Бұдан былай полицейлер күзет қызметін атқармайды – Тұрғымбаев

Бұдан былай полицейлер күзет қызметін атқармайды – Тұрғымбаев

Бұдан былай полицейлер күзет қызметін атқармайды – Тұрғымбаев
ашық дереккөзі
Бұдан былай спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Ішкі істер органдарының бөлімдерін жаппай тарту тоқтатылады. Бұқаралық шараларды ұйымдастырушылар жеке күзет құрылымдарының жұмыскерлерін тартады немесе  еріктілердің көмегіне сүйенеді.  Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.  «Сот, прокуратура, салық органдары секілді мемлекеттік нысандарда 12 мың полицей тектен-тек күзетшілердің жұмысын атқарып,  қор болып жүр. Сол себепті бұл функция лицензиясы бар жеке күзет фирмаларына берілмек. Бүгінгі таңда полиция құрамы 11 пайызға қысқартылған. 1500-ге жуық басшылық лауазым таратылыпты. Жол-патрульдік полициясы патрульдік болып қайта ауыстырылған. Штатты оңтайландыру нәтижесінде 16 млрд.теңге үнемделген. Осылайша қызметкерлердің жалақысын арттырамыз», – дейді министр. Сондай-ақ, министр бұдан кейін ішкі істер саласындағы мемлекеттік қызметкерлерді  тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қозғады.  «Тұрғын үйді жалға алу өтемақысын алатын қызметкерлердің санын көбейттік. Жедел тергеу бөлімдерімен мұндай құқық учаскелік қызметкерлерге, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларға, патрульдік полицейлерге де берілді. Қазір өтемақыны 15500-ден астам тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлер алады. Әлі де 17 мың қызметкер баспана кезегінде. Бүгінде Ішкі істер министрлігі ғана қызметкерлерін толық үймен қамтамасыз етпеген орган болып тұр», – дейді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.  Министрдің айтуынша, ведомстволық білім беру жүйесі де оңтайландырылған. Полицейлерді даярлайтын 12 оқу орнынан  үздік 5-уі ғана қалған. Яғни Ішкі істер министрлігі бакалавриат бағдарламасы бойынша маман даярлаудан түбегейлі бас тартып отыр. Дегенмен, ведомство жүзеге асырып жатқан кейбір жаңашылдықтар Сенат депутаттарының көңілінен шықпады. Олар арнайы оқу орындарының қысқартылғаны, кейбір құрылымдардың біріктірілгені бұрыс деп есептейді.