Мемлекетшіл азамат деп кімді айтамыз?

Мемлекетшіл азамат деп кімді айтамыз?

Мемлекетшіл азамат деп кімді айтамыз?
ашық дереккөзі
Мемлекетшілдік деген не? Мем­лекетшіл азамат қандай болуы керек? Бұл сауалдарға жауап табу оңай емес. Тіпті, бұл сауалға жауап беретін азаматтардың ой-пі­кір­лері де бір арнаға тоғыспайтыны анық. Біреу мемлекетшілдікті ұлт­тық идеологиямен, ұлттық тарихпен, ұлттық сана-сезіммен, ұлттық пат­риотизммен байланыстырады. Та­ғы бір топ бар. Олардың ойынша, мем­лекетшілдік билікті қолдаумен өл­шенеді. Асылында, бірінші топтың тү­сі­нігі ойға қонымды, санаға сіңім­ді.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Маңғыстау өңіріне барды. Сонда мынадай бір ойымен бөліскені есте. «Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығы – елімізді өркендетудің басты кепілі. Онсыз тұрақтылық та, даму да болмайды». Дәстүр сабақтастығын жоғалтпай, жас ұрпақта мемлекетшілдік сананы қалыптастыра алсақ, ұтқанымыз. Ал ұлттық болмысымыз­дан жаңылып, аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы сабақтастықты әлсіретсек, жастардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін түсіну қабілетін төмендетіп, бүгінге дейін сақталған ұлттық құндылық­тары­мыз­ды жоғалтсақ, ұтылғанымыз. Мемлекетшілдік – ұлттық мүддені қор­ғау, өз халқыңның, еліңнің келешегін ойлау, яғни ұлттық мемлекет құру және оны мәңгі сақтап қалуға тырысу. Мұндай қадамға қандай азаматтар барады? Қолында билігі бар кез келген «лауазым иесіне» қолдау көр­сетіп, биліктің жұмысын ешнәрсеге қара­мастан көз жұма қолдайтын «мемлекетшіл» топ өкілдері ме? Әлде халықты бірлікке, ынтымаққа шақырып, әділеттілік жолында аянбай тер төгетін, ел алдындағы, жұрт алдындағы, мемлекет алдындағы борышын кіршіксіз ақ ниетпен өтеуге әзір өз халқын, өз ұлтын риясыз сүйетін, қадір тұтатын аза­маттар ма? Бабалардан қалған ұлттық мұрамызды ұлықтап, жеріміз бен байлығымызды келер ұрпаққа дұрыс дәріптеу – бүгінгі буынның мемлекет алдындағы азаматтық борышы. Бұл борышты адал орындау үшін мемлекетшілдік деген түсінікті қазақтың келешегін, ұлттық болмысын шын бағалаумен байланыстыру қажет секілді. Сол кезде ғана шы­найы мемлекетшілдік идеяға бет бұруға мүм­кіндік туады. Ал мемлекеттің негізгі тіре­гі қай кезеңде де, қай ғасырда да, қай дәуір­де де ұлттық мүдде болуы тиіс. Бүгінгі қоғамда мемлекетшілдік ұғы­мына қатысты мынадай бір қалыптасқан пікір бар. Биліктің кез келген бағытын қолдап, қарапайым халықтың ой-пікірін кейінге ысырып қоятын шенеуніктерді мем­лекетшіл деп бағалап жатады. Неге? Өйткені мемлекетшілдік туралы ой толғағанда ең алдымен мемлекеттік қызметтегі азаматтар еске түседі. Рас, мемлекетшілдіктің бірден-бір үлгісі солар болуы тиіс. Алайда қазына қаржысын жымқырып, одан қала берді ысырапшылдыққа жол беріп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді мемлекетшіл деуге ауыз бармайды. Бүгінде әр ел азаматының бойында мем­лекетшілдік сананы қалыптастыру аса маңызды. Бірақ бір нәрсені терең түсініп алғанымыз абзал. Біз ежелден мемлекеттігіміз қалыптасқан елміз. Біздің бүгінгі міндет – идеологиялық тұрғыдан мемлекетшілдік сананы қалыптастыру. Ал мемлекетшілдік сана – идеологияның қайнар көзі. Соны сіңіріп, бойына дарыта білгендерді мемлекетшіл азамат деп айтуға болады. Мемлекетшіл болу үшін ең алдымен ұлтшыл болу керек. Бір айта кететін нәрсе, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруды бала кезден бастаған абзал. Мемлекеттің ертеңгі тұлғасы мектептен қалыптасады. Демек, бұл ретте мектеп мұғалімінің жауапкершілігі артады. Яғни, балада мемлекетшілдік сана қалыптассын десек, ұстаз мемлекетшіл болуы тиіс. Одан әрірек барғанда, ата-ана­ның әр ісінен мемлекетшілдік әрекет көрі­ніс таппаса, оны бала бойына сіңіру мүмкін емес. Заң ғылымдарының кандидаты Шың­ғыс Ергөбектің «Қазақтың ұлы данасы Абай­дың өзі – мемлекетшіл, ұлтшыл тұлға. Неліктен? Өйткені қазақтың қамын ойлап, ұлтты модернизациялау керектігін уақы­тында түсінген адам. Бірақ Абайдың пікір­лерінің көбі өз кезіндегі саяси биліктің жүзеге асырып отырған саясатына қарсы болды емес пе? Яғни, саяси сын мемлекетшіл адамдардың бойынан шығады. Себебі мемлекетшіл адам өз елінің болашағына нем­құрайлы қарай алмайды» деп жазғаны бар еді. Расында да, мемлекетшіл адам ұлтының, туған халқының барына сүйсініп, жоғына күйінетін азамат болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда өзін «мемлекетшілмін» деу артық. Сонымен, мемлекетшіл азамат деген кім?  Бұл туралы елімізге белгілі азаматтар не дейді?  Амалбек ТШАНОВ,  мемлекет қайраткері:

 Мемлекетті сүю тілді сүюден басталады

 – Мемлекетті сүю үшін ең бірінші өзінің ана тілін сүюі керек. Өзінің халқын сүюі керек. Еткен еңбегінің бәрі мемлекеттің болашағына бағытталуы тиіс. Жалпы алғанда, мемлекетшілдік мемлекеттің мүддесін қорғаумен сипатталады. Өз жеке басыңның күйін күйттеу емес, елдің, мемлекеттің жағдайын ойлау. Қай кезде болмасын сол мемлекеттің мүддесін қорғауды ойлап тұруы қажет. Сонда ғана азаматтардың мемлекетшілдігін бағалай аламыз. Түптеп келгенде, мемлекетшілдік дегеніміз ұлттық идеямен қабысып жатыр. Онсыз ешқандай азамат мемлекетшіл бола алмайды. Ата-бабадан қалған мұраның қадіріне жетпеген азамат мемлекеттің мүддесін қайдан ойласын?! Сондықтан мемлекетшіл азамат ең алдымен, ұлттық құндылықтарды бағалауы қажет. Ал ұлттық құндылықтардың негізі отаншылдықта. Ұлтын сүйген, халқын сүйген, тілін сүйген азамат мемлекеттің дамуы жолында да қалтқысыз қызмет атқарады.    Асылы ОСМАН,  қоғам қайраткері:

 Мемлекетшіл азамат қазақи  болмыста болуы тиіс

 – Менің түсінігім бойынша, адам мемлекетшіл болуы үшін сол елдің жерін, елін, топырағын, халқын сүйе білуі керек. Сол сүйіспеншілік болса, ол адам өзінің мемлекетін сүйеді де, «осы ел – менің елім, менің жерім, менің мемлекетім» деп қабылдайды. Өз жеке басының мүддесін жоғары қоймай, қоғамның мүддесін жоғары қойған адамды мемлекетшіл деп санаймын. Оның барлығы немен келеді? Адам бойында қалай қалыптасады? Алдымен ол өзіңнің отбасыңдағы тәрбиеден бастау алады. Оның бәрі ана сүті арқылы бойыңа дарып, тәрбие арқылы қалыптасады. Егер қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін білмесе, оның қазақ мемлекетіне қандай сүйіспеншілігі болады? Мұндай азаматтар ешқашан да мемлекетшіл бола алмайды. Мемлекетшіл болу үшін осы елдің, мемлекеттің, топырақтың иесі де, киесі де қазақ болғандықтан, қазақтың тілін, әдетін, ғұрпын, салтын біліп, қазақи рухта, қазақи мінезде, қазақи кісілікте болу керек. Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп айтып кеткен. Олай болса, мемлекетшіл азамат қазақи болмыста болуы тиіс. Тілді білген адам ғана ұлттың жанын түсінеді, ұғады. Мемлекетшіл адам жауапкершілікті ерекше сезіне білуі керек. Мына қоғамның барлық жауапкершілігі менде деген сезім болуы керек. Көз тоймаушылық, жемқорлық қоғамды бүлдіреді. Біздің елдегі қазіргі ең қиын жағдай – жемқорлықтың жайлап кеткендігі. Мұндай қадамға барып, мемлекеттің қазынасын, халықтың қаржысын жымқырып жүргендерде мемле­кетшілдік рух қайдан болсын?! Әрине, қазақ елі көштен қалсын демеймін. Бірақ өзіміздің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлттық болмысымызды жоғалтпауымыз керек.     Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

 Мемлекет – рухани  құндылықтардың сақтаушысы

 Мемлекет пен азамат арасында екі түрлі міндет пен борыш болады. Ол – әлеуметтік, саяси, экономикалық, жеке бас­тық міндеттер. Яғни, мемлекет қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге азаматтың да мемлекет алдындағы өз борышы бар. Ол – мемлекетті қорғау, заңдарды бұзбау. Мемлекет рухани құнды­лық­тардың сақтаушысы да болуы тиіс. Идеологиялық құрылымдар (газет-журнал, теледидар) арқылы жұртшылықтың отаншылдық рухын белгілі бір деңгейде сақтап тұрады. Қазақта мемлекетшілдік идеясы ертеден болған. Қазақстан жерінде бірнеше мемлекеттік құрылымдар болған. Бірақ олар өлкелік, тайпалық болған. Ал енді ХV ғасырда Керей мен Жәнібек хандар тұсында нағыз ұлттық сипаттағы мем­лекетке айналды. Ал КСРО-да сен мемлекетшіл ұлтсың. Яғни, КСРО-ға шабуыл жасалса, сен жаныңды беруің керек. Ал қазір біздің мемлекетіміз өзімізді қорғайды, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтайды. Тиісінше азаматтарымыз да мемлекеттің мүддесін ойлап, елдің ілгері басуына атсалысуы керек. Мемлекеттің заңына бағынатын, ұлтымыздың ұлы мұрасын ұлықтайтын, ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын, Отанын шын сүйетін, елін-жерін, туған тілін құрметтейтін азаматтарды нағыз мемлекетшіл азамат деп бағалаймын.