Болат Әбділманов: Мені халық Әбділмановтан бұрын «Абай» деп қабылдайды  

Болат Әбділманов: Мені халық Әбділмановтан бұрын «Абай» деп қабылдайды  

Болат Әбділманов: Мені халық Әбділмановтан бұрын «Абай» деп қабылдайды   
ашық дереккөзі
– Сонау 1962 жылы Ыдырыс Но­ғай­баев ұлы Абайдың сахнадағы бейнесін жа­сады. Араға 40 жыл уақыт салып Әзір­байжан Мәм­бетовтің режиссерлі­гімен ақын рөлін өзіңіз сахнаға алып шықтыңыз. Абайдай алып­тың рөлін сомдау талайға арман бол­ғанмен, екі­нің біріне бұйыра бермейтіні анық. – Оныңыз рас. Мен 1985-1992 жылдар ара­лығында  Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жа­сөспірімдер театрында жұмыс істедім. 1993 жылы Шекс­пир­дің «Асауға тұсау» ко­медия­сы қойылып, бас­ты рөл – Петручионы сомдауға М.Әуезов атын­дағы Қазақ мем­­лекеттік драма театрына ша­қырту алдым. Әкемтеатрға ауысар кезде тү­сіме ұста­зым Ы.Ноғайбаев енді. Ұстазым қып-қы­зыл шоққа етті қақтап жатыр екен. Ма­ған «мы­на етті әрі қарай сен қақта» деді. Осы түсім­ді жақсылыққа жорыдым. Сол көр­ген түсім­дегідей Ы.Ноғайбаев ойнаған рөл­дерді араға жыл­дар салып мен ойнап жүрдім. Ұстазым «Жау­­шы», мен «Жаужүрек мың бала» фильмінде Бөген­бай батыр­дың рө­лін ойнадық. Шекс­пирдің «Асауға тұ­сауын­да» да Петру­чио­ның рө­лін әр жылдары ұстазым екеуміз сомдаппыз. Абай рөлін 1962 жы­лы Ы.Ноғайбаев ойнаса, 2002 жы­лы мен сахнаға алып шықтым.  Менің Абайдың шығармашылығымен ак­тер ретіндегі тікелей байланысым 30 жа­сымнан басталды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеп жүрген кезімде Райымбек Сейтметов аға­мыз Абайдың қара сөз, өлеңдерінен тұра­тын «Қалың елім, қазағым» атты поэ­ти­ка­лық спектакль қойған болатын. Мен аға Абай­дың рөлін сомдап, ақынның өлең­де­рін, қара сөздерін оқыдым. Қарап отырсам, бұл менің М.Әуезовтің «Абай» трагедиясына барар жолдағы аздаған дайындығым екен ғой. Бұл спектакльге дайындықта бі­раз қиналдым. Мен 30 жаста ойнаған Абай бөлек, бұл қойылым мүлдем бөлек еді. Әз-аға дайындықты менің дауысымнан бастады. «Сенің концерттегі дауысың маған керек емес, басқа дауыс ізде» деді. Одан бөлек, дайын­дық барысында Әбдірахманмен кө­ріністі сезінгенмен, қанша рет айтса да, то­лыққанды  игере алмадым. Сонда ол кісі «Сен мына керегені ұстайсың да, бүкіл тра­гедиямен алға қарай жүресің» деді. Мен «Әзе­ке, қазақта мына керегені керген деген жа­ман ырым ғой» деп едім, «Бұл жерде ке­реге деген бүкіл халықтың трагедиясы, Абай жалғыз қазақтың трагедиясын емес, бүкіл адамзаттың трагедиясын көтеріп тұр» деп бір-ақ ауыз сөз айтты. «Абай» спек­такліндегі менің жүрегіме ең жақын бол­ған және бүкіл халықтың өте сәтті шыққан жері деп айтатын көрінісінің бірі – осы Абай мен Әбдірахманның қоштасатын сах­насы болды. – «Абайды» сахнаға алып шығудағы із­денісіңіз жайлы айтсаңыз. – Әуезов «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің ке­рек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым» де­ген. Абайды бүкіл әлемге танытқан Әуе­зов сөйтіп жазса, актер ретінде мен шө­міш­пен де қалқи алмайтын шығармын деген ал­дымда үлкен  жауапкершілік тұрды. Өйт­кені әкемтеатрда 100-ден аса актер бар, олардан бөлек Абайды ойнаған актер­лер­дің де маған сын көзбен қарайтыны айт­паса да түсінікті еді. Мен өзімді бұрын­ғы ой­нап жүрген спектакльдерімнен бөлек басқа жағынан көрсетуім керек болды. Абайды ойнау жолында көп іздендім, бі­­раз кітап оқыдым. Бір күні Т.Әлім­құлов­тың «Жұмбақ жан» деген кітабы қолыма  түс­ті. Сонда автор Абайдың өлеңдерінде «Мен ішпеген у бар ма?», «Ішім толған у мен өрт» деген сияқты жүрек, у туралы көп ай­ты­лады. Сол заманда қоғамға қарсы шық­қан талантты адамдарды қарсыластары, бәсе­келестері у беріп өлтіреді екен. Мүмкін Абай соны алдын ала біліп, біреу у берсе ағзам дайын болсын деп кішкентай-кішкентайдан у ішкен шығар деген жорамал айтады. Спектакль барысындағы ізденісте ав­тордың осы ойы маған көп көмектесті. Егер өзінің ең сүйікті шәкірті, одан соң екі баласы бірінің артынан бірі өлсе және бүкіл қарсыластары оны соққыға жығып жатса, жәй адам мұндай қайғыны қалай қабылдайды? Ал ақын, жүрегі сезімтал адам ше? Оның үстіне адам у ішсе ше? У деген кәдімгі допинг сияқты сезімді одан сайын оятып, жүрек тебіреністері тереңнен тол­қиды ғой. Мен осындай тебіреністерге, толқыныстарға барып, ақынның ішкі дү­ниесіндегі қопарылысты көрсеткім келді, өзімнің айтатын монологтарымды тек бір жақты емес, жан-жақты жеткізуге тырыс­тым. – Абайды сізге дейін де, сізден кейін де қаншама әріптестеріңіз ойнады. Бі­рақ сіздің образыңызды көрермен өте жақсы қабылдады, Абайдың рөлі сіз­дің төлқұжатыңызға айналды. Мұ­ның сыры неде деп ойлайсыз? – 2002 жылғы театр фестивалінде «Театр­дың ең үздік актері» номинациясы маған берілді. Одан кейін театр сыншысы болған марқұм Ә.Сығай республикалық «Еге­мен Қазақстан», «Жас қазақ» газеті мен «Парасат» журналында мен жайында ауқымды материалдар жазды. Абайдың бар­лық өкінген, опынған, күрсінген, күл­ген, тебіренген сәттерін өте нанымды шы­ғарды дей келе, «Әбділмановқа дейінгі актерлер Абайды ойнаудан өтіп кетті. Ал Әбділмановтан кейінгілер Абайды ойнайтын деңгейге әлі жеткен жоқ» деп пікір айтты. Осы «Түркістан» газетінде Жабал Шойын­бет өз ойын жазды, одан бөлек А.Сей­дімбек, Д.Исабеков, Г.Серғазы, Н.Оразалин баспасөз беттерінде жақсы пікірлерін білдірді. Төкен Ибрагимов бүкіл елдің алдында «Жалпы мына Әбділмановтің ары қарап тұрғанының өзін Абайға ұқсатамын. Өйт­кені Абайды жеңгелері бұқамойын деп атаған. Мына жігіттің тақиясынан бастап ба­қайшағына дейін тура Абайдың өзі сияқ­ты көзге елестейді екен» деп айтқаны есімде. Мен осыған дейін 60-тан аса киноға түс­кен екенмін, маған арнап сценарий де жаз­ды. Бірақ қай жерге барсам да кинодағы рөл­дерімнен бұрын ең бірінші Абайды ай­тады. Мені халық Абай деп қабылда­ға­нына өзімді бақытты сезінемін. Асқар деген досымның әйелі «Менің күйеуім әскерде Бөкеңмен бірге борышын өтеген» десе, «Ол қай актер?» деп сұрайды екен. Фамилиямды айтса, кейбіреулер онша танымайтын кө­рінеді. «Абайды ойнаған актер ғой» десе, бәрі «Ол кісіні танимыз ғой» деп шу ете қа­лады екен. Мәмбетов «Абайды ойнау үшін талант аз болады, ол үшін актердің бүкіл болмысы келуі керек» дейді. Орыстар «дарынды актер болмайды, тек оң жамбасқа келетін рөл бо­лады» дейді. Менің оң жамбасыма келетін рөлді Мәмбетов көре білді деп ойлаймын. Актерді көре білу үшін режиссердің екі көзінен басқа үшінші көзі, яғни көкірек көзі ояу болуы керек. Мәмбетовтің ұлы­лығы сонда ол өзінің актерін тани білді, сол арқылы ол 30 жылда театрдың алтын ғасырын жасады. Ол қазіргі режиссерлер сияқ­ты «бұл қай жердің баласы, қай рудан?» де­ген ұсақтыққа бармайтын. Өнер деген бір-ақ ру, бір-ақ ұлт. Сондықтан болар Мәм­бетов кейбір актерлердің атын да біл­мейтін, бірақ өзі ат қойып алатын. Мені балуан деп шақыратын. Әз-аға  сахнада қаншама техникалық мүм­кін­діктерді пайдаланды. Мәмбетовтің екін­ші бір мықтылығы  оның қойылы­мын­да­ғы музыкасы болатын. Ән елітіп әкетеді, сені сендіреді, сен сенгеннен кейін көрер­мен де саған сенеді. Абайды ойнайтын актер жасы келген сайын ақынды басқа жағынан түсіне бас­тайды. Мұхиттың тереңіне сүңгіген сайын маржан тастарды көбірек жинайсың. Мысалы, мен 40 жаста Абайды ойнадым, қазір жасым 60-та. Егер қазір ойнайтын болсам, Абайдың рөлін ашуда актерлік және өмірлік тәжірибемді жұмсар едім. Өйткені Абайға әр жаста әртүрлі көзбен қарайсың. Неғұрлым актер тәжірибені көбірек жи­наған сайын Абайды сезінуі, түсінуі, тереңі­не бойлауы соғұрлым ерекше болады. – Актердің әр рөлі оны тәрбиелейді дейді. Абайдың рөлі сіздің өмірлік көз­қара­сыңызға әсер етті ме? – Актердің әр рөлі зор жауапкершілік жүктейді. Сахнада әдемі рөл ойнап, өмірде қалай болса солай сөйлеп, мінез-құлық көр­сетуге болмайды. Абайды ойнағанға дейін еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай дейтінмін. Абайдан кейін еңкейгенге де, шалқайғанға да еңкеюді үйрендім. Қазақтың «таспен атқанды аспен ат» деген сөзінің мағынасын ұқтым. Абай өзіңнің қандай адам екеніңді білгің келсе, саған қиянат жасаған адамнан кешірім сұра, сонда сен дұрыс жолдасың дейді. Кі­ші­рею мен кешіру сенің ішкі жан дүниеңнің қан­шалықты кең екенін көрсететініне кө­зім жетті. «Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше, жаман кісінің ашуы – басы жерге жеткенше» деген сөздің астарын өмір тәжірибем арқылы ұғына бастадым. Абайдың рөлін ойнау арқылы бұрын­ғы қаттылықтан арылып, туыстарым мен достарымды кең құшағыма сыйдырып, алысты ойлайтын осындай көркем мінез қалыптастырдым. – Бүгінде Абайды ойнап жүрген әріп­тестеріңіздің ойыны көңіліңізден шы­ға ма?  – Орыстың сыншылары «Без голоса Отел­лу играть нельзя» дейді.  Абайды ойнау үшін актердің кең тынысты, эпикалық зор дауысы болуы керек. Яғни актердің үні маңызды. Сары майдан қылшық суырған­дай сөздің де өзінің әуені болады. Актердің үнінде сөйлеп тұрғанда кәдімгі ән айтқан сияқ­ты әуен болады. Міне, сол үнде бүкіл Абайдың философиясын, оның ақынды­ғын, поэзиялық үнін, кең дауысын жеткізу керек. Сөйлеген кезде ақынның бір сөзі тұрмақ, бір әріпі түспеу керек. Зор дауысты, дикциясы мықты, үні, түр-тұлғасы, кескін-келбеті, шашынан бастап тырнағына дейін Абайды бейнелейтін, тіпті көзқарасының, жүрген жүрісінің өзі Абайды халыққа сендіретіндей болу керек. Өйткені Абайды бүкіл ел біледі, оның бейнесі әр қазақтың жүрегінде тұр. Мен сахнаға Абай болып шыға келгенде көрермен қол шапалақтай­тын, олар менің ойынымнан бұрын ұқсастығыма қол соғатын. Сыншылар «Әб­діл­манов шыққан кезде жүгіріп барып «Абай ата!» деп шапанына оралғымыз келе­ді» деп жазды. Міне, көрерменнің көзі сен­­­­­генде барып таза өнер туындайды. Абайға эксперимент жасатуға, кім кө­рін­генді ойнатуға болмайды. Абайды ойнау үшін оған  табиғаты сай келетін, сонымен қатар ішкі жан дүниесі бай, үні келіскен, ақын­ның поэзиясын жан-тәнімен меңгер­ген адам болуы керек. Осы аталған талап­тарға сай келгендіктен болар халық мені Абай деп қабылдады. Қазіргі актерлер рөлін қарабайыр ой­най­ды. Қарабайырлыққа салынған актер сах­нада өзін жоғалтады. Тіпті, актерлер кей­де қауып, жұлқып сөйлейді. Абайдың тебі­ренісі, толғанысы, күрсінгені актердің жүрек түкпірінен шығып көрерменнің жүре­гіне жетуі керек. Содан кейін сахнада Абай­ды ойнаған актердің әр қимылы белгілі бір мақсатқа құрылып, ақталған болуы тиіс. Көбінесе біздің жас актерлер, режиссер­лер Абайдың ойын жеткізсем болды,  образы маған керек емес дейді. Бірақ олар қ­а­те­леседі. Абайдың ойы да, образы да то­лық­қанды шығуы керек және «мен өз Абайым­ды жасадым» деп өздерін ақтап алады екен. «Өз Абайыңды» сен үйіңе барып туған-туысыңа, достарыңа барып жаса. Ал көрер­мен алдында сен халықтың Абайын жасау керексің және ол халыққа ұнау керек. Бірақ халықты шатастырмау керек. Көрермен Абаймен тілдескісі, беттескісі келіп күтіп отырады. Сол кезде сахнаға ақынның әр жыл­дардағы бейнесін сомдайтын 7-8 Абай қап­тап шыға келгенде көрермен «қайсысы Абай?» деп дал болады. Абайдың ойымен қатар көрерменнің көзі бір Абайға тоқтау керек. – Абайдың 175 жылдығына орай фи­льм түсірілген жағдайда басты рөл­ге шақырса барасыз ба? – Қазақтың ұлы тұлғасы Абайды қазақ­тан басқа ешкім ойнай алмайды. «Көшпен­ді­лер» фильмі секілді қазақтың ұлы тұл­ғаларына рухы мен табиғаты келмейтін, есек­ке жабу жапқан сияқты не басына ки­ген тақиясы, не үстіндегі шапаны жарас­пай­тын шеттен келген адамдар ойнамауы керек. Біз М.Шоқай бабамыздың рөлін де қырғыздың актеріне ойнаттық. Не түр-тұлғасы, не ішкі жан дүниесі сай келмейді. М.Шоқайдың маңдайы кере қарыс, жүзі дөңгелек, көзі от шашып тұрған. «Қазақ деген қандай болады?» десе, «Осындай болады!» дейтін қазақтың намысты ұлы тұлғасын қысық көзді қырғызға ойнату актер ретінде де, азамат ретінде де намысыма тиеді. Кеңес заманында Әлияны да, Бауыржанды да қырғыздар ойнады, «Қара-қараш» киносында да солай болды. Қарап отырсаңыз, фильмде қырғыздың ұлттық киімдері мен салт-дәстүрлері. Жарайды, ол уақытты кеңестік кезеңнің саясаты деп ақтап алайық. Ал қазір ше? Қазір кімнен, неден қорқамыз? Мысалы Ромео-Джульеттаны қазақ түсіретін болса Ромеоның басы­на тақия, үстіне шапан кигізіп түсір­мей­міз ғой. Қазақтың режиссерлерін түсін­беймін, қазақтың ұлы тұлғасын ойнаса міндетті түрде шетел актеріне береді. Қа­зақ­та актер жоқ па? Қиын кезде қыр­ғыз­дар­да қаншама театр жабылып жатқан кезде, қазақтың театрлары ашылып, жаңа таланттар қосылып жатты. Облыстарда қаншама талантты, жанып тұрған актерлер бар. Өзіміздегі барды көрсете алмай, тұл­ғаларымыздың рөлдерін шетелдік актерлерге беріп қойдық. Режиссерлер өнерді жеке амбициясынан жоғары қоюы керек. Қырғыз «Манасты» қойса қазақты апарып ой­ната ма? Өзбек Ә.Науаиды қойса, қазақ­ты ойната ма? Ешуақытта ойнатпайды. Осындай фильмдерді түсірген режиссерлер көр­кемдік кеңесте отыр. Мен осындай ойым­ды ашық айтқан соң, көп киноның кас­тингінен өтіп, мені түсіреміз деп жат­қан­да жаңағы режиссерлер маған қарсы бо­лып өре түрегеледі. Олар бір сылтауларды ойлап тауып, мені қаншама рөлден алып тастады. Мені рөлден алса алып тас­тасын, бірақ мен бәрібір шындықты айтуым керек. Қазақтың ұлы тұлғаларын бұ­лай қорлауға болмайды. Әз-ағаң бір актерлермен кереғар пікірде болып, ренжісіп, соттасып жүрсе де, с­пек­такль қояр кезде сол актерді басты рөлге алған. Міне, Мәмбетовтің ұлылығы осында жатыр. Өзінің жеке өмірдегі рені­шін өнерге әкеліп салмаған. Өмірде сен ол адамды жек көруің мүмкін, бірақ рөл ак­тер­дің оң жамбасына келіп тұрса, беру ке­рек. Өйтпесе ол өнердің киесі атады. Абай фильмін түсірсе, мүмкін мені бай­қауға шақырып та қалар. Абайды экранда ойнағаннан артық арман болмас еді, бірақ сол байқауда отыратын көркемдік кеңестің бәрі мені бекітпейтініне кепілдік бере аламын. Өйткені мұндай қадамдар осыған дейін де бірнеше рет жасалды. – Өзіңіз Абай туралы пьеса жазып жатыр екенсіз. Ерекшелігі қандай? – Әуезов Абайды үлкен шырқау биікке көтерді. Әуезовтің ұлылығы сонда, ол Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Әуе­зовтің керемет суреткерлігі, шеберлігі сон­да жатыр, ол Абайды алып шығу үшін бас­қа ұлыларды құрбан етті. Егер Әуезов «Абай жолын» қазір жазса, мүлдем басқаша жазар еді. Өз басым қазіргі заманда Әуезов сияқ­ты жазатын жазушы жоқ деп ойлаймын. Қазір Абайды өзі жазып кеткен қара сөздері, өлеңдері, шығармашылығы кө­тереді. Сондықтан мен Абай атамыздың 175 жылдығына орай «Абайды білмек парыз ойлы адамға» деген пьесаны қағаз бе­тіне түсірдім. Бұл – Абайдың қара сөздері­нен, өлеңдерінен және өзімнің 30 жыл бой­ғы ой-толғаныстарымнан құралған дү­ние. «Ақтастағы Ахиконы» жазған Мадина Омарова екеуіміз пьесаны көрерменге ұсын­бақ ойымыз бар. Мен жазған пьеса бас­қа театрлар қойылғалы жатыр. Ал М.Ома­рова екеуіміз жазған пьеса Әуезов теат­рында қойылып қалар деп отырмыз. Осы пьесам арқылы мен ұлыларды ақ­та­ғым келеді. Құнанбайды биікке көтеру ке­рек. Құнанбай болмаса Абай тумас еді. «Абай сен маған жету үшін сен өзіңе жететін ұл тапқыз. Және сол ұлыңды білімнің, ғы­лымның тереңіне бойлат және ата-баба дәстүрін бойына сіңірген, елін, ұлтын сүйе­тін азамат етіп тәрбиеле, сонда сенің маған жет­кенің» деп келетін Құнанбайдың сөз­дері бар пьесамда. Ендігі жазылатын пьесалар мен   түсірілетін кинолар осы әділетсіз­діктің  барлығын өз орнына қоюы керек. Құнанбайдың, Шәкәрімнің, Кеңгірбай бабамыздың қандай тұлға екенін көрсе­тетін уақыт келді. Абайдың дін, дәстүр ту­ра­­сындағы айтқандарын талдап, кейбіреулер айтқандай Абайдың қазақты жек көр­мегенін ұрпақ алдында дәлелдеп шы­ғуы­мыз қажет. Абайдың негізгі эволюциясы, өсуі, Абай­дың Абай ретіндегі хәкімдік дәрежеге жетуі өзінің 45 қара сөзінде тұр. Мысалы, «адам баласы жылап туады, кейіп өледі» дей­ді. Менің ойымша, адам дүниеге келгенде өмірден алатын еншім бар, бұл өмірге мен келдім деп айғайлап, бүкіл әлемге жар са­лып келеді. Ол өмір бойы байлық, лауазым, абырой жинайды, өзі ойлаған бір биікке ұмтылады. Бірақ кейіп өледі. Неге? Өйт­кені оның жинағының бірде-біреуі оны­мен дос болмайды, бәрі қабірдің сыр­тын­да қалады. Байлығы да, таққан сөлке­байы да, атағы да. Адаммен бірге ана дүние­ге не барады? Оның жасаған сауапты істері, ха­лыққа жасаған жақсылығы, жетімнің көзінің жасын сүртуі, қайырымдылығы ба­ра­ды. Абай «Баяғыда қазаққа жақсылық жасасаң, сол жақсылығыңды ол өмір бойы өле-өлгенше айтып жүретін. Ал қазір қазақ­қа жақсылық жасасаң, биылғы жаса­ған жақсылығың келесі жылға жарамайтыны несі?» дейді. Абайдың жазғаны қазақ­тың бір күндік азығы емес, бабадан балаға мұра болып қалар адамзаттың асыл мұра­сы.

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ