Коронавирустың алдын алуға бөлінген 2 миллиард теңге қайда кетті?

Коронавирустың алдын алуға бөлінген 2 миллиард теңге қайда кетті?

Коронавирустың алдын алуға бөлінген 2 миллиард теңге қайда кетті?
ашық дереккөзі
Қазақстанда коронавирус табылмаса да, шенеунік­тер онымен күреске бөлінген 2 миллиард теңгені жұмсап қойыпты. Бұл туралы aikyn.kz жазды. Бұған әлеуметтік желілерде жұрт наразылық білдіріп, шенеуніктерден түсініктеме беруді талап етті. Бірақ журналистер әңгімеге тартқан лауа­зымды шенеунік ақшаның қайда кеткенін айта алмайтынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мың да, миллион да емес, миллиардтаған бюджет қаражатының қайда жұмсалып кеткенін халыққа айтуға рұқсат етілмегенін айтты. – Коронавируспен күреске ақша Үкімет қаулысына сәйкес бөлінуде. Дегенмен оған қатысты мәлімет «Қызмет бабында пай­да­лану үшін» деген ақпаратқа жа­та­ды. Мұны Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі ойлап тапқан жоқ, ол Үкі­меттің қаулысы. Мен қуана-қуа­на айтып берер едім, алайда ондай құқым жоқ, – деді Е.Біртанов. Ведомства басшысы бұл қаржының қайда жұмсалып жатқанын шамалап айтып беруге тырысты. «Жалпы, сол ақшаға қорғаныш құралдары, оның ішінде медици­налық маскалар, костюмдер, көзәйнектер, дезинфекциялық заттар, зертханалар, диагнос­тика­лауға арналған зертханалық жабдықтар, тепловизорлар сатып алынды. Өйткені кең ауқымды тексеру, диагноз қою шараларын іске асыру қажет. Оның үстіне, тек медицина мамандарына ғана емес, сондай-ақ шекара­шы­ларға арналған құралдар да сатып алынды», – деп қосты министр. Биліктің халық қаржысының жұмсалуын халықтан жасырғанына журналистер шын кейіді. Осы орайда, Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтқан сөзі елең еткізеді. Өңір Қырғыз елімен шектесетіні белгілі. Оның тізгінін қолына алмас бұрын Бердібек Машбекұлы Қор­дайдағы қақтығыстың мән-жайын зерттеген үкіметтік комиссияның жетекшісі ретінде шекараның және кеден бекеттерінің беріктігі мен бүтіндігін тексеріп қайтты. Сонда кеденшілер жаңадан сатып алынған термосканерлеу құ­рылғысын паш етті. Ол тапан­шаға ұқсас және «ұңғысынан» лазерлік сәуле шығады. Соны адам­ның маңдайына көздеу арқылы оның дене температурасы қашықтықтан өлшенеді. – Шекарада бақылау нашар. Анау тепловизорлары жұмыс іс­темейді, өтірік нәрсе. Адам тем­пе­ратурасын өлшесе, онысы 30 гра­дусты көрсетеді. Адамда сондай тем­пература да бола ма екен?! 30 градус болмайды ғой, ең кем дегенде 35 болуы керек. Ендеше біз корона­вируспен дерт­ті науқасты шекарада қалай анықтаймыз? Оның үстіне адам­дар Қырғыз елі­нен бері өтіп жатыр. Ал Қырғыз Республи­касы­ның Қытаймен ше­карасы ортақ. Осыған көңіл бөл­месек, болмай­ды», – деді Жамбыл облы­сының әкімі. Б.Сапарбаев әкімдік аппаратына және жер­гі­лікті денсаулық сақтау басқармасына олқылықты жою жөнінде тиісті тапсырмалар берді. ҚХР-мен іргелес өзге өңірле­рі­міздің әкімдері әзірге тым-тырыс.