Bek Air-дің бұзылған ұшақтарға жаңа сайман салуға қаржысы болмаған – Азаматтық авиация комитеті

Bek Air-дің бұзылған ұшақтарға жаңа сайман салуға қаржысы болмаған – Азаматтық авиация комитеті

Bek Air-дің бұзылған ұшақтарға жаңа сайман салуға қаржысы болмаған – Азаматтық авиация комитеті
ашық дереккөзі
Отандық әуе тасымалдаушы саны біреуге азайды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air-дің азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының және ұшуға жарамдылық сертификатының күшін уақытша тоқтатты. Себебі оның жұмысында қаптаған жөнсіздіктер анықталды. Мысалы, ол сынған ұшағын ескі-құсқы ұшақ бөлшектерімен жөндеп келген. Бұл туралы aikyn.kz жазды. Авиациялық бақылау органы 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы маңында болған ұшақ апатынан кейін Bek Air-дің бар дүниесін аударып-төң­керіп, кең ауқымды тексеруге кірісті. «Bek Air АҚ-ында қауіпсіздікке қатысты салмақты мәселелердің жиілігі әуе тасымалдаушысы үшін рұқсат етіл­ген деңгейден айтарлықтай асып кетті. Осы себепті сертификаттар уақыт­ша тоқтатылды, әуе компанияны мұқият тексеруге бастамашы болдық. Оның барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті. Bek Air ұшақ сынса, ақаулы қозғалт­қышы мен агрегаты жаңасымен емес, көнерген басқа ұшақтың жабдықтарымен алмастыра салынады екен. «Bek Air бұл процесті ұдайы пайдала­натыны мәлім болды. Яғни, бір ұшақтың құрамдас бөлігі түсіріледі де, басқа ұшаққа орнатылады. Бұл әрекеттер сұрақ тудырады. Өйткені мұндай жағдайда ұшақ компоненттерінің қолданылу мерзімі қалай тіркеліп, есепке алынады? Сондай-ақ бұл Bek Air АҚ қаржысының жеткіліксіздігі салдарынан запас бөл­шектерді сатып алуға қабілетсіз екенін куәландырады. Оның үстіне Фоккер секілді ескі ұшақтардың запас бөлшек­терін табу қиын», – деп қатаң сын айтты ведомство. Беті ашылған сорақы істердің тағы бір парасына тоқталсақ, әуе компания ұшақ қозғалтқыштарының жұқа тақтай­шаларын алып тастайтын болған. Ал ол тақтайшада қозғалтқыштың серия­лық нөмірі жазылады. Онсыз құзыр­лы органдар оның қанша уақыттан бері пайдаланылғанын және өткізген циклдерін қадағалай алмайды. Кесірі­нен, Bek Air бірнеше ұшағының қозғалтқышын идентификациялау мүмкін болмапты. Fokker-100 үшін қозғалтқыш өндір­ген Rolls Royce осы ұшақтар Қазақстан­да пайдаланыла бастағалы олардың күрделі жөнделмегенін мәлім етті. Компания қозғалтқыштардың темір тақтайшаларын алып тастауға тыйым салынатынын, оған рұқсат бермегенін растады. Басқа бұзушылықтары да бастан асады: жүк бөліктерін өрттен қорғау құрылғылары, құтқару жилеттері, апат­тық радиомаяқ жетіспейді. Әуе компаниясының ұшақ паркінің жағдайы «қанағаттанғысыз» деп та­ныл­ды. Мысалы, бейнежаз­ба­ларды зерттеу кезінде Bek Air экипаждары ұшақ­ты даярлау барысында шолу жасамайтыны, қанаттарын тексер­мейтіні, журнал толтыруға жүрдім-бардым қарайтыны анықталды. Егер Bek Air барлық жөнсіздіктерін 6 ай ішінде жоймаса, сертификат­тарынан түпкілікті айырылады. Өз кезегінде әуетасымалдаушы бұған дейін жоспарланған барлық рейстерін алып тастады. Бұдан бөлек, 18 қаңтарда IATA қауымдастығы Bek Air белгілеу кодын кері қайтарып алды.