Лотерея ойнату – харам – Діни басқарма

Лотерея ойнату – харам – Діни басқарма

Лотерея ойнату – харам – Діни басқарма
ашық дереккөзі

«Лотерея ойнату құмарға жа­тады» дейді Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы төра­ғасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров aikyn.kz сайтына берген сұхбатында.

«Құмар – кездей­соқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылуды білдіреді. Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Олар [адамдар] сенен (уа, Пайғамбар) арақ пен құмар туралы сұрайды. «Ол еке­уінде үлкен күнә және адамдар үшін кейбір пайдалар бар. Алайда пайдасынан күнәсі көп» деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят).

Аяттағы «мәйсир» сөзі құмар деген мағынаны білдіреді. Яғни, бі­реудің ұзақ уақыт бойы еңбек­те­ніп тапқан ақшасын құмар ойыны арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен алғандықтан «мәйсир» деп аталған. Құмар ойынына карта, нарда, ойын автоматтары, рулетка, ло­терея, букмекерлік кеңсе т.б. жа­тады. Кең таралғаны – лотерея. Оның бірнеше түрі бар. Негізгілері мыналар: 1. Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таң­далатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мың­даған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі. Сол секілді үйді, көлікті, кітапты т.б. заттарды лотерея арқылы ойнатып сату, лотереяның осы түріне жатады. 2. Спорттық лотерея (ойын авто­маттары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс ті­геді. Егер ұтса ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшы­раса, тіккен ақшасынан айы­рылады. Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан үкімі үзілді-кесілді харам саналады. Оған қандай ниетпен болса да, тіпті билетін тегін алса да қатысуға болмайды. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да ха­рам етті» (Бұхари, Муслим), – деген. Себебі құмар адал кәсіп емес, керісінше адамдардың мал-дүниесін арам жолмен алу. 3. Жарнамалық лотерея: бұл тауарларды сатуға ынталандыратын лотерея түрі. Мысалы, дүкендерде, сауда орындарында клиенттерді тарту мақсатында тауарларға жүл­делер қойып ойнатады. Ол тауар­ларға белгілі бір номерлер белгі­лейді. Кейін оны тұтынушы на­рық­тағы бағасына немесе одан қымбатқа сатып алып, сыйлыққа қол жеткізуі мүмкін» дейді ислам­танушы. Кейбір ғұламалар бұл ойынға харам деп үкім берген екен. Яғни, ол елді алдау, құмар болып са­на­ла­ды. Саудагерлер арасында бә­се­келестік тудырады. Оның соңы бір-бірін балағаттауға әкелуі мүм­кін. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды делінген. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінде 2019 жылы 5 желтоқсанда қабыл­дан­ған пәтуада осы мәселеге бай­ла­нысты төмендегі үкімдер бекітілді: 1. Кез келген құмар ойыны харам; 2. Сандық және спорттық ло­те­рея құмар ойынына жатады; 3. Жеке мүлікті лотерея арқылы сату харам; 4. Тауарды өткізу мақсатында тігілген сыйлықты мынадай шарт­тармен ғана алуға рұқсат етіледі: – Тауардың құны нарықтағы бағадан аспауы керек. Егер ұтыс себепті бағасы көтерілсе құмар са­налады; – Сыйлыққа жету үшін тауар сатып алмауы қажет. Егер затты ке­рек етпей, тек жүлдеге қол жет­кізу мақсатында сатып алса, онда ол мал-дүниені бекер шашқан болады; – Тауар адал әрі пайдалы болуы тиіс; – Сыйлық қатысушы тарап­тың берген ақшасынан алынбауы керек; – Тұтынушыларға қиянат жа­сал­мауы тиіс әрі тауарды өткізуде алдау, алаяқтық болмауы шарт» дейді Ершат Оңғаров.