Әкімдер есебіндегі көзбояушылық жойыла ма?

Әкімдер есебіндегі көзбояушылық жойыла ма?

Әкімдер есебіндегі көзбояушылық жойыла ма?
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекітті. Президент қол қойған Қаулыға сәйкес, бұдан былай министрлер мен әкімдер халыққа есеп беру кездесулерін бейнеконференция байланысын пайдаланып, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда және ақпараттық интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастыра отырып өткізуі тиіс. Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер есеп беру кездесуін өткізерден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдаулары керек. Жаңа қаулыны  әкімдер мен министрлердің жаттанды баяндамаларынан жалыққан жұрт қуана қабылдады.  Ескі сүрлеуден жаңылмайтын есептік жиындар енді жаңа сипат алмақ. Елде қалыптасқан дағды бойынша жыл сайын қаңтар-ақпан айларында ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері халықты жинап, бір жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін береді. Ел алдына шыққан кей әкімдер әйгілі әртістердей құрмет-қошеметке бөленсе, енді бірі тұрғындардан сын естіп, дау-дамайдың ортасында қалады. Әрине, атқарылған шаруалар жайлы халықты хабардар етудің маңызы зор. Алайда  әкімдердің есептік жиыны ұзын-сонар баяндама форматынан әлі күнге дейін арылмағаны жұртқа аян. Биыл да әдеттегідей қаңтардан бастал­ған әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері ақпанның ортасына дейін жалғасты. Барлық деңгейдегі әкімдер тегіс есеп берді. Бар­лығына бірдей қатыспасақ та, әкімдік­тер­дің ресми сайттарында, ақпарат құрал­да­рында жарияланған баяндамаларды шо­лып шықтық. Бәрі егіз қозыдай бір-біріне ұқсас: пайыздық көрсеткіштер, сірескен сан­дар, жіпке тізілген жетістіктерден көз сүрі­неді. Тұшынып оқитын жалқы мысалдар, нақты нәтижелер жоққа тән. Есепте­рі­нің форматын өзгертіп, мазмұнын жаңа­ша­лау тұрмақ, ескі баяндамасындағы цифрлар­ды ғана жаңартып, жыл сайын бір мәтінді оқып беруден әрі аспайтын әкімдер де бар. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкім­дердің жылына бір рет беретін есебін көз­бояушылық деп бағалағаны сондықтан бол­са керек. Өткен жылы Түркістан облысына жұ­мыс сапарымен барған Президент өңірдегі атқарушы орган басшыларына: «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке бай­ланысты. Үкіметтің, министрлердің, бар­лық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, про­куратураның, соттардың басты мақса- ты – азаматтардың құқығын қорғау. Орта­лық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жы­лына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс іс­теуі керек», – деп ескерткен болатын. Алайда биылғы есептік жиындар Мемлекет басшысының ескертуі елеусіз қал­ға­нын айғақтайтындай. Басшыларының кем­шілігін жасырып, жетістігін асыру үшін ай­мақтардағы әкімдіктердің көбі ескі «сценарийден» аттамай, жиын өтетін залды ірік­телген адамдармен толтырған. Мәселен, желіде қызу талқыланған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қар­дарбековтің жылдық есебі өзгелерге қа­ра­ғанда мұғалімдерді қызықтырған сияқты. Әкімнің халықпен кездесуіне қатысқан Malim.kz тілшісінің айтуынша, жиынға қа­тыс­қандардың басым бөлігі – мұғалімдер мен балабақша қызметкерлері. Ғимараттың кіреберісінде қолдарында ақ қағазы бар екі азамат келгендерді тізімге алып отырған. Тізім түгелденіп, зал толған соң әкім әдетте­гідей жаттанды баяндамасын оқуға кіріскен. Аудан басшысы сөзін аяқтағанша қалғып-мүл­гіп әрең отырған тұрғындар сұрақ-жауап кезеңіне жеткенде ғана ұйқыларынан оя­ныпты. Сауал қою үшін ортаға шық­қан­дар­дың бірі мұғалімдерді еркінен тыс жинап алуға қарсылық білдірген. «Мұғалімдерге жұмыс жоқ па бүгін? Сіз есеп береді деп жұмысты тоқтатқан ба бар­лығы? Жылда осылай отырады. Сабақ қай­да?» – деп кездесуге келгендердің бірі әкімді ты­ғырыққа тіреген. Алайда Мұса Қалдар­беков жиынға қатысушылардың бәрі ерікті түрде келгенін алға тартыпты. Ешкім мәж­бүр­лікпен келмесе, тізім түзудің, кісі түген­деудің неліктен қажет болғаны түсініксіз.

«Әкімге қандай сұрақ қоятыныңызды ескертіңіз!»

Жиынға қатысушыларды тізіммен кіргізу өз алдына, әкімге қойылатын сұрақ­тар­ды алдын ала тексеруді әдетке айнал­дыр­ған­дар да бар. Өткен жылы Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімімен болатын кездесу алдында аудан белсенділеріне ескерту хабарлама жіберілгені жайлы ақпарат тарады.  Әкіммен кездесу өтетін орынды ескерткен әлгі хабарламада аудан басшысы Павел Ку­ла­гинге қойылатын сұрақты алдын ала әкім кеңесшісі Салтанат Болысқызымен келісіп алу керектігі жазылған. Қандай сұрақ қоя­ты­нын айту үшін Салтанат Болысқызына ха­барласқан әріптестеріміздің біріне әкім­нің кеңесшісі «батасын» беріп, сауалын қоюға рұқсат етіпті. Тек «біз көтерген мәсе­ле­ге қатысты әкім келмеді деп айтпаңыз. Әкім­шілік қызметкерлері келмеді деп ай­тыңыз!» деген ескерту жасаған көрінеді. Әкімдіктегілердің жиын қарсаңындағы мұндай белсенділігінің сырын ұғу үшін ас­қан ақылдың қажеті жоқ секілді. Ауылда жи­налыс өтсе, оған аудан әкімі, ал ауданда жи­налыс болса, қала әкімі немесе оның орын­басары қатысатыны бесенеден белгілі. Өзінен жоғары басшылардың алдында кез кел­ген әкім өзін жақсы жағынан көрсеткісі ке­леді. Жиынның у-шусыз, дау-дамайсыз өт­кенін қалайды. Ыңғайсыз сұрақ қоятын, кем­шіліктерді көрсететін көлденең адам­дардың болмағаны дұрыс. Айтқанға кө­не­тін, кел деген уақытта қажетті жерден та­бы­­латын, артық ауыз сөз айтпайтын, қол­дап, қошеметтеп отыратын кісілерді жинаса, әкімнің ұпайы түгел болары хақ. Алда-жалда «сценарий» бұзылып, әкімнің атына сын айтылып, мін тағылып жатса, БАҚ арқылы жалпақ жұрттың құлағына жетеді. Сон­дықтан әкімнің мансабына кедергі кел­тіретін адамдарды жиын өтетін залға жо­лат­пау кей өңірде қалыпты құбылысқа ай­налғандай.  

Түкке қажеті жоқ, түсініксіз есеп

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да әкімдер мен министрлердің есептік кездесуінде көзбояушылық пен фор­ма­лизм көп деп есептейді. Халық қалау­лы­сы күнделікті жұмыстарын тізбелеп беретін ше­неуніктердің баяндамасын тыңдау үшін шал­ғайдағы өңірлерден ат арытып келетін­дердің уақыты мен қыруар қаржысы бекер шығын болатынын айтады. Депутат көп­ші­лікті мезі еткен жиындардың форматын тү­бегейлі өзгерту керек деп есептейді. «Мейлі министр, мейлі әкімнің есебі бол­сын, ұзын-сонар баяндаманың түкке қа­жеті жоқ. Өйткені ол БАҚ-та алдын ала жа­рияланады. Халық оны өзі-ақ оқып алады. Тікелей сұрақ-жауап форматына көшу ке­рек. Өткір сұрақ қоятын азаматтар ішкі сая­саты бар, басқа құрылымдары бар, кө­біне ішке кіргізілмейді. Көптеген мәселе қа­саң цифрлардың тасасында қалып, әкім­нің бір жылдық жұмысы пайыздық есепке ғана құрылады. Оны келген азаматтар түсін­бейді. Халықтың сұрағына жауаптар со­зылып кетеді. Мәселенің шешімін шенеу­ніктер бір-біріне сілтейді. Тұрғындардың сауа­лына тікелей жауап берілуі керек», – дей­ді Мұрат Бақтиярұлы. Тұрғындарға судыратып оқып берген баян­дама мен құрғақ уәделер емес, түйткілді мә­селелердің шешімі қажет екенін кей би­лік өкілдері елеп-ескергісі келмейтіндей. Ха­лыққа қызмет етуі үшін әкімдерді ха­лық­тың өзі сайлауы керек шығар, бәлкім. Әйт­пе­се, олар кімнің мүддесі үшін жұмыс іс­теуі керегін, кімге есеп беруі тиіс екенін әлі жете ұғы­на алмай жүрген секілді.   Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Билік өкілдеріне люстрация жасап отыру керек

– Әкімдердің есептік жиыны көбіне формальды түрде өтеді. Басшының ұпайын арттыруға бағытталған пиар-ак­ция­ларға ұқсайды. Әкімнің командасы мен жергілікті БАҚ бірле­се жұмыс істеп, әкімнің мақтауын асырғаннан кейін орта­лық­та да сондай пікір қалыптасады. Шындығында, аймақ­тар­дағы жағдай әкімдердің баяндамасындағындай керемет емес екенін аңғарып жүрміз. Десе де, көш түзелеріне үмітіміз бар. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» концепциясын ұсынғалы бері алға жылжу байқалады. Өз қарым-қабілетін көр­сете алмаған, міндетін дұрыс атқара алмағандарды қызметінен босату, жақсы нәтиже көр­сеткен жастарды  қолдау секілді қадамдар жасалуда. Осындай шаралар интенсивті түр­де жүзеге асырылса, оң өзгерістер болары анық. Саясатта «люстрация» деген ұғым бар. Бұл бұрынғы билік өкілдерінің басқару қызметінен біржола кетуін, аппараттың то­лықтай жаңалануын білдіреді. Мұндай жағдайда жаңа команда өзіне дейінгілердің бы­лығын ашып, қателіктерін қайталамауға күш салады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жем­қорлық деректерінің азаюына оң ықпал етері сөзсіз.