9 Ақпан, 15:43 12860 0 Ішкі саясат Анар ЛЕПЕСОВА

Ноғайбай биден жер алған дүнгендер жайлы не білеміз?

Сурет интернеттен алынды
Сурет интернеттен алынды

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін ел аузына іліккен Масанчи ауылы жайлы жұрттың білетінінен білмейтіні көп. Ауылдың іргесі қашан қаланды? Қанша халқы бар? Елді мекен тұрғындарының этностық құрамы қандай? Turkystan.kz тілшісі шолу жасап көрді.

 Масанчи – Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ауыл. Масанчи ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасына жақын аумақта, аудан орталығы Қордай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 46 шақырым қашықтықта орналасқан.

Ауылдың іргесі 1878 жылы қаланған. Тарихи деректерге сүйенсек, дүнгендер Қазақстанға Солтүстік Қытайдағы мұсылмандар көтерілісі басып-жанышталғаннан кейін, 1877 жылдардан бастап келе бастаған. Күнкөріс пен жанбағыс үшін қазақ жеріне қоныс аударғандарды сол бір жылдары Жамбыл өңіріндегі Қордай аймағын басқарған Ноғайбай би қамқорлығына алады. Егін егіп, мал шаруашылығымен айналысу үшін арнайы жер бөліп берген. Кеңестік кезеңде аты мәшһүр болған генерал-губернатор Колпаковскийдің тілін таба білген Ноғайбай би дүнгендерді жер, мал салығы секілді салықтың барлық түрлерінен 10 жылға босатқан. Осындай қамқорлық пен қолдаудың арқасында бір кездері Қытайдан үдере көшіп келген 3314 дүнген өсіп-өніп, қазақ топырағына сіңіп, 70 мыңға жуық өкілі бар іргелі диаспораға айналды.

Тұрғындарының 94 пайызы – дүнгендер

Статистикалық деректер бойынша Масанчи ауылының демографиялық өсімі тұрақты. 1999 жылғы халық санағында Масанчи тұрғындарының саны 8926 адам болса, 2009 жылғы санақ кезінде 13606 адамға жеткен. Ал 2018 жылғы дерек бойынша Масанчи халқының саны 18420  адамды құрайды.

Елді мекенде оннан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Басым бөлігі (94 пайызы) – дүнгендер. Қазақтар, орыстар, украиндықтар, қырғыздар, өзбектер, ұйғырлар мен татарлар аралас қоныс тепкен.

Шағын ауыл екеніне қарамастан, Масанчида 75 көше, 3 мектеп, 2 балабақша бар. Ауыл тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен және мал шаруашылығымен айналысады. Масанчидағы Жылыжай шаруашылығы Жамбыл облысын қысы-жазы сапалы бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.

Ауыл атауы үш мәрте ауысты

1878 жылы іргесі қаланған тұста ауылға иҚарақоңыз деген атау берілген. Ауылдың бұлай аталуына қатысты бірнеше пікір айтылады. Алғашқы нұсқа бойынша ертеде аумақта үлкен қара қоңыздар көп болған. Енді бір нұсқада жергілікті тұрғындар таңнан кешке дейін қоңыздар секілді жер тырмалап, егістік басынан ұзамайтын дүнгендерді солай атап кеткен деседі. 1903 жылы дүнгендердің қазақ жеріне көшіп келуінің 25 жылдығына орай тұрғындар Николай ІІ патшаға өтініш жасап, ауылды Ресей императорының атымен атауды ұсынған. Ұсыныс қабылданып, елді мекен Николаевка атауын иемденген. Алайда Қазан төңкерісінен кейін ауылға бұрынғы Қарақоңыз атауы қайтарылады. Ал 1965 жылы елді мекенге дүнген халқының батыры, революциялық қозғалыс және азаматтық соғыс қатысушысы, Орта Азия және Қазақстанда Кеңес билігін орнату жолында күрескен белсенді Мағазы Масанчидің есімі берілді.

Алматыдағы М.Масанчиға қойылған ескерткіш

Соңғы жаңалықтар