Шәкен Аймановтың фильмдері YouTube-ке жүктелді

Шәкен Аймановтың фильмдері YouTube-ке жүктелді

Шәкен Аймановтың фильмдері YouTube-ке жүктелді
ашық дереккөзі
 Қазақ киносының саңлағы, КСРО халық артисі Шәкен Аймановтың туған күніне орай хас шебердің актерлік және режиссерлік жұмыстарын YouTube желісінен көруге болады.  Аталмыш еңбектерді «Қазақфильм» киностудиясы өзінің ресми арнасына жүктеді.  - 15 ақпан – еліміздің киногерлері үшін ерекше күн. Бүгін аты аңызға айналған Шәкен Аймановтың туған күні. Киностудияның ресми әлеуметтік желілерінде отандық фильмдерді ғаламтордан қалай көруге болатыны туралы жиі сұрайды. Біз YouTube желісіндегі арнамызды үнемі жаңартып отыруға тырысамыз. Сондықтан да қазақ киносының классигі Шәкен Кенжетайұлы қатысқан барлық фильмдерді youTube желісіне жүктеп, барлық қазақстандықтарға осындай сыйлық жасауды шештік, - деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов. Шәкен Айманов кино әлеміне 1938 жылы келді. Дәл сол жылы ол қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі «Амангелді» картинасының эпизодына түскен болатын. Одан кейін актер «Райхан», «Ақ Раушан», «Абай әндері», «Алтын мүйіз», «Жамбыл», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Алдар-көсе» және «Қиылыс» фильмдеріне түскен. 1954 жылы Айманов режиссер ретінде өзінің алғашқы фильмін түсірді. Жалпы өзінің шығармашылық жолында ол 11 көркем туындыларды жасап шығарды, олар: «Дала қызы», «Махаббат туралы дастан», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шақырады», «Қиылыс», «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште» және «Атаманның ақыры». Бүгіннен бастап бұл фильмдердің барлығын «Қазақфильм» киностудиясының youtube желісіндегі арнасынан көруге болады. Одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясы қазақ киносының алтын қорына енген басқа да фильмдерді өзінің youtube желісіндегі ресми арнасына жүктеуді жоспарлап отырғанын айта кеткен жөн. Естеріңізге сала кетсек, былтыр қазақ айында ресми youtube-арнасына тәуелсіздік жылдары жарық көрген 4 толықметражды және 15 қысқаметражды анимациялық фильмдер жүктелген болатын.