Жаңа қызметіндегі алғашқы жиын: Сапарбаев қарамағындағыларға қандай тапсырма берді?

Жаңа қызметіндегі алғашқы жиын: Сапарбаев қарамағындағыларға қандай тапсырма берді?

Жаңа қызметіндегі алғашқы жиын: Сапарбаев қарамағындағыларға қандай тапсырма берді?
ашық дереккөзі

Жамбыл облысы әкімі қызметіне кіріскен Бердібек Сапарбаев алғашқы аппарат кеңесін өткізді. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиында облыс әкімі өңірдің одан әрі дамуы мен экономикалық және әлеуметтік саясаттағы басым бағыттары туралы өз ойын ортаға салды.

"Ең басты талап- мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы қарқынды төмендетпеу керек", - деп атап өтті өңір басшысы.

Әкімдіктің хабарлауынша, облыстың әлеуеті айтарлықтай жоғары, алайда ағымдағы жылдың бірінші айында өнеркәсіп, қайта өңдеу, инвестиция тарту сияқты салаларда төмендеуге жол берілген.

Игерілген қаражаттың көлемі бойынша айтарлықтай артта қалуы байқалған.

Енді осы бағытта бюджеттік бағдарламалардың орындалу бойынша жұмыстарды күшейту қажет екен.

Cапарбаев қызметкерлеріне нақты тапсырма берді.

  • "Қазфосфат" ЖШС және "Еврохим" сияқты жергілікті өнеркәсіптің алыптарымен тығыз жұмыс істеу, өңірге ірі отандық және шетелдік инвесторларды тарту қажет.
  • Облыс әкімі Амангелді газ кен орнының да қарқындылығын арттыру үшін салалық министрліктің көмегімен ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.
  • Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің бірі – көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, ауыл шаруашылығы техникасын уақытында дайындау, жоғары сапалы тұқым сатып алу және отырғызу болды.

Сонымен қатар Сапарбаев ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасының міндетті түрде өз жалғасын табатындығын, ол бастапқы қарқынының төмендемеуін баса айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

"Ауыл тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылып, егін шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысуы керек. Бұл орайда пилоттық жобаға бөлінген 7,2 миллиард теңге толық көлемде игерілуі тиіс. Біз жобаның өміршеңдігін көрсетуіміз керек, бұл алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуға және көп адамдардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті облыс басшысы.

Сондай-ақ, халықаралық әуежайға ие бола отырып, тек ішкі қазақстандық бағыттар бойынша ғана емес, еларалық әуе қатынастарының санын бірнеше есе ұлғайту қажет екені айтылды.

Ал білім беру саласында апатты және үш ауысымды мектептерді жою үшін 17 мектеп ашу қажет екені белгілі болды. Өңірдегі әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы да өз жалғасын таппақ.

Сонымен қатар, тауар айналымын ұлғайту үшін облыстың транзиттік әлеуетін кеңінен пайдаланып, баламалы энергетика саласында алты станцияның құрылысын аяқтау және КЭС, ЖЭС-терден алынатын электр энергиясының жиынтық қуатын 400 мВт-қа дейін жеткізу көзделуде.

Жиында жамбылдықтардың табыс деңгейін арттыру, салық салу базасын ұлғайту, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, жалақы бойынша берешектерді жою, медициналық қызмет сапасын арттыру, денсаулық сақтаудағы бюрократия деңгейін төмендету, жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу, ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту сияқты өзекті мәселелер де  жан-жақты көтеріліп, сараланды.

Кеңесті қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдар Қордай ауданында болған оқиғалардан қорытынды шығару керектігін атап өтті.

"Бұл жағдай бізге сабақ болу керек. Осы секілді қайғылы оқиғалар алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шешім шығара білуіміз қажет. Мемлекеттік органдар, жұртшылық пен интеллигенция өз күш-жігерін біріктіріп, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау бойынша жұмыс жүргізуі тиіс", - деп түйіндеді ол.