Азғындықтың алдын алуға не кедергі?

Азғындықтың алдын алуға не кедергі?

Азғындықтың алдын алуға не кедергі?
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары елімізде балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету оқиғасы жиiлеп кетті. Ілгерiде мұндай қыл­мыстар БАҚ-та жариялана бермейтіндіктен болар, әлгiндей сорақы жағ­дайлар қоғамға мүлде жат көрiне­тiн. Ал қазір әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидар қосып, газет-журналды парақ­та­саң да зорланған бүлдіршіндер жайлы ақпараттардан денең түршігеді. Қаны­пезер­ліктің белең алғаны соншалық, екі күннің бірінде құлағымыз шалатын мұндай жаңалықтарға етіміз өліп бара жат­қандай. Бала зорлауға қатысты ресми деректер тым қорқынышты. Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, 2013-2018 жылдары кәмелетке толмаған 964 бала зәбір көрген. Бұл – бейбіт заманда өрімдей 964 баланың болашағына балта шабылды деген сөз. Үкілеп өсіріп отырған перзентінің өмі­рі қор болған ата-ананың ащы зарын биыл да көп естідік. Азғындықтың құр­баны болған балаларды қайта-қайта жіп­ке тізіп, онсыз да жазылуы қиын жараның бе­тін тырналай бергеннен түк ұтпасымыз анық. Алайда Жамбылдағы оқиғадан кейін көкейдегі көп сұрақ қолға еріксіз қа­лам алдырды. Тараздағы №6 мектептің 7-сынып оқу­­шысы талтүсте зорланды. Сабақ кезінде әжетханаға сұранып шыққан өрімдей қыз азғынның уысына тап болды. Оқушы мектептің ішіндегі әжетхана жабық тұр­ғандықтан ауладағы әжетханаға шығуға мәжбүр болған. Ата-аналардың айтуынша, мектеп маңындағы әжетханаға кім к­өрінген келіп-кетеді екен. Себебі мек­теп­тің сол қапталында ішке енетін есік бар. Әлгі қаныпезер сол жолмен келіп, жеткіншекке жәбір көрсеткен. Бейнебақылау камераларының жазбасынан оның мектеп маңын торуылдап жүргені анық кө­рінеді. Алайда бөгде адамның оғаш жүрі­сіне қауіпсіздікке жауапты қыз­мет­кердің ешқайсысы назар аудармаған. Тіпті, сыртқа сұранып кеткен оқушының сабақ біт­кенше оралмағаны да ешкімді алаң­дат­паған. Әбден азапталған оқушы өзі келіп, мұғалімге мән-жайды айтқаннан кейін ғана бүкіл мектеп аяғынан тік тұрды. 38 жастағы күдікті көп ұзамай қамауға алын­ды. Жергілікті полицияның мәлі­ме­тінше, ол 19 жыл бұрын адам зорлағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан. Бостандыққа шыққаннан кейін ескі әде­тіне басқан азғын енді темір тордан оңай құтылмасы анық. Осы оқиғадан кейін ата-аналар жаппай дүрлігіп, мектеп басшылығын жазалау­ды талап етті. Аймақтың атқамінерлері жы­лы орындарынан өре түрегеліп, оқу­шылардың қауіпсіздігіне жауапты шенеу­ніктер қызметінен айырылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, мектеп директоры Сманова өз еркімен жұмыстан кетті. Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мәдимарова қызметінен босатылды. Жалпы білім беретін мекемелерге бекітілген кәмелетке толмағандардың іс­тері жөніндегі учаскелік инспектор, полиция майоры Рысбаев ішкі істер органдарынан шығарылды. Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің бір­қатар басшылары қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар №6 мектептің вахтері Нұршабаева, директордың құқықтық ісі жөніндегі орынбасары Өзбекова, әжет­ханаға сұранған оқушыны жіберіп, сабақ біткенше іздемеген география пәні мұға­лімі Ким, мектеп ішіндегі кезекшілікке жауап­ты қазақ тілі пәні мұғалімі Бай­құ­лова өз өтініштері бойынша жұмыстан кет­ті. Әкімдер де жазасыз қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Облыс әкіміне ес­керту жасалды. Жөн делік. Шенеуніктер жаппай қыз­метінен қуылды. Мектеп басшылығы мен мұғалімдер білім ошағынан аластатылды. Талай ошаққа қасірет әкелген қаныпе­зерлік осымен тыйыла ма? Әріптестерінің жаппай жазалануы бала қауіпсіздігіне жауаптылардың жауапкершілігін арттыра ма? Жаңа басшылардың келуі бала аң­дыған азғындардың торуылын тыя ма? Сауал көп. Біртіндеп қояйық.  

1-сұрақ: Мектептегі әжетхана неге құлыптаулы?

Оқиға болған мектеп шалғайдағы ауыл­да емес, облыс орталығында орна­лас­қан. Ғимараттың ішінде әжетхана бар, алай­да оқушылардың айтуынша, ол кө­біне жабық тұрады. Неліктен? Техникалық се­бептен болса, маман шақырып, жаңа жаб­дық алып, неге жөндетпеген? Әлде, ба­лалар ұқыпты пайдалана алмайды деп әдейі жапқызып қойған ба? Қарашаның қара суығында бала неге дірдектеп далаға шығуы керек? Телеарналар таратқан ви­део­лардан әлгі әжетхананың жағдайы оңып тұрмағанын ел тегіс көрді. Кез кел­ген мәселенің себебімен емес, салдары­мен күресетін ескі әдетіне басып, шенді­лер Тараздағы оқиғадан кейін еліміз бойын­ша  мектеп сыртында ор­на­ласқан әжет­ха­наларды тегіс түгендеді. Бі­лім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғамбетовтың есебінше, Қазақстанда әжетханасы далада ор­натылған 2 352 мек­теп бар. Мұндай мектептің 60 пайызы – Түркістан облысында, 54,6 пайызы – Алматы облысында, 44 пайызы – Батыс Қа­зақстан облысында және 43 пайызы – Қы­зылорда мен Шығыс Қазақстан облы­сын­да орналасқан дейді министр. Ай­ма­ғамбетов олардың бәрін жабуды ұсынды. Алайда қоластын­дағы­ларға нақты тапсырма бергенін, мәселені дереу шешуге шын құлық танытқанын байқамадық. «Бір күннің ішінде ешкім де жылы әжетхана сала алмайды. Шалғайда орналасқан елді мекендер бар. Дегенмен проблеманы шешу қажет» деді созбаққа салып.  width= Айтпақшы, әлгі 2 352 деген цифрды ми­­нистрдің табан астында қайдан алғаны бел­гісіз. Ведомстводағылар ауыл-аймақ­тағы мектепті түгел аралап, әжетхана­ла­рын санап шықпағаны анық. Министрлік облыстық білім басқармаларынан сұрап, облыстағылар аудандағыларды жұмсап, аудандағылар ауылдағыларға аттандаған болар. Алайда жылы орындарынан тұруға ерінгендер әжетхана аралауды ар санап, сұралған санды жобалап айта салмағаны­на кім куә? Әлеуметтік желідегі оқырмандардың жа­найқайынан ұққанымыз – шалғай ауылдағы мектептердің көпшілігі әлі күн­ге дейін даладағы әжетхананы пайдаланады. Осыдан кейін халықаралық рей­тинг­тер, инновациялық жобалар туралы айтудың өзі артық секілді.  

 2-сұрақ: Ешкім бақыламайтын бейнебақылаудан  не пайда?

Білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықтау мәселесін кө­теру үшін де шенеуніктер қайғылы оқи­ғаның болуын күткендей. 12 жасар қыз зор­ланғаннан кейін абдырап қалған атқа­мі­нерлер қайта-қайта жиналыс өткізіп, ба­лалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жо­лын іздеуге енді кірісті. Ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе өткізген жиналыста барлық мектепке дейінгі және ор­та білім беру мекемелерінің бейнеба­қы­лау жүйесін Ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар мектептердің ау­мағын қоршау жұмыстары да қолға алын­бақ. Министр Аймағамбетов бұл проб­­леманы ұзақ жылдардан бері шеше ал­май келе жатқандарын мойындады. «Бұл мәселе айтылғанына біраз уақыт бол­ды. Сылтау көп. Қаражат жетпейді дей­міз, тағы бірдеңе жетпейді дейміз, әй­теуір мәселе осы уақытқа дейін шешімін тап­қан жоқ. Бейнеқондырғылар туралы қан­ша болды айтып келе жатқанымызға. Кей­бір жерде камералар бар. Бірақ оны дұрыс жерге шығармаған. Оны кейбіреулер өзінің кабинетіне қойып қойған кө­рінеді», – деп  Білім және ғылым ми­нистрі өз қарама­ғын­дағылардың жүген­сіз­дігін ашып айтты. Әлгі азғын ауласына емін-еркін кірген №6 мектепте бейнебақылау камералары бар. Бір емес, жиырмасы орнатылған. Зор­лаушы барлық камераларға түскен: бейне­жаз­бадан былғары күрте киген адамның ойын алаңын торуылдап жүргені көрінеді. Алайда мектеп әкімшілігі де, білім ошағындағы қауіпсіздікті қадағалаушы инспектор да камераға үңілмеген. Егер ешкім бақыламайтын болса, бейнебақылау қон­дырғыларын орнатудың қажеті қан­ша? Камералардың санын емес, әуелі қауіп­сіздікке жауаптылардың жауапкершілігін арттыруды ойлау керек сияқты. Әйтпесе, тілсіз темірді топырлатып іліп қойғаннан ештеңе өзгермейді.  width= Осы орайда, Алматыдағы мобильді по­лиция бекеттері еріксіз еске түседі. Жуыр­да қала әкімі Бақытжан Сағынтаев олардың жұмысын тексеруге шықты. Әкім бар­ған алты бекеттің біреуінде ғана полиция қызметкері болған. Қалғандары бос: полициясы жоқ мобильді полиция бекеттері. Кезекті көзбояушылық. Сонда кімді алдаймыз?  

3-сұрақ: Мемлекет азғындарды қашанғы асырайды?

 Қазақстанда 4 пен 13 жас аралығын­да­ғы балаларға зәбір көрсеткен 126 педофил сотталып, жазасын өтеген соң бос­тан­дыққа шыққан екен. Құқықтық ста­тис­тика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің порталында олардың электронды картасы жасақталған. Онда педо­филдердің аты-жөні, түрі (фотосы), қай өңірде тұратынын бәрін көруге болады. Таңғаларлығы, педофилдердің көбі мерзімінен бұрын босатылған. Қорқыныш­ты­сы, түрмеден шыққаннан кейін олардың тағы да бала зорламайтынына кепілдік жоқ. Тараздағы өрімдей қызды зорлаған қаныпезер мұндай азғындықты осыдан 19 жыл бұрын да жасағанын жоғарыда айт­тық. Демек, педофилдерге өлім жазасын сұраған ата-аналардың жанайқайын жеке бастың қасіретінен туған зар емес, әр­­біріміздің үйімізде өсіп келе жатқан бала атаулының қамсыз бүгіні, баянды бо­лашағы үшін шыңғырып шыққан шындық деп ұққан жөн болар. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. Қоғамның нара­зылығынан кейін өткен жылдың 1 қаң­тарынан бастап педофилдерді хи­мия­лық жолмен кастрациялау қолға алынды. Биыл бала зорлағаны дәлелденген 88 қылмыс­керге, келесі жылы 71 зорлаушыға химия­лық кастрация жасалады. Биыл бұл мақ­сатқа 11 млн теңге бөлінген. Ал өткен жы­­лы азғындарға дәрі егу үшін мемлекет қазынасынан 9 млн теңгеден аса қаржы бөлініпті. Мамандардың айтуынша, сотталушы педофилге жыл бойы 26 укол салынады екен. Ал бір препараттың ба­ғасы – шамамен 4 000 теңге. Демек, ұл-қызы­мыздың болашағына балта шапқан бір адамға жылына 127 мың теңге шығын­да­лады. Одан бөлек, оларды күнделікті асырау шығыны бар. ІІМ Қылмыстық ат­қару комитеті таратқан мәліметке сүйен­сек, сотталған және тергеуге байланысты қа­малған адамды асырау үшін тәу­лігіне – 2,4 мың теңге, жылына 876,9 мың теңге жұм­салады екен. Осы орайда, педофилдерді өмір бойы ауыр жұмысқа тарту тетіктерін заңмен бекіту керек се­кілді.  width= Заң демекші, Тараздағы оқиға халық қалаулыларын да ұйқыдан оятқандай. Өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне қылмыстық және қыл­мыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжаттың 2-бөлігі жы­ныстық қатынастағы қылмыстарға қа­тыс­ты. Зорлау мен сексуалды сипаттағы зор­лық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қа­тай­мақ. «Атап айтсақ, зорлау, яғни жәбір­лену­шіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жы­ныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Бұл жерде де татуласу болмайды. Ал бала­ларға қарсы жасалған осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жас­қа толмаған балаларға қарсы жыныс­тық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жа­засы ұсынылып отыр», – дейді Бас про­курорының орынбасары Марат Ахметжанов.   Перизат Сыздықова,  ұстаз, үш баланың анасы:

Қазір баланы «педофил ұстап алады»  деп қорқытатын болдық

– Әрбір ата-ана үшін мәпелеп өсіріп отырған ұл-қызының амандығынан қымбат байлық жоқ. Жоғары сыныпта оқыса да балаларым мектептен келгенше жолдарына қарап, алаңдап отырамын. Қала түгілі аядай ауылдың өзі қорқынышты. Неше түрлі сұмдықты естігеннен кейін балалар сәл кешіксе берекем кетеді. Ақпарат құралдары зорлық туралы жиі айтқан сайын елімізде сондай қылмыстар көбейіп бара жатқандай. Алайда айтпаса, ескертпесе, тағы болмайды. Бұрын педофилдің кім екенін білмейтін едік. Қазір еңбектеген сәбиге дейін біледі. Бұрын жұрт кішкентай баласын «бабай келеді, бөжей келеді» деп қорқытса, қазір «педофил ұстап алады» деп қорқытатын болған. Қайтсін, заманның шындығы. Меніңше, өлім жазасы қолданылғанда ғана педофилдерден келетін қауіп сейіледі. Әйтпесе, азғындар он жыл өтсе де, жиырма жыл өтсе де ескі әдетіне қайта басуы мүмкін.   Анна Құдиярова,  психолог, Орта Азия психоанализ институтының директоры:

Педофилия – психикалық дерт

– Педофилия дегеніміз – психикалық ауытқушылық, ауру. Ал әрбір аурудың емі бар. Мұны маньяк деуге болмайды. Жыныстық маньяк деген мүлдем басқа ауру. Маньяк ұл ма, қыз ба, кәрі ме, жас па талғамайды. Ал педофилдің айырмашылығы – олар жас балаға құмар. Түбін қазбалап іздейтін болсақ, ол эмоциялық тәуелділік. Эмоциялық тәуелділікті психологтар сөзбен емдейді. Сондықтан бас салып жазалауды емес, емдеуді де ойлаған жөн. Бірақ елімізде психологтардың саны жетпейді, сапасы тағы бір мәселе. Соңғы жылдары елімізде балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасау әрекеті тіптен көбейіп кеткен. Сондықтан педофилдерге қатаң жаза қолдануды өмірдің өзі талап етуде. Бірақ мәселенің салдарымен де күресіп көруіміз керек. Негізі мәселе біз ойлағаннан да күрделі. Арсыздықтың құрбаны болған кішкентай жандардың өз-өздерін құрбан қылмасына кім кепіл? Арсыз­дан кек аламын деп бүлдіршіннің ата-анасы қылмысқа баруы да мүмкін. Тіпті, бұл психологиялық тұрғыдан бала санасына жазылмас дақ түсіреді. Қараниеттілерді бүгін құрықтап түрмеге қамағанымен, ертең алшаң басып қайта шығады. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген тағы бар. Сондықтан педофилизмді жоюмен кешенді түрде айналысуымыз керек.   P.S: Педофилдермен күрес өзге мемлекеттерде қалай жүргізіліп жатқанын білу үшін шетелдік тәжірибеге үңілдік. Польша мен Чехияда педофилдер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен емделеді. Чехиялық мамандардың айтуынша, кастрация жасалған 100-ге жуық қылмыскер 10 жылда бiрде-бiр рет қылмысты қайталамапты. Оңтүстік Кореяда мұндай қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Ал 13 жасқа дейінгі баланы зорлап, өлтірген қылмыскерлер бұл елде өлім жазасына кесіледі. Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Индонезия, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елдерінде педофилия үшін бірден өлім жазасына кеседі. Шетелдік тәжірибені зерделей отырып ұққанымыз, педофилдерді жазалау кейiнгiге сабақ болатындай дәрежеде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана өрімдей бүлдіршіндердің өмірін өксітіп жүрген озбырлар аяғын тартуы мүмкiн.