«Адамзаттың алыбы – хакім Абай»

«Адамзаттың алыбы – хакім Абай»

«Адамзаттың алыбы – хакім Абай»
ашық дереккөзі
Елордада қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер Абайдың 175 жылдық  мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Nur Otan партиясының  қолдауымен және Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жыр аламаны биыл өтетін айтыстардың беташары болды. Айтысты белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман жүр­гіз­ді. Ол өз сөзінде бүгінде ұлттық құн­дылықтарымызды дәріптеп, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, та­рихи өткенімізді айшықтап оты­руымыз – ел Тәуелсіздігінің ар­қасы, аға буынның қажырлы ең­­­бегінің жемісі екенін ерекше атап өтті. – Президентіміз осы жылды Абай жылы деп жариялады. Жа­қын­да  ғана Абайға арналған іс-ша­ралардың бастауын өзі келіп ашып берді. «Абай және XXI ға­сыр­дағы Қазақстан» атты ма­қа­ла­сын бәріңіз оқыған шығарсыздар. Биылғы көптеген шаралар Абайға арналады. Абай – біздің  қағбамыз, қазақ руханиятының темірқазы­ғы. Бәріміз бойымызды да, ойымызды да Абайға қарап түзеуіміз керек, – деді Жүрсін Ерман. Аламан айтысқа барлығы 16 ақын қатысты. Сайдың тасындай іріктелген айтулы ақындар сөз сайы­сына Абай мұрасын арқау етіп, ұлы ойшыл ұсынған асыл ой­ларды, өшпес құндылықтарды кеңі­нен толғады. Ұлы Абай өсие­тін­дегі өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық рухын сіңіру, ойшыл сынаған жағымсыз қылық­тар­дан арылу, кемеңгер сілтеген адамшылық жолын ұстану ай­тыс­тың негізгі тақырыбына айналды. Бұл айтыстың бұрынғы ай­тыс­тардан басты ерекшелігі сөз сайы­сына түсетін ақындардың сах­нада жеребе тарту арқылы тұт­қиылдан жұпталуы болды. Аламан айтыстың бас жүлдесі бел­гілі ақын, «Алтын дом­быра­ның» екі дүркін жеңімпазы Мұх­тар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды Сыр елінің ақыны Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екінші орын­ды Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған олжалады. Үшін­ші орынды Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы, Рауан Қайдаров ал­ды. Еске сала кетейік, былтыр Nur Otan партиясының қолдауымен еліміздің өңірлерінде онға жуық республикалық ақындар айтысы өтті. Атап айтқанда, Атырауда Ф.Оң­ғарсынованың 80 жылды­ғы­на, Қарағандыда С.Сейфуллиннің 125 жылдығына, Қостанайда Б.Майлиннің 125 жылдығына орай және Алматы қаласында «Отан отбасынан басталады» атты рес­публикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, жыр аламаны Батыс Қазақстан облысында «Алтын домбыра» айтысымен қоры­тын­дыланды. Енді міне, сол үрдіс биыл да жал­ғасын тауып отыр. Хакім Абай­дың 175 жылдығына орай рес­пуб­ликалық, облыстық және аудан­дық деңгейдегі 20-ға жуық ақын­дар айтысы өтеді деп жос­пар­лануда. Одан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығына және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ақындар айтысы ұйым­дастырылады.