29 Қараша, 10:43 266 0 Шоу-бизнес Túrkistan Gazeti

Пародияға кейіпкер табу қиын

Қарапайым көрермен Бақытжан Қасымовты «Әзіл әлемі» театрының актері ретінде жақсы таниды. Бірақ оның негізгі мамандығы журналист екенін екінің бірі біле бермейді. Актерлік мамандық бойынша арнайы білімі жоқ болса да, оның жасаған пародиялары халыққа өтімді. Әсіресе, ене туралы әзілі арқылы кеңінен танылды.

– Сіз соңғы кездері «Әзіл әлемі­нің» сахнасынан көрінбей кеттіңіз. Оның себебі неде?

– Денсаулығыма байланысты бір жарым жылдай «Әзіл әлемінің» сахнасынан көрінбей кеткен жайым бар. Бұйыртса, 21 желтоқсанда Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін «Әзіл әлемінің» концертінде көрермендермен қауышамын. Қазір сол концертке дайындық жұмыстары басталып кетті. Ал 2020 жылдың 14 наурызына Конгресс-холл сарайында үлкен жекпе-жек айтыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл айтыстың жөні бөлек болғалы тұр. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деген сияқты «айтыстың ішіндегі айтыс» болуға тиіс. Жекпе-жек айтысты Оразалы Досбосыновтың құрметіне марқұмның қызы Нұрайша Досбосынова екеуміз «Досбосынов додасы» деген атпен ұйымдастырмақпыз. Жобамызға Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Nur Otan партиясы, Мәдениет  және спорт басқармасы үлкен қолдау танытып отыр. Одан бөлек ұлттық өнерге жанашыр болып жүрген меценат ағаларымыз қол ұшын созып, бәйге тігіп, аламан айтыс деңгейінде өткіземіз деп жатыр. Қазір осы жобаны жүзеге асыру бойынша дайындықты бастап кеттік. Осы жаңалықты газеттің оқырмандарына сүйіншілеп жеткізгіміз келеді.

– «Әзіл әлемінің» 10 жылға жуық уақыт халық назарынан тыс қалмауы­ның себебі неде деп ойлайсыз?

– Жалпы, сатира жанрына материал табу өте қиын. Біз көбінесе идеяларды өзіміз түртіп, жазып жүреміз. Басымыз қосылған кезде бір-бірімізге айтып бөлісеміз. Өйткені сахнаға пісіп-жетілген дүниені алып шығуға кейде бір адамның ғана ақылы мен идеясы жеткіліксіз. Одан бөлек театрда арнайы авторлар жұмыс істейді. Барлығымыз бір-біріміздің әзілімізді талқылап, жақсы материал шығарып, оны кішігірім жерлерде «пісіріп» алып барып халыққа ұсынамыз. Біздің театр  актерлерінің өзіндік бағыты қалыптасқан, әркім өзінің оң жамбасына келетін әзілді сезеді. Мысалы, Қанат Әлжаппаров өз әзілімен сатира жанрына ерекше леп, жаңашылдық әкелді деп санаймын. Тұрсынбек Қабатов өткен мен қазіргі кезеңді салыстыра отырып күлдіреді, ойлантады. Театрдың он жылға жуық уақыттан бері ел назарынан тыс қалмай келе жатуы – әзілді шынайы өмірден алатынымызға байланысты деп ойлаймын.

– Әнге сөз жазасыз, пародия жасайсыз, айтыстан хабарыңыз бар. Жеке шығармашылық концерт беретін ойыңыз жоқ па?

– Жақын арада Тұрсынбекпен осы туралы әңгімелескенімізде сенің жеке шығармашылық концертіңді беруіміз керек деп айтты. Жалпы, менің әнге мәтін жазатынымды көп адам біле бермейді, әуесқой сазгерлігіме қоса қойын дәптеріме жазып жүретін сатиралық өлеңдерім де бар. Егер концерт ұйымдастырып жатсақ, осы өнерімді ортаға салып, сол жерде шоу жасап айтыс ұйымдастырсам, пародия салып берсем деген ойым бар. Алланың берген азғантай өнерін еңбектеніп, жан-жақты дамытып халыққа таныта алсақ, бұл да бір өнер деп білемін.

– Елімізде пародия өнері кенжелеп қалды. Саясат сахнасында пародия­ға сұранып тұратын объектілер бар ма?

– Пародия жанры бойынша сахнаға алып шығатын кейіпкеріме әбден дайындаламын, сәтсіз пародия жасадым деп айта алмаймын. Кезінде айтыстың ақсақалы Жүрсін Ерман ағамыздың дауысын салып жеке мәселемді шешіп алған кезім болған. Ол кезде мен «Қазақ радиосында» журналист болып жұмыс істейтінмін. Тараздың 2000 жылдық тойы республикалық деңгейде тойланып жатқан тұс еді. Өзім Жамбылдың жігіті болғандықтан, тойды сылтауратып еліме барып қайтайын деп бас редакторға Жүрсін ағаның дауысымен хабарласып, өзімді жұмыстан сұрап алған болатынмын. Соған қарағанда Жүрсін ағама жасалған пародиям сәтті шықты-ау деймін.

Расында, бізде пародия салатын кейіпкерлер саусақпен санарлықтай өте аз, тіпті жоқ десек те болады.

Саясаттың тізгінінде жүрген кісілерге пародия жасап сахнаға алып шыққаныңмен эфирден қиып алып тастайды. Еңбектеніп, терлеп-тепшіп жасаған дүниең қиылып, соңында жоқ болып кетсе, пародия жасағың да келмейді. Тіпті, кейіпкерлер тұрмақ, доллар мен теңгенің арасындағы айтысқа  жасаған пародиям эфирден өтпей қалды.  Бірақ осы пародияны халық өте жақсы қабылдады. Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтпақшы,  сатира синкретті жанр болғандықтан, объект табу өте қиын. Ал пародия жасау үшін алдымен кейіпкермен рухани жақындық болу керек. Меніңше, бүгінгі көрерменге әншілерге жасалған пародия қызық емес. Барлығы айналып келіп Н.Еспановқа, М.Бесбаевқа, Т.Жаманқұлов ағамызға пародия жасайды.  Дәл қазір пародия жасауда актерлерімізге жаңашылдық пен ізденіс керек-ақ. Мысалы, Ерболат Төлегенов қарттар, жастар және қазіргі отбасылар арасындағы портретінің барлығын бір ғана Шімән апаның образымен жеткізіп жүр. Халық жалықпайды, кері­сінше үлкен сұранысқа ие болып отыр деп айта аламын.

– Сіз ене туралы әзіл­деріңізбен халыққа танылдыңыз. Сахнадағы әзілдеріңізді енеңіз қалай қабылдайды?

– Енемнің алдынан өтіп, рұқсатын алдым. Бұл әзілдер менің басымдағы жағдай емес, үлкен қалаларда тұратын отбасылардың басынан өтіп жатқан жағдай ғой. Алғаш әлеуметтік желілер арасында ең бірінші Twitter кеңінен қолданыла бастады ғой. Сол Twitter-дің мәтін жазуға 133 қана символы болды. Желіні пайдаланып қысқа-қысқа әзілдер жазып жүрдік. Соның біреуін Тұрсынбек көріп, «осының бәрінің басын қосып, әзіл қылып сахнаға шығып айтып көр» деді.  Осылайша, ене туралы әзілді ұсындым, ол халықтың көңілінен шыққан сияқты.

– Жалпы, ене жайлы әзіл айту біздің ұғым-түсінігімізге қиғаш емес пе? Өзіңіз­дің осы тұрғыдағы ойыңыз қандай?

– Ене туралы әзіл айту біздің ұғымға, салт-санамызға мүлдем келмейтіні рас. Ене мен күйеу бала арасындағы әзіл айтыс– бір жылт еткен жаңалық бой көрсетіп қалар деген ниетпен жасалды. Әлеуметтік желіде «Дәстүрде жоқ, орыс болып кеттің бе?», «Басқа тақырып табылмай қалды ма?» деп жазып жатады. Ал енді той-томалаққа, концерттерге жүргізуші болып барсаң, «ене туралы әзіліңді айтшы, бізге ұнайды» деп сұрап жатады. Халықтың өзіне ұнайтын да сол әзіл, сосын «енеңмен неге әзілдесесің?» деп сынайтын да сол халық. Мың адамның көңілінен бірдей шығу мүмкін емес қой, біреуге ұнаған дүние екінші адамға ұнамайды. Ене туралы әзілді екі-ақ рет айттым. Бірін­шісінде тәуелсіздік алып енемнен бөлек шықтым дедім де, екінші әзілімде енем менің қолыма қайтып келді дедім. Осыны эфирден қайта-қайта бере бергеннен кейін, ене туралы әзілді құдды әр шыққан сайын айтатын адамдай болып көрініп жатырмын. Жалпы, енемен әзілді енді сахнаға алып шықпаймын деп шештім.

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар