Ханау мигранттарын қанауға жол берген кім?

Ханау мигранттарын қанауға жол берген кім?

Ханау мигранттарын қанауға жол берген кім?
ашық дереккөзі
Германиядағы Ханау қаласының тұрғыны Тобиас Ратьен есімді 47 жасар неміс азаматы ұлттық және діни алауыздық, жеккөрушілік негізінде бейбіт адамдарға оқ жаудырған. Ханау қаласының орталығында орналасқан екі кальян барға кезекпен-кезек баса көктеп кірген Тобиас Ратьен тоғыз адамды атып өлтіріп, алты адамды жаралаған. Бұл қылмысынан кейін үйіне қайтып оралған ол 72 жастағы өз анасын өлтіріп, артынша өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Белгілі болғандай, радикалды көзқарасты ұстанған Тобиас қылмыс жасар алдында жеке веб-сайтына 24 беттік манифест жариялап, желіге арнайы видеоүндеу жүктеген. Бұл материалдарға сәйкес, ол ғаламды этникалық тазалаудың жоспарын құрып, соның ішінде Таяу Шығыс елдеріндегі, сондай-ақ, Азиядағы бірқатар аймақтарды, Солтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік Американы мекендейтін тұрғындар мен «аралас» немістерді жоюға ниетті екенін білдірген. Германияның бас прокуроры Петер Франктың айтуынша, қаза тапқан тоғыздың түгелі дерлік мигранттар, соның ішінде бес түрік азаматы, олардың арасында этникалық күрд азаматтары да болған. Түркия Президенті Реджеп Эрдоған Германия мемлекетін исламофобияға қарсы күресте айтарлықтай күш салмай жатқандығын сынға алып, бұл қылмысты түрік халқына қарсы жасалған нәсілшілдік шабуыл деп бағалады. Оқиға орнына арнайы келіп, гүл шоқтарын қойған Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер немістер мен өзге ұлт өкілдері нәсілшілдікті жеңу жолында бірігу керек екенін жеткізді.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ