Сәуле Жанпейісова: Фонограмма талантты мен талантсыздың аражігін жойып жібереді

Сәуле Жанпейісова: Фонограмма талантты мен талантсыздың аражігін жойып жібереді

Сәуле Жанпейісова:  Фонограмма талантты мен талантсыздың аражігін жойып жібереді
ашық дереккөзі
Атан түйенің жүгін арқалап жүрсе де, еңбегін бұлдамайтын, атаққа құмартпайтын адамдар болады. Біздің бүгінгі респондентіміз дәл сондай жан. Ол үшін «Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті» деген атты абыроймен алып жүруден биік мәртебе жоқ. Ұлағатты ұстаздың аманатын арқалаған шәкірт қазақтың саф өнерін өрістетіп, бабалардан мирас болған мұраны жас ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп келеді.  Сондықтан дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі тынысы туралы сөз қозғалса, оның есімі бірінші аталуы заңдылық. Қазақтың төл өнерін насихаттап жүрген күміс көмей әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Amanat өнер орталығының негізін қалаушы Сәуле Жанпейісова жайлы айтып отырмыз. Әнші қазақ әнінің бүгінгі тынысы жайлы тұшымды пікірімен бөлісті. Төл өнердің келешегі жайлы күдікті ойларын да іріккен жоқ.

Елордамызда әлі де ұлттық рух жетіспейді

– Сәуле апай, сізбен соңғы рет қашан сұхбаттасқанымызды есіме түсіре алмай, газеттің мұрағатын ақтардым. 2016 жылдың ақпанында әңгімелескен екенбіз. Содан бері төрт жыл зулап өте шығыпты. Елордалық атанғаныңызға да үш жыл толады екен биыл. Кезінде Елбасы астанаға шақырған кезде Атыраудағы бастамаларыңызды тастап кете алмағаныңызды айтып едіңіз. Араға уақыт салып барғаныңызда бас қала бауырына тартты ма? – Иә, төрт жыл болған екен ғой. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деуші ме еді? Құдайға шүкір, Қазақстанның қай түкпіріне барсам да, алдымнан жақсы адам­дар кездесіп жатады. Астаналық болдым деген атым ғана. Көп ел мені әлі нұрсұлтандық деп қабылдамайтын сияқты. Оған өзім де кінәлімін. Себебі ешкімге жар салып, мен астаналық болдым деп, кеш өткізгем жоқ. Еш жерге мемлекеттік жұмыс сұрап барғам жоқ. Өзіммен өзім, жеке шығармашылықпен айналысып жүрмін. Қазақ ұлттық өнер университетіне оқытушылық қызметке шақырды. Бірақ бармадым. Себебі өткен жылы кең ауқымда AMANAT music атты балалар мен жастарға арналған конкурс-фестиваль жоспарлап қойған болатынмын. Өткен жылдың наурыз айынан басталған фестиваліммен еліміздің барлық облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын аралап шықтым. Жаздыгүні Франция, Германия, Түркия мемлекеттерінде болдым, қандас бауырларыммен кездесіп, концерттерімді бердім. Менің бір қасиетім, қандай да бір жұмыс бастасам, содан нәтиже шыққанша тынбаймын. Орта жолдан тастап кету немесе жүрдім-бардым жасай салу деген болмайды. Сондықтан Өнер университетіндегі болашақ әнші жастар үшін қаншалықты керек екенімді білсем де, бастаған ісімді тастай салып, бара алмадым. Мені елордалық ретінде көпшіліктің әлі қабылдай алмай жатқан себебі де осы – менің бұл қалада тұрғанымнан тұрмағаным көп. Журналистер «Қай қалада тұрып жатырсыз? Алматыда ма, Нұр-Сұлтанда ма?» деп сұрайды. Мен күліп, «Қазақстанда» деймін. Олар да күліп: «Онда сізді «қазақстандық» деп айтқанымыз дұрыс болар» деп жатады. Солар айтпақшы, қазақстандық боп жүріп жатқан жайымыз бар. – Бүгінде Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өзіңіз ашқан «Аманат» өнер мектебі жас өнерпаздарды тәрбиелеуде. Батыстық мәдениетке еліктеушілік көбейген уақытта қазақ балаларының ұлттық өнерді үйренуге ынтасы төмендеген жоқ па? – Иә, 2016 жылы Тараздан астанамызға келіп, жеке өнер орталығын ашуды жоспарладым. Дәл сол тұста Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театры ашылып, Алматыға келдім. Сөйтіп, ойламаған жерден екі мегаполистен өнер орталығым ашылды. Алматы – мәдениет пен өнердің ордасы екені белгілі. Ал Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік болсын, жеке болсын өнер мектептері көптеп саналады. Алайда өз мектебімде астанаға қарағанда Алматыдағы жастардың дәстүрлі өнерге ынтасы жоғары. Қазақылығы да басым. Өкінішке қарай, нұрсұлтандықтардың көпшілігі еуропалық үлгідегі өнер түріне басымдық береді. Яғни, фортепиано, гитара, вокал, т.б. Осының өзінен-ақ, астанамызда ұлттық рухтың әлі де жетпей жатқандығын көруге болады. Қаланың жартысы орыс­тілді. Онысына қымсынбайды да. Кейбір ата-аналар орыстілді балаларын «қазақша ән үйренесің, домбыра үйренесің» деп, сүйрегендей ғып алып келеді. Олардың көбісі домбыраны үйреніп қана қоймай, онсыз өмір сүре алмайтындай бо­лып, ұлттық өнермен біте қайнасып ке­теді. Демек, басты мәселе, жастарды ұлт­тық өнерге мойын бұрғызуда боп тұр ғой. Оларды жазғыра алмаймыз әрине. Се­бебі қаншама жылдар бойы халқымыздың дәстүрлі өнері қағаберісте қалды. Кеңес дәуірін айтпағанда, тәуелсіздік алып отырып, Ұлттық телеарналарда дәстүрлі өнерге арналған бір бағдарламаның жоқтығы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл не қысастық екенін түсіне алмай далмыз.

Шын таланттарды өлгеннен кейін ғана бағалаймыз

– Баласын сіздің мектепке жетектеп алып келетін кісілермен әңгімеле­сіп, таныс-біліс болатын шығарсыз. Қазір балалар үшін үйірменің түрі көп қой. Перзентін басқаға емес, дәл дәс­түрлі өнерге бергісі келетін ата-ана­ны суреттеп беріңізші... Олар кім­дер? – Баласын дәстүрлі өнерге әкелетін ата-ана – бойында ұлттық қасиетін жоғалтпа­ған, ұлтқа жаны ашитын, болашақты бол­жай білетін, көреген адамдар. Олар балаларының болашағына алаңдайды. Демек, оларды ұлттың болашағы алаңдатады. Ондай ата-ана баршылық. Тек балаларының бойындағы талантын ашуға бірінің жағдайы келмей жатса, бірінің мүмкіндігі жоқ, жұмысбасты. – Жуырда қазақ ән өнерінің ақсұңқары Мейірхан Адамбеков дүние салды. Ол кісінің қазасы жайлы жалпақ жұрт­қа естірткен – өзіңіз. «Шын талант­тың қадіріне жете алмадық-ау» деген өкінішіңізді білдірдіңіз. Лайық­ты бағаланбай жүрген шын дарын­дар мен асыра мадақталып жүрген кем таланттардың аражігін қашан айырып үйренеміз? – Нағыз талант ешуақытта тамыр-таныс, тіпті «өнерім көрінбей қалды-ау» деп кө­рінетін жер де іздемейді. Керісінше, кем та­ланттар өздерін көрсеткісі келіп, жер-жер­ден тамыр-таныс іздеп жүреді. Керек жерінде қаржысын да аямайды. Мұндайлар өнердегі сыбайластықтың жемісі. Әсіресе, бұл эстрада әншілерінің арасында көптеп кездеседі. Бір әннің аранжировкасын жасатып, қолынан келсе бейнебаян түсіріп алады да, барлық телеарналар мен радио, сайттарды жағалап, танымал болудың жолын іздейді. Ал Мейірхан Адамбеков сияқты өнердің өр тұлғалары ешуақытта біреудің есігін ашып, сұрамсақтанбайды. Өнері бар ма? Бар. Тыңдаушысы бар ма? Бар. Болды. Мұндай тұлғалар үкіметтік концерттер, шет елдердегі қазақ мәдениетінің күндері немесе жыл сайын мемлекеттің қаржысына бірді-екілі ғана компаниялар өткізіп жүрген фестивальдер мен концерттерге қатыспадым деп те ренжімейді. Жезтаңдай әнші Мейірхан Адамбеков өзі туған Қарағанды өңірінде Сарыарқасы үшін ғана ән шырқап, шәкірттер тәрбиелеп, қоңыр күй кешіп, өмірден өтті. Музыка колледжінде директор болды. Алайда оны бүкіл қазақ тани алмады. Ол амплуасы үлкен әнші еді. Дауыс диапазоны, майдай жұмсақ тембрі, қазақтың классикалық әндерін орындаудағы дауыс қуаты ерекше әнші болатын. Мұндай әнші қазақта сирек. Өкініштісі, бізде сирек дауысты әншілердің қадірін өлгеннен кейін ғана бағалап жатамыз. «Біздің қадірімізді қазақ өлгенде ғана біледі» деп дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров ағамыз да айтып кеткен еді. Мұндай көрегенділік әзір бола қояды деп ойламаймын. «Талантты қадірлеңдер, тірісінде» деп Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтып кеткенмен, оны тыңдайтын құлақ болмай тұр. Сондықтан бұлбұлдардың орнында қарғалар мен шымшықтар ән салып жүр.

Табыс жоқ деп төл өнерді өлтіруге болмайды

– «Жанды дауыста ән айту жайында ұсыныс түсе қалса, жұлдыздарымыздың есі шығады» депсіз бір сұхбатыңызда. Осы «жанды дауыс» деген тіркес қазақтың сөздік қолданысына қашан енді? – «Жанды дауыс» деген тіркес айтылады да, «жансыз дауыс» деп айтылмайды. Неге? Себебі олар өздерінің жансыз екендігін айтқылары келмей, жасырады. Мұндай «жансыз дауысты» әншілер ХХ ғасырдың соңында, ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары келді. Бұрынғыдай әншілер оркестр, ансамбльдермен гастрольге шыға алмай қалды. Оның бәрі қаражат. Ал «Қазақконцерт» сияқты мемлекеттік мекемелерде қаражат қалмады. Содан әртістер елге оркестрсіз жеке шыға бастады. Ал оркестр немесе ансамбльдер болмаған соң, олардың дыбысын компьютер арқылы жаздырып, оның үстінен өз дауыстарын қойдырды. Себебі жергілікті концерт беретін мекемелерде жөнді дыбыс аппараттары да болмады. Бұл келе-келе үрдіске айналып, телеарналар мен үкіметтік концерттерге дейін белең алып кетті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, енді бұған ешкім ие бола алмай қалды. Себебі фонограммамен айтқан екінің бірі әнші болып шыға келеді. Фонограмма талантты мен талантсыздың аражігін жойып жібереді. Кейбір әншілердің фонограммамен айтып тұрғанын да сезбей қаласыз. Себебі ол актерлік шеберлік. Әнші сахнада өзін-өзі шебер ойнайды. Жанды дауыста айтатын әншілер де баршылық. Алайда фонограммасыз ән айту үшін күні-түні дайындық болу керек. Сол дайындықтың жетіспей қалуы себепті ана компьютермен жасалған дыбыстың қасында өтпей қалам ба деген қорқыныш пайда болады. Сондықтан әзірге фонограммаға заңмен тыйым салынбай тұрғандықтан, олар да оңай жолын таңдап жүр. Егер заң күшіне енсе, талай таланттың бағы жанып қана қоймай, қазақ әншілік өнері біраз биікке көтерілері сөзсіз. – Жақында төрағалығына Мейрамбек Бесбаев сайланған Қазақстан орындаушылары одағының айналасында дау туды. Осы уақытқа дейін әншілердің ақшасына өзгелер ауыз салып келген көрінеді. Жалпы, өз құқықтарыңызды білесіздер ме? Шығармашылық меншіктеріңіз қаншалықты қорғалған? – Бізде бұрыннан келе жатқан Композиторлар одағы мен Қазақстан авторлар қоғамы бар. Есітіп отырсақ, олардың да проблемалары шаш етектен. Ал Орындаушылар одағы туралы көп естімедік. Менің өзім әлі күнге дейін қай одақта бар екенімді білмеймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір жерге шақырды. Бардық, қол қойдық. Бірақ кейін олардың қайда кеткенін таба алмай қалдық. Бұрынғы орнына барсақ көшіп кеткен. Телефондарын көтермейді. Мейрамбек інім қолға алған екен, оңынан болсын деп тілеймін. Мұндай одақ орындаған әндері эфирден түспейтін әншілер үшін өте пайдалы. Ал біз сияқты эфир­ден айына емес, жылына 1-2 ән айтатын әншілер үшін пайдасы шамалы. Бір жылы мені біреу көшеден ұстап алып, «орындаған әндеріңіз үшін гонорарыңыз» деп, 11 мың теңге бе­ріп кетті. Біздің орындаған әндерімізге «Шал­қар» радиосы төлейтін болар. Басқа жақ­тан ән айтпасақ, кім, не үшін берсін? – Қазақтың кең даласын аралап, дәстүрлі өнерге сусаған ауыл-аймақтағы ағайынға сәлем бере баратын санаулы әншінің бірісіз. Биыл қай өңірлерге баруды жоспарлап отырсыз? – Ешқандай мемлекеттік қызметте жоқпын. Тыныш қана мектебімде сабағымды беріп жүре беруіме болушы еді. Бірақ мен тынымсыз адаммын. Былтыр фестиваліммен жүріп, барлық қалада концертімді бердім. Дәстүрлі өнердің жарнамасы болмағандықтан, концертке халықтың келуі мардымды емес. Павлодар маңына жолатпады. Өскемен мен Көкшетауда кешім болмай қалды. Концертімізге халық келмейді, табыс жоқ деп, ұстаздарымыз аманаттаған өнерді өлтіруге болмайды ғой. Сондықтан дәстүрлі өнерге жастарды тартайын деген мақсатта конкурс-фестиваль ұйымдастырып, сол байқаудан көзге түскен талантты балаларды концертіме қатыстырып, елге танытып жүрдім. Бір қызығы, былтыр жыл бойы мен фестиваліммен барған облыс орталықтарында Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен республикаға танымал 5-6 әншінің қатысуымен дәстүрлі музыка концерттері өтіп жүрді. Биыл тоқтап қалған сияқты. Қазір Құдайға шүкір, сол байқауымның арқасында еліміздің барлық аймақтарында мені күтіп отыратын талантты ұл-қыздарым бар. Былтыр жыл соңында Атырау облысының Индер ауданында болдым. Менің фестивалімде Бас жүлдені жеңіп алған Индер ауданы Бөдене ауылының 30 талантты ұл-қызы болатын. Аудандық мәдениет бөлімі ұсынған кестеде Бөдене ауылы болмай шықты. Мен гастрольдік сапарым басталардан бір күн ерте барып, бөденеліктермен кездесіп, осынша талантты ұл-қыз тәрбиелеп отырған ауылға рақметімді айттым. Талантты балаларыммен бірге жақында ғана берілген жап-жаңа мәдениет үйінде концерт бердім. Ел де риза, мен де риза. Егер жергілікті әкімшіліктерден осындай қолдау болса, биыл «Ғасырлар үні» республикалық дәстүрлі музыка фестиваліммен елімді тағы да араламақшымын. Алла қаласа, бұл фестивалімді 28 ақпанда туған жерімнен бастағалы отырмын. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы «Қуана қарсы аламыз, келіңіз!» деп елге арнайы шақырып отыр. Бұл жобаның ерекшелігі – бағдарламада Алтын Орда дәуіріндегі жырлар мен күйлер, әл-Фараби бабамыз бен ұлы Абай атамыздың ән-толғаулары, музыкалық еңбектері насихатталатын болады. Фестиваль еліміздің бірнеше тарихи қалалары мен аудандарында ұйымдастырылып, жыл соңында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қорытындыланады. Фестивальге елімізге белгілі дәстүрлі өнер тарландарымен қатар, онлайн конкурс арқылы ел ішіндегі дарынды өнерпаздар қатысады. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА