Алматыда көпбалалы ана пластикалық ота кезінде ажал құшты

Алматыда көпбалалы ана пластикалық ота кезінде ажал құшты

Алматыда көпбалалы ана пластикалық ота кезінде ажал құшты
ашық дереккөзі
Алматыда денесіндегі артық майдан арыламын деп липосакция жасатпақ болған 36 жастағы әйел көз жұмды. «КТК» телеарнасының хабарлауынша, 4  баланың анасына жасалған пластикалық операция сәтсіз аяқталған. 36 жастағы Жәмила Жылқайдарова үш күн бұрын жеке клиникада көз жұмды. Ал орталық хирургтері келіншектің көз жұмғанын туыстарына кеш айтқан. Алматылық Жәмила Жылқайдарова сымбатты көріну үшін тері астындағы майын алдыруға бел буған. 36 жастағы келіншек пластикалық отаға ұзақ дайындалған. «Тіпті Мәскеуге барып мамандардан кеңес алды» дейді жақын құрбысы. Өзі де былтыр осы клиникада липосакция жасатып, яғни, денесіндегі артық майын алдыртыпты. Дене бітімін түзеймін деп өмірмен қош айтысқан келіншек ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған. Ал жақындарына кеш хабарлануын «ізін жасырудың амалы» деп түсінеді марқұмның жақындары. Марқұмның қайын ағасы Азамат Ауылбеков: «Егер келініміз таңғы сағат 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек», – дейді. Қазір адам денесіндегі майды хирургиялық әдіспен алатын дәрігерлерді құзырлы органдар тергеп жатыр. 36 жастағы келіншектің артында төрт баласы қалды.