Ертеректе баланың болмауы тек әйел­дер­ден деп қарайтын – бүгінде ерлердің 50-52 пайызы белсіз

Ертеректе баланың болмауы тек әйел­дер­ден деп қарайтын – бүгінде ерлердің 50-52 пайызы белсіз

Ертеректе баланың болмауы тек әйел­дер­ден деп қарайтын – бүгінде ерлердің 50-52 пайызы белсіз
ашық дереккөзі
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас урологі Марат Мақажанов aikyn.kz сайтына берген сұхбатында ер адамдар кездесетін бедеулік пен оны емдеу жолдары туралы айтып берген. – Скрингтік тексеру 2006 жыл­дан бастап 2016 жылға дейін жүр­гі­зілді. Осы уақыт аралығында 47 мыңға тарта ер-азамат тексеру­ден өтті. Бірінші жылдары біздің Б.Жар­босынов атындағы урология ғы­лыми орталығында ақысыз тек­серу жүргізілді. Ғылыми орта­лық осы жауапты да сауапты іс үшін Үкіметтен ешқандай қаражат ал­ған жоқ. Осы тексерулердің нә­ти­­­жесіне қарағанда, қазір еліміз бо­йын­ша еркектер белсіздігі 50-52 пайызға жетсе (белсіздіктің 3 түрі болады), бедеулік деңгейі 15 пайыздан жоғары болып тұр. Егер 15 пайыздан төмен болса, онда бұл қалыпты жағдай саналады. Ал одан жоғары болғаны – алаң­дай­тындай ахуал. Сондықтан мұның демографияға кері әсер етіп отырған жайы бар. Бұл эко­ло­гияның, ер-азаматтар өз ден­сау­лығына салғырт қарауының салдары деуге болады, – дейді маман. Аурудың дәрежесін дәрігер анықтайды. Оны жеңіл, орташа, асқынған деп бөлуге болады. Жеңіл және орташа түрін жай ғана денешынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстану арқылы 75 пайыз­ға дейін емдеуге болады. Сон­дықтан ауруы асқынбай, дәрі­герге неғұрлым ертерек қаралған науқастың мүмкіндігі мол екенін айтады дәрігер. – Өкі­ніш­­ке қарай, көбі уақытты өткізіп жүріп алады да, аурудың асқынған түріне өткенде дәрігерге келеді. Бұл кезде, амал жоқ, ота жасауға мәж­бүрміз. Б.Жарбосынов атын­дағы урология орталығына келетін науқастар арасында белсіздік 30-40 жас аралығында – 15 пайыз, 40-60 жас арасында – 25-30 пайыз, 60 жастан жоғарыларда 70-80 пайызға дейін барады. Белсіздікпен келген­дер­дің 90-95 пайызын емдеуге бо­лады. Олардың 10 пайызы ота­мен, қалғаны дәрі-дәрмекпен емделеді, – дейді Марат Мақажанов. Бедеулік жағынан алғанда шама­мен 40 пайыз – ерлер, 40 пайыз – әйелдер. Қалған 20 пайыз екеуін­де де бар болып шығатынын айтады маман. – Ертеректе бала болмауы тек әйел­дер­ден деп қарайтын. Қазіргі статистика осындай болып тұр. Сондықтан бала сүйіп, ұрпағын өрбіткісі келсе ер-азаматтар да уақытты созбай, дер кезінде дәрігерге тексерілуі керек. Ерлі-зайып­тылар шаңырақ көтер­ген­нен кейін бір жылдың ішінде еш­­қандай сақтандыру әдістерін қол­­данбаған жағдайда бала бол­ма­­са, бұған алаңдау керек. Елде бедеулік 15-16 пайыз болса, соның бәрін емдеп шығу мүмкін емес. Шамамен, 10 пайызын емдеуге бо­лады. Туабіткен немесе тұ­қым­қуалаушылық арқылы бола­­тын бедеуліктің емделуі қиын. Олар генетиктер мен репродук­то­логтарға жүгінеді. Болмаған жағ­дайда бала сүюден үмітті ата-ана ЭКО әдісін қолданады. Қазір елімізде осы әдіспен дүние есігін ашқан сәбилер көбейіп келеді. Ең бастысы, ерлі-зайыптылар балалы болудан үмітін үзбеу керек, – дейді уролог.