсақ. Бастапқыда бірден көшіп келмей, жай турист ретінде келдіңіз бе? – Иә, турист боп келгенмін. 2004 жы­лы Амстердамда Қазақстанда тұратын бір америкалық, бір ұйғыр және бір қазақпен танысқанмын. Олармен етене араласа бастаған соң, үшеуі мені қонаққа шақырды. Сөйтіп алғашында 2005 жы­лы туристік визамен бір айға келдім. Сол кезде Қазақстан маған бірден ұнап қал­ды. Әсіресе, мұндағы адамдардың қо­нақжайлылығы мен ашықтығы қатты ұнады. Мені күн сайын қонақтан-қонаққа шақырып, қыдыртып жүргенде таңғалдым. Сосын Алматыдағы таулардың әде­мілігі мені ерекше баурап алды. Одан бө­лек Шарын, Шелек секілді өңірлердің де әдемілігі тамсантпай қоймайды. Сөй­тіп өзім үшін тың, жаңа мемлекеттің осын­дай сипатына таңғалысып, Голландия­ға қайттым. – Содан қателеспесек, арада бір жыл өтер-өтпес уақытта Қазақстанға қайта келдіңіз әрі осы жолы ұзақ уақыт тұрақтадыңыз. Мұнда саяхаттаудан бөлек, бір жұмыс көзін тапқанға ұқсайсыз? – Негізі, бір жылға жеткізбей қайтып келгім келген. Алайда ол кезде студент­пін, тек бос уақытымда жұмыс істеймін. Ақ­шам аз. Ал Қазақстанға қайта бару үшін қаражат керек. Сөйтіп 5-6 ай бойы ақшамды үнемдеп, қайтсем де қайта баруды мақсат етіп қойдым. Алдын ала билет алып қою дегенді ұмытып кеткенмін. Тұп-тура барамын деп әзірленіп жүргенде Алматы-Амстердам бағытында билет болмай, ақырында жинаған қаражатымды басқа нәрсеге жұм­сап жібердім. Сөйтіп, сенбі және жек­сенбі күндері қауымдастықта жиі жи­налып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Ме­нің Қазақстанға қайта барғым келіп жүр­генін білетін сол қауымдастық мүшелері Алматыға дейін тегін билет сыйлады. Билетті қалтама салып алып, алды-артыма қарамай, әуежайға қуана жүгіргенім есімде. Ұшаққа кірер кезде қасымдағылар: «Неге Испания немесе Италияға емес, неге Қазақстанға кетіп барасыз?» деп таңғалғаны бар. Алайда олар менің саяхаттау үшін емес, жұмыс үшін кетіп бара жатқанымды қайдан білсін? Жұмыс демекші, менің мамандығым – эрготерапевт. Қазақстандағы достарым бұрыннан «Сенің мұнда келгенің жақсы, Қазақ­станда эрготерапия әлі дамымаған. Келсең көмек болады» деп айтатын. Сөйтіп, 2006 жылы көшіп келдім. Бастап­қыда Алматыда бір ай бойы гуманита­риялық көмек көрсететін қорда жұмыс істедім. Қордың директоры мұнда көп уақытқа тұрақтау ниетімді білген соң: «Алдымен қазақ тілін үйрен. Жұмыс күте тұрады. Онда сен ауылға бар, сол жерде қазақша жақсы әрі жылдам үйренесің. Алматыда тіл үйрену қиын» деп айтты. Сөйтіп мені Алматы облысы, Панфилов ауданындағы Көктал ауылына жіберді. Оның үстіне бұл өңірде менің мамандығыма қатысы бар жоба жүргізіліп жатқан болатын. – Шетелде студенттерді оқуға жіберу немесе тіл үйрету үшін арнайы келісімшарт жасасып, бір отбасыға орналастыру практикасы кеңінен қолданылады. Ал Қазақстанда мұндай тәсілдің қолданысқа еніп, шетелдік азамат тіл үйрену үшін ауылдағы қазақ отбасында тұрды дегенді сізден алғаш рет естіп тұрмын. Көктал ауылында екінші отбасыңызға айналған Cармановтар әулетімен қалай таныстыңыз? – Ауылдағы ауруханада істейтін әріп­тестер менің Голландиядан әрі қазақ тілін үйрену үшін келе жатқанымды ай­тып, ауыл тұрғындарынан сұрастырған. Сөйтіп олар Берік әкем мен Әлима шешемнің жанұясын ұсынған. Ол кісілер бастапқыда «Үш ай тұрып көрсін» де­ген. Ақырында сол үш ай үш жылға ұла­сып кетті ғой (күліп). – Сұхбатымыздың алғашқы секундынан-ақ бірде-бір ағылшын не­месе орыс тіліндегі сөзді қоспай, таза қазақ тілінде әңгімелесудесіз. Тек бір-екі сөзді ғана ұмытып қалыпсыз. Алайда мені тоқтатып қойып, әлгі сөздердің мағынасын өзіңіз тауып, өзіңіз айтқанша асықтыңыз. Соған қарағанда қазақ тілін Алматыда емес, Көкталда үйренгеннің пайдасы зор секілді? – Дұрыс айтасыз. Алматыда қалсам, бұлай тез үйренбес те едім. Негізі, маған ауылда қазақ тілін үйрететін оқытушы тауып берді. Оқытушыдан бөлек, үйде және базарда жүріп үйрендім. Сөйлей бердім, сөйлей бердім. Базарда тұрғандардың алдынан бір өтіп кетемін де, айналып келіп қайта сөйлесемін. Олар маған таңғалады. Сосын Берік әкем және Әлима шешеммен бірге Әнұранның сөзін жаттап, лағман созуға көмектесіп, ас әзірлеп жатқанда жаңа сөздерді үйреніп алатынмын. Жалпы, ол кісілердің қолынан көп нәрсе үйрендім. Үлкен бір мектептен өттім. Ауылдың өмірін көрдім. Флякпен де су тасыдым, далада отынды да жардым. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Бір сөзбен айтқанда нағыз ауылдың қазағы болдым ғой (күліп). Жалпы айтқанда, 24 сағат бойы қазақ тілді ортада болдым. Жай жүріп қана қоймай, барлығын диктофонға басып алатынмын. Сосын демалыс күндері мұндағы жаңа сөздерді қайталаймын да жаттаймын. Келер аптада қолданысқа енгізіп, зуылдай жөнелемін. Негізі, тіл үйренуді алдымен тыңдаудан бастау керек, сосын сөйлеу, оқуды қолға алып, сосын ғана барып жазуға көшу керек. Бұл сәбидің әрекеті секілді процесс, сәби бастапқыда тыңдайды, сосын ақырындап тілі шыға бастайды. Сөйтеді де артынша оқу мен жазуды үйренеді. Мұны маған Алматыда «Өркен» деген тіл үйрететін мектептегілер түсіндірген болатын. Алматыда еңбек еткен алғашқы айда осы мектепте оқығанмын. Бірде-бір бөтен сөз қоспадыңыз дейсіз. Мұның себебін түсіндірейін. Көкталда жүргенімде байқағаным, кейбір қазақтарға шанышқыны «вилка», қаңтар мен ақпан айын «январь» және «февраль» деп айту әдет болып кеткен. Бастапқыда расымен қазақшасы вилка шығар деп сөздікті ақтардым. Сөйтіп мұның «вилка» емес, шанышқы екенін білгенімде, тек қазақ тіліндегі нұсқасын үйренемін, орысша я ағылшынша сөзбен араластырмаймын деп мақсат қойдым. – Ендігі кезекте атқарған жұмысыңызды сөз етсек. Мұнда арбаға таңылған адамдарды аяғынан тұрғызу үшін сізді тек бір ауылды емес, күллі ауданды аралаған деседі. Жоғарыда достарыңыз айтқандай, елімізде енді дамып келе жатқан эрготерапия деп аталатын бұл ем-дом түрін қолға алу қиынға түскен жоқ па? – Жоқ, қиынға түспеді. Негізінен, мен бір үлкен іс жасадым деп айта алмаймын. Бұл жағдайда науқастар өз-өздерін емдеп шықты. Кеше теледидардан ауруынан айыққан Айтқұрма есімді баланың маған алғысын жаудырып, ризалығын білдіріп жатқанын көрдім. Бірақ оған тек қолдау көрсеттім. Аурухананың бас дәрігері онымен таныстырғанда тоғыз жастағы бала болатын. Менімен әңгімелескенде: «Өз аяғыммен жүргім келеді, ел қатарлы мектепке барғым келеді. Сосын ата-анама бау-бақшаға көмектескім келеді» деп тілегін айтты. Оның бұл мұқтажын түсінген мен оған жаттығу жасатып, кеш соңында үй тапсырмасын беріп отырдым. Үнемі қолдау білдіріп отырдым. Эрготерапияның мақсаты тек аяғынан тік тұрғызып қою ғана емес, сонымен қатар баланың өмірін жақсарту, ортасын анықтау. Ата-анасы кешке дейін жұмыста болғанда балаларға ата-әжелері қарайтынын білеміз. Ал ол кісілер мұндай «ерекше» балалармен жұмыс істеудің жөнін біле бермейді. Сол себепті үй-үйді аралаймыз. Кейбір кезде ауруханаға да әкеп тұрады. Дегенмен арбаға таңылған науқастар туралы сұрастырып, біліп, өзім барып тұрдым. Жаңылыспасам, Панфилов ауданында әр ауылда бір баланы қарап шыққан шығармын. – Жарыңыз Эйвелин де еліміздің оңтүстік өңірінде жұмыс істегенінен хабардармыз. Эйвелин демекші, онымен Қазақстанда танысқан екенсіз. Өзіңіз Көкталда, ал Эйвелин Шымкентте жұмыс істей жүріп, қалай танысып жүрсіздер? Бір ұлттың өкілі бола тұра, екеуіңіздің дәл Қазақстанда танысып, табысқандарыңыздың өзі бір қызық... – Барлығы солай ойлайды екен. Негізінен, мен оны Шымкентке дейін таныған болатынмын. 2008 жылы екі айға демалуға Голландияға келгенмін. Сөйтіп, құр демалып жатпайын деп, Амстердамда студенттерге презентация бердім. Ал Эйвелин болса басқа конференцияда Қазақстанда істейтін эрготерапевт осындай іс-шара ұйымдастырғалы жатыр деп күн ілгері естіген. Сөйтіп менің жұмысыма, өмір салтыма қызыққан ол басқа қаладан Амстердамға арнайы келді. Презентация барысында аз-маз сөйлестік, кейіннен хат жазысып та жүрдік. Сөйтіп жүргенде бір студент қыз екеуі Қазақстанға барғысы келетінін айтты. Осылайша 2009 жылы бес айға менің қасыма көмекке келді. Сөздің шыны керек, бастапқыда арамызда ешқандай махаббат сезімі туындаған жоқ. Жұмыс-жұмыс деумен жүрдік. Бес айдан соң ол Голландияға қайтты. Артынша Қазақстанды, мұндағы жұмысты сағынып жүргенін айтты. Сөйтіп 2010 жылы арнайы жобамен Қазақстанға, соның ішінде Шымкентке қайта келді. Бұл келгенде оны ұнататынымды білдім, айырылып қалмау керек екенін түсіндім. Сол уақытта мен Көкталдан Нұр-Сұлтан қаласына жұмыспен ауысып жатқан болатынмын. – Демек Эйвелин де қазақ тілінде сөйлей алады? – Иә, сөйлей алады. Ол қазақ тілін үйренуді бастапқыда Алматыда қолға алып, сосын Шымкентте жалғастырды. Мен үш жыл қазақ отбасында тұрғандықтан, оған қарағанда жақсырақ сөйлеймін. Негізі, өзім кінәлімін (күліп). Шымкентте қазақ отбасында тұрып, тіл үйреніп жатқан жерінен алып қашып кеттім ғой. Сөйтіп, оған қазақ тілін үйренуге мүмкіндік бермедім (күліп). – Расымен алып қаштыңыз ба? – Қалжыңым ғой (күліп). Алдымен Шымкентте ұзату той өтті. Сосын келінді Нұр-Сұлтан қаласына әкеліп түсірдік. Кейіннен Алматыда беташар той, артынан үлкен той жасадық. Таңға дейін тойлаттық, кәдімгі қазақтың тойы болды. Барлығы да қазақи салт-дәстүр бойынша өтті. Сосын Голландияға қайтып, заң бойынша некемізді қиып, туыстарымызбен бір тойлаттық. Голландиядағы тойымызға Әлима шешем мен Әйгерім қарындасым келді. Барлығы қызықты өтті. – Голландияда балаларыңыз дүниеге келгеннен кейін, Қазақстанға қайта келдіңіз бе? – Балаларым өмірге келгеннен кейін, 2011–2012 жылдары әңгіме басында айтқан жоба аясында жұмыс істедім. Алайда 2013 жылы бөлек жұмыс істегім келіп, «Арман» орталығын аштым. Мұндағы мақсат – өзімнің ауылым атанып кеткен Көктал ауылына көмектесу және арбаға таңылған өзге де жандарға көмектесу. Екі қолым бар, екі аяғым бар, алайда барлығына бірдей көмектесуге мүмкіндігім жоқ. Сөйтіп жобадан тыс, өзім бизнес жасау керек деп ойладым. Бизнес десе, көзге бірден ақша елестейтіні белгілі. Алайда, мен ақша табуды көздеген емеспін. Жаныма жақын болып кеткен жандардың аяқтан тік тұрып кеткенін өз көзіммен көргім келді. «Арман жобасы» үш жылдай жақсы жұмыс істеді. Алайда девальвация кезінде ісіміз оңға баспай, ақырында жабылып, 2016 жылы Голландияға отбасыммен көшіп келдім. Қазіргі таңда Голландияның солтүстігінде орналасқан Меппел қаласында тұрамын. Мұнда аяқ-қолы істемейтін адамдарға арналған арбалар, арнайы велосипедтер, токпен жүретін құрылғылар және өзге де жаңа технологияларды жеткізумен айналысамын. Әлбетте, балаларымның тәрбиесіне көңіл бөлемін. – Ең ерекшелігі сол, өз еліңізде дүниеге келген балақайларыңызға қазақ есімдерін беруді құп көріпсіз. Бұл идея қайдан туындады және неліктен Берік, Аяна және Сәуле есімдерін таңдадыңыз? – Қазақ есімдері болғанымен, үшеуі де айтуға жеңіл әрі жақсы естіледі. Берік есімін таңдаған себебіміз – екі елге де таныс әрі айтылуы оңай есім. Мысалы, Голландияда Эрик деген есім бар. Оның қасында Берік десе де, ешкім аса мән бермейді.  Оның үстіне, берік сөзінің мағынасы мықты, батыр деген ұғымды білдіреді. Берік деген есім ұлыма жарасады. Ал Аяна есімді екінші балам бізге аян секілді, жақсы хабар ретінде келді. Екінші баламыздың болу-болмауын уайымдап жүрген болатынбыз. Сосын астанадағы бір невролог досым «Құдайдан тілеп алған бала, оған осы есімді қойсаңдар жақсы естіледі» деп кеңес айтты. Ал кенже қызым Сәуле өмірімізге күннің сәулесі болып енді. Үнемі күліп, жарқырап жүреді. – Тілді үнемі жаттықтырып, қолданып тұрмасаң, гүл секілді солып қалатыны белгілі. Өз еліңізге оралғаныңызға үш-төрт жылдан асса да, қазақ тілін әлі ұмыта қоймапсыз. Мұнда сіз араласып тұратын қазақтілді орта бар ма? – Қазақ тілін оңай ұмыта қоймаспын (күліп). Осыдан екі жыл бұрын Атырауға курс өткізуге шақырды. Оның үстіне кенжем Сәулеге Қазақстанды көрсеткім келіп, қонақ ретінде келгенмін. Әлгі курсты тек қазақ тілінде өткіздім. Шынымды айтсам, бірінші күні аз-маз қиналғаным бар. Сосын әбден ортаға сіңісіп кеткен соң, екінші күннен бастап қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде емін-еркін сөйлей бастадым. Қазір де солай сөйлеймін. Өткен аптада Қытайдан келген бір қазақпен кездестім. Алдыңғы күні Амстердамда бір қазақ досым қонаққа шақырды. Отбасымызбен жиналып, палау жедік. Сөйтіп, Көкталдағы біраз нәрселер есіме түсті. Мұнда қазақтар саны аз, бірақ хат-хабар алысып тұрамыз. – Алдағы уақытта Қазақстанға келу жоспарыңызда бар ма? – Баруым керек. Баруға тиіспін. Алайда қашан және қалай болатыны белгісіз. Мұнда жұмысым, отбасым бар. Бұрынғыдай қалаған уақытымда бара алмаймын. Жай бармай, арнайы бір жобамен немесе ұйымның жетекшілігімен барғым келеді. Сосын біреу шақырса, барар едім, бірақ әлі ешкім шақырған жоқ. Негізінен, қайта барудың жолдарын ойластыру үстіндемін. Оның үстіне, бұл елді сағынып жүргенімді жасыра алмаймын. Әсіресе, Көктал ауылын. Өзімнің ауылым ғой (күліп). – Қазақстанда он жылға жуық танып-біліп, тұрмыс-тіршілігін зерттеген шетел азаматы ретінде қазақ халқын бір сөзбен сипаттап бере аласыз ба? – Бір сөзбен емес, үш сөзбен сипаттап берейін. Өте кішіпейіл, өте ашық-жар­қын және өте қонақжай халық. Қа­зіргідей қатал заманда бұл кере­мет әрі дұрыс мінез. Әр ұлт осындай мі­незді, осындай сипатты болса, өміріміз жақ­сырақ әрі жарқынырақ болатыны сөз­сіз.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ