Жөтелмен ауруханаға түскен бүлдіршін екпеден соң қолынан айрылды

Жөтелмен ауруханаға түскен бүлдіршін екпеден соң қолынан айрылды

Жөтелмен ауруханаға түскен бүлдіршін екпеден соң қолынан айрылды
ашық дереккөзі

Ақмола облыстық балалар ауруханасына тыныс жолдарының ауруымен түскен екі жарым жастағы ұл бала сол қолынан айрылды. Анасының сөзінше, соңғы салған екпеден кейін баласының қолы қарайып, жан кетіп қалған. Ақыры өмірін аман алып қалу үшін кесуге тура келіпті. Енді бағасы қымбат протез алдырудың қамына кіріскен ана дәрігерлерді сотқа бермек деп хабарлайды  КТК арнасы.

Тыныс алу жолдары ауруымен ауруханаға келіп түскен Бауыржанның беті қазір бері қарады. Ата-анасы екі жарым жасқа енді толған бүлдіршіннің басынан өткен жағдайға Ақмола облыстық балалар ауруханасын кінәлі деп танып отыр.

"Ол жерде бала екі апта жансақтау бөлімінде ем алды. Өкпесіне бронхоскопия жасап, тазалады. Содан кейін палатаға ауыстырды. Палатада сол күні баланың сол қолына катетор арқылы антибиотик салды. Сол антибиотиктен кейін баланың қолы бес минуттан кейін жансызданып қалған", - дейді бүлдіршіннің анасы Ақбөпе Қалила.

Екпеден кейін баланың саусақтарының ұшы мұздай бастаған. Ата-ананың сөзінше, олар о баста кезекші дәрігерге баланың жағдайын ескерткен.

Алайда ол келіп, бүлдіршінді қарап, қолын уқалай беру керек екенін ғана айтыпты. Ақыры сол қолы қара мұз болып, саусақ ұшы жабысып, шынтаққа дейін қарайып кеткен.

"Сол жерде кезекші болған дәрігерлерге ескерттік, баланың қолына қан жүрмей жатыр, балам "қолым ауырды" деп жылап жатыр, баланың қолы мұздай болды, мұздап бара жатыр деп. Келді, көрді, қарады, "ол солай болады, массаж жасай беріңіз, кетеді, қазір бәрі жақсарады" деді", - дейді сәбидің анасы.

Жағдайды бақылай алмайтын шамаға жеткенде екі жасар сәби елордадағы балалар ауруханасына жіберілді. Ал ол жақтағы дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін қолын кесіп тастауға мәжбүр болды. Десе де облыстық аурухана өкілдерінің иайтуынша, жағдайға екпенің қатысы жоқ екен.

Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері Елена Иванованың айтуынша, мұндай жағдай бұрын соңды болмаған және бала бұрыннан бері сырқаттанып жүрген. Алайда ауруы асқынып кеткен.

"Ол біздің емшарамыздан болған жағдай емес. Бала бұрыннан бері ауырған. Сол ұзақ уақыттан бері асқынған сырқаты. Себебі, ол күре тамырында болды", - дейді Елена Иванова.

Бүлдіршін осыған дейін де ауырып, ем алып шыққан екен. Дәрігерлер соның салдары дегенге келтіреді.

Яғни, бұрыннан келе жатқан сырқатынан баланың ағзасы, қан айналымы бұзылған деседі.

Сәбидің ата-анасы дәрігерлердің сөзімен еш келіспейді. Олар жауапты медицина органдарының үстінен сотқа шағымданбақ.