15 жыл бойы Қазақстанда құлдықта болған шетелдік өз елінде өлілер санатына қосылған

15 жыл бойы Қазақстанда құлдықта болған шетелдік өз елінде өлілер санатына қосылған

15 жыл бойы Қазақстанда құлдықта болған шетелдік өз елінде өлілер санатына қосылған
ашық дереккөзі

Қарағандыда 15 жыл құлдықта болған Салават есімді Ресей азаматы өзінің тірі екенін дәлелдеп шықты. Қожайыны қайтыс болған соң ғана бостандық алған азамат өз елінде өлілер санатына қосылған, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 

Салават әскерде борышын өтеген соң Қазақстанға келіпті.

Осында жүріп, құжаттарын жоғалтып алған. Сол кезде танысы оған өзінің ата-анасының қолында жұмыс істеуді ұсынған. Ер адам бұл ұсынысқа келіскен, алайда, 15 жыл бойы құлдықта өмір сүретіні ойына да кірмесе керек.

Ұзақ жылдар бойы ол тамақ пен баспана үшін мал бағып, үй шаруасын атқарып келген. Тек қожайыны қайтыс болған соң ғана бостандыққа шығуына мүмкіндік пайда болыпты. Салават отанына оралуға ниеттенген, алайда, ол жақта ер адамды баяғыда өлілер қатарына қосып қойғаны белгілі болды.

"Келмей ақ қойсаңыз болады, сіз өлілер қатарындасыз деді. Қайтыс болғаным туралы анықтама да бар екен. Оны елшіліктен берді. 2003 жылы мені Ресейде жерлеп қойыпты", – дейді Салават.

Ер адам ақыры сот арқылы өзінің тірі екенін дәлелдеген. Алайда, әлі де құжаттарын қалпына келтіре алмай жүр. Ол бүгінде үйсіздерге арналған баспанада тұрып, әр жерде пайда тауып күнін кешуде.

Елімізде тағдыры осыған ұқсайтын адамдардың қарасы көп екені белгілі болды. Өткен жылдың өзінде 76 азамат адам саудасының құрбаны болған. Олардың басым бөлігі – ер адамдар. Сондай-ақ бір баланың да саудаға салынғаны анықталды. Әдетте оларды Қазақстан аумағында сатқан. 2019 жылы адамды шетелге сатудың бір ғана оқиғасы тіркелген екен.

"Бір адам Түркияға сатылған. Қалған жағдайларда адамдар Қазақстан аумағында пайдаланылған. Олардың жиырмасы – Қазақстан азаматы. Бұларды бір қалалардан алып кетіп, бақса қалада сатқан. Яғни, ішкі адам саудасы. Ал адамдарды шетелден ел аумағына алып кірудің 50 оқиғасы анықталған", – дейді БҰҰ-ның миграция бойынша халықаралық ұйымының ұлттық офицері Алия Белоносова.

БҰҰ өкілінің айтуынша, әдетте Өзбекстан, Ресей, Молдова, Филиппин және Қытай азаматтары саудаға салынады. Оларды негізінен үй шаруашылығында, құрылыста, фермаларда және секс-индустрияда пайдаланады.