13 Желтоқсан, 12:26 545 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

Құйылсын көшің...

Тәуелсіздіктің қазаққа берген үлкен сыйының бірі – әлем қазақ­тарының басы атажұртта жиналған­дығы. Ел егемендігін ала салысымен тарихи Отанына қарай ағылған көш­тің легі әлі күнге дейін толастаған жоқ. «Елге ел қосылса құт» деп халқымыз бе­­кер айтпаса керек. Осы уақытқа дейін атажұртына көшіп келген қан­дастар саны 1 миллионнан асты. Олар елдің әр түкпірінде қоныстанып, кәсіп істеп, тарихи Отанының дамуына өзін­ше қызмет етуде. Осы орайда, кө­шіп келген ағайынның өмір тіршілігі мен қоғамдағы орны жайлы  газет бетінде тұрақты жазып тұру мақсатында «Ата­жұрт» жобасын бастап отырмыз. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріне кө­шіп келген қандастардың өмір-тір­шілігі қамтылады. Сонымен қатар фото-видео материалдарды Túrkistan.kz сайтына орналастыратын боламыз.

Егемендік алып, Тәуелсіздіктің туы желбіреген күннен бастап еліміздің алға қойған басты мұраты – әлемнің әр қиырындағы қандастарымызды атажұртқа қайтару болды. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақты түгендеуге ел ағалары Қазақстан дербес мемлекет болып жарияланбай тұрып-ақ кіріскен-ді. 1991 жылдың 18 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы сөзімізге дәлел. Бауырларымыздың атажұртқа оралуына жол ашқан да сол құжат еді.

Көші-қон өз тізгінін қолына алған тәуел­сіз ел болғанымызды шын мәнінде ай­ғақтаған тағы бір маңызды құжат – 1992 жылы 26 маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының заңы. Ал 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданды. Бұл шараларды мемлекет тарапынан бақылау үшін 1997 жылы 8 қарашада Көші-қон жә­не демография жөніндегі агенттік құрыл­ды. Осынау игі бастамалардың ар­қасында қандастар көші жанданып, қиын-қыстау кезеңдерде шекара асуға мәжбүр болған қазақ атаулы тарихи Отанына, Қазақстанға ағыла бастады. Ұлттық эко­номика министрлігі  Статистика агент­тігінің дерегіне сүйенсек, 1991 жылдан бері 1 046 158 қандасымыз елге оралыпты. Оның 497 248-і ер адам болса, 548 910-ы – әйелдер. Көшіп келгендердің ішінде 589 602 адам еңбек жасындағылар, ал 49 695 адам – зейнеткер.

Бауырларымызды атажұртқа шақырып қана қоймай, олардың жаңа ортаны жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешуіне жағдай жасауға мемлекет ал­ғашқы күннен-ақ үлкен жауапкершілікпен кірісті. Қандастардың азаматтық алуына, әлеуметтік жағдайын оңалтуға, кәсіп бастауына көмектесуді парыз санаған еліміз арнайы бағдарламалар қабылдап, барынша қолдау көрсетті. Атажұрттың жылы құшағына, қамқорлығына разы бол­ған қоныс аударушылар да ел жақ­сылығын еселеп қайтаруға тырысты. Кө­шіп келген қандастарымыздың  арасында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, олардың әрқайсысы жатжұртта жиған ілім-білімін, тәжірибесін Қазақстанның өркендеуіне жұмылдырды. Өзге мемлекеттердің мәдениетіндегі озық үлгілерді қазақ жастарының бойына сіңіруге күш жұмсады. Тарихи Отанына оралған 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты өз саласындағы ізденістерін жалғастырып, қазақ ғылымының дамуына үлес қосуда.

Ел егемендігімен бірге қанат жайған қазақ көші толастамайды. Сонау жылдары соғыс болып жатқан Ауғанстан мен Тәжiкстаннан қазақтарды ұшақпен алып шыққан Қазақстан қандай жағдайда да өз жұртын өзектен теппейтінін көрсетті емес пе? Бірлігіміз бен берекеміз жарасқан бейбіт күнде бауырларға деген жанашыр­лық, қамқорлық артпаса, кемімесі анық. Биыл­дың өзінде 13 мың қандасымыз ата­мекеніне оралды. Келер жылы Қазақстанға көш түзейтіндердің саны арта түсеріне сенім мол. Өйткені Үкімет қандастарды қолдаудың жаңа тетіктерін қарастыруда. Бұл туралы жуырда  «Отандастар. Бола­шаққа бағдар» атты халықаралық форумда  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеген болатын.  «Ми­нистрлік этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Біз адамдардың «қандас» мәртебесін алуға өтініш беруінен бастап, қазақстандық паспорт бергенге дейін барлық процесті талдай келе, қандастар­дан сұралатын құжат санын 46-дан 20-ға дейін қысқарбақпыз», – деді министр.

Бұдан бөлек, Дәурен Абаев құжат рә­сімдеу бойынша барлық қызмет тек бір жерден – ХҚО-да «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетінін атап өтті. «Бұл ретте алғашқы өтінішті Қазақстанға келмей-ақ біздің шетелдегі елшіліктердің ко­н­сулдығына беруге болады. Қандастарға уақыт және қаражат жағынан тиімді болуы үшін осы мәселені ескердік. Оған қоса, құжат рәсімдеу бойынша барлық қыз­мет көрсету мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады» деп ақжолтай жаңа­лықты сүйіншілеген еді.

«Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың да жалғыз-ақ Отаны бар, ол – Қазақстан!». Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың жігер жанитын осы сөзі әлі талай қандасымызды атамекенге жетуге асық қы­лары сөзсіз. Бүгінде әлемнің әр бұры­шында 6 миллионға жуық қазақ өмір сүруде. Қазақстанның құшағы олар үшін қашан да айқара ашық. Шеттен келген бауырлар өз жерін жатсынбау үшін еліміз «оралман» атауынан түбегейлі бас тартуға ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өзі: «Тарихи Отанына оралған қазақ­тарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» терминін пайдалан­ғанымыз жөн. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады» демеп пе еді? Ата­жұрты «азаматым» деп ардақтаса, жырақ­тағы ер «елім» деп елжірейтіні кәміл.

Соңғы жаңалықтар