29 Қараша, 10:51 220 0 Руханият Túrkistan Gazeti

ТҰТАС ТҮРКІНІ ҰЙЫСТЫРАТЫН ЖИЫН

Осы аптада  «Ел-шежіре» қоғам­дық қорының ұйымдастыруымен Түркістанда «Ұлы даланың жеті қыры: ұлттық тарих уақыты» («Ұлы дала халықтарының құндылықтары») ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде алыс-жақын шетелдерден келген белгілі ғалымдар мен сарапшылар бас қосты. Ауқымды іс-шара Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған.

Конференцияның  басты мақсаты– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының контексіндегі жаһандық тарихтағы қазақ халқының рөлін талқылау үшін алаң ұйымдастыру, қазақ халқының тарихи тамырларын қарастыру, қазіргі заманның жаһандық мәселелерін зерттеуде отандық ғалымдардың халықаралық ынтымақтастығының негізгі бағыттарын анықтау болды. Аталған конференцияға 170 адам, соның ішінде Түркітілдес елдерден (Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б.) шетелдік сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, Марат Гатин (Татарстан), Хатип Миңнегулов (Татарстан), Сыртбай Мусаев (Қырғызстан); Қазақбай Юлдашев (Өзбекстан), Сарыгүл Бахадырова (Қарақалпақстан) сынды түркі әлеміне танымал тағы басқа ғалымдар қатысып, рухани кеңістігімізді айшықты ойларымен, бірлікке шақырар ұтымды ойларымен кеңейтті.

Конференцияны құттықтау сөзімен филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек ашты. Конференцияның бірінші күні пленарлық және секциялық отырыс өткізілді. Конференцияның қорытындысы бойынша қарар қабылданып, ғалымдар мен сарапшылар өз ойларын білдірді. Жиында түрік әлеміндегі ортақ құндылықтардың қайта қалыптасуы мен баяндылығын қамтамасыз ету үшін әліппе (алфавит) бірлігін қайта қарау мәселесі ұсынылды, сондай-ақ түрік халықтары мен мемлекеттерінің тарихын зерттеу және оқытудың ортақ әдістемесін қалыптастыру, түркологияға еңбегі сіңген ғалым тұлғалардың мұрасы мен тәжірибесін насихаттау мақсатында арнайы оқу кешенін даярлау  сияқты ұсыныс айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар