11 Қаңтар, 10:04 324 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

«Біз Абай жолындамыз»

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Біз Абай жолындамыз» деген атпен зерделеу шарасы өтті.

Іс-шара барысында сөз алған ЕҰУ ректоры Е. Сыдықов: «Биылғы жыл Президент жарлығымен Абайдың 175 жылдығын атап өтетін жыл. Жылдың басынан бастап бұл мерейтойға үлкен дайындық басталды. Дайындықтың басы – Президенттің мақаласы деп есептейміз. Мақала ерекше жазылған, былай қарасаңыз тілі қарапайым. Бірақ арғы жағында терең ойлар мен бағыттар жатыр. Біз Абайды тануға жаңаша келуіміз керек. Биылғы мерейтойы арқылы Абайды тануға, зерттеуге, зерделеуге ұмтылуымыз қажет. Президентіміздің мақаласы арқылы Абай шығармаларын тағы да бір оқып,  үнемі бойтұмар етіп ұстап, өзіміздің өмірлік стандартымызға айналдырайық», –  деді.

Жиын барысында сөз алған профессор Ғарифолла Есім бүгінгі білім саласы балалардың тек қабілетті болғанына мән беріп кеткендігін тілге тиек етті. «Қабілетке мән беріп жүргенімізде, адамға қасиетті кім беріп жатыр? Қасиеті таусылған адам адам болудан қалады. Бізде осы олқылықты толтыратын – Абай. Ақынның толық адам болу туралы ойы әлі өзекті. Абай адамның бес дұшпанына өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ деп қосады. Ал бүгін біздің аңдығанымыз өсек болып кетті,  өтірікпен жүрміз. Өтірік пен шындықты айыра алмайтын жағдайға келдік. Абай қазаққа керек. Ол бізге кеңесші. Абайдың сөзі ақ жауын сияқты. Ол бірден сіңбейді сізге, бірте-бірте сіңеді. Қазақ ақ жауынды жер қонағы дейді. Абайды ақ жауын десек, соның өнімін алатын – жастар», – деп қорытты ойын.

ЕҰУ оқытушысы, ақын С.Дүйсенғазы студенттерге «Абай жолы» экспедициясын жасауды ұсынды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, ЕҰУ қолдауымен Абай туған Жидебай мен қайтыс болған Шыңғыстаудың ортасындағы 50-60 шақырымды жаяу жүріп өтуді ұсынды. Сонымен қатар Абайдың әлемнің классикалық композиторларымен қатар тұратын әндерін, музыкалық мұрасын насихаттау мақсатында еліміздің аймақтарында Абай әндерінің концертіне ұйымдастыру туралы ойын ортаға салды.

Шара барысында ЕҰУ-дың студент жастары эстафета бастап, ректор Е.Сыдықов қостап М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыды. Ректор Е.Сыдықов эстафетаны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановқа, қазақтың атын әлемге танытып жүрген дүлдүл әнші Д.Құдайбергенге және Олимпиада чемпионы С.Сәпиевке жолдады. Кеш соңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап тыңдармандарды тәнті етті.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар