21 Қаңтар, 10:33 533 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Орыс киносының «ұят тізіміне» ендім – «Айка» фильмінің режиссері ағынан жарылды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

«Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевой Meduza порталына берген сұхбатында өзінің халықаралық марапаттарға ие болған «Айка» фильмінің Мәдениет министрлігінің борышкерлер тізіміне ену себебін түсіндірген.

Тізім 2019 жылдың күзінде шықты. Оған сәйкес, Сергей Дворцевой өндіріс мерзімін бұзғаны үшін Мәдениет министрлігіне жеті миллион рубльден (42 миллион теңге) артық төлем жасауы керек. «Айканың» жалпы бюджеті шамамен жүз миллион (оның ішінде мемлекеттік қолдау 28 миллион) рубль.

Режиссердің айтуынша, түсірілім екі жылдың орнына алты жылға созылған, өйткені картинаға қары қалың қыс қажет болған. Ал картинада жасанды қарды қолдану мүмкін болмапты.

«Қазір мен шынымен Мәдениет министрлігі дайындаған сол бір «ұят тізіміне» кірдім. Маған жақында Чехияда өткен деректі фильмдер фестивалінде әлемдік кинематографияға қосқан үлесі үшін деген сыйлық берді. Мен оларға: «Қайдағы әлемдік кинематография? Мен орыс киносының «ұят тізіміне» ендім, түсінесіздер ме?» деймін, олар күледі. Бірақ, бұл шындық», – деді Дворцевой.

Сондай-ақ, режиссер айыппұлды төлей алмайтынын атап өтті, өйткені ол үшін 7 миллион тұрмақ 20 мың рубльдің өзі үлкен сома, ақшасы тамағына әзер жетіп отыр. Мәдениет министрлігінен ғана емес, шетелдік инвесторлардан түскен қаражаттың барлығы фильмді шығаруға және түсірілімге қатысқандардың жалақысына жұмсалған.

«Егер ақша төлеуге мәжбүрлесе, бұл мені сәтсіздікке ұшыратары анық, себебі олар талап етіп отырған ақша менде туғалы болмаған», – деп ағынан жарылады режиссер.

Дворцевой бұдан әрі не істеу керектігін білмейтінін айтты.

Соңғы жаңалықтар